Қазан жүрек Қайдауыл

Қазақ теміржолы бойымен шығыстан батысқа қарай жол тартсаңыз, Шалқар станциясынан өткеннен кейін көп ұзамай Қайдауыл батыр бекеті алдыңыздан шығады.
Тәуелсіздіктің ширек ғасыры бізге алды-артымызды бағамдауға, тарихымызды түгендеуге жол ашып бергендей. Шынында да, біздің бүгінгі биігіміздің бастауы біздің ата-бабаларымыз ғұмыр кешкен сонау замандарға жетелемей ме?!
Осы тұрғыдан келгенде Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысының аса көрнекті қайраткерлерінің бірі, Шекті ішіндегі Қырғыз руынан шыққан, ел-халқының тәуелсіздігі үшін күрескен тарихи тұлға Қайдауыл батыр Едігеұлының 250 жылдық мерейтойының аталып өтуі бір жағынан тағылым да іспетті.

Аудандық мәдениет үйінде батыр мерейтойына арналған ғы­лыми-теориялық конференцияға халық көп жиналды. Қазақстан Рес­публикасының Мәдениет қай­раткері, Қазақстан халқы ассамблея­сы «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің төра­ғасы Еркін Құрманбеков шараны жүр­гізіп, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тұсын­дағы бұл жиынның маңыздылығын атап көрсетті.
Аудан әкімінің орынбасары Дариға Қара­шолақова осындай батыр ба­ба­ларымыздың жасаған ерліктері жас ұрпаққа өшпес өнеге екенін айтып, пат­риоттық-тәрбие берудегі жұмыс­тардың алда да жалғасатынын жеткізді.
Жиында Астанадан арнайы келген академик Өмірзақ Озғанбаев Қайдауыл батырдың ерлігі туралы ауқымды баяндама жасады.
— Қайдауыл батыр туралы айт­қанда жұртшылық оны зама­нының мықтысы, дүлдүл батыры, ақыл иесі, дұшпаны мен жауларын күшпен де, ақылмен де жеңе білген тарихи тұлға ретінде еске алады. Бұл кісі есімінің ел аузында сақталып, ерлік істерінің ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, бүгінгі күнге дейін жетуінде біле білген адамға үлкен мән жатыр. Әдетте жазу-сызуы қалыптасқанға дейінгі бүкіл тарихы ауызекі айтылып, ердің де, ездің де қам-қарекеті жүздеген жылдар бойы халық санасында өшпестей болып сақталатындықтан, батыр бабамыздың ел бостандығы жолында халқына сіңірген еңбегінің ұмытылмауы табиғи жағдай деп түсінеміз. Оның үстіне Қайдауылдың ерлік істері жаугершілікпен, Отан қорғаумен астасып жатқандықтан, халықтың оған деген сүйіспеншілігі еселене түседі емес пе,— деді ол.
Көтібар батыр Сырым Датұлы баста­ған ұлт-азаттық қозғалысына жәрдем беруге 800 жауынгерден тұратын қолды бастап майданға аттанғанда Қайдауыл батыр елге бас-көз болуды ойластырып, біраз жасақтарымен ел ішінде қала береді. Осындай ұрымтал сәтті пайда­лан­ған түрікмендер Шекті, Жетірудың Табын, Тама, Адай ауылдарына шап­қыншылық жасайды. Шайқас басталады. Қайдауыл батыр дұшпанның батырларын жекпе-жекке шақырып, жан алып, жан беріскен айқаста түрікменнің жеті батырын жеңеді. Жекпе-жектегі жеңістен мерейлері тасыған қазақ шебі түрікмендерді талқандап, қалдықтарын Үстірттен әрі қуып тастаған екен. Осы оқиғаны Шектінің Қырғыз руынан шыққан Толыбай жыршы былай деп жырға қосқан: «Аруағы асып күркіреп, Айдынға шықты Қайдауыл, Жекпе-жекті айқаста, Қанын судай ағызып, Түсірді жеті батырын, Қаһарлы теке-жәуміттің». Бұдан Қайдауыл батырдың жүрек жұтқан теңдессіз ерлігі айқын көрініп тұр.
Қайдауыл батыр 1766-1839 жылдар аралығында өмір сүрген. Көтібар, Арыстан батырлардың замандасы. Борсық құмынан Ор өзеніне дейінгі аралықты жайлаған Шектінің батыры.
1789 жылы башқұрттармен болған шайқаста еліне төнген ­жауды талқандаған. 1783-1797 жылы Сырым Датұлымен бір­ге патша өкі­ме­тінің отарлау саясатына қарсы күрес­кен. Ақбұлақ, Жем, Кал­мы­ково әскери бекіністерінде ерекше жеңіске жеткен. 1839 жылы казактар мен башқұрттардан құралған патша өкіметі әскерлерімен болған шайқаста қаза табады. Оның бейіті қазіргі Шалқар ауданында орналасқан. 1996 жылы батырдың 230 жылдық мерейтойы атап өтіліп, ас берілді.
Конференция кезінде Қайдауыл батыр Едігеұлының осындай ерліктері туралы көп әңгіме айтылды. Батыс Қазақ­стан инновациялық-технологиялық уни­верси­тетінің профессоры, тарих ғылым­ының кандидаты Самат Құр­маналин, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің аға оқытушысы Шекербек Сазықұлов көптеген танымдық деректерді ғылыми тұжырымдап жеткізді.
Шалқар қаласындағы дене шы­нық­тыру-сауықтыру кешенін­де аталған шара аясында ұйымдас­тырылған ұлттық ойын-сайыстары — қазақша күрес, қол күресі, гір көтеру, тоғызқұмалақ көпшіліктің қы­зы­ғушылығын тудырды. Тарих ғылым­ының кандидаты, профессор Зәкірат­дин Байдосов, еңбек ардагері, «Шалқар ау­данының Құрметті азаматы» Оразбай ­Әділ­баев, батырдың ұрпағы Дәулетжан Елеу­сізов жиналған қауымды батыр бабаның 250 жылдық мерейтойымен құттық­тап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысы бойын­ша қазақ күресінен 70 келі сал­мақ дәрежесінде Жасұлан Жұмағұлов, түйе палуан сайысын­да Нұржан Иса, қол күресінен Саламат Мұхамбетжанов, гір тасын көтеруден Манат Емжаров басты жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар тоғызқұмалақтан Нұрхан Мұстафин, Нұрлыайым Талас­баева, Азат Нағашыбай, Ақмоншақ Наға­шыбай бірінші орынды иеленіп, ұйым­дастыру алқасының Мақтау қағазы және ақшалай сыйлықтарымен марапатталды.
Қайдауыл станциясы маңындағы батыр кесенесі осыдан жиырма жыл бұрын батыр ұрпақтары Дәулетжан Елеусізов пен Ілескен Ізбановтың бас­тамасымен, Төлеуғазы Балниязов­тың жобалауымен бой көтерген болатын. Таяуда оның сыртқы келбеті қайта жаңғыртылып, айбындана түсті.
Қайдауыл батыр Едігеұлының ұр­пағы Жайлан Қалмұханов осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын баба зира­тына арнайы барып, басына белгі қойған екен. Енді сол кесене басында батыр ұрпақтарының бірі Ғалым Дәулеталин, қырғызстандық қонақ Абасбек Усубалиев сөз алып, шалқарлық Үбайдулла Елеусізов бабаға арнауын оқыды. Мәтей Қоқанұлы атындағы мешіттің бас имамы Нұрлыбек Тәкеев батыр рухына құран бағыштады.
Қайдауыл станциясы вокзалы алаңында Қайдауыл батыр Едігеұлына орнатылған ескерткіш-бюстінің салтанатты ашылуы ерекше толқынысты жағдайда өтті. Аудан әкімі Бауыржан Қаниев, қырғызстандық азаматтар Ал­ты­мыш Құлматов, Шекербек Сазықұлов, «Қа­зақстан темір жолы-жүк тасымалы» АҚ Ақтөбе бөлімшесі филиалы арда­герлер ұйымының төрағасы Бошық Қуатов, Қауылжыр ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Жанділдә Нұрмағанбетов бірінен кейін бірі сөз алып, тебіреністі лебіздерін білдірді. Баба ұрпағы Ақжарқын Әбдірейімқызы батырға арнауын оқыды.
Атап өтер жайт, бюст жұмыстарын жүргізген — Қырғызстан көркем ака­демия­сының оқытушысы, елге белгілі мүсінші Алмаз Үкеев. Ол Қырғыз еліндегі белгілі көптеген тарихи тұлғалардың мүсіндерін жасаған азамат екен. Биіктігі 1,12 метр болатын, қоламен қапталған бюст бас-аяғы 25 күнде сапалы жасалған.
…Бір кездері сайын даланы дүбірлетіп, бір-біріне серік болып ел қорғаған Көтібар, одан тараған Есет-Дәрібай, Қа­рағұл, Әзберген, Қай­дауыл сынды ерлер бүгінгі күні де ел айбыны секілді. Шал­қарда өткен шара осы ойымыздың айғағы іспетті болды.
Қаратаудан келген Тасыран жырау заманында:
Шектіден шыққан екен екі үлек,
Дүмпіген жаратылысы туған бөлек.
Көтібар — алмас қылыш ел тірегі,
Қайдауыл сағы сынбас, қазан жүрек, — деп жырлаған екен.
Қазан жүрек Қайдауылдың өшпес ерлігі, халық сүйіспеншілігіне бөленген алып тұлғасы алғы күндерде де тәуелсіз еліміздің жас буынын жақсы істерге жетелеуде үлгі бола беретіні сөзсіз.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ

Ақтөбе облысы
Шалқар ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.