Берел қорғаны

«Шығыс Қазақстан облысы аумағында 623 тарих және мәдениет ескерткіштері бар, оның ішінде 16-сы мемлекеттік маңызға, ал 607-сі жергілікті маңызға ие ескерткіштер.
Алтай аумағының бөлігі болып табылатын Шығыс Қазақстан облысы жалпыадамзаттық өркениетті бейнелейтін түрлі тарихи оқиғаларға, ескерткіштерге өте бай. Алтай және қазіргі Шығыс Қазақстан аумағы тек сауда-экономикалық, қаржы, мәдениет орталығы болып қана қоймай, сонымен қатар қазақ елінің құрамына енген түрлі түркі тайпаларының қағанаттары пайда болған жер. Мәдениаралық, қоғамдық-экономикалық байланыстардың негізінде дәл біздің өңірде көнетүркі жа­зулары (руна, ұйғыр жазулары) пайда болған. Осы жазулармен жазылған ата-бабамыздың тарихын баяндайтын көп­теген көнетүркілік ескерткіштер бар.
Тағы бір айта кетерлігі, 2011 жылы аяқталған «Мәдени мұра» мем­лекеттік бағдарлама­сының маңызы зор болды. Бұл бағдарлама өзінің ауқымдылығымен бірегей, яғни тек қазақ­стандықтардың ғана емес, жалпы адамзаттың мәдени және рухани дамуына үлес қосты. Бағдарламаның жүзеге асуына отандық және шетелдік білім беру, мәдениет саласындағы ғалымдар жұмылдырылды. Бағдар­лама аясында жүргізілген кең ау­қымды археологиялық зерттеулердің нәтижесінде ел тарихының жаңа парақтары ашылды. Шығыс Қазақстан облысындағы Шілікті мен Берел қорғандарындағы қазбалар, онда табылған «скиф-сібір аң стиліне» немесе сақ өнеріне (б.з.д. V-III ғғ.) жататын алтын бұйымдар әлемге әйгілі болды.
Биыл облыс әкімі Даниал Ахметов­тың бастамасымен «2016-2018 жылдардағы Шы­ғыс Қазақ­стан облы­сында археология сала­сында ғылыми-зерт­теу жұмыстарын дамыту бағдарламасы» қабыл­данған болатын. Осы бағдарлама аясында 4 кезеңге бөлініп 3 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – өңір­дің туристік бағытын дамыту үшін мәдени брендін қа­лып­тас­тыру, Әлемдік ЮНЕСКО қорын толықтыру»…
Осы және өзге де мәселелер жөнінде кеңінен ой толғаған «Тарихи – мәдени мұраны қорғау жөніндегі Шығыс Қазақстан облыстық мекемесінің» директоры Талғат Сүлейменов­пен сұхбат газетіміздің 11-бетінде ұсынылып отыр.

Ескерткіштер тарихи-мәдени байлығымыз, өзіндік мәдениет құндылықтары мен дәстүрлерді қорғау және молайту арқылы ұрпақ сабақтастығын байланыстырушы жол іспеттес. «Халықтың өткені болмай, болашағы болмайды» деп Елбасымыз өзінің Жолдауында бірнеше рет атап өткен болатын. Тарихи ескерткіштерімізді қорғау, оларға қамқорлық таныту әрбір азаматтың парызы ғой. Ал еліміздің шығыс өңірінің қорғандары мен ескерткіштері туралы сөз еткенде ең әуелі Берел, Шілікті қорымдары  аузымызға түседі.  Әлбетте, археология Шығыс өңірінің бойтұмары деп бекер айтылмаса керек. Жуырда Шығыс Қазақстан облысында болған сапары аясында «Тарихи – мәдени мұраны қорғау жөніндегі Шығыс Қазақстан облыстық мекемесінде» болып, ескерткіштерді қорғау, сақтау және дәріптеу хақында атқарылып жатқан  жұмыстармен таныс болдық. Мекеме директоры Талғат Сүлейменовпен әңгімелесудің сәті түсті. 

Talgat– Ең әуелі, мекеменің мақсаты мен маңызы туралы айта кетсеңіз.
– Қазақстан Республикасының мәдениет сала­сының басты бағыттары­ның бірі – тарихи-мәдени мұраларды қорғау мәселесі болып табылады. Атал­мыш мәселенің шешімін табу мақса тында, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің қаулысымен «Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Шығыс Қазақстан облыстық мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Мекеме қазіргі заман мәдениет ортасын қалыптастыруға ықпал жасайтын, танылмаған және жаңа тарих пен мәдениет ескерткіштерін анықтап олардың архитектуралық-көркемдік ерекшеліктерін және бүгінгі таңдағы жағдайын айқындап, қорғауға алуды қамтамасыз етеді. Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Шығыс Қазақстан облыстық мекемесі облыс аумағындағы тарихи-мәдени мұралардың рухани аясын дамытып, оларды зерттеп және тиімді қолданылуын қадағалайтын мекеме. Сондай-ақ, жаңадан тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтап ғана қоймай, оларды жөндеу және қалпына келтіру жөніндегі заңнамалардың сақталуын қамтамасыз етеді.
Сонымен бірге біздің тағы бір мақсатымыз – ескерт­кіш­терді, тарихи мұрамызды көпшілікке, әсіресе жас ұрпаққа дәріптеу. Себебі халықты ақ­параттандыру ісі – елімізде бірыңғай мәдени кеңістікті қалыптастыратын, адамдар­дың мәдени деңгейін өсіріп, халық қазынасын сақ­таудағы олардың рөлін айшықтайтын, жауап­кер­шілігін сезіндіретін шара. Осындай қадамдар арқылы біз тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін тонау­шылардан сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттап, қадірін қашырмай жеткізе аламыз.
– Шығыс Қазақстан өңірі өзінің бай тарихымен белгілі аймақ. Өңірлеріңізде қандай ескерткіштер бар?
– Шығыс Қазақстан облысы аумағында 623 тарих және мәдениет ескерткіштері бар, оның ішінде 16-ы мемлекеттік маңызға, ал 607-і жергілікті маңызға ие ескерткіштер.
Алтай аумағының бөлігі болып табылатын Шығыс Қазақстан облысы жалпыадамзаттық өркениетті бейнелейтін түрлі тарихи оқиғаларға, ескерткіштерге өте бай. Алтай және қазіргі Шығыс Қазақстан аумағы тек сауда-экономикалық, қаржы, мәдениет орталығы болып қана қоймай, сонымен қатар қазақ елінің құрамына енген түрлі түркі тайпаларының қағанаттары пайда болған жер. Мәдениаралық, қоғамдық-экономикалық байланыстардың негізінде дәл біздің өңірде көнетүркі жа­зулары (руна, ұйғыр жазулары) пайда болған. Осы жазулармен жазылған ата-бабамыздың тарихын баяндайтын көп­теген көнетүркілік ескерткіштер бар.
Тағы бір айта кетерлігі, 2011 жылы аяқталған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама­сының маңызы зор болды. Бұл бағдарлама өзінің ауқымдылығымен бірегей, яғни тек қазақ­стандықтардың ғана емес, жалпы адамзаттың мәдени және рухани дамуына үлес қосты. Бағдарламаның жүзеге асуына отандық және шетелдік білім беру, мәдениет саласындағы ғалымдар жұмылдырылды. Бағдарлама аясында жүргізілген кең ауқымды археологиялық зерттеулердің нәти­жесінде ел тарихының жаңа парақ­тары ашылды. Шығыс Қазақстан об­лысындағы Шілікті мен Берел қорғандарындағы қазбалар, онда табылған «скиф-сібір аң стиліне» немесе сақ өнеріне (б.з.д. V-III ғғ.) жататын алтын бұйымдар әлемге әйгілі болды.
– Жуықта Берел, Шілікті, Аблайкит, Қырықүңгір қорымдарында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тың тарихи деректер мен жәдігерлер табылғанынан хабардармыз. Осы жөнінде айта кетсеңіз…
– Биыл облыс әкімі Даниал Ахметов­тың бастамасымен «2016-2018 жылдардағы Шы­ғыс Қазақ­стан облы­сында археология сала­сында ғылыми-зерт­теу жұмыстарын дамыту бағдарламасы» қабыл­данған болатын. Осы бағдарлама аясында 4 кезеңге бөлініп 3 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – өңір­дің туристік бағытын дамыту үшін мәдени брендін қа­лып­тас­тыру, Әлемдік ЮНЕСКО қорын толықтыру.
Мәдениет, мұра­ғаттар және құжаттама басқар­ма­сының бастамасымен құрамында Зейнолла Самашев, Карл Байпақов, Әбдеш Төлеубаев сынды археологтар бар арнайы жұмыс тобы құрылды. Сонымен бірге зерттеу жұмыстарына Ұлыбритания, АҚШ, Италия, Бельгия, Венгрия, Польша, Жапония, Түркия, Қытай, Қырғызстан және Ресей мемлекеттерінің белгілі ғалымдары да қатысты. Бұл жобаның тағы бір жетістігі, археологиялық қазба жұмыстарына студенттер де қатысып, үлкен тәжірибе жинақтады.
Барлығы 5 археологиялық нысан: Катонқарағайдағы Берел қорғандарында, Зайсандағы Шілікті обаларында, Ұлан ауданындағы Аблайкит қамал-ғибадатханасында, Абай ауданындағы Қырықүңгір ескерткішінде, Тарбағатайдағы Елеке сазында қазба жұмыстары жүргізілді.
Зерттеу нәтижесі бойынша қола, темір дәуірлеріне және ортағасырларға тиісті құнды жәдігерлер анықталды. Қорғандарда атпен бірге жерленген адамдардың мүрделері, ат әбзелдері, керамикалық құтылар, қола ыдыстар және т.б. табылды.
Берел қорымына тиісті №2 және 19 қорғанындары жобасының жетекшісі тарих ғылымының докторы, профессор, А.Х.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері Зейнолла Самашев. Берел қорымы б.э.д. IV-III ғасырларға жататын тарихи ескерткіш. Бұл ескерткіш көшпенділер тұрмысын айшықтаған тоң басқан жерлеу камераларымен және аң стиліндегі көз тартар әшекелерімен әлемдік танымалдылыққа ие болды. Бұл қорымнан ат әбзелдері, әшекейлер, қару, ыдыс-аяқ және тағы да басқа тұрмыстық дүниелер табылды.
Зерттеу нәтижесі Берел даласын мекен еткен халық тоң басқан жерлеу камерасын дайындаудың құпияларын білгенін көрсетті. Сонымен бірге олардың тастан құрылыс нысандарын салу өнері жерлеу камераларын дайындауға бағытталғаны белгілі болды. Берел қорымы болашақта әлі де зерделеуді қажет етеді.
Алтайдағы археологиялық қазба­лар­ды екі топқа бөліп қарауға болады. Зейнолла Самашевтің айтуынша, біріншісі, ерте темір дәуіріндегі сақтар кезеңі. Осы кезеңге тиесілі №2 және №19 қорғанға биыл қазба жұмыстары жүргізілді. №2 қорғаннан егде жастағы әйел мүрдесі мен жеті жылқы табылды. Патша әулетінен шыққандықтан мәртебесіне байланысты адаммен бірге жеті жылқыны қойған. Бірақ қорғандағы алтын бұйымдар тоналған, көп заттар табылмады. Патшайымның алтынмен әдіптелген киімінің кейбір жұрнақтары ғана сақталыпты. Жүздеген әшекейден тұратын алтын киімінің, өкінішке қарай, кейбір бөлігі ғана қалған. Сондай-ақ қоладан құйылған айна табылды. Оның сабы жыртқыш аңның бейнесінде жасалған. Қасына кендір дәнін ұнтақтайтын арнайы құрал мен ыдыс қойылған. Патшайым көп ауырған қартаң адамға ұқсайды. Қатты ауырған жан болғандықтан о дүниеге барғанда ем-домына қажет болады деген оймен жанына қойған. Сондай-ақ, бірнеше жылқының басына әшекейлі бетперде кигізілген. Бір аттың басында алтыннан құйған құстың бейнелері шықты. Бұған дейін №10 қорғанда табылған аттың ер-тұрманының әшекейлерінде бірнеше қораз бейнелері бедерленген болатын. №19 қорған да қатты тоналған. Бірақ тонаушылар қабірдегі мүрдені аяғынан сүйреп тартқан кезде бас киімінің бір бөлігі орнында қалып қалған екен. Яғни Есік қорғанындағы «Алтын адамның» бас киіміне ұқсас алтыннан жасалған сәукеле қалдықтары табылды. Өте қызық әрі құнды дүние. Бұл — енді бой жете бастаған жас қыздың мүрдесі.
Берел қорымынан табылған жәдігерлер үлгісінің лабораториялық зерттеу жұмыстары қазір шетелдік зерттеу орталықтарында Токиодағы (Жапония) Ұлттық генетика институты мен Ресей ғылым академиясының Археология және этнография институтының Сібір бөлімінде жүргізілуде. Сондай-ақ отандық зерттеу орталықтары А.Х.Марғұлан атындағы археология институтында, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлтық университетінде, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жұмыстар жүргізілуде.
Шілікті қорымы бойынша жобаның жетекшісі тарих ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Әбдеш Тө­леубаев. Бұл қорымға қатысты материалдар реннесандық б.э.д. VII-VII ғасырларға жатады. Ежелгі Қазақ­стандағы сақ дәуірінің маңызды кезеңі дәл Шілікті қорымынан бастау ала­тынын айта кету керек. Зерттеудің маңыздылығы да осында.
BerellҒалымдардың алдын ала жаса­ған сараптамалық зерттеулеріне сүйенсек, реннесандық жеке Шілікті мәдениеті болды деген болжам да бар. Бұл Қазақстан археологиясында үлкен серпіліс болатыны анық. Мұның барлығы аталған жобаның ұлттық және халықаралық деңгейдегі маңызын айшықтайды. Жоба жетекшісі Әбдеш Төлеубаев­тың зерттеуіне сүйенсек, Шілікті даласы – Шығыс өңіріндегі сақ ескерткіш­терінің ең көне элитарлық ескерткіштері орналасқан жер. Жоба жетекшісі ерте темір дәуіріне жататын 200-ге жуық сақ обалары бар екенін айтты. Оның ішінде 50-ге тарта элитарлық немесе патша обалары бар. Еуразия даласында дәл Шілікті жазығындағыдай элитарлық обалар тығыз топтасқан аймақ өте сирек кездеседі. Жылқымен бірге жерлеу дәстүрі Шіліктіде бұрын-соңды кездеспеген болатын. Обаның үстіңгі бөлігінде қолы мен аяғы байланған әйел мүрдесі, одан 70 сантиметрдей төменде ерінің жерленгені анықталды. Бұл да зерттеуді қажет ететін тың жаңалықтың бірі.
Аблайкит қамал-ғибадатханасы зерттеу жобасының жетекшісі тарих ғылымының докторы, профессор, А.Х.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері Карл Байпақов.
Ортағасырлық Аблайкит қамал-ғибадатханасы Шығыс Қазақстанда болашақта экологиялық туризмді дамытатын маңызды аймақ. Қазақстан аумағында тибеттік буддизмнің таралу тарихынан сыр шертер Аблайкит ғибадатханасы 1654 жылы салынған. Жалпы, Шығыс Қазақстанда жоңғар дәуірімен мерзімделетін ескерткіштер көп. Ал бұл ескерткіш XVI ғасырға жататын құнды жәдігер. Ғибадатхана ішінен 350 жыл бойы жатқан, ескі моңғол тілінде жазылған қайың қабығы, мүсіндер және тағы да басқа қола ескерткіштер табылған болатын.
Eleke  sazyҚырықүңгір, Қырық оба және Елеке сазы қорымдары жобасының жетекшілері тарих ғылымының кан­дидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлтық университеті археология кафедрасының мең­герушісі Ұлан Үмітқалиев пен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бас ғылыми қыз­меткері Ерден Оралбай. Елеке сазы ескерткіштері бұрын археология­лық тұрғыдан ешқашан зерттелмеген. Алғаш рет қазба жұмыстары жүргізіліп, ғылыми айналымға енгізіліп отыр. Елеке сазы жайлауын «Патшалар алқабы» деп айтуға толық негіз бар. Бұл жерде 7 қорым, 300-ден аса қорған бар. Ең үлкен қорғанның диаметрі 120 метр, биіктігі 5 метр шамасында. Осы қорғанның қасында диаметрі 100 метр тағы бір қорған бар. Әр қорымдағы қорғандардың орналасуы да, қорғандардың сыртқы пішіндері де әртүрлі. Бұл жерде ерте темір дәуірінің ерте кезеңінен бастап көне түркі кезеңіне дейінгі ескерткіштердің бірегей, ақсүйектік түрлері орналасқан.
Бұл қорымдар қола дәуіріне және алғашқы тас ғасырына тиесілі құнды ескерткіштер. Ежелгі Қазақстан тарихын зерделеуде сақ дәуірінің басты құрамдас бөлігі іспеттес. Сондықтан бағдарлама шеңберінде әлі де зерттеу жұмыстары жүргізілмек.
–Облыстың археологияны дамыту бағдарламасы аясында археологиялық нысандарда жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарының биылғы жаңалықтары қандай?
– Биылғы жаңалықтардың ішіндегі тұщым­дысы – Берел қорымындағы обаның үстіне шыныдан саркофагтың салынуы. Саркофаг бағасыз археоло­гия­лық жәдігерлерді сақтап қана қоймай, Қатонқарағай ауданының ту­ристік кластерін кеңейтуде маңызы зор. Сондай-ақ, Тарбағатай ауданы аума­ғында Елеке сазы қорымынан табыл­ған жәдігерлер зерттеушілер тарапы­нан өте үлкен қызығушылық туғызып отыр.
Археологиялық зерттеу жұмысының барысы хақында «Көне дәуір мұралары» атты үш тілде деректі фильм түсірілді. Бүгіндері бұл фильм облыстың тарихи құндылықтарын дәріптеудің ең ұтымды тетігіне айналды.
Осы жылдың қыркүйек айында Өскемен қаласындағы металлург­тердің Мәдениет сарайында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік кон­ференциясы өткізілді. Конфе­ренция аясында Металлургтер мәде­ниет сарайы алдында киіз үй­лерге қойылған Шығыс Қазақстанда жүр­гізілген археологиялық қазба жұмыстар нәтижесінде табылған құнды жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Қорытындысы бойынша археология, түркология, алтайтану және өлке тарихы бойынша жинақ жарық көрді.
Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Ата-баба мұрасы» экспозициясы жұмыс істеуде. Биыл мұражайға осы уақытқа дейін және биылғы зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған ұзын саны 3000-нан астам артефактілер осы топтаманы толықтырып, мұражай қорына берілді. Eleke
Жалпы қабылданған бағдарлама археологияның маңызды бағыттарын дамытуға және ежелгі, ортағасырлық тарих пен мәдениетті тереңірек білуге жол ашатыны сөзсіз. Алдағы уақытта Шығыс Қазақстан облысында археологиялық зерттеулер жүргізуге негіз болып, туристік кластерін дамытатыны анық.
Алғашқы кезеңде атқарылған жұмыстар нәтижелі болды. Бұл жұмыс­тар өз кезегінде ел Тәуелсізді­гінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғаны да қуанышты жайт.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Ақбота Исләмбек

Алматы – Өскемен – Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

6 Пікір

  1. Зарина

    Өте құнды материал екен. Тарихымызыды жаңғырту керек қой.

  2. Перизат

    Археология ғылымын дамытудың осындай жолдары сүйсінтеді. Меніңше, бар дүниемізді асыл қазынамызды ұлықтау маңызды. Сондықтан да табылған жәдігерлер көптеп зерттелсе…

  3. Алмас

    Шығыс Қазақстан ежелден археологияның темір қазығы болып саналады. Сондықтан шығыс өңірді әлі де зерттесек, үкімет тарапынан жіті көңіл бөлінсе деген үлкен ойымыз бар.

  4. Ермек

    Облыс әкімінің бастамасы қуантады. Расында тарих пен мәдениетіміз қамқорлыққа зәру.

  5. Біреу

    Қорған деген крепость, Сауран қорғаны, Түркстан қорғаны, Ұлы Қытай қорғаны… Орысша КУРГАН қазақша ҚОРЫМ аталады.Орысшадан сол қалпында қотаруға болмайды, осыншама сауатсыздық ұят. Орысша масло қазақша май ғой, сол сияқты. Деньга дегені ақша… т.т.

  6. Нұрлан

    Берел қорғаны туралы көптеген пікірлер мен көзқарастар бар ғой. Оны нақты солай деп кесіп айтуға болмайды. Ғылыми зерттеулер ғана ақ-қарасын ажыратып береді. Қорған деген де, қорым да деген де нұсқалары туралы мақалалар көп. Қорғандардың болғанын да жоққа шығару қиын.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.