Жетібай

Бақыт ­Иманбаев – «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының Бас директоры

Қазыналы Маңғыстауда Жетібай, Қаламқас, Қаражанбас тәрізді мұнай кен орындарының бар екені белгілі. Мұндағы айта кетерлік мәселе, бұл атаулардың әрқайсысы – тарихи атаулар. Мысалы, Жетібай атауының шығу этимологиясы туралы «Маңғыстау облысының топонимиясы» атты кітапта былай делінеді: «Жетібай – сол жерде байдың малын баққан малшы жігіттің есімінен қойылған деген болжам бар. Біздің пікірімізше, атау жеті (сан есім) және бай (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған». Бір деректерде атаудың мағынасы: «қатар жатқан жеті немесе көп сусыз, құрғақ арна, сай». Қалай десек те, мұндай тарихи атаулардың шығу тегін білу қажет. 

Ал енді Жетібай мұнайының даңқы Кеңестік кезеңнің өзінде асқақтап тұрды. Бүгінде сол бір жер жүзіне атағы жайылған Жетібай мұнайының ашылғанына биыл 55 жыл, ал «Жетібаймұнайгаз» өндіру басқармасының құрылғанына 50 жыл толып отырғанын айта кеткеніміз орынды.
«Жетібаймұнайгаз» акционерлік қоғамының осынау мерейлі жылдарына арналған салтанатты жиында «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының Бас директоры Бақыт ­Иманбаев құт­тықтау сөзін арнаған болатын. Сонда Бақыт Алтайұлы толайым табыстар мен жарқын жетістіктерге кеңінен тоқталды. Өткен жылдарда атқарылған істерді атап өтіп, бүгінгі уақыттағы қолға алынған жобаларды тілге тиек етті. Компания Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясатының Маңғыстау облысында жүйелі түрде жүзеге асуына барынша қолдау көрсетіп келетінін айрықша атап өтті. Мәселен, Маңғыстау облысына және Ақтау қаласына әлеуметтік қолдау көрсету үшін 300 млн. теңге қаражат бөлінсе, оның ішінде облыс бойынша «Маңғыстаудың дамуына үлес: тікелей шетелдік ­инвестицияларды қарқындату және есеп беру арқылы қол жеткізуді жақсарту» әлеуметтік жобасына 172 млн. теңге, ал жалпы айтқанда, соңғы бес жылда «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы тарапынан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 8 млрд. 245 миллионнан астам теңге бөлінген. Сонымен қатар компания қаражатының есебінен өңірде қаншама мектеп пен спорт алаңдары, мәдени-әлеуметтік нысандар, жаңа жолдар салынды, тарихи ескерткіштерді жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мұндай әлеуметтік қолдау бүгінгі күнде өз жалғасын тауып келеді.
– Білімді маман, білікті кадр, жалпы, адам ресурсы – компанияның басты байлығы болып табылады. Кәсіпорын басшылығы бұл бағытынан ешқашанда айныған емес. Сол себепті 2015 жылға жұмысшы-қызметкерлердің балаларын оқыту үшін 53 миллион 500 мың теңге қаражат бөлінді. Сонымен бірге жұмысшы-қызметкерлердің де міндетті оқуын, мамандардың біліктілігін арттыруын, ҚХР-мен өзара тәжірибе алмасу сияқты оқуларын да жіті қадағалап, арнайы қаржыландыруда, – дей келе, сөз соңында барша мұнайшылар қауымын осынау қос мерекемен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне жеміс тіледі.
Осынау қос мереке қарсаңында бұл кен орнының өткен тарихына көз жүгіртіп, ардагер азаматтардың есімдерін ел жадында тағы бір мәрте жаңғыртып, атап өткенді жөн көрдік. Бұл өскелең ұрпақ үшін керек екені сөзсіз. Jetybay
Айта кетейік, бұл өңірге 1958 жылы мұнай барлаушылардың табаны тұңғыш рет тиген еді. Оған дейінгі Қызан мен Түбіжіктегі мұнай көзін іздестіру жұмыстары үмітті ақтамаған соң «Маңғыстаумұнайгазбарлау» («ММГБ»-«МНГР») тресінің Дүйсен Үсенов бастаған бұрғылау бригадасы мен сейсмикалық барлау бригадалары Оңтүстік Маңғыстауға – Жетібай жеріне қоныс аударды. Жетібай мұнай барлау экспедициясының басшылық құрамында Р.Сағындықов, есептеу-­жоспарлау, жабдықтау жағында Х.Бейсеуов, А.Аяғанов, С.Қаналиев, Л.Еңсегенов, Б.Бәшенов, А.Бөлекбаева, Н.Нұржанов, М.Жолболдиндер жұмыс жасады. Жетібай кен алаңындағы ең бірінші терең бұрғы жер қойнауына 1959 жылдың 24 қаңтарында жіберілді. Бірақ бір жарым жыл бойы үлкен еңбекпен қазылған ұңғы 1960 жылдың 20 шілдесінде 2658 метр тереңдікте бұрғылау құбыры забойда ұсталып қалып, апатқа ұшыраған соң қазу жұмыстары тоқтатылды. Бұл жұмыстың аса ауыр болғаны сонша, әуелі Ю.Кузнецов, Ж.Мұқатов, К.Тарабриндер басшылық ететін бригада бұрғылап бастаған ұңғыны қазу кезінде 8 бұрғылау шебері ауысты. Дегенмен, жұмыс нәтижесіз болған жоқ. Ұңғының тереңдігі 2500 метрден асқан кезде орталық юра шөгіндісінен кернге сіңген мұнай белгісі алынды.
Тарихқа зер салсақ, Маңғыстау мұ­найының ашылған күнін тарихта алтын әріптермен айшықтап қалдырған 1961 жылдың 5 шілдесі болатын. Нақ сол күні түнгі сағат 2-ден 40 минут өткенде бұрғылау шебері Бисенғали Бәжіковтің вахтасында Х.Тәжиев, Қ.Қазиев, В.Тевяшевтар басшылық ете­тін Жетібай мұнай барлау алаңындағы №6 ұңғыдан 2383-2389 метр тереңдік аралығынан қуатты мұнай бұрқағы атылды. Маңғыстау мұнайының бастау-бұлағы осы күн болды. Жер қыртысының терең юра қабатынан үлкен қысыммен аспанға атқылаған мұнай бұрқағының күшті болғаны соншалық, биіктігі 53 метрлік бұрғылау мұнарасының краны көрінбей қалды. Фонтан үш күн бойы атқылап, 3 мың тонна мұнай шығарды. Мұншалықты қуатты мұнай бұрқағын ауыздықтау бұрғышыларға оңайға түскен жоқ. Үш күн бойы арпалысып, ақыры фонтанды ауыздықтаған қаһарман бұрғышылардың қатарында Б.Бәжіков, С.Шонтыбаев, К.Берікбосынов, Б.Қалиев, О.Қабжанов, Қ.Азанбаев, Ш.Саханов, Қ.Қыстаубаев, Н.Толтырбаев және т.б. болды.
Ұңғыдан атылған мұнайдың тәуліктік өнімі 400 тоннаға дейін жетті. Сөйтіп, бұл қуанышты хабар дүниежүзін дүр сілкіндіріп, қиырда жатқан Маңғыстау түбегіндегі мұнай қорының ашылғанын және оны игеру кезеңі басталғанын бүкіл әлемге паш етті. Ел құлағын елең еткізген ерекше оқиға жөнінде Кеңестер Одағындағы бүкіл радиолар мен телеарналар сүйінші сұрап, республикалық, одақтық басылымдар ғана емес, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары да жарыса жазып жатты. Бұл күн бұдан былай Бұрғышылар күні болып белгіленді. Осынау ұлы оқиға Маңғыстау өлкесі өмірбаянының жаңа, жарқын беттерінің ашылғанының белгісі болды. Осыдан кейін аймақтың өнеркәсібін кең көлемде игеру басталды.
Маңғыстау мұнайының бастауы-бұлағы болған Жетібай мұнай-газ конденсат кені ашылған соң 1965 жылдың 13 ақпанында КСРО Мемлекеттік қор комитеті Жетібай кен орнындағы мұнай қорын ресми түрде бекітті. Ол бойынша кен орнының геологиялық қоры 375 миллион 653 мың тонна деп есептелді.Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы 11 мамырдағы №750-Р қаулысына орай шығарылған «Қазақстанмұнай» бірлестігінің 1966 жылғы 27 мамыр күнгі №183/П бұйрығымен «Жетібайнефть» мұнай кәсіпшілігі басқармасы құрылды. Сол жылдың 30 желтоқсанында Жетібай кен орнындағы үш ұңғы мұнай өндіруді ­бастады да, кеніш өнеркәсіптік пайдалануға берілді. 1967 жылы 1 қаңтарда Жетібай кен орнында ең бірінші болып салынған 14 ұңғыдан тұратын №8 топтық қондырғы түгел пайдалануға берілді. Жетібайдың мұнайын тұңғыш өндіруге тікелей атсалысқандардың қатарында операторлар Қ.Қалиев, Ұ.Ғабдолов, Қ.Тәжіғұлов, С.Таласбаев, М. Тюрина, В.Пылан, Л.Пылан, К.Өтебаев сынды азаматтарды атап өтуге болады. Жетібай мұнайының өндірісін ұйымдастыруға атсалысқан алғашқы буын өкілдері ретінде бас энергетик А.Таужанов, Г.Пономарев, Қ.Өтегенов, І.Таласбаев, Б.Қазиев, Ж.Ұзақбаев және өзге мамандардың атқарған еселі еңбектері ел есінде.
Иә, кәсіпорын өз дамуында бірталай белестерді бағындырды. Сонау 1969 жылы Жетібай кен орнынан өндірілген мұнайдың көлемі 1 миллион, ал 1970 жылы 1 миллион 500 мың тоннаға жетті. Осы жылы «Жетібайнефть» мұнай кәсіпшілігі басқармасының атауы Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасы болып өзгертілді. Басқарма бастығы болып К.Жоламанов тағайындалды. Ал 1971 жылы Жетібай кен орнынан 5 миллион тонна мұнай өндірілді. Сол кезеңдерде Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасында тәулігіне 10 мың тонна мұнай өндіру асуы алынды.
Жетібайда еңбек жолын бастап, кейін Қазақстан мұнай саласының дамуына үлкен үлес қосқан майталман мамандардың қатарында Нұрлан Балғымбаев, Ләззат Қиынов, Төлеген Хасанов, Ұзақбай Құтжанов, Сисенғали Өтеғалиев, Сағидолла Бижанов, Бақтыгерей Серікбаев, Жеңіс Жалғасов, Тілектес Ізтілеуов, Таңбай ­Алпысбаев, Қуанбай Жарылғасов, Сәлімжан Әбішев, т.б. болды. Кейін, 1980 жылдары өндіріске Тимур Бимағамбетов, Алик ­Айдарбаев, Жетібай Төлеғожаев, Абат Нұрсейітов сияқты жас мамандардың жаңа толқыны келді. Бұлардың бәрі де кейін Қазақстан мұнай өнеркәсібінің ірі басшылары болды. 1982 жылы Жетібай кен орнынан кәсіпорын құрылғаннан бергі уақыт ішінде 40 миллионыншы тонна, ал 1988 жылы 50 миллионыншы тонна мұнай өндірілді. 1990 жылдары Жетібай мұнай-газ өндірісіне жергілікті кадрлардың үшінші жаңа толқыны келіп қосылды.
Еңбек майданында ерекше көзге түскен Хайролла Ихсанғалиев, Раиса Молдабаева, Боранбай Әлимұханбетов, Баязи Қарамұрзиев, Жайман ­Таспаев, ­Балияш Елбаева, Павел ­Авгарович ­Дзагоев, Таңбай Алпысбаев,Иосиф ­Ермолицкий, Төлеғұс Құлшабаев, Сенбіғали Матаев, Аманқос Тайпақов, Ыбырай Құттыбаев, Қонақбай Күзекенов, Мұрат Жұмаев, Жарылғас Нұрғалиев, Бердекен Ешин, Татьяна Ткаченко, Қалымбай Өтебаев, Шолпан Жұбаниязова, Жұмахан Алагөзов сияқты еңбек озаттары кәсіпорынның даңқын шығарып, атағын аспандатты.
Жетібай мұнайын игеруде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, тер төккен мұ­най­шылардың қатарында кейбірі өмі­рінің соңына дейін, көпшілігі құр­метті еңбек демалысына шыққанға дейін жұмыс жасаған өндіріс басшылары Ж.С.Ұзақбаев, М.Жақсығатов, Ұ.Н.Құтжанов, операторлар ­О.Бал­мұр­зиев, Ж.Байжауынова, ­С.Нұр­хасанова, Т.Мекенова, ­Ү.Үлмәм­­бетова, Қ.Сарқұлов, Т.Бота­ғараев, отпен пісіруші М.Б.Дәулетов, электрик А.Танауов, Б.Өткелбаева, А.Д.Захаровтардың аттары аталады. Олардың соңын ала 1970 жылдары өндіріске келген операторлар С.Қуант­қанов, Қ.Омарова, Н.К.Булатова, т.б. кен орнының игерілуіне үлкен үлес қосты. Бүгінгі таңда Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасында 2200-дей адам жұмыс істейді. Бірлігі жарасқан тату ұжым, білікті мамандар мен өз ісінің шеберлері, кәсіби қызметкерлер еңбек ететін басқарма ұжымы мұнай өндіру көлемін жылдан-жылға арттырып келеді.
Біз де өз тарапымыздан жасампаз еңбектің жарқын үлгісін көрсетіп, Тәуелсіз Қазақ елінің туы биік, тұғыры мықты болуы үшін қажырлы еңбек етіп келе жатқан компания ұжымына шынайы тілектестігімізді білдіреміз.

Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ,
«Қазақ газеттері» ЖШС-нің
Маңғыстау облысындағы өкілі,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.