Ақын тойы – халық тойы

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің туғанына 100 жыл толуына орай Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында салтанатты кеш өтті.

Хамит Ерғали Гурьев облысы­ның Новобогат ауылында (қазіргі Атырау облысы, Исатай ауданы, Хамит Ерғали атындағы ауыл) дүниеге келген. 1939 жылы Қазақ мемле­кет­тік университетінің филология факуль­тетіне қабылданды. 1940-45 жылдары Кеңес Армиясының қата­рында Ұлы Отан соғысына қатысты. 1945-50 жылдары республикалық «Со­­циалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде тілші, Қазақстан Жазушылар одағы поэзия секциясының, Қазақтың Мем­ле­кеттік көркем Әдебиет баспасы бөлі­мінің меңгерушісі қызметін атқарған.
1959 жылдан өмірінің ақырына дейін бірыңғай шығармашылық жұмыспен айналысты. «Әке сыры», «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Құрманғазы», «Күй дастан», «Оралдағы отты түн», «Аңыз ата», «Қыз-хисса», «Жылдар, жылдар», «Суыт жүріс», т.б. дастандары бар. Аудармашы ретінде Пушкин мен Лермонтовтың, Шекспир мен Байронның, Софокл, Науаи, Петефи, Маяковский, Гамзатов туын­дыларын қазақ оқырмандарына жеткізді. Қырғыздың «Манас», қа­ра­қалпақтың «Қырық қыз» атты ха­лықтық жырларын қазақшалады. В.Шекспирдің сонеттерін аудар­ға­ны үшін ол 1996 жылы Британия хан­шайымының Алғыс хатына ие болды.
Кештің ашылуында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, Алматы қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов сөз сөйледі.
– Бүгін міне, Алаш жұртының ақыны, қазақтың қыран мінезді перзенті, поэзия әлеміндегі орны ерекше Хамит Ерғалиевтің 100 жылдық мерейтойы өтуде. Хамаң – кешегі аңызға айналып бара жатқан ақиқаты мен аңызы қатар өрілген ХХ ғасырдың белқұрдасы, төл перзенті болды. Ол ежелден келе жатқан біздің жампоздарымыздан қалған мектепті, сүлейлерімізден қалған ғажап дәстүрді жалғады. Ол Махамбеттен қалған тегеурінді тектіліктің, Абайдан қалған кеңдіктің белгісі, Сүйінбайдан қалған сүлейліктің сарқыты еді. Кешегі ұлылардың жалғасы, жаңаның басы, ескінің соңы болған Хамит Ерғалиев мәңгілікке ел жадында сақталмақ, – деді Нұрлан Оразалин.
Салтанатты кешке белгілі ақын-жазушылар Олжас Сүлейменов, Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмаділов, Шөмішбай Сариев, Есенғали Раушанов және тағы да басқа зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер қатысты. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет мерейтой иесінің шығармашылығы жөнінде баяндама жасады.
Кеш барысында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жанас Бекентұровтың дирижерлығымен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық ұлт-аспаптар оркестрі «Адай», «Кішкентай», «Сарыарқа», «Көрұғлы» күйлерін орындады. Сахна төрінде әншілер Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейісов, Жанаргүл Сәркенова, Фархат Көбеев, Қайыржан Бердібаев әсем әуезді әндерімен көрермен ықыласына бөленді.
Ақын өмірі туралы деректі фильм көрсетілді. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері Қалдыкөл Рахымжан, Мейрамгүл Жанатқызы, Нұрсұлтан Райымхан ақынның «Майдан хаттары» туындысынан үзінді оқыды. Хамит Ерғалиевтің шөбересі, Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясы орталық музыка мектебінің 10-сынып оқушысы, талантты скрипкашы Ерасыл Хамит Мәскеу қаласынан арнайы келіп, атасының мерейтойында өнерін көрсетті. _MG_4771
Кеш соңында сөз алған ақынның ұлы, Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі Мұрат Ерғалиев:
– Әкем әр мерейтойына ерекше қуанып, жан-жақты дайындалатын. Әрбір он жыл ішінде жұрт алдында есеп беріп отыратын. Бүгінгі салтанатты кешті ұйымдастырған қала әкімдігіне, театр басшыларына және Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестріне, барша артистерге және кешке қатысқан ағайынға әулет атынан үлкен алғыс айтамын. Уақыт жылжып, жылдар өткен сайын Хамит Ерғалиевке деген ел ықыласы ерекшеленуде. Ақынның жасампаз поэзиясы жастардың рухын биікке көтеретін поэзия. Осындай заңғар тұлғаларды қадірлейік, қалдырған мұрасын кейінгілерге ұғындырайық, – деп ерекше ризашылығын жеткізді.
Қазақ поэзиясына тыңнан түрен салған ақын өлеңдері сан буынның рухани азығына айналды. Ақынның ғасырлық тойында көрнекті қалам­гердің рухына тағзым жасалып, елге еткен еңбектері тағы бір сәт жұрт жадында жаңғырды.

Абылайхан ЖҰМАШЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Әбу

    Сол кеште Н.Оразалин өзін сенаттан қуып жіберген көкесінің досы Олжас Сүлейменовті тілі жеткенінше мақтап әлектенді. Соның көмегімен Жазушылар одағын әлі де билеп-илеп тұра бергісі келетін шығар. Ал Семей жұртшылығын алдап соққан Сүлейменовте бір түйір ұят жоқ сияқты, досынан силық-атақты үсті-үстіне алып, көктемдегі бураша талтаңдап жүр.

  2. Айдана

    Керемет жазушының 100 жылдығы құтты болсын!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.