Өнегемен жалғасқан өмір

Көп жылдар бойы көзден кетсе де, көңілден кетпейтін адамдар болады. Бірі өзінің ақыл-парасатымен тәнті етсе, енді бірі өзіне тән болмыс-бітімімен, қайталанбас даралығымен қай­ран қалдырады. Жүрегіңе жылулық ұялатып, мейірімді жүзі­мен, өнегелі сөзімен баурап алады.
Біз сөз еткелі отырған Мүслима Құдайбергенқызы Жұбанова сондай парасатты да ақылды, білімді де салиқалы, мәдениетті де қарапайым жан болатын. Өз басым ол кісіден жас жағынан біраз кішілігім болса да, қарым-қатынасқа келгенде құрдас адамдай әзіл-қалжыңымыз жарасып, сырлас адамдай сыр шертісіп, керекті жерінде ақыл-кеңес сұрап, жаныма жақын санайтынмын.

Мүслима апай мен кіші ғылыми қыз­мет­кер болып еңбек етіп жүрген ­Ы.Алтын­са­рин атындағы ғылыми зерттеу институтына 1963 жылы келді. Бірінші жүз­дескенімде соншалықты бір әсерленіп, әріп­тестеріме: «Атақты ғалым, қазақ тіл ғылымының негізін қалаушы, қоғам қайраткері Құдайберген Қуанұлы ­Жұ­бановтың қызымен бірге қызмет істеу деген қандай бақыт!» дедім. Ахмет Жұ­бановтың есіміне бала кезімізден қанық болып өскендігімнен бе, шын мәнінде мұндай ұлағатты жандардың ұрпағымен қызметтес болу айтып жеткізе алмайтын қуаныштың бірі болып көрінді. Ол кісіге деген сыйластығым осылай басталған еді.
Әрине, ол кісінің көңіл-күйінде, мі­нез-құлқында, жалпы өмірдегі ұста­ны­мында тағдыр ауыртпалығының ізі қал­мады деуге болмас. Он төрт жастан бас­тап еңбек жолына түскені, әкесіне байланысты өкінішті жағдайлары, анасына деген аянышы, бауырларын жеткізуде көрген қиындықтары әңгімесінен сезіліп тұратын.
Ғұмырының алға тосқан азабын арқалай жүріп, өзіне қойған биік тала­бы­ның арқасында бауырларына, анасына деген қамқорлығы мен көмегін жасады. Бәрі де адал еңбегімен. Кейде текті жанның, атақты әулеттен шыққан перзенттің алдынан кездескен тосқауылдар мен кедергілер болмағанда, алар асулары бұдан да биік болар ма еді деп ойлаймын.
Дегенмен, әкеден мұра болып қалған ана тілін зерттеу саласында тер төгіп, аса бір парасаттылықпен, табандылықпен із­дену кез келген адамның үлесіне тие бермейді.
Ол кезеңде Қазақстанда мектепке арналған оқулықтарды жазуға жаңаша қадам басып, жаңа буын авторлардың сұрыптала бастаған уақыты болатын. Міне, осы тұста Оқу министрлігінің ше­ші­мімен білікті маман 1-сыныпқа арналған «Әліппе» оқулығының негізгі авторы болып тағайындалды. Бұл оқулықты ­жа­зуының басы-қасында жүргендіктен, оның қажырлы күшпен, тегеурінді із­де­ніспен келгендігін жақсы білеміз. «Әліппе» оқулығы баланың мектепке келгенде ­сауатын ашатын құралы бол­ғандықтан, оған қойылатын талап өте жоғары.
Бұрынғыдай емес, бүгінгі бүлдір­шін­дер мектепке біршама дайындықпен келеді. Бұл олардың әліппені қиналмай оқып кетуіне жағдай туғызады. Ал мұнан 50-55 жыл бұрын жағдай басқаша еді. Әріп танымай келген оқушының сауатын аштыру үшін оның буындап оқуына ыңғайлы, түсінуіне жеңіл, өмірмен байланыстылығы күшті, көркемдігі тартымды оқулық жазу тек қана көп ізденген, ғылыми негізі бар, көрген үлгісі кең адамның ғана қолынан келетіні белгілі.
Ол бұл оқулықты жазып қана қоймай, сол жүйе­нің тиімділігін дәлелдеуді ғы­лыми тақырып етіп, кандидаттық дис­сер­та­цияның дәре­же­сіне дейін көтеріп, өз қағидасын Абай атындағы қазақ педа­го­гикалық институтының Диссер­та­циялық кеңе­сінде қорғап шықты. Бұл жұмысты өздері де бірқатар оқулықтардың мықты авторлары – М.Балақаев, Т.Қордабаев, А.Ысқақов және тағы басқа көрнекті ға­лымдар, академиктер бірауыздан қолдағаны есімізде.
Өткен ғасырдың 1960-65 жылдары ғылыми атақты қорғаушылар санаулы ғана еді ғой. Жас жеткіншектерге ана тілін үйретуді, сауатын ашуды түбегейлі зерттеп, оны белгілі бір жүйеге айналдыруды өзінің бойтұмарындай көрген ғалым мұнымен қоса мұғалімдерге арналған әртүрлі нұсқаулықтарды, қосымша көрнекі құралдарын рет-ретімен баспадан шығарып, еліміздің бастауыш сынып мұғалімдеріне қажетті ғылыми- әдістемелік көмегін жарты ғасырдан астам уақыт бойына көрсетіп өтті.
50 жылдан астам мерзім аралығында Қазақстанда оқулық жазатын ғалым да, жекелеген авторлар да көбейді. Құдайға шүкір, оған қуанамыз. Ал барлық мектеп бағдарламалары бір орталыққа бағынған, ұлттық тіліміздің шарықтау шеңбері сол бір тар заманда оқулық жазу және оның жүйесі мен мазмұнын, құрылымын дәйектеп, дәлелдеу кез келген ғалымның үлесіне тие қоймайтын.
Ол осындай жүйелі жұмыстарымен қатар Құдайберген Жұбановтың асқақ ойы­нан туған, асыл сөз маржандарымен өр­нектелген, ел жастарының тәлім-тәрбиесіне арна­ған, ұлттық тағылымға тұнып тұрған құнды қағидаларын фило­софиялық, педаго­ги­калық, психологиялық тұрғыдан сара­лай отырып, оқырман қауымға тарту етті.
Ұлттық тәрбие мәселесін қозғап, оны зерттеу тақырыбына да айналдырып жүргендер баршылық. Бірақ көрнекті түркітанушы, көп тілді меңгерген (полиглот) қазақ тіл білімінің теоретик маманы, профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың ғылыми мұрасында бұл мәселе түбегейлі қаралып қана қоймай, нақты өмірден алынған мысалдар арқылы нақыштанып, дәлелденген. Міне, Қ.Жұбанов қағидаларының ең тұздылығы да осында болса, Мүслима апай соны ашып, саралап, дәлелдеп көрсете білген. Осылайша ол өзінің бүкіл ғұмыры мен шығармашылық қабілетін тіл мен ұлт, тіл мен мәдениет сабақтастығын зерттеуге жұмсаған әке мұрасы мен ғылыми қағидасын қайта жаңғыртып, жаңартып елге танытып отыр.
Бір сөзбен айтқанда, ол халық әдебие­ті­нің, әдет-ғұрпының бала тәрбиесіне тигізетін ықпалы мен жақсы әсерін Құдай­берген Жұбановтың қалай жеткізіп, ұсынғанын ашып көрсете білген. Әсіресе, баланы тәрбиелеудегі «ана мектебінің» орнын, қыз бала тәрбиесіне, оның мінез-құлық, іс-әрекет, ақыл-ой сұлулығын жетілдіру бүкілхалықтық міндетке айналатынын дәлелдейтін тұстары мен соның негізінде өрбіген қағидаларына таңғалмау мүмкін емес. Бұл Мүслима Жұ­банова­ның ғылымға қосқан үлкен салмақты да қомақты үлестерінің бірі деп білеміз.
Қазақ «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді. Кейіпкерім әкесінің жолымен жүріп тіл ғылымын зерттеуге еңбек етті. Тәлімді ұрпақ өсіріп, өнегелі ұл-қыз тәрбиеледі. Ғылымдағы атқарған еселі еңбегіне, адамгершілік, ізгілік қасиеттеріне, адами болмысына қарап, оны қазақтың маңдайалды қыздарының бірі деп айтар едім. Демек, «шеше көрген тон пішер» деген қағиданы іс жүзінде іске асырған парасатты қазақ қыздарының бірегейі деп мойындаймыз.
1970-73 жылдары онымен іссапар­ға жиі шығатынбыз. Оның се­бебі, сол жылдары Оқу министрлігінің шешімімен мектептегі бастауыш буын 3 жылдық оқу мерзіміне көшіріледі деген қаулы қабылданды. Мұндай қаулының қабылдануы Л.В.Занков, В.В.Давыдов сияқты Ресей ғалымдарының зерт­теу­леріне негізделді. Олардың пікірінше, сол кезеңдегі балалар тез дамып, акселерация үдерісі жүруде. Сондықтан сауат ашу мерзімін тездете отырып, жылдам дамуына жол ашылуы тиіс. Осыған орай, республика бойынша ол мәселені педагогикалық тәжірибеден өткізуге бірнеше оқу орындары бөлінді. Оның құрамына Алматы қа­ла­сындағы №2 мектеп-интернаты және Ал­маты облысының Ұзынағаш ауданы енді.
Мен бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарғандықтан, оқу министрлігінің бұй­рығымен сол науқанның өтуі мен оның нәтижесіне жауап беретін болдым. Қысы-жазы үш жыл бойы мектептердегі сабақтарға қатысып, мұғалімдерге кеңес беріп, дәріс оқыдық. Мұғалімдердің білім беруге арналған жоспарларын қарадық. Сондай кезде қатты шаршаймыз, мұғалім­дердің кемшіліктерін көргенде күйіп-пісіп қалатын кездер де болады. Бірақ апай сас­пайтын. Сабырлылық танытып, кем тұс­тарды байыппен түсіндіріп, ақылын айтатын.
Ең қиыны – оқушылардың сауатын ашу кезеңінің мерзімі қысқартылып, алты айда оқып тәмамдайтын Әліппені үш жарым айда аяқтауға міндетті болдық. Сол уақыт ішінде бала буындап оқудан сөзді тұтас оқуға, сөйлемді түсініп, мәнер­леп оқуға көшуі керек. Бұл, әрине, өте қиын. Бұған қарамай республикадағы бүкіл педагог қауымының жұмылуымен, мұға­лімдерді қайта даярлаудан өткізуді ұйым­дастырудың күштілігімен және ғалым-әдіскерлердің мектеп ұжымымен қоса жұмыс атқаруының нәтижесінде сынақ сәтті аяқталып, көрсетілген меже ішінде балалар сауаттарын ашып, ана тілін оқуға көшетін жағдайға жеткенбіз. Бұл шаруа­ның ойдағыдай шығуына белгілі әдіскер, тәжірибелі де білікті ғалымның қосқан үлесі ерекше болды. Әрине, «Өткен күнде белгі жоқ» дегендей, мұның барлығы өтіп кеткен жағдай. Бірақ Мүслима Жұбанова сияқты педагогика саласының ыстық-суығына көніп, оның от жалынды қиындығынан қайнап шыққан белгілі жандардың еңбегін артында қалған әріптестері, яғни бізге айту міндет деп ойлаймын.

Қазна АЙМАҒАМБЕТОВА,
Қазақ мемлекеттік Қыздар
педагогикалық университетінің
профессоры, педагогика
ғылымының докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.