Тәуелсіз тіл қаһарманы (Кемейдолла Төлеубайұлы туралы)

Сан ғасыр сарыла күткен Тәуелсіздіктің атар таңы өткен ғасырдың 1991 жылына тура келді. Бұған дейін қазақтың басынан небір алапат сәттер, жойқын жорықтар мен соғыстар, жаппай қырғынға ұшыратқан ашаршылықтар, тағысын тағы оқиғаларға толы болды. Отаршылар малды алды, жерді иеленді. Қарашекпенділері мен телі-тентектерін түгел елімізге әкеліп төкті. Үміт күттірген кеңес дәуірі де қазаққа жайлы бола қоймады. Алаш ардагерлері мен асыл ойлы азаматтарымыздың бәрін «халық жауы» ретінде асты, атты, итжеккенге айдады. Қалғандарын «ләппай тақсырлатып» құлша жұмсауға тырысты.

Алайда асыл тектен жаралған қазақ­тың ұл-қыздары өмірдің бар сыны­нан, теперішінен көресіні көріп еңкейгенмен, еңсе түсірмеді. Өзін-өзі шыңдаумен, қайраумен көп игіліктен айырыла жаздап барып, аңсаған арманына қол жетті, тәуелсіз ел болдық. Бұл күнге жету оңай болмады. Халықтың бас қазынасы тілден айырыла жаздады. Бәрінен де ауыры осы болды. Басқа теперішке көнгендей болғанмен, тіл жоғалтуға көне алмады.
Әсіресе қалың қазақ жастары ұлт мәдениеті мен тілді белден басқан М.Горбачев пен Г.Колбиннің көргенсіз саясатына қарсы шықты. 1986 жылы қазақ тілінде ән айтып,Тәуелсіз ел деп ұрандатқан жастардың алаңға шығуы кеңес үкіметінің іргесін теңселтіп жіберді. Алғашында жастар бейбіт шеруге шыққан еді, өктем саясатын жүргізіп дағдыланған коммунистік партия басшысы жастардың бұл бейбіт жорығын күшпен басып тастағысы келді. Бұған қарусыз жастар қарсы тұрды. Шеру көтеріліске айналып кетті. Бұл іс әлемге әйгілі болды. Кеңес үкіметінің шын бет пердесі ашылды, масқара болды. Қазақ жастарын Кавказ, Балтық бойы, басқа да республика жастары қолдап, көтерілді. Бұл кеңес үкіметі күнінің таусыла бастаған кезі еді.
Қазақ ұлтшылдығын жариялап, қаншалықты әлектенгенмен М.Горбачев қазақтың еңсесін түсіре алмады. Қайта елдің ойлы азаматтарының ұлттық намысы өзгеше сапада бой көрсете бастады. Партия ұстанымына құлай берілген қайраткерлер өзінің бұрынғы таным-түсінігін сарапқа салды. Қазақы ой-санада жаңаша түсінік өзгеріс-өріс өрбіді. Бұл Алаш арыстары еңбектерін дүниеге алып келді, олардың еңбегіндегі көрегенділікпен айтылған ойлардың салмағын саралай түсініп, рухани биікке көтерілген зиялы қауым ұлт мәдениеті, ұлттық тіл, әдет-ғұрып, салт-сана мәселелеріне басқаша пайыммен қарауды үйренді.
Бұл кезеңде алға шыққан кезек күттірмес мәселе, әрине, тіл мәселесі болатын. Әсіресе тіл мамандары мен әдебиетшілер, жазушылар, қаламгерлер, т.б. қолда бар мүмкіндіктердің бәрін пайдалана отырып, тіл майданын бас­тап кетті. Бұл майданның басында академик Әбдуәлі Туғанбайұлы Қайдар тұрды. Ол бір басына жетерлік абырой, атағы бар ғылым докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, білдей бір ғылыми институттың директоры болатын. Тыныш, бейбіт өмір сүруге толық мүмкіндігі бар үлкен ғалым еді. Алайда ол ғылыми ізденісте жүрген жанның көбіне тән жайбарақат өмірді қаламады.
Қаршадайынан Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысып, ерлікке бергісіз өмір талқысынан өтіп, бейбіт өмірдің де тауқыметін белшесінен көрген адам тамағының тоқтығымен, киімінің көктігіне мәз болып жүре алмады. Ойлы адамның көбіне тән іскерлік қабілет оны елдің, тілдің қамын жейтін қайраткер биігіне көтерді. Қазақ тілінің сол кеңестік дәуірдегі мүшкіл халі оны түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден бездірді. Тілдің ол өзіне тиесілі мәселелерінің біразын шешкен де болатын, бірақ қолданыс аясының барған сайын тарылып бара жатқан қазақ тілінің тағдыры академиктің тынышын алды. Мақалалар жазды, радио-телеарнадан сөйледі, бірақ «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» екеніне оның көп ұзамай көзі жетті. Қазақ тілінің тағдырын қаумаласа отырып, қарастыратын бұқаралық ұйым керек деген ой оны пікірлес адамдар іздеуге итермеледі. Әуелі Тіл білімі институтының ұжымын, негізінен жастардың басын қосып, бірнеше жиналыс өткізді. Жастар жағы оның ұсынысын түсініп, бірден қолдап шықтық.
Ә.Қайдардың бастамасы Алматының басқа мекемелеріне де жария бола бастады. Ұсыныс Қазақстан Орталық Партия Комитетіне де жетті. Колбин заманы болғанмен, оның екі иығын басып отыратын қазақтың екі азаматы болды. Ол Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекәлі Жәнібеков еді. Н.Ә.Назарбаев – Министрлер кабинетінің төрағасы, ал Ө.Жәнібеков – Орталық партия комитетінің идеология хатшысы. Ә.Қайдар «Қазақ тілі» қоғамын құру идеясын әуелі Ө.Жәнібековке баяндады. Ол кісі бұл идеяны Н.Ә.Назарбаевпен кеңесе отырып, қолдады.
1989 жылы 21 қазан күні М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының үлкен залы қазақ тілінің қамын ойлаған жандарға лық толды. Тіл қазаны бұрқылдап қайнап, ернеуінен асып төгіліп жатты. Мақсат – көп болып, ой толғап «Қазақ тілі» қоғамын құру. Бас баяндамашы – Ә.Қайдар. Ол қазақ тілінің бұрынғы, бүгінгі хал ахуалын алақанға жайып салды. Ел дүрлікті, бірақ бүлдірмеді, сілтідей тынып тыңдады. Баяндамадан соң қазақтың сөзін ұстаған шешендер шықты суырылып. Жалын атқан ой-пікірлер тасқыны үлкен залды кернеп, жұршылықтың рухын көтеріп жіберді. Қатысушылардың ұсынысы (Туманов және бір кәріс келіншек) бойынша қоғам «Ана тілі» (Ә.Тәжібаевтың ұсынысы) емес, «Қазақ тілі» деп аталатын болды. Жұрттың алаулаған рең-басымен ұрандатқан қол соғысы әлі күнге естен кетпейді. Бұл тіл майданының алғашқы жемісінің бірі еді.
Көпшілік дауыспен қоғамның тұңғыш президенті болып академик Әбдуәлі Қайдар, вице-президенті болып сол кезде филология ғылымының кандидаты – мен сайландым. Жиында қоғам Жарғысы туралы баяндағанмын. Сөйтіп, дулы да, шулы жиын аяқталды. Енді әлемдік тәжірибеде бұрын болып көрмеген, жұмыс түрі басталды. Қоғамның бас ұйымы құрылғанымен, оның негізгі тірегі Қазақстанның түрпір-түкпіріндегі бастауыш ұйымдарынан бас­тап, аудандық, қалалық, облыстық ұйымдарын құру тіпті де оңай болмады. Міне, осы тұстағы тоқтаусыз жүргізген іс-әрекеттер негізінде жер-жерден «Қазақ тілі» қоғамына тірек болар ұстындар – саналы сауатты азаматтар бой көтерді. Олар бұрын атқарып көрмеген жұмыстармен айналысты. Жер-жерге аттаныс басталды, тыңнан түрен салғандай болдық.
Соның нәтижесінде «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын бар жанымен түсініп, ісінің алға басуын тілейтін іскер де зерек азаматтар қатарға қосыла бастады. Қазақстанның барлық облыс­тарында ұлттық тіл мен мәдениет мәселесін терең түсінетін, жұртқа сөзін өткізе алатын нағыз патриот жандар легі пайда болды. Әрине, ол кездегі астанамыз Алматының жөні мүлде бөлек еді. Ұлтқа, республикаға керекті игі шаралардың бәрі осы жерден бастау алып жатты. Бұл тіл күресінің де, қоғам құрудың да басы-қасында алматылықтар болды. Р.Бердібаев, Т.Кәкішев, Ш.Смаханұлы, С.Әбішева, Б.Мұқаев, т.б. іс-әрекеттері сірә да ұмытылар ма?
Республикалық «Қазақ тілі» қоғамының жергілікті ұйымдарын құрып, мемле­кет­тік тілдің дамып, қалыптасуына тікелей қолқабыс тигізіп әсер еткен қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген жандарды Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында атап өтуді өзіме парыз санадым. Олар – Бәтташ Сыдықов, Орал Шәріпбаев (Семей), Серік Ғабдуллин (Өскемен), Тұрсын Әбдуәлиев, Камал (Талдықорған), Алдан Смайыл (Ақмола), Мақсат Қалиоллин (Қарағанды), Ізбасар Шыртанов, Бектұр Төлеуғалиев (Ақтау), Халиолла Қуанышқалиев (Атырау), Жеңіс Марданов, Мұрат Әбдірахманов (Павлодар), Ақылбек Шаяхметов (Қостанай), Болат Жексенғалиев (Орал), Сейіл Боранбаев, Шәкизат Дәрмағанбетов, Сәдуақас Аңсатов (Қызылорда), Мұхаметжан Рүстемов, Керімбек Сыздықов, Ханбибі Есенғараева (Шымкент), Қосыл Омаров, М.Ханғожин (Петропавл), Оразбай Ахметов, Жанайдар Мусин, Ғұсман Төлеуғұл (Көкшетау), Мұхтар Арын, Нұхы Қартбаев, Кемейдолла Төлеубайұлы (Ақтөбе), Серік Шағатаев (Байқоңыр), Елтай Бимағамбетов (Түркістан), т.б. тілім, елім, жерім деп Тәуелсіздік туын көтерісіп, тіл тәуелсіздігі мен елдің бірлігі үшін жан-тәнімен қызмет етіп келе жатқан тіл күрескерлерінің еңбегі ұшан теңіз. Аталған күрескер әріптестердің қай-қайсысы жөнінде де арнайы тоқтап, мемлекеттік тіліміздің қалыптасуына қосқан үлесін жеке дара сөз етуге болар еді. Амандық болса ондай да мүмкіндіктер туар.
Ал бұл жолы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қадірменді ақсақалының бірі болған, орны бөлек Ақтөбе облыстық ұйымын көп жылдар бойы басқарған Кемейдолла Төлеубайұлы туралы аз-кем сөз қозғамақпыз. Бұл кісі өткен жылы дүние салды. Аман жүрсе, бұл күндері жасы 89-ға келер еді.
Уақыт неткен жүйрік десеңші. Қадірлі Кемекеңнің, Кемейдолла Төлеубайұлының дүниеден өткені күні кеше секілді еді. Содан бері сынаптай сырғып бір жыл да өте шығыпты. Күнді түн, түнді күн түріп, өмір өз ағысымен үздіксіз зырлауда. Тіршілік заңы еш өзгермек емес. «Диірменнің тасындай дөңгеленген дүниеге» кім келіп, кім кетпеді дейсің. Абай хәкім айтпақшы, «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер». Әйтсе де, мынау Жарық дүние есігін ашып, тіршілік бәйгесіне қатысқан әрбір пенденің бойында Жаратқан жүктеген белгілі бір аманаты және соны атқаруға жеткілікті қабілет-қарымы қоса болатыны сөзсіз. Сол аманатты дер кезінде танып-біліп, соған сай өмірін үйлестіре білген жанда арман бар ма, сірә. Өлшеулі өмірді мәнді өткізіп, өзіне тиесілі аманатты адал атқарып кеткен жандардың бірі Кемейдолла ақсақал деп білемін.
Кемекең ширек ғасыр бойы етене араласқан, дәмдес-тұздас болған, ағалы-інілі жандай сырласып, сыйласқан, көкірегіне қазақтың қара сөзі мен ақыл-парасаты қатар ұялап, қазыналы қартқа айналған, өзім ерекше құрмет тұтатын ардақты да асыл ағаларымның бірі еді. Ол кісі өзі дүниеге келіп, тіршілік еткен Ақтөбе өңіріне ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де тілге қызмет етіп жүрген жандар арасында кеңінен танымал тұлға болатын.
Алып Кеңес одағы күйреуге бет алған ал­мағайып тұс, өлара шақта елімізде «Қазақ тілі» қоғамын құрып, қалың елге сауын айтқа­нымызда, бұл халықтық істен іркіліп, аянып қалған Алаш азаматы болмады. Елім, тілім деп, Тіл қоғамы маңына топтасқан тілектес, ниеттес жандар көп болды. Солардың бірі Ақтөбе өңірінің тумасы, білікті заңгер, ұзақ жыл жауапты қызметтер атқарған Кемейдолла Төлеубайұлы еді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе филиалын ұйымдастырып, оның жұмысын жолға қоюда Кемекеңнің сіңірген еңбегі зор. Қазақтың асыл тұлғаларының бірі Мұхтар Арынмен бірге тізе қосып, осы өңірдің халқын «Қазақ тілі» қоғамының маңына ұйыстыра алды. Өмірінің соңғы сәтіне дейін ол кісі өңірде тілдік ахуалдың түзелуіне, қазақ тілінің өрісін кеңейтуге аянбай еңбек етіп кетті. Сөйтіп, тіл майданының сардарларының біріне айналды.
Кемекеңмен алғаш танысқан күннен бас­тап біз бір-бірімізді бұрыннан білетін етжақын адамдардай етене араласып кеттік. Сөзі мен ісі, ақылы мен парасаты бірдей үйлескен бұл азаматпен ағалы-інілі бауырлардай сыйлас жандарға айналдық. Соңғы ширек ғасыр бойы қоғамдық өмірдің қайнаған ортасында үнемі жолымыз тоғысып, талай іс-шараларды бірлесіп іске асырдық. Жер-жерде, ел-елде өткізіліп жатқан іргелі жиындарға қатысу үшін біраз сапарлас та болдық. Сөйтіп, аяқ-табағымыз араласып, отбасымызбен бірге қарым-қатынас жасайтын деңгейге жеттік.
Кемекеңнің өмірден көргені де, көкірегіне түйгені де мол, кісілікті жан еді. Өзі де сыйлай білетін, өзін де сыйлата білетін. Мамандығы заңгер болғандықтан ба, ол кісі өте қисынды ойлап, жүйелі де шешен сөйлейтін. Артық не кем түспей, әрбір сөзін дәлелмен, дерекпен негіздеп отыратын. Сонымен қатар Кемекең қазақтың ескілікті әңгімелері мен жөн-жоралғысын да мейлінше жетік білетін. Сөйлеп кетсе шешен, бастап кетсе көсем еді. Бұл қасиет, сірә, Кемекеңе түп атасы Мөңке биден дарыса керек. Сондықтан да болар, ол кісінің пайымына, айтқан пікіріне қара да, хан да құлақ асып, ден қоятын.
Жалпы қоғамдық іспен айналысу, әлеуметті бір мақсат жолына ұйыстыру және оған үнемі дем беріп отыру кез келген жанның қолынан келе бермейтін ауыр да абыройлы іс. Мұндай халықтық іске білім мен білікпен қоса жұртты сөзіне ұйытып, соңына ілестіре алатындай көшбасшылық қасиеттің де қажет екендігі мәлім. Міне, осы қасиеттердің барлығы да Кемекеңнің бір басында жетіп артылатын. Оны әрбір кездесуде, сұхбаттасу барысында байқап жүрдім.
Осы орайда Кемекеңнің қайраткерлік қырын, азаматтық келбетін, адамгершілік қасиетін ашуға септігі тиетін бір-екі сәтті еске түсіргім келіп отыр.
Мәселен, 1990 жылдары Ақтөбе қаласында әуелі қазақ мектептерін ашу, сосын онда қазақ балаларын оқыту ол кезде тіпті қиын болатын. Өйткені орыс­тандыру саясатының барынша дәуірлеп тұрған кезеңі еді ғой. «Қазақ тілі» қоғамы жергілікті бірлестіктерінің іскерлікпен ұштасқан сауатты іс-әрекеті қажет болды. Ақтөбе бөлімшесі осы деңгейден көріне білді. Дәл осы кезеңде Ақтөбе қаласында жаңадан салынған орта мектеп үйін пайдалануға беретін уақыт жақындайды. Қоғам қызметкерлері зерттеп қараса, қалада халықтың 80 пайыздан астамы қазақтар болғанмен, балалардың 11,7 пайызы ғана қазақ тілінде оқиды екен. Ал қаладағы 34 мектептің 2-уі ғана қазақ мектебі. Кемекеңдер осыны зерттеп келе жаңа ашылғалы тұрған мектепті қазақ мектебі еткісі келеді, бірақ облыстық, қалалық оқу бөлімінің бастықтары оған көнбейді. Сондағы сылтау ететіні мектеп үйі 1296 орындық, ал бұл шағын ауданда 239 ғана қазақ баласы бар дегенді алға тартады. Бұның барып тұрған қысастық екенін көрген Кемекең (Кемейдолла ол кезде қоғамның жауапты хатшысы болатын) облыстық ұйым төрағасы Ақтөбе педагогикалық институттың ректоры Мұхтар Арынға бұл жағдайды баяндап, балалар санын анықтау үшін бір топ студент тобын бөлуді өтінеді. Ректор 50 студент береді. Сол студенттер көмегімен шағын аудандағы 3000 үйді түгел аралап, үй сайын қазақ балаларының санын анықтайды. Сөйтсе, шағын ауданда 1535 қазақ балалары бар болып шығады. Осындай нақты жұмыс нәтижесі облыс әкіміне баяндалады. Шындық нәтижесінде жаңа ғимарат №21 қазақ мектебі болып ашылады. Облыстық, қалалық оқу бөлімінің алақол басшылары орындарын босатады. Бұл іс өзгелерге өнеге болды. Сол күннен былай қарай Кемейдолла ағамыз облыстағы мемлекеттік тілге байланыс­ты мәселелердің бірде-бірін елеусіз қалдырған емес. Қалалық, аудандық ұйымдардың бәрінің жұмысын айрықша сергектікпен қадағалап, жетекшілік жасап келді.
Кемейдолла Төлеубайұлы шын мәніндегі заңгер болатын. Заңға сәйкес келе қоймайтын мәселені қалт жібермей қадағалап отыратын. Осыған орай Кемекең қатысқан бір республикалық жиын туралы оқиғаны да еске алуға тура келіп отыр. 1995 жылы еді. Алматыда қазіргі Конституциямыздың жобасын референдумға ұсынар алдындағы комиссиялық талқылауға Кемекең де қатысады. Жоба жөнінде сол кездегі Республика Премьер-министрінің орынбасары Нағашыбай Шәйкенов баяндаманы орыс тілінде жасап, 45 минуттай түсінік береді, баяндамадан соң «қандай сұрақ бар» дегенге ешкім үндемейді. «Содан кейін, негізгі мамандығым заңгер болған соң шыдамадым. Орнымнан тұрдым, – деп еске алатын Кемекең. – «Құрметті Нағашыбай Шәйкенов жолдас, Сіз 45 минут орыс тілінде сөйледіңіз, қазақтың бірде-бір сөзін қосқан жоқсыз. Ал өзіңіз түсіндіріп тұрған Конституция жобасында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады делінген» бұл нұсқаны басшылыққа алсақ, орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады. Сіздің үлгіңіз бойынша осында отырған бәріміз де қазақша сөйлемеген соң, орысша да сөйлемей отыруымыз керек қой. Бұл дұрыс заңдық негіз бола алмайды, қисынға келмейді. Егер де орыс тілін де қатардан қалдырмайық десек, қазақ тілімен тең деген ұғымның орнына қажетіне қарай «қазақ тілімен тең (наравне) дегеннен гөрі» «при необходимости наряду с казахским языком» деп жазған заңға дұрысырақ болмай ма» деп едім, жиналысқа қатысып отырған біздің облыстың әкімі С.Пачин орнынан ұшып тұрып, маған қарап «Сіз неге олай дейсіз» деп көзімен мені атып жібергендей болды. Ал Н.Шәйкенов үн қатпады. Тек бір ақмолалық неміс азаматы орнынан тұрып, «Сіздер неге қойылған сұраққа дұрыс жауап қатпайсыздар, бұл азамат өте дұрыс айтып тұр ғой» деп ренішін білдірді. Алайда бұл сұрақ әлі күнге жауапсыз қалып келеді. Мұны еске алудағы мақсатымыз Кемекеңнің елдік, тілдік мәселесіне келгенде бағзы біреулер сияқты немкетті қарап отыра алмайтын елгезектігін көрсету еді. Ол ақтық демі біткенге шейін мемлекеттік тілге қатысты шаралардың бәрінің қасында болды.
Кемекеңнің тоқсаныншы жылдардан кейінгі кезеңде Ақтөбе өңірінде қасиетті қазақ тілінің өрісін кеңейтіп, тынысын ашуда сіңірген еңбегі ерекше болды. Кемекең дүниеден өтер қарсаңда төсек тартып қалыпты дегенді естіп, көңілін сұрау үшін Ақтөбеге арнайы барып, сұхбаттасқанда да әңгіме ауанын осынау ділгір мәселеге бұрып, қамқор көңілін білдіріп жатты.
– Сіз Алматыдан арнайы келіп жатқанда менің сізбен төсекте жатып амандасқаным жарамайды. Мені қолтығымнан демеп жіберіңдер, – деп дерті дендеп, қаншама қалжырап жатса да, сыр білдірмей бойын тіктеп тұруы ақсақалдың тектілігін білдірсе керек.
Кемекеңнің тағы бір атап айтуға тұрарлық қасиеті – өз кіндігінен өрбіген ұрпағының барлығына қазақы тәрбие бергендігі. Кеңестік кезеңдегі қазақ зиялыларының көпшілігі заманға сілтеп, ұл-қызын орысша оқытып, ұлттық салт-дәстүрден ажырап қалғаны жасырын емес. Біздің тіл майданын ашып, әлі күнге алысып жүргеніміз де соның зардабы емес пе?! Міне, сол кезеңде де лауазымды қызметтер атқарса да өз бағытынан таймай, азаматтық позициясына беріктік танытқан азаматтар болды. Солардың бірі біздің Кемекең еді. Әке тәлімін алып, арлы азамат болып өскен Кемекеңнің Зейнолла, Мақсат, Мұрат атты ұлдары бүгінде өз інілерім мен өз баламдай, қыздары қарындастарымдай болып кетті.
Кемекең ұлтқа риясыз қызмет етудің, отбасында жақсы отағасы болудың, әдемі қартаюдың, ақылман ақсақалдықтың, салиқалы сарабдалдықтың, парасатты ділмәрлықтың үздік үлгісін көрсетіп кетті. Абыз ақсақалдың осынау асыл қасиеттері мен өнегелі істері өскелең ұрпаққа жұғысты болсын, ал сауабы ақыретте өз рухына азық болсын дейміз.

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті,
ҰҒА академигі , профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Айнұр

    Керемет жазылған мақала! Патриоттық рухты көтерері анық

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.