Сахнаға немерелерімен шыққан қаламгер

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында көрнекті жазушы-драматург, профессор, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Сұлтанәлі Балғабаевтың 70 жасқа толуына арналған «Жұлдызың жансың» атты шығармашылық кеш өтті. Кеш шымылдығы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттерінің қойылымымен ашылды. Бұдан кейін «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Қуанышбай Құрманғали кеш иесі туралы «Ұлтқа қызмет етудің үлгісі» деген тақырыпта баяндама жасады.

Қаламгердің тырнақалды туындыларына талдау жасап, өз есте­ліктерімен бөлісті. «Сұлтанәлінің жазушылық талантының қыр-сырын ұғыну үшін оның әр алуан тақырыптағы повестерімен танысып шығу да аздық етеді. Жазушының тағы бір қыры–көсемсөздігі.Респуб­ли­калық баспасөз беттерінде оның мақалалары үзбей жарияланады. Тіршіліктің сан салалы мәселелерін қозғаған мақалалары қандай керемет. Сұлтанәлінің жазушылық, драматургтік қызметінен бөлек тағы бір артықшылығы – қайраткерлігі. Оның Дүниежүзі қазақтар қауымдастығында атқарған қыруар шаруаларын, сіңірген еңбегін ерекше атауға болады» деді баяндамашы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейтой иесіне арналған құттықтау хатын Мемлекет басшысының өзі жетекшілік ететін Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат ­Мамашев оқып, табыстады. Құттықтау хатта былай делінген: «Құрметті Сұлтанәлі Базарбайұлы! 70 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Халқымыз өзіңізді есіміңіз қазақ оқырмандары мен көрермендеріне жақсы таныс жазушы-драматург және қоғамымызға белсенді атсалысып келе жатқан қайраткер азамат ретінде құрмет тұтады. Сіздің қаламыңыздан шыққан көркем дүниелер оқырманға қарапайымдылығымен және адам­дардың жан-жүрегіне ізгілік пен имандылықтың сәулесін түсіретін жақсы қасиеттерімен ұнайды. Адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынастардың нәзік қалтарыстары мен терең драмалары иланымды ашылатын бірқатар пьесаларыңыз еліміздің ­театр сахналарында табысты қойылып, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүр. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында көп жыл бойы менің орынбасарым бола жүріп, ұлтжанды және жанашыр азамат ретінде шетелдерде тұратын қандастарымыздың атамекенмен байланысып тұруына лайықты үлесіңізді қосып келесіз. Қаламгер­лік және қайраткерлік қасиетіңіз елі­міздің жоғары мемлекеттік наградаларымен және әдебиет саласындағы сый­лық­тармен атап өтілгені зор мерей. Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға аман­дық пен ізгіліктер, сондай-ақ ба­қыт­ты шығармашылық ғұмыр тілеймін».Sketsh
Сонымен бірге Т.Мамашев «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтау Хатын жеткізді. ҚР Жазушылар одағы басқармасы төрағасы Нұрлан Оразалин қаламгерді мерейтойымен құттықтап, ҚР Жазушылар одағының атынан мерейтой иесінің иығына шапан жапты. «Сұлтанәлінің қаршадай кезінен Сарысу мен Сырдың арасында табаны жер сызып, табанына құмның ыстығы өтіп жүрген кездегі арманы болған. Шіркін-ай, бір өлең жазсам немесе қазақ халқы өзінің рухани кәдесіне жарататындай сөз тудыра алсам, хикаялар, повестер жазсам деген арманы кішкентай сары баланы сонау құмның ішінен, Сырдың бойынан Алматыға алғаш 1960-жылдардың бел ортасында алып келген кезде үзеңгілес әріптес ретінде біз танысып едік. Сол кездерден Сұлтекеңнің мінезі өзгерген емес. Адалдығы, мінезі сол қалпында» дей келе, мерейтой иесінің «Сыр мен Сарысу» деп аталатын соңғы кітабының мазмұнды жазылғанына айрықша тоқталды.
Н.Оразалин ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын министрдің орынбасары Ақтоты Райымқұлова тапсырып, құттықтауын жеткізді. Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қалалық әкімдік атынан қаламгерді құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
Сұлтанәлі Балғабаев пьесаларында қазіргі заманғы отбасылық-тұрмыстық өзекті мәселелер драмалық, трагедиялық, комедиялық сипаттар тұтастығымен бейнеленеді. Сондай шығармалардың қатарында «Ең әдемі келіншек», «Ғашықсыз ғасыр», «Ең жақсы еркек» туындылары бар. Басқосуда сахналанған осы пьесалардан үзінділер көрсетілді. Ал «Ең жақсы еркек» қойылымын Алмахан Кенжебеко­ва ­­­бастаған Алматы облыстық Б.Римова атындағы театрының актерлері сахналап, көрерменге шынайы күлкі мен шаттық сыйлады. Кештің жаңалығы деп мерейтой иесінің шәкірттері Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері «Жұлдызың жансын» қойылымының тұсауын кесіп, ұстаздарына жылы лебіздерін білдірді.
Кеш соңында сөз сөйлеген Сұлтанәлі Балғабаев бүгінгі басқосуға қа­тысқандарға шынайы алғысын біл­дірді. «Менің өмірімнің жалғасы – ұрпағым болса, өнерімді жалғастырушы – шәкірттерім. Шәкірттеріме арнап осы пьесаны жазып, жұлдыздары жансын деген тілекпен осылай атадым. Кештің осылай аталуы да бекер емес. Сахнаға бүгін алғаш шыққан шәкірттерім «Сұлтанәлі ағамыздың мерейтойында алғашқы қадамымды жасап едім» деп айтып жүрсе, содан асқан құрмет жоқ» деді мерейтой иесі.
Осы ретте айта кетейік, Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры биылғы жаңа маусымның ашылуында өзінің 70 жылдығын салтанатты түрде атап өтті. ­Театр мерейтойы аясында бірқатар мәдени шаралар жүзеге асырылды.

А. ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Ғиззат Досжанов

    Құрметті Сұлтанәлі! Сізді 70-жылдық мерейтойыңызбен құттықтаймын. Өмірің ұзақ болып, денсаулығың мықты болсын. Өзіңе өзің не тілесеңде, барлығына қосыламын.

    Ресей қазақтары (Омбы, Орынбор, Астрахань,Қорған, Саратов, Түмен) Сіздің 70-жылдық мерейтойыңызды білмеген шығар деп ойлаймын. Білгенде, келмеседе, құттық-тау телеграммасын жіберер еді.

    Ғиззат Досжанов, биол. ғыл. канд., Бүкілодақтық ленин комсомолы сыйлығының лауреаты.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.