Қазақтың майдангер офицерлері

Атыраулық тарихшы-журналист, мемлекетаралық «Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі  Жұмабай Доспанов 2010 жылдың қыркүйегінен 2016 жылдың қыркүйегі аралығында еш тынбастан ізденумен жүріп, Екінші дүниежүзілік соғысқа 12056 қазақ офицері қатысқанын анықтады. Біз бұл көрсеткішпен әлемдегі сол соғысқа қатысқан 200-ден астам ұлт арасында 10-шы орынға шығыппыз!  Төменде 25 томдық кітаптың авторы Ж.Доспановпен болған сұхбат газет оқырмандарының назарына ұсынылып отыр.Ofiser

– 2015 жылы жылы «Ағатай» ­баспасынан Сіздің «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» атты 10 томдық кітабыңыз жарық көрді. Қажет­тілігі мол, маңызы зор кітаптың таралу жағы қалай болды? Оның тұсаукесері Астанада өтіпті, ұйымдастырған кімдер?
–Тұсаукесер Сенатор Сәрсенбай Еңсе­генов­тің бастамасымен Астанада, 2015 жылдың 24 маусымында – Мәскеуде тұңғыш рет Жеңіс парады өткен күннің 70 жылдығына сәйкестендірілді. Сәрсенбай Еңсегенов бір ай бұрын Атырауда менімен арнайы кездесіп, бұл шараны парламенттік деңгейде өткізуге ұсыныс жасаған. Оған Парламенттің қос палатасынан 13 депутат, министрліктер өкілдері, ғалымдар, әскерилер қатысты. Парламент депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Сәрсенбай Еңсегенов, қос генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев пен Абай Тасболатов, Берлинді алған атқыштар взводының командирі, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденінің иегері, 92 жастағы астаналық Қаден Бекенов, т.б. сөз сөйледі.
Былтырғы қыркүйекте экс-Қор­ғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов маған ризашылық хатын жіберді.
Елімізде Отанды қорғаушыларға деген құрметтің, патриоттық тәрбиенің ойдағыдай еместігі жаныма батады. Бірде-бір әкім өздіктері­нен кітапқа сұраныс жасамады. Білім саласында да солай. Ешкім мені аудиториялық кездесу өткізуге шақырған жоқ. ­Мектеп пен колледждерде бастапқы әскери дайындық пәні бар. Өткен жылы екі мектепке барып, оқушылардан соғыс арда­герлері туралы сұрағанымда – бір-екі адамнан артық майдангерді атай алмады.
Тамыз айында Ресейдің курортты қаласы Есентукиде демалғанымда сол елдің зейнеткерлікке шыққан жоғарғы лауазым иелерімен, отставкадағы генералдарымен, ғалымдарымен сұхбаттастым. Ұлы Отан соғысына ­­12 мың қазақ офицері қатысқанын естігенде қайран қалысты. Бәрі білетін Бауыржан Момышұлының полк командиріне 1942 жылдың ақпа­нында 10-шы қазақ болып тағайын­далғанын, қан майданда 177 батальон командиріміз, 87 офицер-ұшқышымыз Ұлы Жеңіске өз үлестерін қосқандарын айттым. 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа бірінші болып ту тіккені үшін лейтенант Рақымжан Қошқарбаевты Кеңес Одағының Батыры атағына ресми түрде ұсынған құжаттың көшірмесін қолдарына ұстаттым.
– Сол кітабыңыз толықтырылып, оған енген қазақ офицерлері 12 мыңға жеткені ақиқат па? Оны тағы да бастырғалы жатқаныңызды естідік. Бұл жолы сұраныс алған тәріздісіз…
– Дәл 6 жыл еңбектенуімде офицер­ле­рі­міз­дің 12 мыңға жеткені шындық. Жазылғаннан кейін жарық көруі керек. Ешкім сұраныс берген жоқ. Баспагер, ҚР еңбегі сіңген қай­раткер Қойшығұл Жылқышиев қаражат іздеп жүр.
– Аға офицерлер мен соларға лайық лауазымға ие болған дивизия, бри­гада, полк, батальон және дивизион басшылығында болғандар туралы айт­саңыздар?
– Батальон командирі – 185, батальон комиссары (1942 жылдың қа­занында жойылған батальон коман­дирімен тең лауазым) – 88, батальон командирінің саяси орынбасары – 230, батальон командирінің сап­тық орынбасары – 214, батальон шта­бының бастығы – 97, партиялық ұйым­дастырушы – 293. Барлығы 1095 қазақ – атқыштар батальондарының бас­шы­лығында болған. 2015 жылға дейін қазақтан 20 шақты ғана батальон ко­мандирі шыққаны жазылып келген еді.
Артиллерия дивизиондары бас­шы­­лы­­ғын­дағы қазақтар да бар­шы­лық. Дивизион командирі – 39, комиссары – 8, командирдің саяси орынбасары – 36, сап бойынша орынбасары – 21, штаб бастығы – 16, партиялық ұйымдастырушы – 59. Барлығы – 179.
Батальон, дивизионмен теңдес ­авиация эскадрильясының басшылары: ко­мандир – 5, командирдің саптық орын­басары – 1, штаб бастығы – 3, эс­кадрилья штурманы – 1. Барлығы – 10.
Полктағы көрсеткішіміз де айтуға тұраралық. Полк командирі – 16, полк комиссары – 10, полк командирінің саяси орынбасары – 13, полк ко­мандирінің сап бойынша орынбасары – 32, өзге орынбасарлар – 3, штаб бастығы – 20, авиаполк штурманы — 2, полк комиссарының орынбасары – 5, полк партия бюросының хатшысы – 65, полк қызметінің бастығы – 141, полк командирі мен штаб бастығының көмекшілері – 70. Барлығы 377 қазақ полктарда аға офицер қызметтерін атқарған.
Бригада басшылығында: командир – 1, әскери комиссар – 3, командирдің саяси орынбасары – 2, саяси бөлім бастығы – 7, командирдің саптық орынбасары – 5, әскери трибунал төрағасы – 1, әскери прокуроры – 1, подполковник шеніндегі қазақтар: партия комиссиясының хатшысы – 7, бригада қызметінің бастығы – 13, саяси бөлім бастығының орынбасары – 6, штаб бөлімшесінің бастығы – 6. Барлығы – 32.
Дивизия басшылығында: командир – 2, әскери комиссар – 3, командирдің саяси орынбасары – 1, саяси бөлім бас­тығы – 2, командирдің саптық орын­басары – 2, әскери трибунал төрағасы – 1, әскери прокурор – 1, майор­ды есепке алмай, тек подполковник атқаратын лауазымдағылар: партия ко­миссиясының хатшысы – 7, дивизия қызметінің бастығы – 14, саяси бөлім бастығының орынбасары – 3, штаб бас­тығының орынбасары – 3, штаб бөлім­шесінің бастығы – 9. Барлығы – 36.
Корпуста полковник лауазымында болғандар: әскери прокурор – 1, штаб бөлімінің бастығы – 2, саяси бөлім бас­тығының орынбасары – 1, қызмет бастығының орынбасары – 2, штаб бөлімшесінің бастығы – 1, подполковник шеніне лайық лауа­зым­да­ғылар: саяси бөлім­нің аға нұсқаушысы – 5, әскери трибунал­дың мүшесі – 1, артиллерия штабы бас­тығының көмекшісі – 1, саяси бө­лімнің инспекторы – 2, саяси бөлімнің үгітшісі – 1, штаб бөлімі бастығының аға көмекшісі – 5, бөлім бастығының көмекшісі – 6.
«СМЕРШ» қарсы барлаудың полк, бригада, дивизия, корпус штаб­тары жандарындағы жедел өкілеттілері – 59.
Қан кешкен майданда қазақ ұлтты офицерлер комсомол мен жастарға басшылық етуде, тәрбиелеуде, оларды жігерлендірумен қатар шабуылдарға бастауда міндеттерін абыроймен орындады, өздері де ерен ерліктерімен әйгіленді. Олардың сандары: батальонның комсомолдық ұйым­­дас­ты­рушысы – 168, диви­зионның комсомолдық ұйым­дастырушысы – 8, полк комсомол коми­тетінің хатшысы – 70, бригада саяси бөлімі бастығының комсомол бойынша көмекшісі – 7, дивизия саяси бөлімі бастығының комсомол бойынша көмекшісі – 13, корпус саяси бөлімі бастығының космсомол бойынша көмекшісі – 1, армия саяси бөлімі бастығы комсомол бойынша көмекшісінің орынбасары – 1, майдан саяси басқармасы бастығының комсомол бойынша көмекшісінің орынбасары – 2. Барлығы – 270.
Екінші дүниежүзілік соғыста 87 қазақ офицердің ұшқыш болғандары – халқымыздың мақтан тұтуына әбден лайық. Олардың ішінде Талғат ­Бигелдинов (екі мәрте), Плис Нұрпейісов Совет Одағының Батыры атанса, Хамза Зайсанов – генерал-майор шенін алды. Эскадрилья командирінің орынбасары гвардиялық майор Байтұрсын Есіркепов омырауына 5 орден таққан, 1945 жылдың ­7-маусымында Совет Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ берілмеген. 10-Москва барлау авиаполкының аға ұшқыш-байқаушысы Асқар Жандаров 6 орденмен марапатталған, олардың үшеуі – «Жауынгерлік Қызыл Ту». Бұған дейін офицер-ұшқыштарымыздың 10 шақтысын ғана біліп, атап келгенбіз.
– Соғыста Совет Одағының Батыры атағын 98 қазақ алғанын білеміз, солардың қаншасы офицер? Осы атаққа ұсынылған, бірақ берілмеген офицерлер бар ма?
– Бүгінде КСРО-ның ең жо­ғары атағын Ұлы Отан соғысында алғандар саны 104-ке жеткен. Олардың ішіндегі офицерлер – 37. Берілмегендер саны – 33. Сол ала алмағандар арасында атқыштар ротасының командирі Қабыш Көктаев 1944 жылдың 12-тамызында, сосын екінші рет 1945 жылдың 4-ақпанында ұсынылғанда, орнына Ленин және «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордендері беріледі.
1945 жылдың ақпанында Совет Одағының Батыры атанған Сағадат Нұрмағамбетовтің батальоны ­14-30 сәуір­ және 1-3 мамыр аралығында қарулы 1245 жау солдатын өлтіріп, 2217-сін тұтқындайды, 36 пулеметті жойып, 3 танк пен соншама өздігінен жүретін артиллерия қондырғысын қиратады. Берлин іргесі мен ішіндегі ұрыстарды шебер жүргізгені және жеке ерен ерлігі үшін сол жылдың мамырында осы атаққа екінші рет ұсынылады, бірақ берілмейді.
– Қазақ офицерлердің айрықша ерліктері көп болғанына сенімдіміз, солардың бірнешеуін айтып берсеңіз?
– 1942 жылдың желтоқсанында қаза болған 1-танк бригадасы құ­ра­мындағы Т-34 танктері ротасының командирі, аға лейтенант Жұмаш Рахметовтің экипажы сол жылдың тек шілдесі мен желтоқсаны аралығында жаудың 4 танкісін, 15 зеңбірегін, 36 ДЗОТ-ын, 6 минометін, 19 пулеметін жойып, 300-ге тарта жауынгері мен офицерін өлтірген. 1943 жылдың 9-ақпанында 22-армия қолбасшысы, генерал-лейтенант Юшкевич оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады, бірақ арада бір жыл өткенен кейін 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденіне лайық деген бұйрық шығады…
Сталинград қаласындағы 102.0 биіктік – бүкіл әлем біледі деуге болатын Мамай қорғанын фашистер 1942 жылдың 27 қыркүйегінде иеленіп алған-ды. Қаланы бақылауда өте маңызды саналатын ол биіктікте жаудың алмасып тұратын мың адамы – жеңіл зеңбіректерімен, минометтерімен, төрт жаққа ірі калибрлі пулеметтері орнатылған ДЗОТ-тарымен 62 армия­ның әскерлерін 3,5 ай бойына үлкен шы­ғынға қалдырып, жоғарыға жолат­пай қойған. Сол биіктіктің бір бөлігін 1943 жылдың 9 қаңтарында 284 атқыш­тар дивизиясы 1045 атқыштар полкы құрамындағы 2 атқыштар ­батальоны бірінші болып басып алғанынан жауды 26 қаңтарда өзге бөлімдер толық тазартқанша – 17 күн бойына ұстап тұрды. Осы үшін батальон командирі 26 жастағы қазақ жігіті, лейтенант Шамшит Қабдонасовқа «Қызыл Жұлдыз» орденін бере салады (19.02.1943).
1944 жылдың 26-маусымында 19-гвардиялық танк бригадасының танк командирі лейтенант Қасым Сәрсембаевтың экипажы қарсы­лас­тың 1 танкісін, әскери жүк тиеген 16 автомашинасын, 40 арбасын, 1 танкке қарсы зеңбірегін, 5 пулеметін қиратып, 80-ге тарта автоматшыларын ажал құштырды. Бұның бәрі бір күн ішінде.
Астраханның қазағы, 4 орденнің иегері, танк командирі, лейтенант Ильяс Бектемісов экипажымен ­­­­1944 жылдың ­1-шілдесінен 1945 жылдың 1-наурызы аралығында, яғни 8 ай ішін­де жаудың 13 зеңбірегін, 1 «Ферди­нанд» өздігінен жүретін ауыр артиллерия қондырғысын, 22 пулеметін, 6 ми­нометін, 8 автомашинасын, әскери жарақ тиелген 16 арба-шанасын талқандап, 185 гитлершілерді о дү­ниелік етеді.
СУ-76 командирі лейтенант Жанғали Берқалиев 1944 жылдың 21-қарашасынан 1945 жылдың ­10-наурызына дейін, 3,5 ай ішінде ауыр жараланып саптан шыққанынша — немістердің 1 «Тигр» ауыр танкісін, 1 «Фердинанд» өздігінен жүретін ауыр артиллерия қондырғысын, 4 орта танкісін, 12 зеңбірегін, 16 пулеметін, 8 жүк автомашинасын қиратып, 100-ге тарта жаяу әскерін жояды. Ол да 4 орденмен марапатталған.
1942 жылдың 18-мамырынан 1943 жылдың 26-қаңтары аралы­ғын­да 116-атқыштар дивизиясының 441-атқыштар полкы құрамындағы пулемет ротасының командирі аға лейтенант Сапар Оралбеков бір өзі 750-ге тарта фашисті өлім құштырған, осы уақытта оның ротасы 1700 жауды жойған, яғни жауға келтірілген зор шығынның 44 пайызы соның үлесінде.
Ұлы Отан соғысында Қызыл Армияның ең үздік 10 пулеметшісі 130 және одан артық қарсыласты жойған. Бірінші орында шешен жігіті ­Ханпаша Нурадилов – 920 адам, 2-ші орында біздің Оралбеков (750), 3-5-ші тұрғандар С.Пугаев (350), А.Жежеря (343), В.Чемодуров (311). Бұл ондықтан Кеңес Одағының Батыры атағы жалғыз Оралбековке бұйырмай, Ленин және «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордендерімен ғана марапатталған.
– Мына көрсеткіш Қазақстанның, оның ішінде қазақ халқының мақтанышы ғой! Бұны дәлелдейтін құжатыңыз бар ма?
– 441-атқыштар полкының командирі, майор Емельяновтың – аға лейтенант Оралбековті екі орденге ұсынғандағы қолы қойылған, мөрі басылған марапаттау қағазы қолымда.
Қазақстанның рекордтар кітабына енетіндер кітабымда баршылық. 20 жасында подполковник лауазымында болған 5 қазақ түгелімен құрамы 800 адамнан тұратын батальондар командирлері Төлекеев Капьят (1942), Сырғабаев Қасым (1943), Қоңырбаев Ораз (1943), Оспанов Қаби (1944), Нұрмағамбетов Сағадат (1945).
20 жасында майор шенін алғандар: Төлекеев К. (02.1943), Сырғабаев Қ. (02.1944), Нұрмағамбетов С. (02.1945). 21 жасында Капьят Төлекеев (1943) полк командирінің сап бойынша орынбасары, 22 жасында Юрий Алтыбаев полк штабының бастығы.
– Соғыста жоғары лауазымды атқарған, өлілей-тірілей саптан шық­қандарды атап жіберсеңіз?
– Оларды әскери түрде бір сөзбен «шығын» дейді. Сол шығын көп болды. Мен подполковник және одан жоғарылар атқаратын қызметте болғандардың кейбірін, Ұлы Отан соғысының алдыңғы кезеңі 1941 жылмен ғана атайын.
Шілде де атқыштар полкы штабының бастығы Салық Ысқақов ауыр жарақатпен саптан шықса, батальон командирі Халихан Хамзин оққа ұшты; тамызда 23-армия штабы бөлімшесі бастығының аға көмекшісі Сабыр Насыров хабарсыз жоғалды, қыркүйекте атқыштар батальонының командирлері Мырзабай Құлсейітов пен Әшім Нұрбеков қаза болса, танк батальонының командирі Абдолжапар Жақыбаев қиратылған танкісі ішінде ауыр жараланумен жау қолына түсті, кавалерия полкы командирінің сап бойынша орынбасары, подполковник Сәбит Имақов ауыр жараланумен саптан шықты; қазанда атқыштар батальонының командирі Мәжит Жұмабаев қарсы жақтың тұтқынына ілінді; қарашада дивизия штабы бөлімшесінің бастығы Садық Жұмабаев пен атқыштар полкы штабының бастығы Ибраим Аманбаев қаза тапты; желтоқсанда – батальон командирлері Николай Иманқұлов пен Әбутәлі Әбсәлімов Отан үшін жандарын құрбан қылса, ол екеудің әріптесі Хұсайын Шайхитдинов хабарсыз жоғалды.
Соғысты саптан шықпастан аяқ­тағандарында барлығы да кем дегенде полковник, кейбірі генерал-майор атанар еді.
– Өзіңіз ерекшелейтін аға офицерлер арасында – подполковник, полковник лауазымында болған атыраулық қандастарымызды айтсаңыз?
– Олар да аз емес, бір сұхбатқа сыйғыза алмаймын. Он шақтысын ғана атайын. Батальон командирлері: қос Александр Невский орденді ­Базарбай Баймұханов, Басар Иманәлиев, Сибағатолла Қарынбаев, авиаэскадрилья командирі Ермұхан Ідірісов, батальон комиссарлары Мәжит Тауышев, Құлшараф Өміршин, майдандық газет жауапты редакторының орынбасары Жолдас Аймұратов, полк штабының бастығы Оңай Шонаев, бригада командирінің орынбасары Салық ­Зиманов…
– Осы кітапты дайындау кезіңізде, кейбіреулер: «Неге қазақстандық деп атамайсыз» деп кінә таққанда, Сіз: «Қазақстанның сыртында туған жүздеген қандастарымды қалдырып кете алмаймын» деп кесіп айтқансыз. Мына 12012 офицердің қаншасы еліміздің сыртында дүниеге келгендер?
– 10,5 мыңы – Қазақстанда, қал­ғандары сыртында. Ең көптері: ішкі аймақтар арасында – Батыс Қазақстан облысы 1 мың адам, сыртқы мемлекеттерден Ресей Федерациясы алда 1077 қазақ офицер.
– Әңгімеңізге рақмет.

Құттыгерей СМАДИЯР,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Атырау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

105 Пікір

  1. Бұрынғы әскери қызметкер

    Жиырма жасында батальон командирі, майор болған қазақтар Қазақстан рекордшылары ғой. Қазақстанның рекордтар кітабы бар дегенді естіп едім, соған енгізу керек.

  2. Футбол жанкүйері, Атырау

    «Атырау» футбол командасының жылдық бюджеті 1,5 млрд. теңге. Бұл премьер-лига бойынша 6 көрсеткіш. Бірақ команда чемпионатты әрең дегенде 8-ші орынмен аяқтады.
    Үкіметте футболды тіптен нашар ойнайтын командаларға ақша бар да, оның 1 пайызын да құрамайтын кітап шығаруға жоқ. Қызық, ә?!

  3. заңгер, Ақтөбе

    «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры Дмитрий Васильев бюджеттің 300 миллион теңгесін талан-таражға салғаны үшін ұсталды.
    Біздің облыстағы шенділер өткен жылы Астанада тұсаукесері өикізілген майдангер қазақ офицерлері туралы білмейтін көрінеді. Ұят жағдай.

  4. тарихтанушы, Алматы

    Сезіп отырмын, қазақ ұлты тарихына қосылған соны жаңалық, теңдесі жоқ еңбек, солай бола тұра үкімет тарапынан қолдау жасалынбайды, елеусіз қалады.
    Автор бұл еңбегін Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына дайын еткен, бірақ оған орден де, атақ та, қомақты еңбекақы да берілмейді. Мен мұны қызғаныштан жазып отырғаным жоқ, ақиқаты солай болады. Өкінішті.

  5. Аноним

    ҚҰРМЕТТІ ҚҰТТЫКЕРЕЙ АҒАЙ! Сіздің Ана тілі газетіне жазған соғыс ардагерлері туралы мақалаңыздан көп мəлімет алдым. Менің үлкен атам 1941жылы11қарашада Ақтөбе обл бұрынғы Басшилі деревнясынан соғысқа кеткен, содан 1945 жыллың 28 қаңтарында Польша маңында үлкен шайқаста қаза болыпты деген деректі Обд мемориал сайтынан алдық.Сізден осы атамызға байланысты тағы нақты деректер білуге бола ма осы жөнінде көмек берсеңіз. АТЫ ЖӨНІ Джанибеков Сейіл

Бет 3 ден 3 дейін Алдыңғы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.