Cалалық мамандардың да айтар пікірі бар

Мен 2008 жылы «Ана тілі» бетінде «Организм – ағза емес» атты мақала жазып, кейбір терминдер жайлы пікірімді білдірген едім. Менің ол мақалада көтерген мәселелеріме қарсы пікір айтылмады. Қолыма қайта қалам алуға осы газеттің биылғы №9 санында Ш. Құрманбайұлы жариялаған организм – ағза деп басталған терминдер топтамасы мен №10 санында филология ғылымдарының докторы, профессор Байынқол Қалиұлының «Қазақша терминді қайтсек жақсы жасаймыз?» атты мақаласы түрткі болды. Байыппен оқыған адамға ой тастайтын, салалық ғылым мамандарына өте қажет мағлұматары бар, оқырманға ой тастайтын мақала екен. «Ана тілі» осындай проблемалық мақалаларды жиі-жиі жариялап тұрса жалпы көпшілікке көп пайда келтірер еді. Тіпті мезгіл-мезгіл білікті мамандарға осы сияқты мақалаларды арнаулы тапсырыспен жазғызып тұруды да әдетке айналдыру керек сияқты.

Қазіргі кезде қазақ оқымыс­тыларының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – қазақ тілін шын мәнісінде білім мен ғылым тіліне айналдыру. Бұл бағыттағы іс-әрекеттерді жүзеге асыру барысында бір ұстаным қатал сақталу қажет. Ол – салалық мамандар мүмкіндігін сарқа пайдалану, солардың пікірлеріне құлақ асу, ден қою. Ғылымды әр сала мамандарынан артық ешкім қазақ тілінде сөйлете алмайды, өйткені олар тек сөз әсемдігін қуаламайды, терминнің мағынасына үңіледі, мәніне бойлайды. Бұл жайында айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ оған көңіл аударып жатқан терминші мамандар, әсіресе, газетші қауым шамалы ғана. Сөзіміз дәлелді болу үшін өзім шұғылданып жүрген физиология саласы жайлы сөз қозғайын.
Физиология медицина мен ветерина­рияның, жалпы биологиялық сипаттағы қолданбалы ғылым салаларының ірге­тасы, негізі болып саналады. Сондықтан да физиологиялық ұғымдар мен терминдердің қолданылу аясы өте кең. Осыдан физиологияның терминдік қоры тек заман талабына сай сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын дайындау, ғылыми еңбектер жазу үшін ғана емес, іргелес, сабақтас ғылым салалары атауларын қалыптастырып, дамыту үшін де қажет.
Тәуелсіздік жылдарында физиология пәнінен бірнеше оқулықтар, оқу құралдары, түсіндірме сөздіктер жарық көрді. Солардың көпшілігі екінші басылыммен де шықты. Өте құптарлық, қуанарлық іс. Қоғамда қалыптасқан жағдай, оқулықтар дайындаумен байланысты туындайтын қиындықтар терминдік қор, әсіресе, салалық терминқор жасау ісінің кезектегі келелі мәселе екеніне әбден көз жеткізді. Қазіргі кезде физиология саласында терминдік қор негізінен қалыптастырылды деуге болады. Ендігі міндет сол терминдерді жетілдіру, нақыштай түсу, бірізділік мәселесі ойластырылып, сапасына көңіл аударып, кең қолданысқа енгізу. Көп жағдайда бұл жұмыс морфолог мамандармен бірлесе атқарылуы керек. Осы екі салаға ортақ ұғымдар жөнінде пікірлесіп, мәмілеге келген жөн.
Мысалы, қазіргі кезде әлдекімдерге ұнап қалып, тілші-журналист ағайындар орынды-орынсыз айналымға тықпалап жүрген бірлі-жарым терминдерге тоқ­та­лайық. Олар – ағза, жасуша, дәрумен, тін (өрме), т.с.с. дау-дамай туғызған терминдер. Ағза – араб тілінен енген, қазақ тілінде мүше, оның ішінде ішкі мүше деген мағына беретін сөз (Рүстемов Л. Араб-иран кірме сөздерінің қазақша-орысша түсіндірме сөздігі. Алматы: «Мек­теп»,1989). Демек, ол – организмнің өзі емес, оның құрамасы. Мамандар пі­кірінше, бұл термин “организм“ деген түсініктің мәнін бұрмалайды, демек, терминге қойылатын талапқа сай емес. Осы кезге дейін көптеген ғалымдар еңбектерінде (Е.Оразақов, А.Машанов т.б.) ағза сөзі өз мағынасында қолданылып келсе, енді оның мағынасын өзгерте қоятындай не бола қалды? Сөз, термин қорымызда «организм» деген бір сөз артық тұрса, дүние тарыла қала ма?! Ал “Жасуша“ – қазақ сөзі, ол өте тар тесік деген мағынада қолданылады (мысалы, иненің жасуындай). Бұл термин де орта мектеп оқулықтарында торша (клетка) терминін орынсыз алмастырған. Ал торша – жан-жағынан арнаулы қабықшамен (мембранамен) шектелген біртұтас құ­рылым. Ол тесік емес. Қазіргі кезде осы қабықшада торша мен оны қоршаған ортаның арасында зат алмасуы үшін қажет ерекше майда тесіктер (орыс тілінде оны поры дейді) болатыны дәлелденген. Шын мәнінде, “Жасуша“ термині торша мембранасында болатын майда тесіктер (орысша – поры) деген ұғымды беру керек. Өкініштісі, қазіргі дайындалып жатқан оқулықтарға ағза, жасуша терминдері зорлықпен, қысыммен енгізілуде. Егер маман пікіріне құлақ асып, бұл мәселені әділетті түрде шешсек, әр термин өз мәніне ие болып, биологиялық ұғым бұрмаланбай, тіліміз кедейленбей, байи түспей ме? Одан қандай зиян табамыз?!
Тәжірибесіздік салдарынан, кәсіби білімнің кемшіндігінен, сөз мағынасына үңілмеуден туындаған терминдер бар­шылық, мысалы, дәрумен (витамин), тін (ткань). Қытайда, Моңғолияда тұратын қазақтар витаминді – дәрмендәрі деп аударған. Ал дәрумен – парсы тілі негізінде құралған термин, қазақ тілінде ол «дәрі менмін» деген мағына береді. Биологияда антивитамин деген ұғым бар. Олай деп витаминдердің әсерін бәсеңдететін немесе тиып тастайтын органикалық заттардың ерекше тобын айтады. Демек, бұл дәрумен термині витаминнің емес, антивитамин терминінің баламасы (антивитамины – вещества, подавляющие активность или конкурирующие с витаминами, что приводит к нарушению биосинтеза ферментов и коферментов и другим нарушениям метаболизма). Бұрыннан қалыптасып кеткен ұлпа (ткань) деген термин «тін» деп ұсынылып жүр. Тін – ызба бау (канатик) деген мағына береді (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 9-том, 416-бет), демек, ол ұлпа емес. Осыдан әбестіктер орын алмау үшін салалық ғылымдар терминін қалыптастыруда әсер­шілдікке бой алдырмай, мамандар пікіріне құлақ асқан жөн. Аудармашылар немесе тек тілші-журналистер көмегімен салалық терминқор жасауға ұмтылу – әурешілік.
Терминжасам бағытындағы талпыныстарымыз ұтымды болу үшін мына проблемаларға көңіл аударсақ:
Терминжасам – қыр-сыры мол күрделі жұмыс, оның лингвистикалық талаптары бар. Салалық ғылым мамандары бұл талаптарды біле бермейді, көп жағдайда ескермейді. Осыдан біраз әбестіктер орын алады. Сондықтан терминші мамандар терминжасам принциптеріне арналған көмекші әдістемелік құралдар дайындау ісін қолға алса, терминологиялық сөздіктерге қойылатын талаптарды жү­йелеп, көпшілікке арналған әдістемелік анықтамалар дайындап, ұсынса. Бұл – ана тілімізді дамыту үшін, ғылымды қазақ тілінде сөйлету үшін қажет шара.
Салалық ғылымдар бойынша сөздік қор түзу мәселесіне көңіл аударылып, бұл келелі істің түбегейлі түрде жүзеге асырылуы жан-жақты ойластырылса. Мемлекеттік терминком жанынан салалық терминдерді талдайтын арнаулы комиссиялар құрылып, терминдердің алғашқы талдауы солардың деңгейінде жүргені жөн. Осы комиссияда екшелген терминдер бұқаралық ақпарат беттерінде (мысалы,“Ана тілі“, «Қазақ әдебиеті» газеттерінде) жарияланып, жалпы талқылаудан өтіп отырса құба-құп. Бұл, бір жағынан, термин жасау ісіне қамқорлық болса, екінші жағынан, аталған газеттер тартымдылығын арттыра түсер еді. Сонда терминжасамда орын алып жүрген келеңсіздіктерге жол берілмес еді.
Терминдерді пайдалануда Шерубай Құрманбайұлы козғап жүрген бірізділікті қалыптастыру да – келелі мәселеге айналған жайт. Көп жағдайда бір ұғымның әртүрлі аталуына жол беру етек алып кетті. Мысалы, Ұлпа – тін – тоқыма – өрме, Торша – клетка – жасуша — торлама, Организм – ағза, Жоғары дәрежелі нервтік қызмет – Жоғары нерв қызметі, Бірыңғай салалы еттер – жазық еттер, т.с.с. Бұл – авторлар бәсекелестігінен бастау алған нәрсе. Оны ашық айтқан жөн. Келтірілген мысал қазақ тілінің синонимге байлығы салдарынан туындаған жайттар болса, жөн басқа. Мысалы, «Диарея» термині «сатқақ, іш жүру, іш өту, тышқақ», «Атрофия» – «сему, солу, шүмшию, шүмпию, кішірею» болып беріліп жатса, себепті тіл байлығымыздан іздер едік. Сондықтан да терминдерді біріздендіріп, жарыса қолданылып жүр­ген баламалардың орындысын таңдап алу жолын ойластыратын кез жеткен сияқты.
Қазақ тілін аударма тілге айналдырмау мәселесі де естен шықпау керек. Қазіргі кезде орыс тілінде жазылу сипатына қарап, қазақ тілін өр­кендетуге елеулі үлес қосқан М.Балақаев, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов, Р.Сыздықовалар басшы­лы­ғымен құрастырылған қазақ тілі­нің орфографиялық сөздігі өзгертіліп, жаңа басылымда орфографиялық сөз­дік шық­ты. Тіл байиды, жаңа мағынадағы, жаңа сипаттағы сөздермен, терминдермен толығады, сондықтан сөздіктердің то­лықтырылып отыруы – құптарлық іс.
Кейінгі жылдары ескірген, мүлдем ұмыт болған сөздерді пайдалануға әуестік басымдық алып барады. Бұл бағыт етек алып кетсе, қазақ тілінде жазылған мәтіндерді түсіндірме сөздік арқылы оқуымыз мүмкін. Ғалымдар мен ұстаздар мұндай ұстанымнан аулақ болғандары жөн. Олардың ойы, тұжырымы оқырманға анық, айқын жеткізілуі керек.
Осындай мысалдар салалық терминқор жасау және арнаулы салалық терминологиялық комиссия құру қажеттігін айқындай түседі.

Төлеутай Несіпбаев,
биология ғылымдарының докторы,
Қазақстан Республикасының
білім беру ісінің үздігі, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.