Парасат патшалығының періштелері

Тәуелсіздік алып, төрт құбыламыз түгенделіп келе жатыр десек те тарихы­мыз­дағы ақтаңдақтар аз емес әлі. Еуразия кеңістігіндегі қазіргі Қазақстанның Алтын орданың да мұрагері екеніне келгенде көп маман күмілжіп тілін тістеп, (неге олайын қайдам) тайсақтай береді. Несі бар? Мойындалса, оның зардабы қандай? Бұл кедір-бұдыр кезеңдер бізде өте аз зерттеліп тиянақ таппағаны болмаса мүлдем бас тартып, жүген-ноқтаны ақи-тақи сыпырып алатындай ешқандай салдар, себеп пен сылтау жоқ деген ой келеді. Қалай болғанда да тайқы маңдайдағы пешенеге жазылған тарих бізден басталып, бізбен бітпейді. Ұлы дала, таулар тарихы сиқырлы су асты ағыстарындай бір-бірімен тығыз байланысып жатқан құбылыстан бас тартуға бола ма? 

Бір кездері қос құрылықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған құдіретті қағанат (империя) іштен іріп-шіріп ыдырап құлады. Соны пайдаланып бірте-бірте күш алып келе жатқан Ресей Қажытархан, Қазан, Қырым, Сібір хандықтары мен Ноғай ордасын жеке-жеке бөлшектеп, бұтарлап күшпен өзіне қосып алып отар­лады. Азаттықты аңсап, басы піспей бұлар бостандық үшін жан салып күрескенмен таразы басы тең емес еді. Ғұмыры келте мемлекеттердей Ноғай ордасы да бостандық бұғауында бұл­қынып, ақыры құлдық қамытын киіп тынды. Қара күш еңсеріп, бостандық байрағы желбіремеді. Періштелер жерге түсіп, перілер көкке ұшып жатқан қым-қуыт аласапыран уақыт болатын…
Астанадағы «Фолиант» баспасы «Ұлы дала арулары» топтамасы арқылы сол қуыс кеңістікті толтырғысы келіп талпыныс жасағандай. Тәуелсіздік дейтін тәтті сөздің кермек дәмі қандай! Осы жолда құрбан болған боздақтар аз ба? Сайын өмір сүйгіш ұлы даланың арулары туралы аңыз бен ақиқатты ажырата аршып, үлкен жобаны жүзеге асырып жұртшылық жүрегіне жол тартқандай. Оның сүйінші сұрататын тұңғыш көзайым кітабы – «Сүйінбике». Бұл соны сапарлар, зерделі зерттеулер мен ұзақ сана сараптамасынан өткен тұтас туынды. Оқырманға ой тас­тай­тын оқиғалар көркемдік бейнелеу құ­ралдары арқылы беріледі. Басы­лым­ның ғылыми-танымдық сипатқа ие екенін айту артық. Оның маңызы аса зор.
Жазушы Шәрбану Бейсенова Қазан хандығы мен оның ханбикесі Сүйінбике хақында мұңлы да қасіретті сыр шертеді. Оған қосылып, жас ғалым Ж. Әскербекқызы сонау қиямет-қайым заманның запыран зары мен зәрін жеткізіп, бақ пен сор теңізін белуардан кешкен тұлғалар тағдырына ортақтастырып, кешегіге, бүгінгіге және келешекке үңілдіріп, тереңнен толғайды. «Сүйінбикенің» бірінші, екінші бөлімінде Ер Едігенің ұрпағы, орыстар ортасына сіңіп, Жүсіповтар әулетінің негізін салған Сары Жүсіп қызының өкінішті ғажап ғұмыры баяндалды. Оның атына заты сай Сүйінбике десе Сүйінбике еді. Таулы өлкенің өртеңінде мезгілсіз ерте бүр жарып үсік шалған Еңлікгүл іспеттес ақыл мен ажар айнасы, Қазан қаласынан ат шаптырым шақырымда қамал тұрғызып, 150 мың қолды басқарған Иван Грозныйға қарсы 30 мың ала-құла әскермен қарсы тұрған жүрек жұтқан нәзік жан. Үшінші бөлімде бізге тың тақырып Ібір-Сібір хандығының парасат патшайымы Сүзге сұлу қаһармандығы қайран қалдырады, қаламгер бір орайда: «1582 жылы бірінші қыркүйекте атаман Ермак бастаған 840 адамнан тұратын жау­лаушы отряд қырық кемеге мініп, Орал, Сібір өзендерін бойлап, Көшім хандығына жол тартады. Олар су бойлай екі айдай жол жүріп, қазан айының аяғында Искер (Бәлкім, Іскер шығар – Н. А.) қаласының іргесіне жетеді» деп тізгін тартады. Баскесер қандықол қарақшыларға қарсы Сүзге қырдың қайсар қайраткерлік мінезін қарсы қояды. Сүйінбике де, Сүзге де азаттық жолында жанын пида етеді.
Қай кезде де түркі халықтарының үстінен қиқу кеткен бе? Құлдықтан құтылудың айла-шарғысы қарасты­ры­лып, қашан да оған қам жасалып жатады. 1608 жылы Ноғай биі Естеректің (Ер Тарғынның әкесі) басшылығымен 50 мыңға тарта түтін етеді. 1619 жылы қолтығына дым бүркіп, Ресейдің қот-қоттауымен қалмақ хонтайшысы Хо-Урлюк Еділ мен Жайық арасында бейбіт жатқан халықты шапса, 1628 жылы ноғайлардың 40 мың адамын тұтқынға алып азаптады. 1783 жылы көкекте қатын патша ІІ Екатеринаның пәрменімен Қырым түбегі басыбайлы Таврида аталып өзгертілді. Генералисимус А. В. Суворов Қуан (Кубань) корпусына бас қолбасшы болып келгенде де қарусыз бала-шаға, қатын-қалаш пен шал-шауқандар қынадай қырылды. Асау Ноғай ордасы мен Қырым хандығын жойып, сол жылғы маусымда Жеңіс тойының құрметіне 100 өгіз еті қақталып, 800 қой үйтіліп, кәуап пісіріліп, 500 шелек арақ ішілді.
Сібір хандығы да басқыншылықтың ауыр зардабын тартып, небір қитұрқы шапқыншылықта шаң қауып, ел-жұрт басына ақырзаман орнап, астамшылықтың аяғын құшты. Шы­ғыстың Сүйінбике мен Сүзгідей жұл­дыздары тасты жарып шыққан шынардай Тұран топырағына тамыр тартып, жапырақ жайып жатыр. Олардың көзсіз ерлігі мен өмірі өнеге. Тәуелсіздік таңы жарқырай түсті! Біз әрқашан Ұлы дала аруларын мақтаныш етеміз.

Н. АРЫСТАНДИН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.