Сағыныш сонатасы

Мәди ҚАЙЫҢБАЕВ,
ақын, Жастар одағы сыйлығының лауреаты

Шаһизада Әбдікәрімов туралы айтар болсам… менің бәрін… бәрін: өмір философиясын да, оның ішінде өз өмірімді де – балалығымды, жігіттік дәуренімді де қозғап, әлеуметтік, жаратылыстану, ғарыш әлемі мен сенім тұңғиықтарына сүңгігім келеді. Поэзияның өзі, менің түсінігімде, «айналасы жұп-жұмыр», қисыны жоқ, тұтастай оқып – көңілің толып, алыстан қарап – айызың қанбаса, жеке-жеке жолымен жүріп ұғыну ауыр, оттың шашыраған ұшқыны, таң алдында талықсып көрген тәтті түс сияқты түрлі-түсті сөздердің – сезімдердің мозаикасы ғой…
Шаһизада екеуіміздің де өміріміз солай – түрлі-түсті соры қалың шынылардан жапсырып жасалған Алып мешіттің мозаикасы іспетті. Оның іші біздің тілегімізді тілеген аналарымыз бен әкелеріміздің, апаларымыз бен ағаларымыздың, қарындастарымыздың мінәжат еткен көз жасына толы… Соны ақтадық па екен?!

Мынау әлемнің өзі алып мешіт қой…
Төрткүл деген бұ жұртта, ызғын тылсым ымыртта, ой-хой, көкке өрлегенде қызыл Ай – қызыл айдар тауық тапқан жұмыртқа… қоңы­рауын қаққан кезде шеңгелдер, омырауын жапқан кезде дөң белдер, қорқыныштан көзі алайып балалық, Төрткүл жақтан тірілгенде «өлгендер»… таба нандай сезім табы сондағы, сыртта үйілген Сталиннің томдары,боқ жағылған түйелердің қомдары, қара тастай жүгері нан – ол-дағы… қи гүліндей бүрсеңдеген суықта, жалғыз шамдай шиқылдаған клубта, байғыз үні шақырғандай ымыртта, Төрткүл деген бұ жұртта… ғұмыр күні бірі – тәйке, бірі – шік, бәрі… бәрі көкірегіңде тіріліп, көк сүйріктей сыртқа ұмтылған тырысып, көз жасы ағып көк тірейді-ау Ұлылық!
Сол Ұлылық пақыр қылған ақынды, сол Ұлылық ақын қылған пақырды, сол Ұлылық адастырған ақылды, Бағдад, Мысыр; Шам астырған Шәкуді, сол Ұлылық ұлылық-ау ақырғы! Ол – Ұлылық көз жасынан таралған, долыны ұғып… қиянаттан нәр алған, жаны суып қияметтен оралған, қия бетте қиян өрттен жаралған!
Шақырып шалғай, соны ізге,
Жүгірер әр саққа ойларым.
Ұлылық атты теңізге
Белгісіз қанша бойларым, – дейді Шаһизада. Асылы, Ұлылықтың дәні бала кезгі көрген азап пен асыл тәрбие, айдын сезім мен аңғара білушілік, аяушылық болар-ау… Біздің ауылда асып-тасқан бай баласы болды десем артық айтқандық шығар. Жұпыны тірлік, жүдеу көңіл о жұрттың бәріне ортақ секілді еді.
«Сақаудың тілін шешесі біледі» демекші, Шаһизаданың өмір мен өнер жолын бір кісідей білетін болармын. Кішкентайымыздан тай-құлындай тебісіп бірге өстік қой. Менен бір иткөйлек бұрын тоздырып, менен бір қадам ілгері жүргенімен, мектеп табалдырығын да, поэзия табалдырығын да қатарлас аттадық. Оның менен әрдайым да бір қадам ілгері тұра беретініне де кәміл сенемін, сол үшін де оны мақтан тұтам.
Біз оны Шәку дейтінбіз, әлі күнге солай. Шағын ауылдың шығыс жақ шетінде Аппаз шалдың көршісі Өтетілеу қария тұратын. Одан әрі күрең айдар қалың жыңғыл, Ақтайпағы (біздің қайрақ құмды жағажайымыз ғой) жалтыраған Балажарма… Қатқан қисық ағашты Шайтанкөпірден өтсең, көз ұшындағы қалың жиде тоғайына дейін алып жазық, айдын шалқар көл еді. Көл ортасында Сұлтан ағашы болатын. Одан әрі кәдімгі Сыр… Дария… Сұлтан ағашы көлінде қатар отырып бұттоспай құрып, талай балық ауладық. Сары сазанды алтындай жалтыратып, сымға тізіп, мойнымызға асып, жалаң аяқ, жалғыз дамбалмен саз-саз болып талай ауылға бірге қайттық.
Қайран өмір-ай десейші!..
Көшкен бұлттың көлеңкесіндей, өшкен жұрттың қоламтасындай лықсып та, бықсып та өте шығады. Құмай көзден құмалақтай жас аққан кездер де, аузымыздан алқызыл гүл төгілген кездер де болды. Соның бәрін Өтетілеу шалдың айқұлақ сары баласы көкірегіне түйіп, көңіліне көмкеріп жүр екен ғой. Оны кейін білдік.
Ұзы-ы-ын ақшаңқай мектебіміз ауыл шетінде, желдің өтінде еді. Әрі қарай төбе-төбе құм шағыл, бөксесіне қол тимеген тұмса қыр… жүген ұстап келе жатқан жалғызды, көкке дейін көтеретін бұл сағым. Құм күйдіріп құлық жаққан табанды, қиырларға ұмсындырып жанарды, жалақ ойнап жын қаққандай жалаңдап, жүрдік талай шаттандырып ғаламды… Сол ғаламды… іште булыққан ыстық сезімді, ешкімге айтқың келмейтін, өзің де айқын білмейтін сырларыңды, ғажап сөздермен айқындап, сыртқа шығаруға да болады екен ғой… О, ғажап-ай! Оны да Шәкуден білдік.
Мектебіміздің қабырға газетіне Шаһиза­да­­­­ның өлеңі шыққанда «осылай етуге болады екен ғой» деген ой көбімізге келді. Қол­дан-қолға көшетін ән альбомындағы баяғы «Шәкар киген топли /сықыр-сықыр етеді/ Мәди жазған өлеңі/ осыменен бітеді» деген жай нәрсе екен ғой. Жан сырын жайып сала алмай, әлгіндей әуенмен, әлеміш суретпен шектеліп жүрген жас жүректердің жалыны сыртқа атылды. Ғани да өлең жазды, Данабек те, Ағысбек те өлең жазды… анау «жаман» Сынағат та өлең жазды. Байғыз да, Қызыл мұрын да, Сармышық та… бәрі-бәрі ақынға айналды. Өрекпіген ынтызар көңілді кәдімгі көпке белгілі ән сөздерін көшіріп қана баспай, енді өз жүрегінің сезімін жеткізе бастады. Сөйтіп, Төрткүл орта мектебі әдебиетінің «алтын ғасыры» басталды. Оның Абайы да, осы, Шаһизада болатын…
«Көктем келер гүлін алып,
Жаз да келер жырын алып» …
Қызыл қанат іңірде ыстық-мұңды үнмен, Бақжан, бәлкім, Бануды еске ап күлдім мен… жүрегімді ғашық оты жандырып, жанартау боп атылғалы тұр мүлдем… Жылтың қағып көкте жұлдыз-бүлдірген, осылайша шаңында мың жын жүрген – түкпірдегі бір ауылда «көз жасы», Тұмағаңның төгілерін кім білген?! Шыр-шыр етіп жайып салған жан сырын, көмейімен торғайдай сол әншінің, көкке сіңіп жоғаларын кім білген, түпсіз терең әуендері Шәмшінің?!
Өтер айлар, өтер жылдар, өтер күн… бал дәуреннен сағыныш боп жетер мұң. Есімі де ойып тұрып орнығар, сол ұлылар қатарынан Шәкеңнің! Жапырақтар арасынан нұр аулап, балалық шақ өлең қуып жүр аулақ… Етегінде Шәкең шыққан биіктің Өтетілеу ағам түсер бір аунап… (Қазақтың салтында әкеңнен кіші адамды аға деуің керек, менің Өтетілеуді аға дейтінім де сондықтан).
Әйтсе де, Шәкудің өлеңдері үздіккен махаббаттан гөрі азаматтық әуенге бейім болатын. Қан тамшысы – қызғалдақты жат адыр, жылқы үркітіп, көл шулатқан бақа-дүр, миығынан шіркей өрген ер басы, жалау ұстап жауға шапқан баһадүр… бәрі-бәрі даңғыра ұрып, дабылдап, өлеңінің әрбір жолы жалындап, жерін қорғап жағаласып жанығып, жат ойлыға жалт ойнатып, жай ұрмақ! Сол азаматтық пафостың өзі табиғаттың қанық бояуы сіңген, айтар ойы анық, кәдімгі панорамалық картинаға айналатын.
Толқытпаса шындық боп тереңімді ой,
Онда, досым, жаза алмас өлеңім бой.
Эпосына иланбай…
Сұр жебені
Бекежанға қайта атқан мен едім ғой, – деп өзі айтқандай, қандай да бір оқиға болсын, ақын оны өзінің жүрек-ой сүзгісінен өткізіп барып, оқиғаның кері әсерін өлеңіне өзек етеді. Бекежанның Төлегенді атып өлтіргені туралы езіле қанша суреттеп жазғаннан гөрі оны Бекежанға қайта атудың сыры осында! Бұл поэзиядағы эффект! Шаһизада өлеңдеріндегі «Ньютон шалдың беделін жұрдай қыларлық» осындай «кері ағыстардың» көтеріп тұрған жүгі ғажап! Байқасаңыз, Олжастың өлеңдері түгілі, эсселерінің өзіндегі алтын қазық, осы, «кері ағыстар» ғой. Мұндай шындықты ұнатқысы келмейтін қазақтар оны «к…-нен кері сиіп» деп балағаттайды. Өмірде де солай! Ақынның қырсықтығы қырық есекке жүк болады! Дегенмен, «Оқырман авторды ұнатпайды, бірақ жазғанын ұнатады. Таңданатын ештеңесі жоқ: балды ұнатқанның бәрі араны ұната бермейді ғой» дейді П.А.Вяземский.
Тағы бір «Қалшадай қабақ түйіп түн жаншиды…» деп келетін, оныншы класта оқып жүргенде-ақ, анау-мынау емес, республикалық «Жалын» альманағына шыққан екі өлеңінің өзі Шаһизада Әбдікәрімовтің атын аспанға бір-ақ шығарып, қазақ әдебиетіне қаламы кәдімгідей төселіп қалған жаңа таланттың келгенін жалпақ жұртқа жария етті. Қырық жылдан астам уақыт өтсе де, сол кезде жазылған өлеңдердің қазіргі жазылған өлеңдерден кемдігі жоқ деуге болады. Сол суреттегі бала мен тасқа басылған өлеңнің арасы аспандай алшақ еді! Баланың данаға айналғаны қандай! Сүйіншілеп «Сүйінші!» деп өрелі ел, сары жиде… сағым жүзген төбе-бел, сары баланың қуанышын тойлады, бүкіл әлем, ұққан болсам мен егер… Өлеңнің дәмін татып, мәнін біліп қалған біз үшін бұл нағыз сенсация болатын. Шәкудің кімді оқып, ең алғаш қандай ақынның кітабын қолына алғанын қайдам, бірақ ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ кәсіби ақынға айналды. (Ал менің мектеп қабырғасында қолыма алып оқыған алғашқы өлеңдер жинағы Бернияз Күлеевтің «Ақ қайыңдары» болатын). Бір кездері Жаңажолдай шағын ауылдың шаңына оранып өскен Шәкеңнің талай жылдарды артқа тастап, сол қасиетті мекенге қалың жұртына танымал іргелі ақын болып ораларын ол кезде ойламаппыз да.
Бірде Балажарма басында, Ақтабан ит қасымда, әлде суға түсуге бардық па, әлде адасып қалдық па, кездейсоқ жолығыстық. Тек екеуміз ғана. Сонда оның қолынан жанқалтаға сүңгіте салатындай шағын, сыртында Таңбалытастағы сияқты кішкентай-кішкентай шауып бара жатқан аттардың суреті бар, «Дүбір» деген өлеңдер жинағын көрдім. Сол кітапшаны сипап тұрып, осындай кітап шығаруға бізге де болады екен-ау деп ойлағаным бар…
Аудандық, облыстық тіпті республикалық басылымдарға атымыз жарияланып, ендігі арман кітап шығару болды. Бұл жағынан Шәкеңнің Ұлықбек пен Есенғалидай бірден жолы бола қоймады. Ақындық албырттық оның қол-аяғын жерге тигізген жоқ. Аппақ көңілінде тиек, басқа жұрттай «бір бармағы бүгулі» болмады… Бұл жағы­нан оның жастық дәуренін «вальс королі» Шәмші ағамыздың жастық дәуреніне ұқсатуға болады.
Жылдарым-ай…
Заманамен үндескен!
Аллаңызбен анадайдан тілдескен;
Айдаһардың арқасында мызғып ап,
Жолбарыстың жотасына мінгескен!

Жылдарым-ай…
Айнымаған антынан,
Қара суда қаймақ болып қалқыған.
Талай рет толғап жұтып қойса да,
Арыстанның бітеу түскен артынан.

…Жылдарым-ай…
Жын-перідей жұлқынған,
«Өлемін!» деп отқа қарай ұмтылған.
«Мың жылда да мал болмайды мынау» деп,
Маңғаз ағай мысқылдаған сыртымнан
(Шаһизада).
«Жіп түйінсіз, сөз шындықсыз байланбас» дейді ғой, Шаһизада ақынның өлеңдерінде оның бүкіл ғұмыры жатыр. Астарын аударып, қыртысын ақтарып, байыбына барған адам ақын жырларының тереңдігіне бойлап, ащы шындығының кермек дәмін татар еді. Оның өлеңдерінің жиынтық кейіпкері ақиқаттан соғылып, трагедиямен суғарылған алып ескерткіш іспетті.
Басқа ауылға балалық қалды кетіп,
Жігіт болып сары ұлың алды бекіп.
Жүрмін қазір жыр сыймай көкірегіме,
Мына әлемнің өзі де тарлық етіп, – дейді ақын «Әкеге хат» өлеңінде. Міне, осы жерден бастап-ақ ол мүлде басқа әлемге – поэзия әлеміне бет бұрды. Оның ендігі бүкіл ғұмыры – қызметі де, адамдармен қарым-қатынасы да, жүріс-тұрысы да осы мінез-құлыққа құрылды. Сондықтан да ол басын тауға да, тасқа да ұрды – мынау әлемге сыймай келеді.
Мұның бәрі сонау балалықтан бастау алды.
Сонымен не керек, Шәку Алматыға Қазақ мем­лекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Келесі жылы сол баяғы Төрткүл сегіз жылдық мектебінен кейінгі, Қармақшы ауданы орталығындағы №26 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті мен де бітіріп шықтым. Осы мектеп қабырғасында оқып жүргенде біздің ақындық өнеріміз шыңдала түсті десем артық айтқандық емес. Өйткені оған мектептің оқу бөлімінің меңгерушісі марқұм Қали ағай (Шыңғысов) себеп болды. Талай кітаптың авторы, тілі уытты сатирик, әжептәуір термеші, жырау, өзінің де әлі күнге айтылып жүрген термелері бар Қали ағай өзінің дәрежесіне, атқаратын қызметіне қарамай 9-10 сыныптағы бізді өзімен тең деңгейде көріп, сабақтан кейін өлең талқылауға өз кабинетіне шақырып алып, осы бір өнердің қыр-сырын үйрететін. Сыныптастар алдында өлеңімізді оқытып, бағамызды едәуір асырып қоятын.
Жастығымыз жап-жасыл Алматыда өтті. Қызарып батқан күндер де, сарғайып атқан таңдар да, жүрекке жыр боп қонғанда… гүлзарға, бауға, бар маңға, шашқанда Ай нұрын жалғанға, қиялға кеуде толғанда, берілуші едік арманға! Шиелер тағы гүлдеді, оралып баһар қалама. Арадай тірлік гуледі, гулемей, енді, бола ма?! Түйнек сап… күлте шашылар, аппақ нұр Айға асылар, ақынның ұшпа көңілі, шараппен ғана басылар…
Тірнегімнен тезге түсіп,
Тасқа салып топшымды,
Сайран құрдым сөзге пісіп,
Мендей ақын жоқ-сынды.

Ару сүйдім неше керім,
Айдай қасын кергізіп.
Өр қаланың көшелерін
Өкшемізден өргізіп!

Жүрдім солай отқа айналып,
Жұртты жырмен ықтырып.
Трамвайлар тоқтай қалып,
Төбе шашы тік тұрып!
Жанымды ешкім түсінбеді,
Жанықсам да заңғарға…
Қасіретімді ішімдегі
Құйып іштім барларда.

Қысыр сөзін қаза қылмай
Дос табалап, қас күндеп,
Ақындардың ажалындай
Алматыдан қаштым кеп (Шаһизада).
Жалғанды жалпағынан басып, алып шаһарға сыймай, ақыры Қармақшыға қайта оралды Шәку! Абай атамның риторикалық сұрағы сияқты, «бұл іске кім виновать?!»…
Университетте болмады, білем, берекем,
Сергей Мироныч жат көрді.
Қожакеевтің вокзалда досы бар екен,
Кезексіз билет ап берді.

Ауылға жеттім – баяғы өзім көргендей,
Жерге қаратып сары шалды.
Адам өлтіріп, түрмеден қашып келгендей,
Қармақшым суық қарсы алды (Шаһизада).
Шаһизада Алматының КазГУ-інен сол кеткеннен:
Басқа вузда бұл факті
Кезікпеген, братан.
Жиырма екі жыл журфакты
Ежіктеген братан, – деп Бауыржан Омарұлы бауырым айтпақшы, 22 жылдан кейін ғана қайта оралды. Менің туған жиенім Қалдыбек Таңатаров Теміржол институтын еркелікпен, ақшаның күшімен жыл аралатып 18 жыл оқып еді, бұл одан да асып түсті. Сірә, біздің ауылдағы «кері ағысты» осы екі серінің жолы болған сияқты.
***
Ес жиып, етек жапқалы елу жылдан астам уақыт өтті… Шаһизада адам сенбестей алпысқа келді. Өтетілеу ағамның жасына жетті. Жилет жамылып, джинсы кисе де, үлкендік алыстан қол бұлғайды… Жыры ғана жалындап тұр. Жыр деген көңіл ғой…
Биылғы жаз Шәку екеуіміз туған ауыл­дың түкпір-түкпірін түгел аралап қайттық. Шаруашылық қожасы Қылышбек Қуаныш­байұлы алып құшағына орап, ағалық мейіріммен арқамыздан қақты. Бұрынғы әкім сөйтіп пе еді!.. Қылшекеңнің әкесі Қуанышбай менің сынып жетекшім болған. Баяғы соғыста окопта бұғып атысып жатқанда мұрнының үстінен оқ тиіп, желкесінен шыққан. Таңдайы кәдімгі резеңке болатын, алып көрсететін, марқұм. Сөйткен Қуанышбай ағайдың баласы Қылышбек бүкіл ауылдың шашауын шығармай, шаруасын дөңгелетіп отыр. Миллионер ауыл, асфальты айнадай, саябағы Иран бақтай, арығында суы сылдырап жатыр, үлкен тойханасы, бөлек спорт мектебі, мешіті бар.
– Бір-ақ нәрсе жетіспейді екен, Қылшеке, – дейміз ғой.
– Ол не? – деп одырая қарайды Қылшекең.
– Мынау иран бағыңызда Мәди екеуміздің бұттоспай құрып балық аулап отырған ескерткішіміз тұрса ғой… Екі асап, биге шығар едіңіз, – дейді Шаһизада.
– Мынауың расында ойланатын нәрсе екен… – дейді Қылшекең шынымен аңта­рылып.
Ойланатын несі бар. Мені қойшы, Шәкеңнің шағын аулымыздың абыройын асқақтататындай ақындық дәрежесі бар.
«Әттең, милләтім татар,
Әйтпесе Пушкинмен тұрар ем қатар» депті ғой татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқай. Сол айтпақшы, кейін ақын көңілі Тоқайдың көкірегіндей тоқырамасын дегеніміз ғой…
Қозғалды пойыз…
Түкпірден
Қол бұлғап құйттай мекенім –
Қызық-ау, сонда ұқтым мен
Сонша оның ыстық екенін!

Келеді пойыз зымырап,
Санамды салып сарсаңға –
«Стоп-кранды» жұлып ап,
Секіріп түсіп қалсам ба?!

Барам да үлкен қалаға,
Биікке тартам жыр көшін.
Бас-көз бол сонда балаңа,
Бұзылып кетіп жүрмесін.

Даңқтың дертін білгем бе,
Даурыққан кезім бар шығар.
Деміме пісіп жүргенде
Дақпырттан мені аршып ал.

Киесі кеткен әулиедей,
Кешкенде бастан нелер сын.
Түндіктен түскен сәуледей,
Түсіме талай енерсің.

Қызыққа сонда малтықпай,
Жаныма жақпай жат ұран,
Өлімнен қашқан Қорқыттай,
Өзіңе тартып отырам!

Келеді пойыз зымырап!
Құшағын ашып далам кең –
«Стоп-кранды» жұлып ап,
Бәрібір… түсіп қалам мен! (Шаһизада).
Ия… Біздер қайтып ораламыз…

Өлеңнің дәмін татып, мәнін біліп қалған біз үшін бұл нағыз сенсация болатын. Шәкудің кімді оқып, ең алғаш қандай ақынның кітабын қолына алғанын қайдам, бірақ ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ кәсіби ақынға айналды. (Ал менің мектеп қабырғасында қолыма алып оқыған алғашқы өлеңдер жинағы Бернияз Күлеевтің «Ақ қайыңдары» болатын). Бір кездері Жаңажолдай шағын ауылдың шаңына оранып өскен Шәкеңнің талай жылдарды артқа тастап, сол қасиетті мекенге қалың жұртына танымал іргелі ақын болып ораларын ол кезде ойламаппыз да.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.