Достыққа адал еді…

Адам барлық нәрсенің өлшемі ғой. Жер бетінде адамнан артық ешнәрсе болуы мүмкін емес. Өйткені адам дегеніміз бір өзіне бүкіл әлемді сыйғыза алатын керемет күш десек кім қарсылық білдіре алар еді. Осы қасиетті Абай атамыз:
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын, – деп заман ағымынан қалып қоймай, әрдайым алдында жүргенді қалады емес пе? Өскелең ұрпағын ол осы мақсатқа үндеді. Туғанына 85 жыл толып отырған азамат Манаш Қабашұлы ҚОЗЫБАЕВ та уақыт ырғағымен адамгершілік туын көтеріп, уақыт көшінің алдыңғы қатарында жүре білген бір қырлы, сегіз сырлы тұлға еді.

Өзінің 70 жылдық мерейтойы қарасаңында жарық көрген ғұмырнамалық кітабында:
Мен келемін, мен келемін асығып,
Қалам ба деп орта жолда шашылып.
Берерімді елге беріп, халыққа
Кеткім келеді толығынан ашылып, – деп кө­кей­кесті арманын да ағынан жарылып жеткізген еді.
Иә, арман бағалай білген адамға аспандағы жарық жұлдыз. Қол бұлғап шақырады да тұрады. Манаш та жастайынан арманын жүзеге асыру үшін тынымсыз талпынып туған халқының қасиетті тарихын зерттеуді қолына алды.
– Тарих Отаныңның, халқыңның қалып­тас­тырған ата-салты. Тарих әрқайсымыздың ата-бабамыздың табиғатқа қосқан үлесі және сүйегі мен аспанда бізді аруақ болып құшып жүрген рухы. Ендеше тарих қасиетті ғылым, – деп қалаған мамандығын жанындай сүйіп, басқаларға үлгі етті.
Тарих иесі – халық, ел, Отан. Қазақ халқы­ның басын қосқан ұлттық мүдде екендігін әрдайым еске салып, сол ұлттық мүдденің іргетасын қалап, көтеруіне күш-жігерін жұмсаған алып тұлғалар Абылай хан, Бұқар жырау, Жәңгір хан, Кенесары және басқалар жайлы келелі еңбектер жазды, мерейтойларын өткізуге атсалысып, ­бая­н­­дамалар жасады. Ғасыр тауқыметін арқалаған арыстар Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин тәрізді ұлт перзенттері туралы газет-журнал беттерінде, ғылыми еңбектерінде келелі мәселелер көтеріп, туған жерлерінде ескерткіштер орнатылуына, кең тынысты ғылыми конференциялар өткізілуіне ұйытқы болды.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін оң-солымызға, жүрген жолымызға шынайы ұлт­тық тұрғыдан көз жіберуге, барымызды баға­лап, жоғалтқанымызды іздестіріп табуға, бола­шағымызды бағдарлап, сенім артудың сәті келді.
Игілікті бастамаға орай халқымыздың ше­жіресі Қазақстан тарихын қайтадан жазу қолға алынды. Редакциясын басқарып, бас­падан шығару міндеті академик, белгілі тарих­шы ретінде Манаш Қабашұлына жүктелді.
Бұл жауапты істе де өзіне тән ұйымдас­тыру­шы­лық, зерттеушілік, көрегендік қабілетін көрсетті. Қа­­зақ­стан тарихының үш томын жарыққа шығарды.
Адам сәні даналық. Ал даналық пен атақ тек адал еңбектің қолында. Аршынды адымдары ел мүддесі жолындағы ізденістері елеусіз қалған жоқ. Ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жоғарғы Кеңестің депутаты… тағы да басқа да құрметті атақтарға ие болды.
Күн ортақ. Ай ортақ, жақсы адам ортақ. Манаш шынайы достықты да жоғары қойды. Таусылмас қазына деп бағалады. Қолынан келсе кімге болса да көмектесуге дайын тұрды. Достықты таусылмас қазына деп санады. Оның осындай шынайы көзқарасына қанық біз нағыз азамат, адал дос болғыларың келсе Манаштан үлгі-өнеге алыңдар дейтінбіз. Басқаны былай қойғанда, өзімен бір курста оқыған онға тарта әріптестеріне бағдар беріп, докторлық диссертация қорғауларына себепші болды. Ол жігіттер Медел Арғынбаев, Әзірхан Жұмасұлтанов, ­Қаһар­ман ­­Түманашин, Нұрғали Итбаев, тағы басқа­лары еді.
Манаштай дос кездестіргенім үшін тағ­ды­рыма ризамын. Университетте бірге оқыған досы Әзірхан Жұмасұлтанов «Манаштың ұйымдастырушылық қабілеті де күшті ғой. Қаһарман екеумізді қол астынан шығармай қадағалап жүріп дұрыс орналастыруға көмектесті. Қаһарманға жақсы пәтер алуға да жәрдемдесті. Қайда аяқ бассақ та шынайы досымызға қарыздар боламыз да жүреміз. Ал Манаш болса біздің қызметімізді қажетсінбейді. Қашан көрсек те іш тартып тұрғаны» деп ағынан жарылатын. Әзірханның бұл сөзінің жаны бар. Мен де бірауыздан қосыламын. Адам шетінен пайғамбар емес, пенде. Пенде болған соң төрт құбыласы түгел бола бере ме. Мәселен, Қаһарман университетте қатарынан озып, үздік оқыды. Сталиндік стипендиат болды. Бітірген соң аспирантураға қалдырылды. Өмірге кең жол ашылды. Алайда күнделікті тіршілікке икемсіздеу еді.
Жастайынан сырлас досы Манаш мұның бәрін түсінді. Белін буып бұл жолы да қасынан табылды.
Әйгілі қайраткер Ильяс Омаров қай­тыс болар алдында Манашты арнайы шақырып алып, қазақ әдебиетінің қазіргі жайы, алдағы болашағы жайлы көңіліне түйген толғамдарын айтып, жолын қуған ізбасары ретінде үлкен сенім артты. Дүние-мүлкіне қолхат жазып Манаштың атына қалдырған еді. Бірақ заң жүзінде бұлай етуге болмайтындықтан ол талап бұзылуға мәжбүр болды. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дегендей, Ильяс сияқты алдыңғы толқын белгілі ағалардың жолын қуып, бар күш-жігерін ел мәртебесін көтеруге жұмсады.
Иә, адам неғұрлым ақылды, мейірімді болған сайын соғұрлым өзгенің де жақсылығын бағалағыш келеді. Ол мұндай абзал қасиетті өзінің жан дүниесіне жас шағынан сіңіре берсе керек. Өсіп келе жатқан жас ағаш та әуел баста бұтақтарын жан-жаққа қалай жайып таратқан болса жүздеген жылдар бойы солай болып тұра береді. Адам туралы абзал әсерлер де осы сияқты жүрегіне берік орнайтыны сөзсіз.
Біте қайнасып, бой түзеген Манаш досымды кейде түсімде көремін. Сондай түсімнің бірінде Манаш шалқыған өзен жағасына келіп, жиекте тұрған баспалдаққа өрлеп шығып, суға сүңгіді. Онша жүзе алмайтын еді, суға кетіп қалмаса жарар еді деп мен де ұмтылып жүгірдім. Сөйткенше болмады. Судың бетіне шығып қайтып келді.
Түсімде өзім куә болған осы көріністен соң Манаштың аты өшпейді, заман көшімен бірге жүре береді екен деген ой келді.
Иә, кім де өскен ортасына, тәрбиелеген халқына адал қызмет етіп, азаматтық борышын жоғары ұстаса сол адам тарихта қалып, құрметке бөленуі тиіс деген даналық қағиданы әбден қабылдауға болады. Абзал азаматтар өз ескерткішінің тұғырын осылай өз қолымен орнатса, ал мүсінін болашақ соғатыны даусыз.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан педагогикалық институты ғалымның есімімен аталады. Институт алдында Манаштың ескерткіші орнатылған. Алматыда көшеге есімі берілді. Манаштың бойындағы жақсылық өсіп-өніп, қанат жайған ұясынан дарыған десем, еш қателеспейтін сияқтымын. Туған әкесі Қабаш, ағасы Оразалы да ардагер азаматтар еді. Омырауларына жарқыраған ордендер тақты. Алдыңғы толқын ағалардың жолын қуып Манаш та құрмет, атаққа ие болды.
Уақыт ырғағымен үндесіп, көшімен бірге көшкен Қозыбаевтар әулетіне қай уақытта болса да бірлік, береке, зор денсаулық тілейміз.

Қасымхан ЕРСАРИН,
Қазақстанның еңбек сіңірген
мәдениет қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.