Абай сөзі – ұрпаққа аманат!

Жасымыздан Абай өлеңдерін қайталай оқып, олардың – «ә» дегенде сөз өрнектерінің әсемдігіне сүйсініп, соңында – ойымызға озықтық, санамызға – серпіліс, сезімімізге – тұнықтық қосқандай болып едік. Қашанда тығырыққа тірелген ойымызды ұштау, босаңсыған бойымызды ширату үшін шыншыл абыз Абайға жүгінетініміз хақ.

Сол сүре жолдан тайынбай әрдайым оның өлеңдеріне қайта-қайта оралу өмір заң­дылығына айналды. Көп өлең­дердің ішінен тақырыпқа тиек ретінде, көзіміз ашыла, тіліміз ширатыла жаттап өс­кен өлеңге көңіл аударайық. Бұл белгілі «Әсемпаз болма әрнеге» деп басталатын өлең жайлы. Осы терең ойлы өлеңді ауызға алғанда, бір сұрақ мазалайтын еді. Ол өлеңнің мына жолдары: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!». Өз ойымды түйіндеп, тұжырым айтудың алдында өлеңнің осы жолдарының әр басылымдардағы мә­тін­дерімен егжей-тегжейлі танысып шықтым.
«Абай тілі сөздігі» атты кө­лемді еңбекте өлеңнің бұл жол­дары леп белгісімен емес, сұрақ белгісімен аяқталады. Жалпы Абайдың өлеңдері әр жинақта әр­түрлі нұсқада берілгендігін аңға­рамыз. Осыдан туындайтын сұрақ: Ақынның өлеңінің қандай нұсқасы оның өз ойы­на сай дәлме-дәл жарық көрген? Осыған орай өз ойым­ды қосуды жөн көріп отырмын. Өйткені жасымнан «Осы жолдардың нақты айтпағы не?» деген сауал мазалайтын. Сондықтан ой қозғау орынды деп санаймын. Абыз Абай ойы мына нұсқада дұрыс болар деген тұжырымымды ғалымдар мен қалың жұртшылыққа ұсынғым келеді. «Сен де бір кірпіш – дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!». Мұнда сызықшаның орын ауыс­тырылу себебі, ақын ойын дұрыс жеткізу мақсатында қол­данылғандығын, оның нақтыландырылғандығын көр­сетеді. Өйткені ақын өз зама­нының озық жетіс­тіктеріне сүйене жетіл­ген, жан-жақты білімдар адам бола тұра, адамды қоршаған ғаламат кеңістікті, ертең «қайрат пен ақылға» сүйене орын тебетін әлеу­меттік ортаны өрісі тар, аумағы өлшемді бір ғана «кір­піш дүние» ретінде тануы мүмкін емес. Ол «бір кірпіш» ретінде сол заман мен келешек заманның жеке-жеке үлкенді-кішілі тұлғаларын елестетіп, олар­дың шытырман құбылысты қоғам өмірінде («дүниеге») өз­дерінің дарын-талаптарына лайықты орындарын («кетігін») тауып алуын («қалануын») құптап, бізге соны меңзеген. Ұлы хакім Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріндегі ойларын айна-қатесіз қағазға түсіру мен оларды өскелең ұрпақтың дұрыс қабылдап, қазіргі заманауи тіршілік талаптарына сай қолдану маңызы орасан екені айдай айқын.

Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ,
заңгер
АСТАНА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.