Әкім Таразидың шапаны

Өмірде өкініш көп күрсіндірген,
Лебізіңнен тарайды
тылсым бір дем.
Елеңдеген өрекпіп, ерке елігім
Сені де атып алар бір сұр мерген…
Бұл бір іш пыстыратын лекцияда уақыт өткізу үшін ерігіп отырып жазған жыр еді. Кейіпкерім алдыңғы қатарда отырған курстасым, қазіргі талантты жазушы-драматург Роза Мұқанова. Оқыды, риза болған сияқты. Көп кешікпей хат келді: «Менің жанымдағы Айгүлге де (Рамазанова) өлең шығаршы». Ойланып қалдым. Оның да түрлі себептері бар. Бір қарасам, алдымдағы Айгүл айнаға қарап, өзінің сұлулығына сұқтанып отыр екен. Кәдімгі дөңгелек қол айна. Ортасынан жарылған, сынған. Соны көріп менің де қиял құстарым шартарапқа самғап кетті. Содан соң былай деп бір шумақ өлең жаздым:
Қарасам, жүзің жарқын
тұнық айдан,
Жаным-ау, тауып алдың
мұны қайдан?!
Бәлкім бір өтті ме екен ұлы майдан
Айгүлжан, құтты болсын
сынық айнаң!..
Сол сынық айнаның содан кейінгі тағдыры маған белгісіз. Білмеймін сол бір алаулы, жалаулы шақтардан бері талай өзен арнасынан тасып, түксиген асқар таулар да өзіне ғана тән ішкі түйсікпен ауыр күрсінген де болар!
2007 жылы отбасыммен Астанада болдым. Хан шатыры. Кешкі сағат сегіздер шамасы. Ойламаған жерден жоғалтып жүрген курстастарымды жолық­тырдым. Ерлі-зайыпты тараздық Сәуле Борашева мен оралдық Қойшыбай Есентаев. Олар сылтау айтқаныма қарамай үйлеріне ертіп әкетті. Бардық, көрдік. Байыпты, байсалды, парасат пайымы мол менің курстасым Сәуле сөз бастады.
– Нұреке, біз бір қателікке жол беріп алмайық. Біздің осылай бас қосып, түн ішінде шайланып, жайланып отырғанымызды естісе Роза өкпелейді. Осы қазір хабарласайық.
Телефон шалдық. Ол қашанғы өзін мойындатып, бастырмалата сөйлейтін өр мінезіне салып былай деді: «Ертең қолымыз босамайды. Үйді Сәуле біледі. Арғы күні сағат бесте үйге келесіңдер».
Ләпбай тақсыр, қонақ қойдан жуас, біз не дей аламыз. Сонымен, зайыбым Бану, Қойшыбай, Сәуле болып дәл айтқан уақытында есіктің қоңырауын бастық. Есікті курстасым Розаның өзі ашты. Баяғы көңіл төрінде қалып қойған сыңғыр күлкі. Роза күлгенде анау ақ маржан тістерінің арасынан лақ етіп лағыл моншақтар шашылып түскендей әсер қалдыратын. Өйткені оның күлкісі ешқандай күлбілтесіз, шынайы. Ешкімге ұқсамайды. Осы көздерге ғашық болып, өлең жазып жүрген ақындар осынау күлкінің құдіретін түсініп, жыр жазса ғой, шіркін! Осындайда ұлы ұстазымыз, сатираның сарбазы Темірбек Қожакеев­тің «күлкі – күштілер қаруы» деген сөзі еріксіз еске оралады.
– Әкім ағаңыз кешікпей келіп қалар. Ол бір шығармашылықпен айналысып жүр еді. Оның қан қысымы жоғары болғандық­тан жақын аудандағы тілеулес достары бие байлап, қымызын үзбей жеткізіп тұрады. Бабы келіскен қымыздан ала ­отыр,­– деп бәйек болып жатыр. Мен де апасын артынан іздеп келген бауырдай таңдайым тақылдап, бетінде мейізі мен сарыала майы қалқып, кеңсірік жар­ған қымызды сылқыта сімірдім. Көп күттірмеді. Есік қоңырауы басылды.
– Қожайын болар!
Мен де қос қолымды алға ұстап, Розаға ілесе шаптым. Міне, ғажап! Менің алдымда кәдімгі ертектегідей «бете­геден биік, жусаннан аласа», қағі­лез, ардакүрең азамат, Қазақстан­ның халық жазушысы, басқа да толып жат­қан атақ-дәрежелері бар Әкім аға Тарази тұрды сәл жымиып. Онысымен қоймай, табалдырықтан аттамай жатып: «Мынау мен, сенің курстасың Ро­заны атып алған сұр мерген» деп мәз-мейрам болады. Жоғарыдағы айт­қан бір шумақ өлеңді меңзегені. Сәл­ден соң баяғыдан бір-бірін танитын сырлас, қимас достардай арқа-жарқа болып, берекелі бәйбішенің кейпін­дегі Роза досымыздың арнап жайған дастарқанынан дәм татып отырдық.
– Нұрым, сен менің қобыз тартатынымды білесің ғой. Мынау маған Иманғали қайнымның сыйлаған домбырасы еді, салшы бір сағындырған әндерге… Мен де іркілмедім.
Әкім ағамызға әнім ұнаған сияқты.
– Нұрым, мынау сенің өзің шығарған әндерің бе?
– Жоқ, жергілікті сазгерлердікі.
– Сонда да сен өнеріңді жасырып тұрған сияқтысың. Баяғыда мен Мәскеуде литинститутта оқып жүргенімде Булат Окуджабаның әндерін тыңдағанмын. Сен соған ұқсайсың. Негізі дұрыс ізденіп, өнердің соңына түспегенсің ғой, әйтпесе…Қане, тағы бір лирикалық әніңді шырқап жіберші!
Мақтағанды кім жек көрсін, оның үстіне аузы дуалы адамға ілігіп жат­қа­сын аянып қалар жөнім жоқ. Мен де Әкім ағамды өзімсініп: «Гитара табылмас па екен» дедім. Содан гитарамен жұл­дыздай ағып өткен жасын ғұмыр, курстас, жерлес досым Табылды Досымов­тың рухты асқақтататын «Биік­тігін», Мұқағалидың сөзіне жазыл­ған «Ұнатамын, мен сені» әндерін орындадым. Одан кейінгі кеуде­дегі лықсып келген астан-кестен шығармашылық ләззат сезімін сөзбен айтып жеткізу қиын. Қоштасарда Әкім аға мен Роза курстасым: Ер жасы 50-ге толған екенсің, «орамал тон болмайды, жол болады» деген ұлттық қонақжайлық дәстүрімен иығыңа шапан жабайық, қайда жүрсең де жолың болсын! – деп қимастықпен шығарып салды. Осынау әңгі­менің, сезімнің әсерімен мен де біразға дейін қиялданып, аспаннан түспей жүрдім. Естен кетпес Астана сапары жайлы кездескен адамның бәріне мақтанып айттым. Мақтанудың да түр-түрі болады ғой. Үйге қонақ келгенде қызды-қыздымен тілім жеткенше Таразидың шапаны туралы тарихты айтып беремін. Олардың сұрауы бойынша шапанды киіп шығамын алдарына. Қонақтарым да киелі, қасиетті шапанды біз де киіп көрейік, жұғысты болсын,– деп жапа-тармағай қол созып жатады. Сөйтіп, 2007 жылдан бері гардеробымда тұрған Таразидың шапаны біздің үйдегі отбасылық құндылыққа айналды.

Нұрым Ерғалиев
Атырау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.