Оймен өрілген ғұмыр

Шығыс халықтарында Ұстаз түсінігі әрдайым қастерлі де құрметті саналған. Мен, белгілі ғалым, дарынды азамат, ҚР ҒА корреспондент мүшесі, философия ғылымының докторы, профессор Ағын Хайроллаұлы Қасымжановтың шәкірттерінің бірі болдым. Атақты үнділік сопы Ыдырыс Шах: «кемеңгер ұстаз деп сені түзететін, үйрете алатын адам емес, сені әлденеге үйреткен адамды айтамыз» деген екен.

Университетті тәмамдағаннан кейін бір жыл аудандық газетте әдеби қызметкер, кейін Шымкент педагогикалық институтында ұстаздық еттім. Жас ғалым ретінде мені 1976 жылы ҚазКСР ҒА Философия институтына мақсатты аспирантураға оқуға жіберді. Тағдырдың жазуымен өмірімдегі түбегейлі өзгеріс осы сәтте болғандай, өйткені мен ұстаз, профессор А.Х.Қасымжановтың бөліміне түстім. Сол уақытта ол әл-Фараби мұрасы бойынша аудару және насихаттау тобының жетекшісі болатын. Фарабитанудың қазақстандық мектебін тек Одақта ғана емес, көптеген шет елдер де танып үлгерген болатын.
Менің ұстазбен алғашқы таныс­тығым әлі күнге дейін есімде. Мен оны «Философиялық дәптерлер» бойынша арнайы курс лекциясынан кейін күтіп отырғанмын. Кенет, қасымнан аққан жұлдыздай зымырап өткенін байқамай қалдым. Себебі ол атына заты сай, бар жүріс-тұрысы ағысы қатты аққан судай тез еді.
Талантты ғалым, белгілі философ, педагог, кемелді ұстаз, философия ғылымының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының коррес­пондент мүшесі А.Х.Қасымжанов 1931 жылы 19 қазанда Алматы қаласында дүниеге келді. ҚазҰУ-дың философия факультетінің алғашқы түлектерінің бірі. Еңбек жолын аспирантураны бітіргеннен кейін 1957 жылы ҚазКСР ҒА Философия институтында кіші ғылыми қызметкер ретінде бастады.
Ағын Қасымжанов ғылымда үш саланың негізін қалады. Біріншісі, таным теориясы, оған арналған монографиялар бар. Екіншісі, ­әл-Фараби мұрасын зерттеп, фарабитану ілімінің іргесін анықтап, басты мақсаттарын белгіледі. Үшіншісі, қазақ дүниетанымын, философиясын тарихи-методологиялық ауқымда зерттеп, артында ұшан-теңіз идеялық мұра қалдырды.
1968 жылы ҚазССР ҒА Фило­софия және құқық институтында «әл-Фараби мұраларын зерттейтін» бөлім ашылды. Бөлім меңгерушісі болып ­­­­­­­­­­А.Х.­­Қасымжанов тағайындалды. Ғалым жерлесіміз, орта ғасырлық кемеңгер ғұлама, ойшыл әл-Фарабидің тарихи Отанына оралуына көп еңбегін сіңірді. Атап айтар болсақ, Ағын Қасымжановтың ұйымдастыруымен 1975 жылы Абу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған үлкен халықаралық ғылыми конференция «Мәскеу – Алматы – Бағдад» қалаларында болып өтті.Сөйтіп, Алматы аз уақыттың ішінде әл-Фараби мұраларын зерттеудің ғылыми орталығына айналды. Осы тұстағы Ағын Қасымжановтың ғылыми беделі мен ұйымдастырушылық қабілеті тек Қазақстанда емес, шетел ғалымдары арасында да кеңінен танымал болды. Конференцияның Алматы қаласында өтуіне бірден-бір себепші болған бір жағдай, ол Ағын Қасымжановтың ғылыми редакциясымен белгілі жазушы Ә.Әлімжановтың 1975 жылы шыққан «Ұстаздың оралуы» атты кітабы болды. Өкінішке орай, бұл кітаптың оқырман қауымына таралуы­на тыйым салынған болатын. Бірақ соған қарамай әл-Фараби мұраларын зерттеуді Ағын Қасымжанов бастаған ғылыми топ әрі қарай жалғастыра берді. Талмай ізденістердің үлкен бір қуанышты жемісі 1975 жылы Мәскеу қала­сында белгілі шығыстанушы ғалым Б.Г.Гафуров пен Ағын Қасым­жановтың орыс тілінде шыққан «әл-Фараби мәдениет тарихында» («Аль-Фараби в истории культуры») атты кітабы араб-мұсылман философиясымен шұғылданушы ғалымдар арасында үлкен бір оқиға болды.
1996-1997 жылдары қазақ фи­ло­софы А.Қасымжанов Фулбрайт Қоры стипендиясымен Оклахо­ма университетіне дәріс оқуға шақырылды. Соған орай А.Қасымжанов үш ай мезгілде ағылшын тілін жетік меңгеріп алды да Америкаға аттанып кетті. Ол АҚШ-тың Оклахома университетінде дәріс оқып, мұхиттың арғы жағына қазақ елін жақсы қырынан – даналығы тұрғысынан таныта білді. Түркілердің әлемдік өркениетке қосқан үлесі туралы «Дала өркениеті», «Орталық Азия мәдениетіне кіріспе», «Түркі халықтары бірлігі және Түркістан», «Орталық Азия саяси дәстүрінің ежелгі түп тамыры», «Әл-Фараби және Баласағұн шығармаларындағы адам­гер­шілік бастауы» атты лекциялар оқыды.
А.Қасымжанов АҚШ-та «Ортаға­сыр­лық мәдениеттің қайта өрлеуі» деген тақырыпта ғылыми конференция ұйымдастырды. Оған әлемнің әр түкпірінен көптеген атақты ғалымдар қатысты. Бүгінде оның лекциялары ағылшын тілінде бөлек жинақ етіп шығарылып, университет студенттеріне ұсынылып келеді. Биыл 19 қазанда атақты ғалымның туғанына 85 жыл толады. Осы айтулы датаны лайықты қарсы алу, атап өту біздің міндетіміз, парызымыз деп ойлаймыз.
Ағын ұстаздың лекция оқуы ерекше болатын. Бір жапырақ қағазға дәрістің сұлбасын неше түрлі сызықтармен, өзіне ғана түсінікті атаулармен, анық­тамалармен және кемеңгер, ойшылдар есімдерімен жазып, белгілер қоятын. Соған қарап отырып кемелденген, дәлелденген, логикалық қайшылықсыз көркемделген дәріс үлгісін көрсетуші еді. Біздер ұстаздың осындай қасиеттеріне әлі күнге дейін еліктейміз.
Проблемалық лекцияларға көп көңіл бөлетін. Басты назар күрделі теория­лық мәселелерге аударылып, пікірталас тудыратын сұрақтар қойыла­ды, олардың ішінен біреуін таңдау талап етіліп, студенттердің өзіндік пікір қалыптастыруына жол беріледі. Бұл әдіс студенттерді проблемалық сұранысқа жауап іздеуге ынталандырып, зерттеу жұмысына баулиды.
Проблемалық мәселені оқудың өзінен емес, практикалық өрістен, сту­денттердің мамандық ауқымына жақын әлеуметтік ортадан іздеген жөн дейтін.
Ағын Қасымжанов 1976-1977 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетінің деканы, ал 1977-1933 жылдар аралығында ҚазМУ жанындағы жоғары оқу орындары оқытушыларының білімін жетілдіру институтының директоры, 1983-1986 жылдары ҚазМУ-дың философия тарихы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына байланысты ҚазМУ-ден кетуге мәжбүр болып, 1987-1993 жылдары Алматы зооветеринарлық ­институтында философия кафед­расында профессор болып жұмыс істейді. Осы бір қиын жылдарда Ағын Қасымжанов қазақ халқының рухани мәдениетімен терең шұғылдана бастайды. «Ақыл» атты ғалымдардың ­ассоциациясын құрды, «Гумилев оқулары» атты халықаралық семинар өткізеді, бұл семинарға Венгрияның, Германияның, Ресейдің атақты ғалымдары қатысады. 90-жылдары Ағын Қасымжанов көлемі аз болса да, өте мазмұнды отандық мәдениетті оқып-үйренуге арналған («Духовное наследие казахского народа»), «Қазақ халқының рухани мұралары» атты кітабы жарық көріп, оқырмандар арасында өте жоғары бағаға ие болды. 1994 жылдан ғұмырының соңына дейін ҚазҰУ-да философия және сая­саттану факультетінде философия кафедрасының меңгерушісі болды.
1993 жылы Ағын Қасымжанов ҚазҰУ-дың жанында әл-Фараби ғы­лыми орталығын құрып, соның дирек­торлық қызметін атқарды. Айта кететін бір жағдай, Ағын Қасымжанов қай жерде қызмет етсе де барлық уақытта өзінің бар ғылыми жұмысын фарабитануға арнады. Қазіргі уақытта оның әл-Фарабиге арнаған 4 монографиясы, 10 кітапшасы, 30-дан аса ғылыми мақаласы бар.
Профессор Ағын Қасымжанов көп­теген ғылыми халықаралық респуб­ликалық конференцияларды ұйым­дастырушы, ол Бостон университетінде, Оклахома, Тегеран университеттерінде лекциялар оқыды. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан республикасының ғылыми философтарымен тығыз байланыста болды. Оның ғылыми атағы мен беделі Қазақстан Республикасынан да тысқары кеңінен тарап, Одаққа танымал талантты қазақ философы атанды.
2000 жылы қараша айының ­­­­­2 жұлдызында ғалым, ойшыл, философ, ұстаз Ағын Қасымжанов өмірден өтті.
Ғалым құрметіне екі жылда бір рет дәстүрлі университеттік Ағын Қасымжанов оқулары өткізіледі. Биылғы 2016 жылы Әлемдік философия күніне қарсы қараша айының 17-сінде Ағын Қасымжановтың ­­­­­85 жылдығына орай VII Қасымжанов оқулары аталып өтілмек.

Жақыпбек АЛТАЕВ,
философия ғылымының
докторы, профессор,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
әл-Фараби орталығының директоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.