Торлама қауын (Эссе)

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы, Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының директоры

Ұмытпасам, 1973 жылдың та­мыз айының басы бола­тын. Жамбыл облысы, сол кездегі Свердлов ауданындағы «Ауыл жаңалығы» газетінде тілші болып қызмет атқарып жүрген кезім. Аудан­дық газеттің редакторы – Ғани Әлиев деген кісі. Ұлты өзбек демесең, ақжүректі, кең пейілді, адам баласына жақсылық жасауға асығып тұратын нағыз қазақтың өзі. Ұлы Отан соғысына қатысқан, өмірден көргені мен түйгені мол азамат. Адам таниды, талай бұлақтың көзін ашқан қаламы қарымды журналист.
1960 жылдардың аяғы мен 1970 жылдардың басында сол кездегі Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің журналистика факуль­тетіне оқуға түсу – қиынның-қиыны болатын. Екі-үш рет тауым шағылып, оқуға түсе алмаған соң, Қаратау қаласындағы бір жылдық кәсіптік-техникалық училищені бітіріп, Свердлов ауданындағы облыстық колхозаралық тресіне қарасты бір құрылыс ұйымында электрмен дәнекерлеуші болып жұмыс атқарып жүрдім. Қолым қалт етіп босай қалса, ара-тұра республикалық, облыстық, аудандық газеттерге хабар-ошар, мақала жазып қоятыным бар. Әлі есімде, бір мерейлі мерекеге байланысты «Ауыл жаңалығы» газеті еңбек екпінділері туралы очерктер жазуға бәйге жариялады. Мен өзіммен бірге еңбек ететін Серік деген жігіт туралы очерк жазып, бәйгенің жеңімпазы атандым. Көп ұзамай, мені аудандық газеттің редакторы өзіне шақырды. Үлкен кабинетке қысыла-қымтырыла кіріп, төрде отырған орта жастағы, жылы жүзді кісіге сәлем бердім.
– Доқтырхан Тұрлыбековсің бе? – деді кабинет иесі менің сәлемімді жылы қабылдап, – кәне, жоғары шық.
Сәл орнай қалған үнсіздікті Ғанекең бұзды.
– Электрмен дәнекерлеуші болып жұмыс істегеніңе қанша уақыт болды?
– Екі жылдан асып барады, аға, – дедім қысқа жауап беріп.
– Бір айда қанша табыс табасың? – деді редактор мен күтпеген сауал қойып.
– 300 сомға жуықтап қалады.
– Жүлде алған очеркіңді оқыдым, жазуға әжептәуір икемің бар екен. Бізге қызметке келсең қайтеді?
Бұл мен мүлдем күтпеген ұсыныс еді. Қатты таңғалдым.
– Аға, менің бар болғаны орта білімім бар. Мен сияқты электрмен дәнекерлеушіден газет тілшісі шыға қояр ма екен? – дедім күмілжіп.
– Бір ай сынақ уақытын беремін. Өзіңді-өзің көрсете білсең, жұмысқа қа­был­­­даймын. Қызметке алып жатқан­ның өзінде алатын айлық жалақың – небәрі 120 сом. Ағалық айтар ақылым, сен қазір мол табысты ойлама, болашағыңды ойла. Жаңылыспасам, сенен жібі түзу журналист шығады, – деді редактор салмақты үн қатып.
Мен көп ойланбастан келісімімді бердім. Жиырмадан енді асқан шағым, тепсе темір үзетін қайратты кезім. Мектеп қабырғасында жүргенде журналист болсам деп армандайтынмын. Бала кезде армандаған КазГУ-ге түсе алмай, болашағымнан үмітім үзілгендей болып жүр едім, бірте-бірте өше бастаған бала арман қайта жанғандай болды. Бір ай бойы тыным таппай, қаламымның сиясы таусылғанша бұрқыратып жазумен болдым. Байқаймын, аяқ алысыма бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редактордың өзі де дән риза. Бір айлық сыннан сүрінбей өтіп, қолыма аудандық газеттің тілшісі деген қып-қызыл куәлік алғанымда, қуанышымда шек болған жоқ.
Арада бір жарым жылдай уақыт өте шықты. Бүгінде аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінің айдарынан жел ескен білдей қызметкерімін. Редакцияға үздіксіз келіп жататын хаттарды әдеби өңдеуден, әртүрлі тақырыптарға арналған мақалалар жазудан, ұйымдастырудан бір жалықпаймын, шапқылаймын да жүремін. Ара-арасында өлеңдер, шағын әңгімелер жазып, аудан көлемі бойынша атым шыға бастады.
Редакторымыз Ғани Әлиев мені дұрыс таңдай білгеніне қатты қуанып жүрді. Үнемі қолдап, қорғап жүреді. Бірде жұмыс күні аяқталуға жақын қалғанда редактор кабинетіне шақырды.
– Доқтырхан, сенің болашағың алда, саған оқу керек. КазГУ-дің журналистер даярлайтын факультетіне сырттай түсіп алмайсың ба? – деді Ғанекең бірден шақырған шаруасына көшіп.
– Оқу жағын өзім де ойлап жүрмін. Бірақ, үш рет сынақтан өте алмай қалғаным бар, жүрексініп жүрмін, – дедім шынымды айтып.
– Қорқатын ештеңесі жоқ, талаптыға нұр жауады, құжаттарыңды тезірек дайындап, Алматыға жинал. Өндірістік мінездемеңді жақсылап жазып береміз, әскер қатарында болғансың, қазір аудандық газетте қызмет атқарып жүрсің. Сенің оқуға сырттай түсуіңе еш бөгет жоқ. Емтиханнан сүрінбесең болғаны, конкурссыз өтіп кетесің. Алматыда интернатта менімен бірге оқыған Темірбек Қожекеев деген досым бар. Ол КазГУ-дің журналистика факультетінде білдей декан. Сол досыма хат жазып беремін. Ертеңнен бастап, еңбек демалысыңды алып, емтиханға жөндеп дайындал!
Редактор сені шақырған шар­уам бітті дегендей орнынан асығыс көтеріле берді.
Алматыға жүрер алдында Ғани Әлиев ағам мені Жамбыл қаласындағы Орталық базарға ертіп барды. Қауын сатып тұрған өзбекті танитын болу керек, торлама келген екі үлкен қауынды таңдап алып, маған берді.
– Біз Темірбек екеуміз соғыс басталардың алдында мектеп-интернатта бірге оқыдық, – деді Ғанекең алыстап кеткен күндерді еске түсіріп. – Интернаттың беретін тамағы шамалы, үнемі аш құрсақ жүреміз. Ол кезде Орталық базар қазіргі облыстық партия комитетінің алдындағы үлкен алаңда болатын, халық оны «Атшабар» деп атаушы еді. Қауын-қарбыз піскенде көптеген интернаттың балалары сияқты Темірбек екеуміз де Атшабарды жағалаймыз. Сатып алайық десек, қалтамызда көк тиын жоқ. Амалсыздан ұрлыққа барамыз. Бір топ бала болып, үйіліп жатқан қауындарға жақындап, сатушы-өзбектің көзі тая бергенде, бір-екі қауынды алып, тұра кеп қашамыз. Кішкентай-кішкентай екі қауын бір топ балаға түк те болмайды, ертесіне қайтадан базарға жорыққа шығамыз. Көптеген интернаттың балалары сияқты Темірбек екеуміз тәтті қауынға бір тоймай кеттік. Бір-екі жылдан соң, соғыс басталды, мен әскерге кеттім, Темірбек жасы кіші болғандықтан Жамбылда қалды. Жаңа ғана сатып алған торлама қауынды Темірбек ерекше ұнатушы еді, әдейі сатып алдым.
Мен қос қолыммен көтеріп келе жатқан екі қауынды салмақтап-сал­­мақтап қоямын. Орта есеппен әр қауын 12-13 килограмм тартады, жа­рық­тықтың хош иісі танауыңды қытықтайды.
– Доқтырхан, – деді редактор үзілген сөзін жалғап – Алматыға автобуспен жүресің бе?
– Иә, аға, кешкі онға билет алып қойдым.
– Дұрыс болыпты, таңертеңгі жетілерде жетесің. Темкеңе жазған хаттың сыртына тұратын мекен-жайының адресін жазып қойдым. Алматыға жеткен бойда такси ұстап, бірден Темірбектің үйіне тарт. Таңер­теңгі сегізден кешіксең, ол жұмыс орнына кетіп қалады. Менен сәлем айт, – деп Ғанекең алдын ала дайындап қойған конвертті маған ұсына берді.
Мен мінген жүрдек «Икарус» автобусы Алматыға таңғы жетіге он бес минут жетпей Халықаралық автобекетке маңдай тіреді. Такси ұстап, Темкең тұратын Ленин көшесіндегі қала тұрғындары «Три богатыря» деп атап кеткен еңселі үйге көтеріліп, пәтердің қоңырауын бастым. Есікті Темірбек ағаның өзі ашты.
– Ассалаумағалейкум, Темірбек аға! – дедім сәлем беріп. – Мен Жамбыл қаласынан келдім. Мынау өзіңізбен интернатта бірге оқыған Ғани Әлиев досыңыздың сәлемдемесі.
Пәтер иесі біресе маған, біресе менің қолымдағы торлама қос қауынға қарап, таңғалғанын жасырмады.
– Ағаң қалай, қуатты ма? – деді Темкең, мен ұсынған қауын мен хатты алып жатып. – Мынау мен жақсы көретін торлама қауын ғой! Жарық­тықтың иісін-ай! Сен серейіп неғып тұр­сың? Ас үйге өт, үйдегілер әлі ұйықтап жатыр.
Мен шағындау ас үйдегі орындық­тың біріне жайғастым. Редакторымның хатын мұқият оқып шыққан Темкең маған үлкен көздерін қысыңқырап, сынай қарады.
– Оқуға түсемін де, қу бала! Фунда­ментің қалай?
– Шет тілім оңып тұрған жоқ. Қал­ған пәндерге біраз дайындығым бар.
– Дұрыс, – деді Темкең. – Бүгіннен қалдырмай құжаттарыңды тапсыр. Ғанекең айтқан соң, амал бар ма, саған бас-көз болуға тура келеді. Сендер қабылдау емтихандарын химия факультетінің ғимаратында тапсыратын боларсыңдар. Мен сонда боламын…
Бір ай бойы дайындалғаным босқа кеткен жоқ. Қазақ әдебиеті мен қазақ тілінен «жақсы» деген баға алдым. Бүгін неміс тілінен тапсырмақшымын. Ауылдық мектепте біресе француз, енді бірде ағылшын, енді бір жылдары неміс тілін оқып, бұл пәнді де жарытпаған оқушылардың бірімін. Шатып-пұтып, білетінім шамалы, нар тәуекел деп, емтиханға кірейін деп тұрғанымда, жаныма Темкең келді. Қысыла-қымтырыла сәлем бердім.
– Байқаймын, жағдайың мәз емес, судан шыққан тауық сияқты жүнің жығылып қалыпты ғой, бауырым. Басыңды көтер, бәрі дұрыс болады, – деп жайлап сыбырлады да, жанымнан өте берді.
Құдайдың оң көзі бар, Темкеңнің қолдауы бар, емтиханнан үш деген баға алып шықтым. Соңғы емтихан – тарих пәні. Құдайға шүкір, бұл пәннен ешкімге қамшы салдырмаймын. Айтқанымдай, соңғы емтиханнан бестік алып, КазГУ-дің журналистика факультетінің сырттай бөліміне студент болып қабылдандым.
Қазақтың белгілі жазушы-сатиригі Ғаббас Қабышев: «Қожекеевті сатып та ала алмайсың, атып та ала алмайсың» деп бекер айтпаса керек. Темекеңнің әділдігі, турашылдығы, талапшылдығы туралы аңызға бергісіз әңгімелер көптеп кездеседі. Ол КазГУ-дің журналистика факультетінің деканы ретінде сабақ үлгеріміне жүрдім-бардым қарайтын, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді қалайтын студенттерге өте қатаң болғаны рас. Қоғамдық тәртіпті бұзсаң, өзі өткізетін сатира және юмор пәнінің лекциясына бір-екі рет қатыспасаң – Темірбек Қожекеевтен жақсылық күтпе! Оның қырағы көздері ештеңені де қалт жібермейді, есте сақтау қабілеті өте күшті, майда-шүйдеге дейін жадында сақтайды.
Интернатта бірге оқыған досы Ғани Әлиевтің төл баласы болғандықтан, Темекеңнің маған деген көзқарасы алғашқыда жаман болған жоқ. Сырттай оқитын болған соң, сессияға жылына бір-ақ рет келемін. Келген бойда Темкеңе міндетті түрде соғып, амандасып шығамын, редакторымның елден жолдаған сәлемін жеткіземін. Профессор елдің жағдайын, Ғанекеңнің жағдайын, өзі жақсы танитын қалам­герлердің амандығын сұрайды. Кейде: «Байқаймын, өзің қу баласың. Маған екі қауын әкеліп, оқуға түсіп кеттің, иә» деп әзілдейтіні де бар.
Жап-жақсы қалыптасқан сый­ластықты өзім бүл­­дірдім. Үшінші курста оқып жүргенмін. Кезекті сессияға кел­ген бойда күндізгі бөлімде оқитын Дәулет Төлепбергенов деген туысыма соқтым. Жатақханадан шыға бергенімізде, жоғарғы курстың екі-үш студенті Дәулетке орынсыз соқтығыса кетті. Дәулет әскер қатарында болған, екі жылдай туған ауылында жүргізуші болып еңбек еткен, өмірді көрген жігіт. Бұйыра сөйлеген «ағаларынан» тайсала қойған жоқ. «Бәле қайда деме, табан астында» демекші, ерегіс төбелеске ұласып кетті. Бізге тиіскен жоғары курс студенттерінің көбісін тани бермеймін. Солардың арасында есімі жас жазушы ретінде танылып қалған Серік Байхонов жау шапқандай атойлап жүрді. (Осы төбелестен соң, екеуміз достасып кеттік). Қыза-қыза бас жарып, көз шығармасақ та, жаға жыртысуға дейін барып қалдық.
– Қожекеев келе жатыр!
Бұл дауысты естіген әлгі батырлар жан-жаққа тұра кеп қашты. «Айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады» демекші, Дәулет екеуміз қашуға үлгіре алмай, Темкеңнің қолына түсіп қалдық.
– Әй, Тұрлыбеков, сен сонау Жамбылдан төбелес ашу үшін келдің бе?
Ашулы Темкеңнің дауысы шаңқ етті. Ол Дәулет туысымды да оңдырған жоқ. Өткір тілімен түйреп-түйреп алды. Оған ертесіне жатақханамен қоштасуға тура келді. Жығылған үстіне жұдырық деген осы. Бұл оқиғадан соң, Қожекеев ағамның екі бірдей лекция­сын жіберіп алдым, үшінші лекциясына барып едім, бүкіл студенттердің көзінше әй-шәй жоқ, аудиториядан қуып шықты. Осы сессияда белгілі профессордың қаһарына ұшырап, сатира және юмор пәнінен емтихан тапсыра алмай, ауылға көңілсіз оралдым.
Келесі сессияға келгенде де Темкең бірауызға келместен лекциясынан қуып шықты. Диплом жұмысын қорғаудың алдында ғана ағамның артынан қалмай жүріп, әлгі төбелеске менің еш кінәмнің жоқ екенін дәлелдеп, емтихан тапсыруға әрең дегенде рұқсат алдым.
Мен де жұмыр басты пендемін ғой, алғашқыда жауыр аттай тулағаным рас. Темкеңді кейінірек түсіндім. Осындайда атақты жерлес ағам Бауыр­жан Момышұлының: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөздерін жиі есіме аламын. Иә, Темкең қатал, әділ, әрі талапшыл еді. Оны өзінен де, өзгеден де талап ете білетін. Филология ғылымының докторы, профессор, журналистика факультетін ширек ғасыр уақыт басқарған ұлтжанды ұстаз жүздеген-мыңдаған журналист кадрларын даярлады. Олардың арасынан сен тұр, мен атайын деген небір мықты журналис­тер, жазушылар, мемлекет және қоғам, өнер қайраткерлері шықты. Қияға қанат қаққан кешегі студенттердің бәрі де «Біз – Қожекеевтен тәлім-тәрбие, білім алғанбыз» деп мақтанышпен айтады.
Темірбек Қожекеев әділдігі, тура­шылдығы, ғылымға деген адалдығы, ұлтжан­дылығы үшін өмірден аз таяқ жеген жоқ. Әсіресе 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен соң, көптен бері тісін қайрап жүрген «достары» аяқтан шалып, басына қара бұлт үйірілді. Бірақ ағамыз мойымады, сын­бады, бар қиындықты қара нардай көтере білді. Ұстаз деген атаққа кір кел­тірген жоқ. Қуғын мен сүргінге, нағыз азаматқа тән қайсарлық пен адуынды мінез көрсетті. Ит үрмей ме, керуен көшпей ме?! Кімнің ақ, кімнің қара екендігін уақыт өзі-ақ өз орнына қойып берді.
…Бүгінде Темірбек Қожекеев ағамның үлкен ұлы Медетпен жиі араласамын. Бойы да, түрі де, ойы да әкесіне айнымай тартқан. Мінезі де Темкеңнен аумайды, әрқашан да әділдік пен ақиқатқа жүгінеді, әділетсіздікті көрсе – бетің бар, жүзің бар демей айтып салады.
Атадан ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі – демекші, ­Медет ізгілікке, жақсылыққа, әділ­дік­ке жақын. Әкесінің соңында қал­ған бай мұраны тірнектеп жинап жүрген де – Медет. Темкеңнің туған жері – Меркі ауданында мектептің, көшенің аты беріліп, ескерткіш мүсіні қойылып, үлкен ас берілгенде, Медет бауырымыз Алматы мен Меркінің арасында жиі шапқылап, бір тыным тапқан жоқ. Сонда қазақтың игі жақсылары ұл болсаң – осындай бол деп сүйсініп жатты.
…Жақында Медет екеуміз Тараз қаласына бірге бардық. 2000 жылдан астам тарихы бар көне қаланың орталық алаңына аяқ басқанымызда, мен баяғы торлама қауын туралы айтып бердім. Медеттің көзінде сағыныш оты тұнып тұрды. Бұл – әкеге деген үлкен сағыныш еді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Фариза

    Керемет жахылған естелікке толы туынды, әділдік пен қайсарлыққа тәрбиелейді

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.