МОҢҒОЛИЯ САПАРЫ

1990-шы жыл басталысымен Моңғолияда демократияны жақтаушы жастар үні күштірек шыға бастаған кез болатын. Бұған дейін Моңғолияны өз уысында ұстап келген Кеңес Одағы атты империяның да күні санаулы, ал Моңғолияны 70 жыл билеп төстеген  мәскеушіл, коммунисшіл партияның  әлсірей бастаған осындай бір күндері Түркиядан дін қайраткері Халифа Алтай Моңғолияға келеді екен деген хабар Ұланбатырда және Баян-Өлгей қазақтары арасына тарап кетті. Бұл хабарды естіген соғыс ардагері, әкем  Баймолда Қорқынұлы Өлгейден телефон шалып, Халифа Алтай ақсақалдың біздің әулетке сарысүйек құдалық жақындығы бар екенін есіме салып, қалайда ол кісінің Моңғолиядағы сапарының жақсы болуына  көмектесуімді  тапсырды. Халифаның бірге туған ағасы Ақай  әкемнің немере апайы Алтыншоқпен ертеректе отау құрыпты. 1940 жылы  Шың Шысай басқарған Қытай өкіметінің озбырлығына қарсы Елісхан, Зайып бастаған көшпен Үндістанға өту үшін Тибет шекарасына жеткен кезде, арттан қуған жаудың оғынан апайымыз Алтыншоқ  опат болған екен. Бір өкініштісі, артында ұрпақ қалмаған. Бұл туралы Х.Алтай өзінің «Алтайдан ауған ел» кітабының 35-ші бетінде жазады.

Сонымен, Х.Алтай құдамыз да келетін күн белгілі болды. Ол кісі алтын күздің алғашқы күндері енді басталған шақта, Түркияның Стамбұл Ұланбатырдағы орталық теміржол бекетіне қазақтан шыққан зиялы қауым өкілдері бар және ол кісіге туыс болып келетін ұзын саны 40-50 адам жиналдық. Менің қасымдағы Моңғолия Ғылым академиясының Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Құрметхан екеуіміз осыншама қазақтың жиналғанын алғаш көріп тұрғандаймыз. Көбі таныс адамдар болғандықтан бір-бірімізбен бас изесіп, қол ұстап амандастық. Олардың арасында Моңғолия Сыртқы істер министрлігінде қызмет істейтін, Моңғолия мұсылмандары қоғамының төрағасы Сайран қажы, Геология министрлігіне қарасты Тау-кен институтында қызмет атқаратын Базар қатарлы азаматтар бары байқалды. Баян-Өлгей аймағынан Х.Алтайға нағашы-жиен туыстық қатынасы бар Мизамхан өзі келе алмай орнына Кәмесхан деген інісін жіберіпті. Біздің байқауымызша, 3-4 топ болып топтасқан осы қазақтардың бәрі де мүмкін болса есімі алты алашқа тараған Х.Алтайды елден бұрын өз үйлеріне алып кету жолын қарастырып тұрғандарын айтпаса да түсінуге болатын еді. Шынын айтсам, Құрметхан екеуміз де сондай ойда болдық. Біздің сарғая күткен пойызымыз да келіп тоқтады. Бәріміз жабылып Халифа ақсақал отырған вагонға қарай жүгірдік. Көп күттірмей жас шамасы алпысты еңсеріп, жетпіске таяған жылы жүзді, ақ шашты көзінде көзілдірігі, қолында таяғы бар Халифа ақсақалдың өзі көрінді. Артынан іле-шала бәйбішесі Бибәтіш апа және кіші ұлы Аднан да көрінді. Теміржол вокзалында жиылған қауым дін қайраткерінің аяғын жерге тигізбей қаумалап көтеріп әкетті. Бұл коммунистік биліктің дінді жойған 70 жыл уақыттан соң халықтың дінге, дін қайраткеріне деген ыстық сағынышы еді. 4e72e2181edca8db8a3a25c1f5d0df89
Теміржол вокзалында жиылған қазақтар Х.Алтайдың қолын ұстап амандасып қалуға талпынысып жатты. Арасындағы мүмкіндікті пайдаланып мен де амандасып, Алтыншоқ апайымыздың атын атап, құда екенімді білдірдім. Жолда шаршаңқырап келгеніне қарамастан жиналған бар­лық қазақпен амандасып, есен-саулық­тарын сұрасып шықты. «Қайда бара­тыныңызды өзіңіз шешіңіз, бәріміз де сіз үшін келдік, үйге жүріңіз» дес­тік жиылған бар қазақ шуылдасып. Ол кісі сәл ойланып тұрып, өзін Моң­ғолияға келуге шақыру қағазын жіберген әрі жиен әрі нағашысы болып келетін Мизамханның жіберген адамы Кәмесханға еріп Базардың үйіне барайын деді. Соның алдында ғана Базар жаңа микроауданнан 3 бөлмелі кең пәтер алған болатын. Сол үйге барғанын біз де жөн көрдік. Түс ауа Құрметхан екеуіміз алыстан келген сыйлы қонақ қой, бірер сағат болсын қасында болып, әңгімелесіп қайтайық деп Базардың үйіне бардық. Бізді үй иесі: «келген кісілер дем алып жатыр» деп есік алдынан қайтарды. Кейін мәлім болғандай, Х.Алтай ақсақал теміржол вокзалында қаптаған қалың қазақтың бірде-біреуі мұнда еріп келмегеніне ішінен таң-тамаша болып отырыпты.
Сонымен, екі күндей уақыт өтісімен Құрметхан маған телефонмен Х.Алтай ақсақал алғаш барып тоқтаған үйінен шығып, Ұланбатырдағы ең сыйлы ағалардың бірі Әбденбайдың үйіне барыпты, кешке сол үйге барып Х.Алтай ақсақалмен сөйлесейік деді. Үй иесін бұрыннан жақсы танимыз. Бізді жақсы қарсы алды. Алыстан келген сыйлы қонаққа арнап сойылған мал еті қазанда асулы екен. Х.Алтай ақсақалдың құрметіне арналған дастарқан басында біраз әңгіменің тиегін ағыттық. Елім деп алыстан келген мәртебелі қонақтың қандай жоспары бар, кімдермен кездесіп, нені көргісі келетінін сұрағанымда, Х.Алтай ақсақал маған қарай: «өзің құда екенсің, бір-екі шаруа айтсам шыдайсың ба?» деп көзінің астымен сынай қарады. Мен «айтыңыз, айтыңыз, шамам келгенше орындауға тырысайын» дедім. «Онда ең алдымен Моңғолия қазақтарынан биліктің жоғарғы баспалдағына көтерілген, Моңғолия үкіметінің вице-премьері қызметіндегі Зардыхан деген қазақпен кездестірсең, екіншіденҰланбатырға жақын жердегі әйгілі Тоныкөк абыздың ескерткішін көрсем деген арманым бар» деді. Сәл ойлана келе, екеуін де орындайын деп уәде еттім. Өйткені Х.Алтайдың бірінші бұйымтайының орындалатынына толық сенімдімін. Зардыхан аға менің әйеліме туыс болып келеді. Екінші мәселе де орындалатын шаруа.
Уақыттың тығыз екенін ескеріп, бірден іске кірістім. Келесі күні кешкісін Зардыхан ағаның үйіне барып мән-жайды айттым. Ол кісі Түркиядан келген дін қайраткерімен кездесуге өзінің ықыласты екенін айтып, «қалай, қайда, қашан кездесетінін өзінің көмекшісі арқылы біліп отырарсың» деп оның телефонын жаздырды. Екі күн өтпей ­Зардыхан ағаның көмекшісі Батарчулу­­­­­ун ­­­есімді азаматпен сөйлесіп, Түркиядан келген дін қайраткері Х.Алтай туралы қысқаша мәлімет бердім. Зардыхан аға Х.Алтайды Үкімет үйіндегі өзінің кабинетінде қабылдайтын болды. Ертеңінде Түркиядан туысшылап келген Х.Алтай және оның ұлы Аднан, Мизамхан және мен төртеумізді Үкімет үйінің Сүхэбатыр, Чойбалсан мавзолейі бар жағындағы шетелдің ең сыйлы меймандары келген кезде ғана ашылатын үлкен есік алдына сағат 10.00-де дайын болуымыз хабарланды. Бізді айтылған уақытта Үкімет үйінің қауіпсіздік қызметінің адамдары және Зардыхан ағаның көмекшісі есік алдынан қарсы алды. Біздің құжаттарымызды тексеріп болған соң, Зардыхан ағаның көмекшісі бастап үкімет үйінің 3-ші қабатына көтерілдік. Шынымды айтсам, менің де халық арасында «саарал ордон», яғни «сұры сарай» атанған осы үкімет үйінде алғаш болуым. Есік ашылған кезде ат шаптырым үлкен бөлмедегі орнынан Зардыхан аға көтеріліп, алыстан туысшылап келген жасы үлкен ағасымен құшақтаса амандасты. Көзімізге жас үйірілді. Ұзақ жылдары бір-бірін қанша іздесе де кездесе алмаған ағайынның сағынышты шын қауышуы болды. Екеуі де көздеріне келген жастарын сүртіп жатты. Зардыхан аға Үкімет басшысының орынбасары жоғары лауазымды қызметте болғандықтан 40 минутқа деген кездесу екі жарым сағатқа созылды. Көп нәрселер айтылды. Түркиядан келген дін қайраткері ағамызбен болған бұл кездесу тек қазақ тілінде жүргізілді. Бұл Моңғолия конституциясында қазақ тіліне берілген заңды мәртебенің орындалуы болды. Кездесу соңында Зардыхан ағаның кабинетінде бәріміз суретке түстік.
Үкімет үйінен шыққан соң уақыт мүмкіндігін пайдаланып, жақын маңдағы Моңғолияның Ұлттық мұражайын тамашаладық. Х.Алтай ақсақал мұражайда қойылған Моңғолияны мекен ететін әртүрлі ұлттардың ұлттық киімдеріне, әсіресе соның ішінде Керей, Найман қазақтарының ұлттық киімдерін ерекше қызығып тамашалады. Сондай-ақ Моңғолияның Гоби шөлінен табылған динозаврлардың ірі сүйектері мен осы күнге дейін еш ­жарылмай тасқа айналған жұмыртқаларын қызықтай қарады. Мұражайды тамашалап болып көшеге шыққанымызда орталық Сүхэбатыр алаңына жақын қала әкімшілігі үйі алдында қала таксистері жиналып, көліктерін сигналдатып, у-шу болып тұрғанын көріп таң-тамаша болдық. Сұрастырсақ, олар қала әкімшілігінен айлық жалақыларын көтеруді демократиялық жолмен осылай талап етіп жатыпты. Х.Алтай ақсақалға бұл туралы айтып бергенімде ол: –«Моңғол еліне демократиялық өзгерістің келуі бұл жақсылық әсіресе бір кездері коммунистер халық санасынан дінді күшпен өшіргісі келсе, енді міне дін халыққа қайтып оралды. Бұл үлкен жақсылық» деді. Расында қолда бар деректерге қарағанда 1930-шы жылдары 600 мыңдай халқы бар Моңғолияда коммунистер жүргізген репрессия салдарынан 37 мыңдай адам құрбан болып, 700-дей діни пұтханалар қирапты. Баян-Өлгей аймағында бірде-бір мешіт қалмай, қиратылған. Қазақтардан үш мыңнан астам адам репрессия құрбаны болған.
Х.Алтай ақсақалдың маған жүктеген екінші тапсырмасын орындау үшін сол жылдары Моңғолияның Қоршаған ортаны қорғау министрі қызметіндегі маған жақын ағайын болып келетін Мәуліт ағамен телефон арқылы хабарластым. Ол бірден Түркиядан келген кісіні өзі қабылдап, әңгімелескісі келетінін білдірді. Ертеңінде Халифа ата, Бибәтіш апа, Аднан бар, үшеуіміз министр Мәуліт ағаның кеңсесіне бардық. Ол ағамыз ашық-жарқын кісі еді. Өзінің барлық қауырт жұмыстарын кейінге ысырып қойып, Түркиядан келген ағайындармен әңгімелесіп, түскі асқа шақырды. Түскі ас кезінде мен Мәуліт ағама Халифа ақсақалдың Тоныкөк ескерткішін көргісі келетінін айтып едім ол кісі бірден мақұл көріп, жолай бір кездері өзі басшы болған Налайхы көмір шахтасында істейтін қазақ ағайындармен де жолықтыруды тапсырып, біздің барып қайтуымыз үшін министрліктен шағын микроавтобус шығарып беретін болды. Сонымен,келесі күні таңертең Ұланбатырдан 40 шақырымдай жердегі кеншілер қаласы– Налайхы қаласына аттанып кеттік. Мұнда маған немере ағайын болып келетін Әбділ, Қимәділ, Үкібай, Түлкібай деген туыстарым тұратын. Баратынымыз туралы оларға алдын ала хабарлап қойғанмын. Бәрі жиылып, алыстан сонау Түркиядан келген дін қайраткері болса да өздеріне құдалық жақындығы бар ағайынын асыға күтіп отыр екен. Дастарқан ­жай­ылып, ақсарбасқа бата істеліп, аз-мұз әңгімелескен соң, біз Налайхыдан 25 шақырым жердегі Тоныкөк абыздың ескерткішіне тағзым етуге аттандық. Бұл Х.Алтай ақсақалдың көптен бері армандап келген бір арманы. Біз келсек, сол жылдары ескі мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО қамқорлығына енген Тоныкөк абыздың құлпытас ескерткіші сыртындағы қоршау есігі бекітілген, ал күзетшісі жоқ болып шықты. Енді не істейміз? Иен даладағы ескерткішті күзететін күзетшінің қайда кеткенін білер сол маңайда тірі жан байқалмайды. Жалғыз жол ол ақсақалды биіктігі 1 метр 70 см темір шарбақтың ар жағына қалайда шығару. Мен Аднанға шарбақтан асып, арғы жаққа түс дедім. Ол секіріп, шарбақтан асып түсті. Халифа атаға: денеңізді бостау ұстаңыз, шарбақтың бергі жағынан көтеріп арғы жаққа асырамын дедім. Басқа амал жоғын түсінген ол кісі үнсіз келісті. Бар күшіммен атаны көтеріп, шарбақтан ары қарай асыра бергенімде, оның сыртқы плащының артынан байлаған белбеуі темір шарбақтың басына ілініп қалып, ата не ары емес, не бері емес күйде жерге түсе алмай салбырап қалды. Ақыры белбеу үзіліп кетіп, шарбақтың арғы жағында тосып тұрған ұлының қолына топ етіп құлай кетті. Құдай сақтап ауырып, сырқаған еш жері жоқ. Бірден Тоныкөк ескерткішін бас салып, құшағына алды. Бұл Халифа атаның ұзақ жылдар бойы армандаған арманы, көк түріктердің билік құрған заманында аса ойшыл, ақылгөйлігімен тарихта аты қалған Тоныкөк абызға деген құрметі еді. Осы арада бізді алыстан дүрбісімен көріп, байқап жүрген Тоныкөк абыздың ескерткішін күзететін күзетші де атымен шауып келіп қалды. Оған моңғолша атаның кім екенін түсіндіріп айтқан соң, ол өзінің тығыз бір шаруамен үйіне барып қайту керек болғанын алға тартып, кешірім сұрады. ЮНЕСКО ұйымы бұл азаматқа айына 100 АҚШ доллар көлемінде жалақы төлейді екен. Бәріміз суретке түстік. Қайтар жолда Налайхы қаласындағы ағайындарға барып, ақсарбас қойдың етінен жеп, шай ішілген соң Халифа ата өзі қазақшалаған «Құран кәрім» кітабынан он шақты данасын сонда жиылған дін жолындағы ақсақалдарға, жастарға таратты. Дінге қатысты сұрақтарға кең түрде, тұщымды жауап бере отырып, Түркияда тұрып жатқан қазақтар жайлы да әңгімелеп берді. Кештетіп Ұланбатырға қайттық.
Екі күн өткен соң Х.Алтай ақсақалды бір топ ағайын болып «Буянт-Ухаа» әуежайынан Өлгейге қарай ұшатын ұшаққа отырғызып, жақсы тілекпен шығарып салдық. Ол кісі Бай-Өлкедегі ағайын туыстары арасында 15 күндей болып, Ұланбатырға қайтып оралды. Осы жолы әйелім Ботагөз екеуміз қала ортасындағы пәтерімізде сары сүйек құдамыз Халифа Алтай ақсақалды құдағимыз Бибәтіш апа және ұлы ­Аднанмен бірге қонақ еттік. Олар қазан айының басында Ұланбатырдан Алматыға қарай сапар шекті. Х.Алтай 2000 жылы баспадан шыққан «Алтайдан ауған ел» атты кітабындағы «Моңғолия сапары» бөлімінде өзінің Налайхы көмір кені бар қалашыққа барғанын, ондағы қазақтармен кездескенін және көне түрік қағанатының абызы Тоныкөк ескерткішіне барып тағзым еткені туралы жазыпты. Мен Х.Алтай құдаммен бірге болған сол күндерді есіме ала отырып, ол кісінің аса сабырлы, байсалды, салмақты адам екенін, сөйлемес бұрын сан ойланып-толғанып алатын ерекше қасиеті барын байқадым. Әкем ­Баймолда екеуі бір-бірімен сарысүйек құда болса да жастары шамалас болғандықтан кейде әзілдесіп отыратын-ды. Әкем бірде оған қарата: «егер де мен сенен бұрын о дүниеге барып жатсам менің жаназамды өзің шығарасың ғой» деп қалжыңдағаны есімде қалыпты. Расында 1999 жылы әкем 83 жасында о дүниелік болғанда жаназасын құдасы Халифа Алтай қажы өзі келіп шығарған еді. Бұл да дін таратушы Халифа атаның мейірім шапағатының, ағайын-туысқа деген адалдығының бір көрінісі іспетті біздің есімізде мәңгілік қалды.

Досан БАЙМОЛДА,
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің
профессоры, ғылым докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Батыр

    Керемет танымдық мақала

  2. Қабден

    Досеке, Атамыз жайында ол кісінің біз білмейтін кейбір қыр-сырын көпшілік назарына ұсынғаныңызға ризашылығымызды білдіреміз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.