Ақырап

Қазан — қазақ күнтізбесі бойынша жыл он екі айдың сегізінші, ал қазіргі григориан күнтізбесінің оныншы айы. Қазақ халқы шығыс күнтізбесі бойынша қазан айын «ақырап» деп те атаған. Тіліміздегі ақырап атауы араб тілінен енген. Ақырап жұлдыз (зодиак) айлары бойынша «Сарышаян шоқжұлдызының» атауы болып табылады. Бұл сарала күз өтіп, қара күздің басталған шағы. Шаруа адамы үшін қазан айының қарбаласы көп. Малшы қауым малдың жем-шөбін, кысқы азығын дайындап, қора-жайын дұрыстайды.

Лақса деп аталатын қыстық шөп қорын жасайды. Егіншілер егін орып, астық бастыру жұмысын аяқтайды. Ал бау-бақша дақылдары түгелдей жинастырылады. Бұны жергілікті жерлерде қазан болды деп те атайды. Жаздан күйлі шыққан мал қазан айында ет алып, әбден қоңданады. Біршама шаруасын пысықтап алғаннан кейін ауыл-аймақта, ел ішінде той-томалақтар көбейеді. Жазда малдың жеуге жарамайтын шытыр тәрізді улы шөптер, қазан ұрғаннан кейін малға жайылымдық азық бола бастайды (Әбішев X. Аспан сыры. Алматы: Жазушы, 2009). Қазан айының ерекшелігі халық аузында былайша суреттеледі:
Ақырапта ырысты,
Жиын-терін бітеді.
Жер-ана алып тынысты,
Жаңа науқан күтеді.
Сұрғылт көкке біртіндеп,
Сұрқай бұлттар жетеді.
Суық түсіп бір түнде,
«Қазан ұрып» кетеді.
Қазан айының этимологиясын көп ғалымдар қарастырып, әртүрлі пайым­дау жасаған. Олардың кейбірі бұл айдың атауын соғым сойылып, бие ағытылатын кезбен байланыстырса, енді бірі қазан сөзі егіннің жиналып, жеміс-жидектің пісіп, қазан болған шағына балайды. М.Исқақовтың зерттеуі бойынша қазан сөзі бірне­ше мағынаны береді: «Қазан – ауырт­палық. «Қамбар батыр» жырында «қазан аттыққа барамыз» деген сөйлем кездеседі. Ондағы қазан ат – «жауға мінетін ат» дей келе, қазан сөзін өлім, жауға шабу, қырғын соғыс ұғымдарын білдіретін мағынасы бар екенін айтуға тырысады. Соның негізінде қазан айында атауы халық есінде қалған қырғын соғыс кезеңімен сабақтас болуы мүмкін деген болжам ұсынады. Ғалымның зерттеулерінде келтірілген екінші бір дерекке сүйенсек, қазан атауы жыл құстарының қайтып, елде тек қарға мен құзғындардың ғана қалуымен байланыстырады. Ертеде құзғын сөзі құзан деп аталған. Қазан атауы осы құзан сөзінен шықса керек. Бұл айды чулым татарлары құзғы айы деп атаса, барабарлықтар күзіген ай дейді. Бұл жерде Сібірдегі түркі тілдес халықтардың тілінде құзғы немесе күзіген сөздері «құзғын» құсының атауымен мағыналас емес. Негізінен күз ұғымын білдіретін немесе күзгі үсік шалған «үсіген» мағынасында қолданылып тұрған сияқты (О.М.Әбутәліп, Қазақ күнтізбе жүйесінің лексика-фразеологиялық бірліктері. автореферат. – Алматы, 2008. – 26 б.).
Тіліміздегі қазан болды, қазан қылды, қазан соқты, қазан ұрды тіркестерінің бастапқы семасы егіншілікке байланысты қолданылып, қазанның табиғат амалы екенін білдіреді. Мысалы, қазан болды – бақшадағы қауын-қарбыз, т.б. жеміс-жидек жиналды; қазан етті /қазан қылды – 1. көктей солдырды, қуратты; 2. ауысп. құртты, жойды; қазан ұрды – қазанның қара суығы ұрып, көк біткенді үсітті; көктей солдырды; қазан соқты – аяз ұрды, суық шалды. Бұған мысал ретінде, Ілияс Жансүгіровтың мына өлең жолдарын келтіруге болады:
Егін сары болғаны –
Қазан соқты, келді күз.
Желге ойнақшып сар теңіз,
пістік, пістік, – деп шулар (І.Жансүгіров, Шығ.).
Халық арасында әрбір айдың жанаса жүретін атаулары болады. Олар негізінен сол айда болатын табиғат құбылысын, этнографиялық ерекшелігін сипаттайды. Мәселен, қазан айында жиын-терін аяқталып, төрт түлік мал қоңданып, берекелі кезең басталатындықтан, қазан асы, құзан деп, ал бұл айда алғаш рет көкті үсік шалып, бірінші қардың көрінуінен бозқырау деп те атайды.
Сонымен қатар, күз айларында туылып, көктем айларында бататын Қамбар жұлдызы көк жүзінде аймен бес рет кездеседі, яғни бес мәрте тоғысады. Алғашқы тоғыс қазан айында өтеді. Қамбар жұлдызымен ай өзінің тоғыз жаңасында тоғысады. Сондықтан қазан айын қазақ тоғыздың айы деп атайды.

Самар, саған, шаппа

Самар сөзінің этимологиясына көңіл бөлер болсақ, «Баш: һамар – екі жағында тұтқасы бар үлкен ағаш табақ; якут: сабарай – кез келген үлкен ыдыс: шылапшын (Э.Пек., СЯЯ, ІІ, 2007); қарақ: самар – шылапшын. Маньчжур тілінде: самара – үлкен ағаш аяқ (ССТМЯ, ІІ, 59). Л.Будгов сөздігінде: самар (шағ.) – шылапшын не құмыра; (қазақша) – қайың тәрізді үлкен ыдыс, қымыз құйылады (Л.Буд., Срав…, І, 634, 691). Кейбір тілдік деректерге сүйене келіп, «самар» сөзінің төркінін түркі тілдерінен шығаруға болады. Жоғарыда келтірілген «табақ», «тегене» сөздерінің алдында «үлкен» сөзінің «көлемді» «кең» іспеттес синонимдерін аңғартатын «самар» сөзімен түбірлес тұлғалар түркі тілдерінде кездеседі де, якут тілінде: сабардамнаах – көлемді, ал сабарай – үлкен ыдыстардың жалпы атауы немесе «кең» сияқты мағыналары бар. Бұл деректер сөз түбірі – «сабар» екендігіне нұсқайды. Ерте кездерде әрбір көлемді, үлкен ыдыс мейлі ол табақ па, тегене ме, астау ма, леген бе «сабар//сабарай» сөздерімен тіркесіп «сабар табақ», «сабар леген» т.б. тіркестерінде келсе, уақыт озған сайын тіркестің кейінгі сыңарлары түсіріліп, «сабар» десе де «ыдыс» мағынасын ұғындыратын дәрежеге жеткендегі сезіледі. Мұндай жағдай жоғарыда әңгіме болған «сабан» сөзінен де таныс. Егер болжамымыз шындыққа келсе, «сабардың» басқа түркі тілдерінде «самар» сөзіне айналуы даусыз. Өйткені м~б дыбыс сәйкестігі жиі құбылыс (мұз ~бұз, мұрын ~ бұрын т.б.). Біздің бұл жорамалымызды Н.Байғанин өлеңіндегі мына жолдар анықтай, қуаттай түседі. «Жиылған кіл сақ мүйіз, самар жақтар Нарқыздың бұл билігін мақұлдады» (Н.Бай.. 1964). Әрине, бұл жерде сөз шебері адам жағын леген не табаққа теңеп отырған жоқ, оның (жақтың) көлемді, ат жақтылығына меңзесе керек. Бұған қоса, Орал облысының Чапаев, Жымпиты аудандарында тұратын қазақтар тіліндегі «самар ыдыс» тіркесі де сөз төркіні туралы жорамалдың дұрыстығын дәлелдейді.
Саған. Дәл осы дыбыс құрамында болмаса да, кейбір түркі тілдерінде «саған» сөзіне ұқсас тұлғалар кез­деседі: көне өзбек тілінде: сағу – 1. ағаш ыдыс; 2. сусын ішетін ыдыс; 3. таразы табақшасы (В.Рад; Опыт…., IV, 275); як. ыағас – тоздан жасалған кішкене шелекше (В.Рас., ФЛТЯ, 92); хак.: сабан – күбі; ноғ: савыт – ыдыс; тув: сава – ыдыс. Моңғол тобына жататын тілдерде: мон: сагс – кәрзенке; бур: саба – ыдыс (Т.Бер., МССМЯ, 153); қалм: сав – ыдыс. Тунгус-маньчжур тілдеріне жататын эвендерде: һуққам//һокон – ыдыс (тоздан істеген); мань: солхо – миска (жезден не қорғасыннан жасалған) (ССТМЯ, ІІ, 339, 107). Келтірілген деректерге сүйене отырып, «саған» сөзінің шыққан төркінін түркі, моңғол, маньчжур тобындағы тілдерден іздестіруге тура келеді. Сөз түбірін біз тофа тіліндегі «со» тұлғасымен байланыстырмақпыз. «Со» қойбол тілінде «қайың қабығы» деген мағына береді (В.Рас., ФЛТЯ, 92). Осыған қарап, қайың қабығынан (тоздан) жасалған ыдысқа да осы атау берілген деп шамалаймыз. «Со» түбірінің «са» болып өзгеруі де тілдегі заңдылыққа қайшы келмейтін құбылыс. Одан арғы қосымшалардың түрліше дыбысталуы (-ба, -ва, -ғс) в~б~ғ~г дыбыс сәйкестіктерінен туған. Ал қазақ тілінде туынды түбірге тағы да -ан жұрнағы қосылған түрі бар. Схема мына қалыпта көрінеді: со > са > сав ~ саб ~ сағ > сағ + ан > саған. Алайда, бұл топшылауымыздың шырқын бұзарлық дерек бар. Араб тілінде: сахэн – табақша; табақ; ыдыс. Араб тілінен қазақ тіліне басқа түркі халықтары арқылы ауысқанда бұл сөз ауыс мағынаға ие болған сияқты. Өйткені араб тілінде «кастрюль» тіпті басқаша аталады – танэджарэ. Егер Орынбор облысындағы қазақтар тілінде темір табақты – «саған» деп атайтынын еске алсақ, онда сөз төркінін араб тілі демеске болмайды. Кім біледі, жүйесі басқа тіл болса да, бірінен-бірі ауысып алған болар.
Шаппа. Түрікменше – чакчы; қарақалпақша – шаққы, шаппа. Сөз төркінін, бір қырынан қарағанда, парыс тілінен деп жорамал жасауға да болады. Парсы тілінде: ша – қылыш. Осы тілден ауысқан бұл сөз мынадай түркі тілдерінде ұшырайды: өзб. шоп – семсер (Қ. Юд., КРС, 901): ұйғ: шап – қанжар. Тілімізде өте жиі қолданылатын -па (-пе, -ма, -ме) жұрнағы осы түбірге қосылып «шаппа» сөзін тудырып, мағынасын өзгертуге себепші болуында мүмкін (шап+па> шаппа). Екінші жағынан келсек, түркі тілдерінің ежелден өзіне тән сөздер тудыруға мәжбүр боламыз. Мысалы, қырғыз тілінде «чап» сөзінің бір мағынасы – қашау, ұңғу (Қ. Юд., КРС, 846). Түркі тілдерін былай қойғанда, осы тұлғалас әрі мағынасы – жонылған, қырналған дегенді ұғындыратын «цалчман» сөзін моғол тілінен кездестіреміз. Осы іспеттес мағынада бұл тұлғалас (чап-чаки) сөзді тунгус-маньчжур тілдерінен де ұшыратамыз (ССТМЯ, II, 384). Көрсетілген тілдердің қайсысында да түбір сөз – чап, цав. Бұлардың қазақ тілі қабылдағанда басқа тілдерге тән қосымшалар (-чмал, -чани) түсіріліп, оның орнына қазақ тіліне тән -па қосымшасы жалғанып, мағынасы – жонатын, қырнайтын, кесетін құрал қалпында қала берген деуге болады: цав//чап>шап>шап+па>шаппа».

Би болмаған би болса,Басын шалмаған сөз қоймас…

Өз заманында асқан ақыл-пара­сатымен, өткір де ойлы сөзімен, әділ билігімен, жаужүрек батырлы­ғы­мен, ат үстінен алдырмайтын ша­бан­­доздығымен, көздегенін мүлт жібермейтін мергендігімен аты шығып, артында асыл сөзден ескерт­кіш орнатып кеткен қазақтың көрнекті би-шешені Бөлтірік Әл­менұлы­ның (1771-1854) сөз ұққанға ой салар бірсыпыра сөздерін ұсынып отырмыз:

Үлкен алдында иіліп сөйле,
Кіші алдында сызылып сөйле.
Иі­ліп сөйлеген­­нен белің бүгілмейді,
Сы­зы­лып сөйлегеннен сөзің үзілмейді.
* * *
Екі ойлы болма,
Екіұшты сөйлеме.
Ұрының қасында жүрме.
Өтірікшінің қасында жүрме.
Өтірікшінің қасында тұрма.
Ежелгі доспен ұстаспа,
Жаманмен кеңеспе,
Баламен егеспе.
* * *
Саңылауы жоқпен сабақтас болма,
Байлауы жоқпен санаттас болма.
Тілегі жаманмен қапаға түспе,
Тегі жаманмен ортаға түспе.
* * *
Бай болмаған бай болса,
Жайламаған саз қоймас.
Би болмаған би болса,
Басын шалмаған сөз қоймас.
Сөз қадірін білмесе,
Байдан байлық көшеді.
Сөз қадірін білмесе,
Биден билік көшеді.
***
Ақылы жоқты аға тұтпа,
Қасиеті жоқты қадір тұтпа.
Ақылы жоқты аға тұтсаң,
Кішілігіңді кемшіліктей көрер,
Қасиеті жоқты қадір тұтсаң,
Кісілігіңді ерсіліктей көрер.
* * *
Тегі жаманды тең тұтпа,
Тілегі жаманды ес тұтпа.
Тегі жаманды тең тұтсаң,
Төріңе шығар.
Тілегі жаманды ес тұтсаң,
Төбеңе шығар.

Ыдыс-аяққа қатысты диалектизмдер

«Сөзтанымның» өткен шығарылымында қазақтың ас үй жабдықтары, ыдыс-аяққа байланысты сөздердің мағынасын тарқатқан болатынбыз. Осы тақырыпты зерттеу барысында мұндай атаулардың көп екенін байқадық және оның маңыздылығын түйсіне отырып, газеттің осы нөмірінде де жалғастыруды жөн көрдік. Өйткені, аға ұрпақ өкілдері мұндай атауларды жақсы білгенімен, өмір салтының өзгеруіне байланысты ұлттық ыдыстардың атауларын кейінгі жас ұрпақ біле бермеуі де мүмкін. 

Бұл жолы назарларыңызға ыдыс-аяқ атауларына қатысты сәйкесті диалектизмдерді ұсынамыз. Белгілі бір заттың, құбылыстың не ұғымның әр аймақта әртүрлі аталып, бірақ мағына жағынан бірлігі жойылмайтын сөздерді тіл білімінде сәйкесті диалектизмдер деп атайды.
Ас тақта Түрікменстан, Қарақалпақстан қазақтарының тілінде «нан жаятын тақта» мағынасын білдіреді: Кенжем, мынау үйдің ас тақтасын әкеле қойшы (1, 74 б.). Осы мағынадағы атау Қарақалпақстан қазақтарының тілінде – нан тақта деп те аталады (2, 103 б.).
Көзгентай – Қарақалпақстан қазақтарының тілінде «кішкентай сырлы ағаш тостаған» (3, 84 б.). Осы мағына Ақтөбенің Ырғыз ауданында көздей ретінде қолданылады: Шәйға келгенде көздейге салып әр жер, әр жерге тары қойылсын. Ал Ақтөбе, Атырау, Орал өңірлеріндегі сөйленістерде көзелдек // көзелек: Көзелдекпен ішкен қымызға кісі қанып болмайды (Маңғыстау өңірі); Маған көзелекті берші, сепаратордың сүт ағып жатқан жеріне қояйын (Ақтөбе обл. Ойыл ауд.). Қазіргі Атырау облысының Индер ауданында – көзелей және Ақтөбе, Орал облыстарының сөйленістерінде – көзелек, Ауған, Иран қазақтарының тілінде – көзенек. Мысалы, Дүкенге көп көзелей түсіпті, Еділге біреуін алайықшы; Мына көзелектің жақсысын-ай! (Орал обл. Қара ауд.). Түрікменстан қазақтарының тілінде – көзілдірік. Мысалы, Шұбатты он көзілдіріктен гөрі бір зереңмен ішкенге не жетсін! (Түрікменстан Красноводск ауд.) (1, 331; 332 бб.).
Ләккі табақ – Қарақалпақ қазақтарының тілінде «ақ табақ, жайпақ табақ» мағынасында қолданылады (3, 84 б.). Осы сөздің мағыналық баламасы Тәжікстан қазақтарының сөйленісінде – ләлә: Нанды ләләмен әкел (4, 105 б.); ал Қазақстанның батыс сөйленісінде – тайпақ (5, 351 б.); Жамбыл, Шымкент облыстарының кейбір аудандарында леген//ілеген нұсқалары қолданылады: Етті легенге салып әкел (Жамбыл обл. Мерке ауд.) (1, 466 б.).
Тастабақ – Ақтөбе, Қызылорда облыстарында, Орынбор қазақтарының тілінде «тәрелке» дегенді білдіреді: Бұрын тастабақ деуші еді, енді тәрелке дей бастады. Бұл сөзді Ресейдің Саратов ауданындағы қазақтар таязаяқ деп айтады (1, 652; 654 бб.). Ал Қарақалпақстан қазақтары шанақ деген атауды қолданады. Тостаған қайың бастықтың уақытында той беріп, жегенін жеді, жемегенін табақ пен шанаққа салып алып кетті (2, 102 б.).
Сарқұм Қарақалпақ қазақтарының тілінде «сапты аяқ» мағынасын үстейді: Келе сала бір сарқұм су ішіп қойып едім (3, 85 б.). Осы сөздің Түрікменстан, Қарақалпақ қазақтарының тілінде шәңгіл деген де мағыналық баламасы қолданылады. Шәңгілді бере тұр (Түрікменстан Көнеүргеніш ауд.) (1, 745 б.). Семей облысында құлақшын баламасы да бар. Құлақшынмен су әперші, әкем! (13, 134 б.). Ал Қытай қазақтарының тілінде – әндіген. Тобыршықты әндіген толтыра тартар ма екенбіз (Ақтамберді жырау) (1, 106 б.).
Су шәшке деп Қостанай облысының Жангельдин ауданында «стаканды» айтады. Мысалы, Менің су шәшкемнен шәй іше ғой. Ал бұл ыдысты Ауған, Иран қазақтары ливан деп атайды (1, 613; 467 бб.).
Самаурынның астына қоятын табақ (поднос) Орынбор қазақтарының тілінде – ләйлі: Ләйліні жақсылап сүрт (14, 115 б.). Орал тұрғындарының тілінде бұл сөздің мағыналық баламасы ретінде лағыл сөзі қолданылса (5, 351 б.); батыс сөйленісінде ләгөн: Дүкенде ләгөн сатып жатыр, ала кел (Орал обл. Жәнібек ауд.); Ресей қазақтарының тілінде ләғұн: Самаурынның шоғы төсекті күйдірер, ләғұның қайда? (Ресей Қалмақ автономиясы) (1, 464-465 бб.).
Бәкі – «ашып-жаппалы кішкене пышақ» мағынасы Қарағанды тұрғындары тілінде түсініледі. Мысалы, Дүкеннен бәкі сатып алдым (Қарағанды обл. Шет ауд.) (1, 133 б.). Бұл сөздің оңтүстік сөйленісінде және Түрікменстан, Ресей қазақтарының тілінде шаппа баламасы қолданылады. Мысалы, Жалма-жан қалтамдағы шаппамды ашып жібердім де, өлгелі жатқан қойды бауыздай бастадым (Қызылорда обл. Сырдария өңірі) (1, 736 б.).
Құмған деп оңтүстік сөйленістер тобында (Алматы, Жамбыл, Талдықорған, Шымкент, Қарақалпақстан) және Семей, Қостанай облыстарында «Қолға су құятын құлақты ыдысты» айтады. Біраз отырғаннан кейін шал құмғанын алып, тысқа шықты (Қостанай обл. Камышин ауд.). Бұл сөздің Қарақалпақстан қазақтарының тілінде таңған, қарақұмған, Түрікменстан қазақтарының тілінде қарақұман деген баламалары бар: Бала қарақұманмен қолға су құйып шықты; сонымен қатар, Түркіменстан қазақтарының тілінде, Қызылорданың Арал ауданында дүмше атауы да қолданылады.

(Бұл сөздерді дайындау барысында «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі», сондай-ақ Б.Бекетов, Н.Жүнісов, С.Аманжолов, О.Нақысбеков, Ж.Аралбаев,
Б.Базылхан, Ж.Досқараев және т.б. зерттеушілердің еңбектері пайдаланылды).

Су орып кеткен жерді  не дейміз?

Қазақтың тіл байлығы – ұшан-теңіз. Осы байлығымызды көздің қарашығындай сақтап, ұмытпауымыз қажет. Олардың арасында күнделікті қолданыстан шығып бара жатқан сөздер аз емес. Мұндай сөздерді санамызда жаңғыртып отыру үшін «Қазақ әдеби тілінің» сөздігін негізге ала отырып, оқырман назарына ұсынамыз.

Абадан – бай, ауқатты. 2. Қасқырдың топтанған әуегінің көсемі.
Абаз – түрме, абақты.
Абақы – қорадағы малды тіл-көзден, сұқтан, аю, қасқырдан қорғап тұрады деп қойылған қарақшы.
Абана – ағайынды балалардың жас жағынан үлкені, басшысы.
Абатшылық – игілік, жақсылық, қолайлылығы жоғары болғандық.
Аббар: аббар көшу – суыт, сыпыра көшу.
Абзи – жасы үлкен аға.
Абызсын – білгішсіну, данышпансу.
Абыла – аңдарды жан-жағынан айнала қоршау.
Абын – қатты алқыну, аптығу.
Ағаман – бас көтерер басшы.
Ағартық – құс семіре бастағанда берілетін суға салып қойып, қан-сөлін кептіретін ақжем ет.
Ағас – су орып кеткен жер, жыра.
Ағауыз – еті дәмді, салмақты келетін ірі шортан түрі.
Ағашат – қайтыс болған адамның мәйітін салып көтеретін ағаш.
Ағашаяқ – ағаштан жасалған ыдыс. 2.Ағаштан жасалған протез. 3.екі аяққа таңып алып, жерден едәуір биік көтеріліп жүруге, билеуге болатын ұзын сырық, қада.
Ағбыт – аптығу, абыну, асығып-үсігу.
Ағла – көк, биік, асқар, ең жоғары.
Ағламлан – анықталу, айқындалу, белгілі болу, белгілену.
Ағлан – хабарлама, хабарландыру, мәлім.
Ағуа – уағыз, үгіт, насихат.
Ағымал – амал.
Ада – түк жоқ, жұрдай, құр алақан. 2.Әзірет Әлінің әйелі Бибі Фатимадан таралған ұрпақтары, сейіт қожалар. 3.Қайрат-жігері таусылу, біту, қалжырау.
Ада-гүде – біржола, мүлдем, бүтіндей, толығымен, тұтастай.

Дайындаған Гүлсінай ИСАЕВА,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Этнолингвистика бөлімінің аға ғылыми қызметкері,
филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Нұрлыбек

    Мағыналы мағұлматқа толы материал.

  2. Салтанат

    Білгенімізден, білеріміз көп!

  3. Аноним

    керемет

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.