Отбасын сақтау – елдіктің белгісі

Бүгінде өкінішке орай, түрлі себеппен шаңырағы ортасына түсіп, ажырасып жатқан отбасын көру үйреншікті жағдайға айналып кетті. Ажырасуға өздері шешім қабылдаса да, мұның ерлі-зайыптылардың екеуіне де оңай тимейтіні, сонымен қатар барлық нәрсе де ойран болатыны айтпасақ та, бәрімізге аян.
Десек те, бұдан қайғы жұтатын, әрине, балалар. Өйткені олардың әкесі мен шешесі ортақ болғандықтан екеуінің жолдарының екі айрылғанына қатты қамығады. Ес біліп қалған балалар әкесін (анасын) іштей күтіп, көпке дейін ата-аналарының қайта қосылуын тілеп жүреді. Осы мезетте бала күйзеліске ұшырап, толыққанды балалар қатарындағыдай күліп ойнаудан қалып, селқос, бейтарап, ызақор, қаскөй не тұйық болып өседі. Керісінше, толыққанды, сүттей ұйыған тату отбасында ержеткен баланың болашағы жарқын болатынына күмәніміз жоқ.

Бiз – бiр-бiрiне деген бауырмал­ды­ғының күштiлiгiнен «айнала алмай, ат өлiп, айыра алмай, жат өлетiн» тектi елдiң ұрпағымыз. Осыдан біраз жыл бұрын қазақтың шаңырағы шайқалса, жаман хабар естігендей, әркімнің қабырғасы қайысып, төбеден жай түскендей күйде болып, біразға дейін ұмыта алмай жүретін еді. Қазақ халқы тектілігін жоғалтпай, жесiрлерін жылатпай, жетім деген сөздерді естіртпеген. Егер ондай жағдай болып қалса, қазақ сүйекке түскен таңба деп бiлген.
Қазір заман өзгерді ме әлде адамдар қатыгез, билік, мансап қуып кетті ме, әлде санамызда жат ұлттың саясаты ұялады ма, намыссыз, өзінің туған баласын тастап бара жатқан безбүйрек әкелер мен көкек аналар көбейіп кетті. Бұл өмірде отбасылық соғыстан өткен сұрапыл жоқ шығар. Мұндай кикiлжiңi көп отбасында өскен балалардың ертеңi, әрине, бұлыңғыр. Жүрегiмiз қан жыласа да, бұл — бiздiң бүгiнгi шындығымыз. Ал шындыққа тура қарауымыз керек. Себебi, қаталдық пен қатыгездiктi, намысқойлық пен өзімшілдікті, сыпайылық пен жағым­паздықты шатастырып алдық.
«Ауруды жаратқан Алла емiн де жарата­ды» демекші, бұл мәселенiң де бір шешiмi болуы анық. Өйткені бiз – рухани иммунитетi жоғары елдiң ұрпағымыз. Әр шаңырақ бақытты болуы үшiн әр адам тәрбиенi өзiнен бастаса екен. Өз кемшiлiгiн мойындап, отбасымен санаса білсе, ешқандай ажырасудың салдары болмас еді.
Ал енді бүгінгі таңдағы Қапшағай қалалық сотында қаралған азаматтық істерді талдау барысында анықталған ажырасудың ең негізгі себептері мен қисындарының басты элементтерін атап өтейін. Олар — неке жасының айырмашылығы, білім деңгейінің таяздығы, сауатсыздық, мінездерінің ­­ ­­жа­­­­­­р­аспауы, ­­­көзге шөп салу және тұрақсыздық немесе дамымаған тұлға (жеңіл-желпі неке, жаман әдеттер, дөрекілік, сатқындық) тағы басқалар. Өмір сүру жағдайларының себептері де түрліше. Олардың қатарына баспанасының жоқтығы, материалдық жағдайларының қамтамасыз етілмеуі жатады. Мақсатқа байланысты себептер де жоқ емес. Мысалы, бірге өмір сүру қабілетсіздігі (психикалық ауру, белсіздік), тағы басқалар. Маскүнемдік, дағдарыс, жұмыссыздық, қауіпсіздік, депрессия секілді экономикалық ерекшеліктер де кездеседі.
Жас ерекшеліктеріне байланысты бөліп қарайтын болсақ, ажырасудың себептері 18-20 және 21-25 жас аралығындағылар ұрыс-жанжал, мінездерінің жараспауына байланысты; 26-30 жас аралығындағылар ұрыс-жанжал, мінездерінің жараспауына байланысты, жаңа жанұя құруына байланысты, қол көтергені, сотталып кеткені; 31-35 жас аралығындағылар ұрыс-жанжал, мінездерінің жараспауына байланысты, қол көтергені, ішімдікке салынуына байланысты; 36-40 жас аралығындағылар ұрыс-жанжал, мінездерінің жараспауына байланысты, ойынқұмар, қол көтергені; ­­40 жас­тан асқандар ұрыс- жанжал, мінездерінің жараспауына байланысты, ішімдікке салынуына байланысты, психикалық ауруына байланысты екен.
2016 жылдың 1 жартыжылдығында сотқа 129 талап арыз түскен, оның ішінде 88 іс бойынша талап арыз қана­ғаттандырылып сот шешімі шыққан, 31 іс қараусыз қалдырылған.
Неке азаматтық хал актілерін мемлекет­тік тіркеуді жүзеге асыратын аумақтық әді­лет органдарында немесе сот тәртібімен бұзылады.
Сотқа берілген талап арызда некенiң (ерлі-зайыптылықтың) қашан, қайда тiркелгенi, ортақ балалары бар ма, олардың жасы, ерлi-зайыптылар кәмелетке тол-маған балаларының қайсысы кiммен бiрге тұратыны туралы келісімге келдi ме, балаларды және (немесе) еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайын асырауға арналған қаржыны төлеу тәртібі туралы, оған жұмсалатын қаражат мөлшерi туралы немесе ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы, некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу кезiнде оны бұзуға өзара келісім болмаған жағдайда оны бұзудың себептерi, некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы талаппен бiрге басқа да талаптардың қойылған-қойылмағаны көрсетiледi.
Некенi сот тәртібімен бұзған кезде ерлi-зайыптылар бiр-бiрiне жеке мүлiктiк талаптарын қоюға құқылы. Мүлiктiк талаптарға олардың ортақ меншiгіндегі мүлiктi бөлу туралы және еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайын күтуге арналған төлемдер жатады.
Ортақ кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлi-зайыптылардың өзара келісiмдерi бойынша некелерiн (ерлі-зайыптылықты) бұзу, араларында мүліктiк және өзге талаптар болмаған жағдайда, азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асы­ратын аумақтық әділет органдарында жүргiзiледi. Бiрақ егер жұбайлардың бiреуi, қарсылықтары болмағанына қарамастан, некенi (ерлі-зайыптылықты) азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын аумақтық әділет органдарында бұзуға жалтарса (ортақ арыз беру үшiн өз басы келе алмаған жағдайда немесе арызды бергеннен кейiн ажырасуды тiркеу үшiн келгiсi келмеген және т.б. жағдайда ортақ арыз беруден немесе жеке арыз беруден бас тартса), неке сот тәртібімен бұзылады. Мұндайда арызданушы тіркеуші органдарға некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы арыз бергенiн және ерлi-зайыптылардың бiрiнiң оған келуден бас тартқанын растайтын анықтаманы алуы қажет.
Тұрып жатқан жерi белгiсiз немесе Қазақстан Республикасында тұратын жерi жоқ адаммен некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы талап арыз оның мүлкiнiң тұрған жерi немесе соңғы кездегi белгiлi мекен-жайы бойынша берiледi.
Талапкердiң қолында кәмелетке тол­ма­ған баласы болса немесе денсаулы­ғы­на бай­ланысты жауапкердiң тұратын жерiне бару оған қиындыққа соқса, онда талап арыз та­лапкердiң тұратын жерi бойынша берiлуi мүмкiн.
Бас бостандығынан айыруға сот­тал­ған адамдармен некенi (ерлі-за­йып­тылықты) бұзу туралы iстер, оларға белгiленген жаза мөлшерiне қара­мастан, тұлғаның соттал­ған­ға дейiн соңғы тұрған мекенжайы бойынша қаралуға жатады.
Істерді қарау барысында тараптардың өзара қатынастары, некенi (ерлі-зайыпты­лық­ты) бұзу туралы мәселенiң себептерi, ерлі-зайыптылардың арасындағы алауыз­дық­­тың нағыз себептерi жан-жақты анық­талады.
Ерлi-зайыптылар арасында кәмелетке толмаған балаларының неке (ерлі-зайыптылықты) бұзылғаннан кейiн кiммен тұратындығы туралы, балаларды асырауға арналған қаражаттардың төленуi тәртібі және оның мөлшерi туралы жоғарыдағы мәселелер бойынша келісім болмаған жағдайда, сондай-ақ сотқа ұсынылған келісім балалардың мүддесiне қайшы келген жағдайда, сот неке (ерлі-зайыптылықты) бұзылғаннан кейiн кәмелетке толмаған балалар ата-анасының қайсымен тұратынын, балаларды асырау үшiн ата-ананың қайсысынан және қандай мөлшерде алимент өндiрiлетiнiн анықтайды.
Десек те, «Көп қайнаған сорпаның дәмі кетер» демекші, тездетіп іске кірісіп, ұрпақ қамы үшін, қазірден бастап ажырасудың алдын алғанымыз дұрыс. Себебі ел іргесіне сызат түсіретін бұл әрекеттің зияны шаш-етектен. Біріншіден, бала әкесіз не анасыз қалады. Ал әке-шешесіз өскен жас ұрпақ психологиялық жан жарасынан ұзақ уақыт айыға алмай, кейін азамат қатарына іліккенде ұлттың, қоғамның алға жылжуына белсенді түрде үлес қоса алмай, көлеңкеде қалып, ескексіз қайықтай, жалтақтық күй кешетіні анық. Ерлі-зайыптылардың ажырасуынан екі жаққа тиер моральды-психологиялық зиян бір бөлек, ең бірінші кезекте ауыр соққы балаға тиері тағы анық. Ата-ана ең бірінші осыны ойлағаны жөн.

Жазира ЖАНСЕЙІТОВА,
Қапшағай қалалық
сотының судьясы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Рауан

    Әрине, көп жағдайда зардабы балаларға тигенімен, адам өзі жайлы да ойлау керек. Бірге мүлде тұра алмайтын жағдайларда болады

  2. Назерке

    Дұрыс немес дұрыс емес шешім болмайды, шешім және соның нәтижесі ғана болады. Неде болса басымен істегенді мойнымен көтерген жөн

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.