Аз сөз – алтын…

Жақында Алматыда елге танымал қаламгердің шығармашылық кеші өтті. Кеш болғаннан кейін тілек, лебіз білдірушілерге де кезек берілетіні белгілі. Содан кеш кейіпкерінің қыр-сырына етене қанық әріптесі ортаға шақырылды. Жиналғандар «жөн екен» дегендей риза кейіп танытқандай болды. Өйткені көпшілік бұл екі азаматтың достық қарым-қатынастарынан жақсы хабардар-тын. Олай болса жұрттың «Бұ кісі не айтар екен?» деп құлақ түрулері де заңдылық. 

Сөздің басталуы жаман болмаған. Дегенмен, әрі қарай мәні кете бастады. Берілген уақыт бес-он минут болса да «шешеннің» сөзі ұзаққа созылды. Кештің басталғанына да екі сағаттан астам уақыт болған. Басқосу аяқталуға жақындап қалған секілді еді. Мінбеге көтерілген ағамыз мұны елейтін емес. Бір әңгімесін аяқтамастан екіншісіне көшеді. Одан соң тағы бір оқиғаны бастайды. Осы кезде залда отырғандардың бірі шыдай алмады: «Қарағым, болды ғой енді. Басқаларға да кезек беріңіз» деп дауыстады. Анау болса бұны естімеді ме, әлде естісе де елегісі келмеді ме, әбден мезі қылған сағызша соза берді.
Өмірде осындай көріністі бастан кешіріп жататынымыз рас.
Көп сөзге үйірсек еке­ні­мізді, сөйлегенді жанымыз қалап тұратын несіне жасырамыз. Ұзақ, көбірек сөйлесек білгіштеу, мықты, өзгелерден шоқтығымыз биіктеу көрінетіндейміз.
Тек ауызекі сөзде ғана емес, жазғанда да беттен бетке ауысып, көлемді, шұбыртып жазуға әуеспіз. Мұны редак­циямызға келіп жатқан оқырман материалдарынан да байқаймыз. Бір қоғамға, қазақтың өсіп-өркендеуіне байланысты мағыналы ой-пікірлер, ұтымды ұсыныстар болса бір сәрі. Ондай дүниені қанша көлемді болса да ала­қайлап қарсы алуға болар еді (бірақ оның да шет-шегі бар). Әңгіме жеке адам жайын­да жазылған, құр мақтау мен мадақтаудан құралған дүниеде болып тұр. Осындайда Шерхан Мұртаза­ның жазуы еске оралатыны бар. «СҚ»-да, кейін «ЕҚ»-та «Оймақтай ой», «Бір­түйер» деген айдарлармен берілетін небәрі бес-алты сөйлемнен құралған шағын тол­ғамдарымен-ақ таудай мә­селені көтеріп тастайтын еді ғой. Осыны неге үлгі тұтпасқа. Ұзақ сөйлеу, мақала жазғанда көлем қуу – бұл шеберлік­ке жатпаса керек. Сөздің қысқа, нұсқалы болуы, айтар ой­дың тұжырымды, дәмді, мәнді жеткізілуі – міне, осы шеберлік.
Бүгінгі уақыт – ұшқан құстың жылдамдығындай. Зымырап жатыр. Осындайда мінбеде не сахна төрінде мән-мағынасыз сөзді суша сапырып, алтын уақытты босқа жіберіп жатқанымыз жөн бола ма? Істің заманы төбемізден төніп тұрғанын ескерсек еді.
Қазақ «Аз сөз – алтын…» десе, орыстың жазушысы А.Чехов бәрімізге ертеден таныс «Нақтылық — таланттың сыңары» демейтін бе еді. Бағанадан айтқымыз келгені, сөзіміздің тобықтай түйіні осы болатын.

Нұрперзент ДОМБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Дана

    Мүмкін, бәріміз тыңдаулы болғымыз келетіннен шығар.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.