Ұлт рухының қайнар көзі

Мұрат Мұқаштегі,
Қазақ радиосы Алматы студиясының бас редакторы

Халықтық мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің, жалпы қазақы сөз өнерінің қасиетті қара шаңырағы саналатын Қазақ радиосына 95 жыл толды. Қазақ деген халықтың сан ғасырлық шежіресінің жалынды жаршысына айналған ұлттық радио үні ұлан-байтақ даланың қай бұрышына болса да жақсы таныс. Өйткені ол – ел басқарып отырған азаматтарға қалың бұқараның тілегі мен тілін жеткізетін бірден-бір биік мінбер, жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында ашық аспан астында жүретін малшы мен кетпенін арқалаған диқанның, әрдайым алыс сапарға шығатын жүргізуші мен тау-тасты қопарып жер байлығын іздеген кеншінің жан серігі, сырласы, алданышы. 

Ақ таңнан қара кешке дейін құлақ құрышын қандырған сұлу саз бен әсем әнге, жаныңызды жадыратар жағымды жаңалықтарға, ел өмірінің әр қырын су­рет­тейтін хабарларға ана тілімізбен сусындап өскен әрбір азамат елти құлақ түріп, ойына қуат, бойына жігер алады. Санасы ояу, жүрегінде оты бар аза­мат­тардың жігерін жанып, намы­сын әрдайым түрткілеп отыратын Радио­ның осындай құдіреті исі қазақ баласы үшін ауадай қажет екендігі даусыз. Осы қасиетіне қарай Қазақ радиосын ұлт рухының қайнар көзі деуге болады. Міне, сол қайнарымыз әлі күнге дейін өзінің дауылпаз дауысымен көптің көкейіндегісін жеткізіп, халқымызға қалтқысыз қызмет етіп келеді. Барлығымызға ортақ қуаныш осы.
Ұшқыр ақпарат құралы болғандықтан заман талабына қарай уақытпен бірге алға басып, жаңарып, жетіліп отыру Радиоға да тән қасиет. Осы орайда айт­пағымыз, мерейтойының қарсаңында Қазақ радиосының шығармашылық зертханасында елеулі өзгерістер орын алды. Жалпылама хабар тарату үрдісі түбірімен қайта құрылып, уақыт тынысына сай жаңаша жұмыс жүйесі жасалды. Сөйтіп, радио толқынында жұрт­шы­лыққа жаһан жаңалықтарын лезде жеткізетін жедел ақпараттар мен қоғамдағы өзекті мәселелерге арналған және республика облыстарындағы халық шаруашылығының бүкіл тыныс-тіршілігін қамтитын сындарлы да салмақты хабарлар қатары молайды.
Тәулік бойы хабар тарататын Қазақ радиосындағы бағдарламалар жүйесін ақпараттық-сараптамалық, қоғамдық-танымдық, әдеби-музыкалық және ­жастар мен балалар тақырыбы деп жіктеуге болады. Қазақ радиосы республикалық арна болғандықтан ана тілімізбен қатар 7 тілде хабар таратады. Олар – орыс, неміс, корей, ұйғыр, әзербайжан, түрік және татар тілдері. Өзге тілдердегі хабарларды негізінен «Достық» ­редакциясы мен орыстілді радиожурналистері әзірлейді. Бұлар – Қазақстан Халқы ­Ассамблеясымен бірлесу барысында дайындалып жатқан жобалар. Сонымен бірге ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, ҚР Ор­талық Мемлекеттік мұражайы және «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жобалар да эфирден беріліп жатыр.
Еліміздегі ең үлкен мегаполис Алматы қаласының республика халқы үшін маңызы зор екендігі мәлім. Міне осы тұрғыдан алғанда Қазақ радиосының Ал­матыдағы студиясы да ауқымды жұмыстар ат­қаруда деуге болады. Алматыдағы радио редакторлары күн сайын 2 сағат тікелей эфирге шығады. Оның 1 сағаты Қазақ радиосына, 1 сағаты «Шалқар» арнасы­на берілген. 10 жылдан асатын уақыт бойы тікелей эфирде беріліп келе жатқан «Заңгер кеңесі», «Территория права», «Денсаулық» хабарларының рейтингі өте жоғары. Халыққа шынайы көмек көрсететін бұл хабарларды жұрт өте көп тыңдайды. Солармен бірге «Өзекжарды», «Кәсіп иесі», «Мерейлі отбасы», «Шал­қар шаңырағындағы сұхбат» тәрізді бағ­дарламалар мен «Алматы жастары» ток-шоуына қатысу үшін тікелей эфирге келетін жоғары оқу орындарының ректор­лары мен академик ғалымдардың, мемлекеттік мекеме және өндіріс басшылары мен кәсіпкерлердің, жастар ұйымдарының, өнер қайраткерлері мен Ассамблея өкілдерінің, түрлі қоғамдық ұйымдар жетекшілерінің сұхбаттарына деген сұраныс та жоғары. Студиядағы журналистер тікелей эфирден бөлек 50-ге тарта таспа хабарлар және апта сайын 9 «Алтын қор» хабарын дайындайды. Бүгінгі қоғам өмірінің барлық салаларын қамтитын бұл хабарлардың әрқайсысы халық үшін қажетті.
Қазақ радиосы ұжымының ел игілігі жолындағы еселі еңбегін Елбасы да ескерусіз қалдырмады. Биылғы байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған Алғыс хатпен марапаттады және радионың мерейтойына орай арнайы құттықтауын жариялады. Ал мерейтой шарасы биылғы қыркүйек айының 28 жұлдызында Астанадағы «Қазмедиа орталығында» ұйымдастырылды. Салтанатты жиынның соңы жыл сайын өткізілетін дәстүрлі Халықаралық «Ұлы дала дауысы» радиофестивалінің гала-концертімен жалғасты.
Осы шараға шақырылған қонақтар мен Қазақ радиосының ардагерлеріне «Шеврон» компаниясының қолдауымен шығарылған 2 томдық «Қазақстан композиторларының кең тараған ән-ро­манстары» кітабы (әндердің мәтіндері мен ноталар жинағы) және 5 дискіден тұратын аудиоальбом сыйға тартылды. Дискілерге жазылған бұл топтамалар «Тәуелсіздікті жырлаймын», «Алтын дауыстар», «Күй – шежіре», «Атадан қалған асыл сөз» және «Қазақ радиосы редакторларының шығармашылығынан» деп аталады.
Сөз соңында айтарымыз, ғасырға жуық уақыт бойы халқымызбен бірге жасап келе жатқан Қазақ радиосы қашан да ел Тәуелсіздігі мен ұлт бірлігінің жаршысы болып қала береді. Бір терінің пұшпағын бірге илеп жатқан әріптестерімізді осы қасиетті қара шаңырақтың мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. China

    This is just the peecfrt answer for all forum members

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.