Тіл мен топырақ – бір тағдыр

Жақында халқымыздың ұлы диқаны, атақты күрішші, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 125 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Жер-жерлердегі жер мен кетпен иесіне орай ұйымдастырылған әртүрлі іс-шаралар әлі де жалғасын табуда. Осындай мерейлі істің бірі – өмірде диқанның сенімді серігі болып, Қызылорда облысының бас агрономы атанған әйгілі топырақ тамыршысы Әнес ­Алтынбековке арналған кітаптың тұсаукесері еді.

Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген агрономы, топырақтану саласындағы ең бірінші дипломды ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты туралы жазылған «Әнес Алтынбеков» атты естелік кітаптың ашылу салтанаты Алматыдағы Чехов атындағы Республикалық кітап­ханада салтанатты жағдайда өтті.
Ол кісінің еңбегін орден мен медаль арқылы марапаттап жеткізе алмайсыз. Оған топырақ пен кетпен куә. Агроном Әнес Алтынбеков пен диқаншы Ыбырай Жақаевтың дүниежүзін таңғалдырған рекордтық еңбегі ел мен жердің мәңгі есінде. «Сыр күріші – ел ырысы» деген қасиетті сөз мәтел боп, елінің ертеңіне айналды. Сауатты ғалым мен қарапайым кетпен иесінің біртуар достығы топырақты табындырса, Қызылорда мен Кубаның арасына жол салған еңбек шежіресі бұл күндері аңыз боп айтылып жүр. Кітапханада өткен тұсаукесерде өмірдің осындай сәттері сөз болды. Ғалымдар Хаси Жамантықов, Сара Рамазанова, жазушы Қуандық Түменбай, ғалымның ұрпағы Нағима Алтынбекова сөз алып, ой бөлісті.
Кітап орыс тілінде жарық көрген. Бірақ заман мен замандастар сөзі қашан да қазақша. Чехов кітапханасы адам мен адами құндылықтарды ашуға қашан да әзір. Бұған біз куә­міз. Оның ар жағында қол бұлғап, топы­рақ пен тіл тағдыры тұрған жоқ па?!

Смайыл БАЗАРБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.