Бағаналы Барлыбай

Қашанда халық басындағы нәубет кезеңдер ел ішінен ер тұлғалар мен өткір тілді билерді тұлға етіп, ел қамқоршылары деңгейіне көтеріп отырған. Солардың бірі – атақты батыр, ел басқарған көсем, қабырғалы қайраткер Найманның Бағаналы тармағының Жауғашты бұтағынан шыққан Барлыбай Тауасарұлы.
«Ел жадында есімі ескірмей, келбеті көмес­кіленбей, ­айбыны аласармай келе жатқан «Бағаналы ­Барлыбай», ­«Барлыбай сардар» атанған» деп мүсіндейді атақты бабамызды зерттеуші жерлесіміз Қуаныш ­Ахметов ­­­өзінің «Ұлы даланың Ұлытауы» атты еңбегінде. Осы еңбекті негізге алсақ, ­Барлыбай ­Тауасарұлы Орталық Қазақстанда Ұлытау өңірінде шамамен 1690 жылы дүниеге келген.

Әкесі Тауасар қалмақтармен шайқаста аты шыққан батыр, анасы Гүлсім башқұрт батыры Қарасақалдың қарындасы болған.Зерттеушінің анықтауынша Барлыбай Түркістан түбіндегі Қарнақ медресесін (қазіргі күнде мұражай ретінде сақталған) және Үргеніш медресесін бітіріп, араб, парсы, көне түрік тілдерін меңгерген. Барлыбайдың батырлығы 17 жасында (кейбір деректерде 18 жасында) мойындалады.
ХVIII ғасырдың басында Ұранқой қалмақтарының қарақшылары Сыр бойы­на ­дейін жетіп, бейбіт жатқан Кіші жүз және Найман, Қоңырат руларын шауып, жылқыларын айдап әкетеді. Қоңырат, Найман, Кіші жүзден Әлімұлы руларының жігіттері бірлесе атқа қонып, Шу бойында оларды қуып жетеді. Қалмақтар арасынан Жоржы деген алпамсадай батыр ойқастай шығып, жекпе-жекке шақырады. Оның сыртқы бітімінен-ақ тайсалыңқырап қалған қазақ жігіттерінің арасынан ешкім жекпе-жекке шыға қоймайды. Сол мезетте, Сыр бойындағы Кіші жүз руларының биі, төртқара руынан шыққан Көбек би: «мына қалмақты кім өлтірсе, соған билік орнымды беремін» деп жігерлендіреді. Бағаналының Сарыаталық нәсілінен шыққан он жеті жастағы бозбала Барлыбай алға ұмтыла шығып, Көбек пен басқа ақсақалдардан бата сұрайды. Көбек би бастаған үлкендер Барлыбайға баталарын беріп, ақ жол тілеп, жекпе-жекке шығуға рұқсат етеді.
Жекпе-жек үстінде Жоржыны найзамен шаншып өлтірген Барлыбай жауының басын кесіп, қара арғымағын жетегіне алған күйі «Қаптағайлап» ұрандата, жауға қарсы шабады. Сенген батырларының басын қолына ұстап, өздеріне қарай ұмтылған қазақ батырынан сескенген қалмақтар қаша жөнеледі. Қазақ жасағы соңдарынан түре қуып, талайын жер жас­тандырады. Қуалай жүріп, бірде-біреуін қалдырмастан тұтқындап, мінген ат, асынған қару-жарақтарын олжалап, өз малдарын қайтарып, елге оралады.
«Елге келген соң Көбек би той жасап, Барлыбайдың қарсылығына қарамастан, той үстінде жас батырға ақ батасын беріп, қалың елдің алдында өз орнына би етіп сайлаған екен» дейді аңыз сөзі.
Осы деректерге тоқтап, талдасақ, бозбала Барлыбайдың жастайынан бойында жүректілігі мен табандылығы болғанын байқаймыз. Толықсып қалған топты жарып, ел намысы үшін жас болса да дайын екенін ашық жариялауы – оның бойына біткен өжеттік пен өрлік қасиеттерінің жарық дүниеге шығуын сұрап, азаматты айқас алаңына шығарғанын көреміз. Бұл – көктемгі топырақты жарып жер бетіне шығып, гүлдейтін қызғалдақтар тәрізді, «уақытым келді» деп тұла бойын тулатқан үлкен күштің сыртқа шығар дүмпуі. Жекпе-жекте қарсыласын өлтіріп, басын кесіп алып, өз ұранымен жауға шабуы – Барлыбайдың жүректілігіне тапқырлығының сай екенін байқатады.Тап осы арада ол болашақ тұлға ретінде қалыптасып, өмір жолдарының келесі кезеңіне шыққанын байқаймыз. Бұны дәлелдейтін мәліметтерді Қуаныш Ахметовтың зерттеу деректерінен көреміз. Ол деректерде Барлыбай бабамыздың Кіші жүздің шөмекей руының әскербасы болып, орыс, қалмақ, түрік, қоқан, хиуа әскерлеріне тойтарыс бергендігі жайындағы мәліметтер келтірілген.
Барлыбай батырдың тарих сахнасына шығуы – халқымыздың ХVIII ғасырдың басындағы жоңғарға қарсы ұлт-азаттық күресінде үш жүзге танылған қолбасшы батыр дәрежесіне көтерілуінен басталады. Бұл кезде оны, қара қазақтан шықса да, хандарға бергісіз аса көрнекті тұлға – Шақшақ Жәнібек тархан маңайынан көреміз.
Барлыбай батыр туралы ел арасында тараған әңгімелер жеткілікті. Солардың ішінен оның өмір жолынан тұжырымды мағлұмат беретін, Абылай хан заманынан көл-көсір деректер қалдырған ақын Шәді төре Жәңгірұлы «Тарихат» дастанында:
«Шапырашты Наурызбай Дүр бірісі,
Найманнан Барлыбай бар екіншісі.
Елшіге кіші жүзден қосылды кеп,
Тамадан Есет батыр деген кісі…» деп, Барлыбай батыр есімін, Абылайдың Қытайға үш жүзден жасақтап жіберген елшілерінің қатарында айтады. Бұл оқиға 1749 жылға дейін болған. Шәді төре дастанындағы мәлімет, Барлыбай батырдың ел ішіндегі биік беделі мен айрықша парасатынан хабардар етеді. Ал халық ақыны Иманжан Жылқыайдаровтың «Шақшақұлы ер Жәнібек» атты ел аузындағы деректерден құралған дастанында, Барлыбайдың басқыншыға қарсы аттанған айтулы батырлардың сапында болғандығы айтылады. Бұл дастанға 1726-1731 жылдардағы жоңғарға тегеуірінді тойтарыс берілген, жаудың бетін түбегейлі қайтарған шайқастардың оқиғалары арқау болған. Бұл – Барлыбайдың жігіт ағасы жасына жетіп, қолбасшылық дәрежеге көтерілген шағы. Сонда оның осы тұста 35-40 жастағы кезі деп болжауға болады. Осындай жорамал жетегімен зерттеушілер Барлыбай Тауасарұлы 1690 жылдардың ­­­о жақ, бұ жағында дүниеге келген деп қи­сынды тұжырым жасайды, оның қателігі жоқ секілді.
Барлыбай батыр Тауасарұлы туралы Сегіз сері Шақшақұлы, Ахмет ишан Оразайұлы (1861-1927) шежірелерінде айтылады. Сегіз сері «Барлыбай хан» атты тарихи дастан шығарған. Барлыбайдың ерліктерін Жанкісі (Жанқиса) Басыбайұлы (1772-1849), Әбутәліп (1788-1857), ­Бал­текей Қорғанұлы (1830-1917), Қожабай Тоқ­санбайұлы (1841-1919), Мұқан ­Балте­кей­ұлы (1873-1918), Тайжан Қалмағанбетов (1877-1937), Шеген, Қанафия сынды ақындар жырлаған. Осылайша қолымызға түскен деректер арқылы Барлыбайдың тұлға болып қалыптасып, елге беделді қолбасшы батырлар қатарынан нық орын алғанына көзімізді жеткіздік деген ойдамыз.
Бүдан әрі батыр Барлыбайдың саясаткер Барлыбай болғанына ізденіс ­жасап көрейік. Көбек би ұсынған билік жолы, кеше ғана ерлігімен елдің көзіне түскен Барлыбайды саясаткерлікті меңгеруге мәжбүрлейді, бір ғана өзі шыққан Жауғашты руын емес, бірнеше рудан тұратын қосынды елді басқару, үлкен парасаттылық пен саяси шеберлікті керек ететіні бізге мәлім. Барлыбай осы сындардан әбүйірмен өтіп, елді 60 жылдан аса басқарған. Бұл сол заманның соғыс пен зорлық-зомбылық арпалысының заманы екенін ескерсек, елдің тұтастығы мен тыныштығын ұзақ жылдар қамтамасыз ету, басқарушының бойында аса ерекше саясаткерлік қасиеттерінің болғандығының нәтижесі екенін көрсетеді.
Осылайша ел басқару билігін меңгерген Барлыбай 1781 жылы Абылай хан дүниеден өткен соң, Балталы, Бағаналы елінің өзіне қарасты бір бөлігіне, Кіші жүзден аз ғана Әлімұлы еліне, Қоңыраттың Ащыкөл, Ай­накөл, Телікөл және Сыр бойын қоныс­та­нып отырған біраз руларына билік құрады.
Елші Барлыбайды, қолбасшы ­Бар­лы­байды халық жадында сақталған әңгімелерде хан болған дейді. Оның өмір сүрген дәуірінде қалыптасқан ­саяси, әлеуметтік жағдаяттар тұрғысынан қарағанда, мұның қисыны жеткілікті.
Біріншіден, біз хан деген атақтың билеушінің дәрежесін аспандатудың, жалған мадақтың, жағымпаздықтың белгісі емес, қарадан шықса да халқына қорған, қамқор болған адамға қарата айтылатын, түп тамыры сонау Шыңғысхан заманынан да әріге кететін ежелгі дәстүріміздің сабақтастық сарыны екендігін естен шығармауымыз керек.
Екіншіден, біздің қолымызда ­Барлы­байдың билік басына келуінен тікелей болмаса да жанама дерек беретін бірқатар құжаттар бар. 1749 жылы 8-шілдеде, Орынборға генерал-губернатор ­­­­­И.И.Неплюевпен кездесіп, келіссөздер жүргізуге Нұралы хан, Бөкенбай батыр, Жәнібек тархандар бастаған көптеген қазақтың рубасылары мен беделді өкілдері келген. Бұл делегацияның құрамында Кіші жүзден мыңнан астам, Орта жүзден екі жүздей адам болған. Келіссөздер барысында И.Неплюев Жәнібекпен өте жиі және ұзақ сөйлесіп, одан Орта жүзге кіретін, бұрын ақ патшаға адалдыққа ант берген рулар ішіндегі жағдайдан хабардар алып, Әбілқайыр өлгенге дейін Барақ сұлтан басқарған Бағаналы наймандарға байланысты сұрақтар қойған. Жәнібек генерал-губернаторға Барақтың қашып кетуіне байланысты наймандар басқа басқарушы (правитель) сайлайтындығын хабарлаған. Сонымен қатар Әбілқайырдың қазасы төңірегіндегі оқиғалар бүкіл қазақ қауымын алаңдатқанымен, бағаналылардың ұлы мәртебелі император ағзамға адалдықта, тыныш өмір сүріп жатқандығын айтқан.
Бұл деректер белгілі тарихшы ­­В.Я. Басиннің архив құжаттары негізінде жазылған «Россия и казахское ханство в ХVI-ХVIII в.в.» атты кітабынан алынып отыр. Барақтан кейін Бағаналы тайпасын төре текті сұлтан емес, өз ішінен суырылып шыққан Барлыбай батыр басқарған. Барлыбай батырдың жас мөлшері де, сол кездегі қазақ қауымы ішіндегі беделі де, жолы да осындай тұжырым жасауымызға толық негіз бола алады. Оны бұл мәртебеге жеткізуге, бүкіл Орта жүз бен Кіші жүзге салмақ сала алатындай дәреже-деңгейі бар, ханға да, қараға да сөзі өтіп, ел бірлігі жолында салиқалы саясат ұстанып отырған ауылдас-бауырлас, қоныстас-өрістес Жәнібек тарханның толыққанды ықпалы болғаны айтпасақ та түсінікті.
Қалыптасқан ежелгі салт-дәстүр бойынша халық Барлыбайды ақ киізге көтеріп, хан деп атаған. Барақ сұлтанды да халықтың кезінде хан атағаны тарихтан белгілі. Осыған дәлел болар сол заманда Барақ басқарған Бағаналы жұртының жағдайынан мәлімет беретін бірқатар құнды деректерді «қазақ даласының Геродоты» атанған аса көрнекті орыс ғалымы А.И.Левшиннің 1832 жылы Петербургте жарық көрген «Описание киргиз-кайсацких орд и степей» атты кітабынан табамыз. Бұдан Барақты елдің хан деп құрметтегенін көреміз. Осы мәлімет ел аузындағы әңгімелерді жандандырып, Барақ сұлтанның орнын басқан Барлыбайдың да хан атанғандығын толық айқындайды. Біз бұл ретте дүние жүзі ғалымдары тарапынан құндылығы бірауыздан мойындалған еңбекке сілтеме жасап отырмыз. Болмаса, басқа да тарихшылар жазған тілге тиек етерлік жанама деректер мол.
Бағаналы Барлыбай ханның жасы сексеннен асып қайтыс болғандығын Жанкісі ақынның, оның әйелі Таңшолпанға көңіл айтуынан білеміз. Бұл 1770 жылдардың жобасына келеді. Бабамыз Ұлытау өңіріндегі Сарыторғай өзенінің Терісбұтақ деген жерінде жерленген, кезінде басына күмбезді там орнатылған.
Көңіл айту өлеңінің авторы Жанкісі Көшекұлы Орта жүздің Ашамайлы-керей руынан. Артында мол мұра қалдырған жырау 1716-1792 жылдары өмір сүрген, жоңғар жойқыны кезінде талай жорыққа қатысып, жалынды жырымен сарбаздар рухын көтеріп, насихат жүргізген. Барлыбаймен жасақ ішінде бозбала кезінде танысқан.
Барлыбай Тауасарұлының өнегелі өмірі, іргелі істері мен ерен ерліктері ХIХ ғасырдағы ауыз әдебиетінде біршама бейнеленген. Бағаналы Барлыбай ханға қатысты ел аузында айтылып жүрген әңгімелер мен аңыздар өте мол.
Жоғарыда баяндалған деректер негі­зінде Барлыбай бабамыздың заманына сай әрі батыр, әрі кемеңгер ел басқарушы тұлға болғанын байқадық деген сенімдемін. Ғасырларды аттап, жоғалу-жойылу кезең­де­рінен өтіп, бізге жеткен Барлыбай бабамыз туралы осы деректер болашақ ұрпақ санасында сақталады деген үміттеміз.

Сұлтан СҮТБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Республикасының
Құрметті геологі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. төлеп

    Туркістан бойында Қөнырат тайпасының ішінде Жауқашты руы бар және Барлыбай батыр шыққан Жауқашты руы бар ,осы екі ру бір емеспе екен ,себебі ел басқару билігін меңгерген Барлыбай 1781 жылы Абылай хан дүниеден өткен соң, Балталы, Бағаналы елінің өзіне қарасты бір бөлігіне, Кіші жүзден аз ғана Әлімұлы еліне, Қоңыраттың Ащыкөл, Ай­накөл, Телікөл және Сыр бойын қоныс­та­нып отырған біраз руларына билік құрған,шежіре недейді екен

  2. Болат

    Балталы,Бағаналы Найман елі бұл бір. Екіншіден Барлыбай Тауасарұлы, Жауғаштының Тілекесінен шыққан. Яғни Сары атамыздың бір баласы Жауғаштыдан — Тілеке, Бердеке, Сеңгірбай,Кенжебай, Құлеке тарайды. Осылардың Тілекесінен- Тауасар, Беласар, Майасар. Тауасардан — Барлыбай — Әуез, Құлтан. Бұл әңгімені Ұлытау өңірінің ақсақалдары да құптайтын шығар?!

  3. Әзиз Жұмаділдаұлы

    Мен Барлыбай ханның тікелей ұрпағымын. Негізі Шежіре бойынша Найманның Бағаналысынан Шөрешек туады. Одан Тоңболат, Тоңболаттан Байкөнек, одан Игілік, Игіліктен Мұқыш, Мұқыштан Сары, Сары атамыздан Жауғашты, одан Тілеке, Тілекеден Тауасар, одан Барлыбай, Барлыбайдан Әуез, Әуезден Есен, Есеннен Балқыбай, Балқыбайдан Батырбек, Батырбектен Ақылбек, Ақылбектен Жұмаділда, Жұмаділдадан Әзиз болып мен тараймын. Қоңыраттың ішіндегі Жауғашты мен Найманның Жауғаштысы екеуі екі бөлек екенін айтқым келеді. Жәй ғана аттас болған. Бірі Найман, екіншісі Қоңырат. Сол себепті, шатастырып алмағанымыз жөн.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.