Түктібай әулие

Түктібай баба жайлы бала кезімнен естіп, әбден құлағыма сіңісті болып қалған аңыз, әпсаналар қаншама! Әлі есімде қазан айы басталысымен тау мінезі бұрқ-сарқ бұзылып, қара суықта ақ жауын жұмадан-жұмаға сілбіреп жауды да тұрды. Әкемнің қойын Бурылға дейін айдасып қайтып үйге келсем, шешем байғұс күйбеңдеп, маған тура қарай алмай киіне бастады.
– Жүр, балам бір жарым ай оқудан кешіктің, өзім апарайын енді, – деп Қызыләскерден мені жетектеп Жамбыл ауылына қарай алып шықты.
Күздің қара суығы сүйектен өтеді, былжыраған жол, тұнжыраған аспан, сұп-суық мұздай жауын – еңсеңді езіп басады. Шешем жарықтық өжет, пысық еді. Міне, жаяулатып келе жатқанда да қалың ой қамалап, түк үндемеді. Өсербайдың бейітіне жетпей жолдан төмен бұрылып, үлкен үй орнындай төмпешіктің жанына жүрелей отыра кетті.

– Кел, балам, қасыма – деді. Шөке­леп қасына отырдым. Аузы басы жыбырлап, күбірлеп аят оқып, бетін сипады. Кенет жарықшақтана айқай сал­ғанда, селк ете түсіп, бүкіл денем тітіркеніп кетті.
– Аруағыңнан айналайын Түктібай ата! Міне, қарғадай баламды ертіп әкеліп, өзіңнен медет тілеп келдім. Барар жер, басар тауым жоқ, әбден мүжіліп біттім. Биыл қатарластарымен мектепке оқуға бара алмай қалды. Әкесі байғұс қу жалғыз. Колхоз қойын құмдағы қыстауға айдасатын адам табылмай осы қарашығым отарды айдап апарып қайтты. Биыл міне, оқудан қалып қалды. Бұл жиеніңіз жақсы оқиды – Қызыләскердегі төрт жыл бас­тауышты тек беске бітірді. Осы мынау балам оқып, адам болса деп үміттеніп жүр едім. Оқымай қалса не болады? Ата, саған арнайы келдім… Мен өзіңнен тараған бір бұтағың едім, елбіреген бір жапырақ жиеніңді елеп, ескере жүр, ататай… Жолын аш, қырсық, пәле-жаладан сақтап жүр… Кімге ғана барамын, оқуға қабылдамаса қайтемін ата!?
Менің шешем Күлиман Екейдің ішінде Морға, оның Бақсыбаласы атасынан тарайды.
Қайран асыл анам-ай!.. Атасы дәл алдында тыңдап тұрғандай айқайлап, зарлана шер басып қалған сырын ақтарып жатыр. Көзінен жасы тарам-тарам ағады, бой-бой жылап отыр.
Оның сай-сүйегімді сырқыратып жылап айтқанын көріп, менің де көзімнен жас парлап, өксігімді баса алсамшы, әбден күйзеліпті ғой. Неге ғана мен елдің балалары сияқты бірінші қыркүйекте былғары портфель ұстап мектепке бара алмаймын? Әуелі үстіме биыл жаңа киім де сатып ала алмадым.
– Бұл құлынымды қайда жатқы­замын, оқуға қабылдай ма енді?
Түктібай ата, осы қаршадай баламды өзіңнің әруағыңа аманаттап, тапсырдым. Ал, балам, қолыңды жай! Түктібай бабаңнан тілек тіле… Бұл атаң айтқаны айдай келетін көріпкел, асқан әулие, атақты қобызшы, бақсы. Ал, ата, тілегімізді қабыл ет! – деп шешем бетін сипап, үһлеп, түрегеліп, орамалының ұшымен көзін сүрткіштеді.
Қайта жолға түскенімізше жауын сап басылып, аспан шайдай ашылып жүре берді. Жамбыл аулындағы екі қабатты мектепке келгенше су-су болған үсті-басымыз да кеуіп үлгерді.
Мектеп директоры Рахым Дәуітов ағай көзілдірігі жарқылдаған сыпайы кісі екен. Шешем әңгімесін айта алмай, мырсыңдап жылап қалды. Менің табелімді көріп:
– Сіз сабыр етіңіз. Бұл баланы қабылдаймыз. Тек беспен оқитын мұндай оқушыны қабылдама­ғанда кімді қабылдаймыз.
– Жататын жері де жоқ, – деп еді.
– Қам жемеңіз, интернатқа жатқызамыз. Қойшының баласы екен. Әлі көресіз, бұл балаңыз сіздердің аттарыңызды талай жерге жеткізеді. Солай емес пе? – деп маған қарады.
– Оқимын аға. Жақсы оқимын! – дедім тақылдап. Жол бойы жылап келген шешем күліп, мейір-шуағын төгіп, қуанып қайтты… Мен мұны Түктібай бабамның әруағы қолдаған шапағаты деп ұғам осы күнге дейін. Кейін Түктібай әулие жайлы біздің елдің сыр сандық, шежіре көңіл ақсақалдарынан талай-талай хикая, әңгімелер естідім. Түктібай әулие жөнінде титтейімнен естіп, зердеме құйып алған аңыз әңгімелер қаншама?!
– Түктібай бұдан 300 жылдай бұрын Сыр өзені бойында туғанда үсті-басы түгел түк болып туады. Оның сексеннен асқан емші атасы немересінің бұлай болғанына қуанып: «Бұл – нышанмен туды. Аты – Түктібай болады. Әлі ел-жұртының атын шығаратын қасиет қонады бұл қарағыма» деп бір жасқа дейін жан баласына көрсетпей ұстайды. Сүндетке отырар жылы денесін түгел жапқан түктері өз-өзінен сыпырылып түсіп, омыртқасын бойлай ат жалындай түктері ғана қалады.
– Түктібай титтейінен домбыра тартады, нар қамыстан жонып сыбызғы жасап алады. Бірде Сыр өзенінің жағасында отырғанда қа­лың қорыс қамыстан нән жолбарыс етпеттей еңбектеп Түктібайға жа­қындай береді. Сонда Түктібай ас­пай-саспай жайбарақат қолындағы сы­бызғысын сызылтып шертіп бергенде жылжып келе жатқан жолбарыс, қалт тұра қалып, бір секірсе жететін жерден қайта бұрылып, ну қамысқа кіріп жоғалыпты. Су жағасындағы көрген қыз-келіншектер зәресі ұшып Түктібайға келсе сол сыбызғысын сыңсытып, балбырап отыр дейді.
– Бала он үшке келгенде ұрғашы тораңғыдан өзі шауып қобыз жасап алыпты. Бұл қобызының үні шықпай, қара терге түсіп қайта қобыз шабады. Бірде күн батып бара жатқанда далада ұйықтап кетіпті. Дәл өңіндегідей түс көріпті. Түсінде ақ сақалы желбіреп, беліне түскен қария: «Балам анау Әулиешоқы деген құмның шетінде үй орнындай ғана тақыр жер бар. Соны қазсаң өмір бойғы керегіңді аларсың. Ал батамды бердім. Қобызды да қасиет қонған киелі жан ұстайды. Ал, қолыңды жай!» деп батасын беріпті. Бала әкесіне айтып, екеулеп Әулиешоқы құмын шарлап, ат аунайтындай ғана тақыр жерді табады. Сол жерді қазып жіберсе түйе терісіне оралған қобыз бен төс, балға шығады.
Түктібай қобызды ала салып, айдалада ойнап кеп жөнелгенде уілдеп, құм суырған жел де тынады, алакөбіктеніп долдана аққан өзен де сабыр табады, әуелі аспанда ұшқан құстар да бір орында тұрып қалады. Қара қобыздың үні қалың құм ішінде шалқып, дала балқып кетеді. Бала тоқтамай жеті күй тартыпты. Бүкіл өзен жағасындағы қалың аң-құс, жануар біткендер селт етіп бастарын көтеріп аңыраған күйді тапжылмай тыңдасыпты.
Бой-бой терлеп жеті күйді бітіріп тоқтағанда әкесі шырт ұйқыдан оянғандай болып:
– Балам, аянмен келген бұл қара қобызды қасиеттеп ұста, ұрпақтан ұрпаққа бойтұмардай аманатта! Ал мына төсті де ала жүрейік. Бізден тараған үрім-бұтақтардан ұста, шеберлер көп шығады екен, – депті.
– Содан бастап Түктібай бақсы атаныпты. Бірде көрші ауыл отырған жерді жылан басып кетіпті. Үш мәрте жұрт ауыстырса да бір түнге жетпей қалың жылан ауыл үйіне, мал ішіне басып кетеді екен. Түктібайға қос атпен кісі шаптырып, алдыртыпты. Түктібай сол ауылдағы аузы қисайып кеткен бадырақ көз қойшының үйінде таңның атысынан кеш батқанша қобызын сарнатыпты. Сонда түске шейін қалың жыландар әлгі үйді шыр айналып арқанша ширатылып жинала беріпті. Ымырт түсе, күн бата терістікке қарай бір ізбен сусылдап көшіп кетіпті, бірде-бірі қалмай біржола жоғалыпты. Жыландар жым-жылас жоғалғанда әлгі қойшының қисық аузы түзеліп, есі кіріп, көзі орнына түсіп, қояншықтығы басылыпты. «Осы қойшыда жын бар еді, жындар соны паналап келген болатын, соны қудым» депті Түктібай бақсы.
– Жаугершілік кезінде уланған садақ оғы тиген сарбаздарды қобызымен ұшықтап, күй тартып емдегенде алынбай тұрған жебе өз-өзінен сырт етіп түсіп, домбыққан, күп іріңдеген жарасы екі-үш күнде жазылып кететін болыпты.
– Кейін Түктібай әулие атанып, нау­қастар алыс-жақыннан арнайы іздеп келіп, шипа тауып қайтатын болған.
– Қайда не болып жатыр, кім келе жатыр, ол қандай жан екендігін алдын-ала біліп қояды. Алда не күтіп тұр, ол қалай шешіледі, бәрін қолға қойғандай айтып береді. Ел, жұрт көріпкел әулие, емші-шипагер деп таңдай қағады.
– Бірде аламан ат бәйгесі болады. Бәйге үстінде қымызға қызған құрдастары Түктібайға «Сені әулие, көріпкел дейді». Осы бәйгеде көріп­кел­дігіңді көрсетші депті. «Онда қараңдар бас бәйгені менің мына қара қобызым алады» депті де атшабар кісіге: «Жүйріктерді бәйгеге жібергенде мына қобызды да жерге қоя салыңыз» депті. Атшабар желігі бар, есерсоқтау ұрма-перме ожар кісі екен, бар атты бәйгеге қосып жібереді де, қара қобызды шылбырымен дәу ағашқа байлап тас­тайды. Жүйріктер күндік жерден ұзақ шұбап жөнелгенде бір қараса дәу ағашты түбірімен суырып алған қара қобыз қара жолды бұрқыратып шаңдатып келеді. Бар жүйрікті басып озып, бәйгеде бірінші келеді. Ел-жұрт таңданып қараса дәу ағашқа таңылған Түктібайдың қара қобызы. Бас бәйгені алып, Түктібай қобызын орап жатқанда ат айдаушы келіп, көзі басы алақтап, есі ауып, аттан құлап түседі. Тілден қалып, домалай беріпті. «Өз үйіне апарыңдар, ертең ертесімен емдеймін, әйтпесе жаны шығып кетеді» депті Түктібай. Ертеңіне Түктібай әлгіні қара қобызын тартып емдеп шыққаннан кейін, есерсоқ ұрыншақ ат айдаушы бес мезгіл намазға жығылып, сабырлы, салмақты тақуа жанға айналыпты.
– Түктібай қартайған шағында Ахет Морғадан тараған ағайындарын жинап алып «Ертең Алатауға көшеміз» депті. Бұл көктемнің аласапыран кезеңі екен. Сыр өзенінің селі бұзылып, дария қатты тасып, жағалаудан асып төңіректі қара су басып, шалқар көл болып кеткен екен.
Көшке жиналғандар үркіп дариядан мынандай кезде қалай өтеміз деп тұрғанда Түктібай әулие қара қобызын сарнатып, ойнап кеп жібергенде көл-дария басып жатқан өзен қақ жарылып, асты құп-құрғақ жол болып қалады. Көш түгел аман есен арғы бетке қауіпсіз жерге өткен соң соңдарынан бұрылып қараса Сыр алабота боп қайта тасып жатыр дейді.
Иә, Түктібай әулие жайлы аңыз әңгімелер қаншама десеңізші. Бақсы баласы атасынан тараған Үмбетқұл деген атақты ұста, шебер болды. Ол кісінің жасаған қолөнер бұйымдарын музейлер кезінде сұрап алып кеткен. Қызыләскер ауылында өзі қиып жасаған ағаш үй әлі тұр.
– Совет өкіметі кезінде «Қобызы бар, әулие тұқымы» деп бұлардың тұқымын НКВД шақырып қоймайды. «Қой бұл қобызды теріге орап көміп тастайын, кейін керек болса ұрпақтары тауып алар» деп Түктібай атасы бейіті жанына көміп тастайды. Түктібай ұрпақтары аласұрып, ұйқы көрмей шығады. Ертеңіне барып қараса қобыз көмген жерінің үстінде жатыр екен. Үш күн бойы көмеді, үш күн бойы қобыз жердің үстіне шығып қалады. Ақыры ұрпақтары ақылдасып, қобызды көмдік деп үйлерінде тығып ұстайтын болған.
– Үш ғасыр болған әулие ата­мыз­дың қасиетті қара қобызы қара шаңырағында бойтұмардай сақтаулы тұр. Қобыздың кезіндегі сылдыр­мақ­тары қолдан қолға өтіп азайған. Бірақ қобыздың киесі, қасиеті, шипагерлігі баршаға аян.
Ау, әлеумет, егер өзіңіздің жолыңыз­ды ашып, қырсықтан арылғыңыз келсе, жаныңызға, от­басыңызға шипа тілесеңіз Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Жамбыл – Қызыләскер ауылының ортасында Түктібай әулие кесенесіне барып зиярат етіп, қара қобыздан күш қуат алып қайтыңыз.
Түктібай ата қобызын – Тәлім апа ешкімге көрсетпейді, бөтенге ұстатпайды. Біреулер келіп өтініш жасайды. Ондайда қобызды ақ шүберекке сәбише бөліп, өзі әлгі шақырған шаңыраққа әлдилеп көтеріп әкеледі. Сол үйге түнетеді, өзі қара қобыздың қасына қонады да, ертесіне бөпесін көтерген анадай қайта алып кетеді.
Тәлім апа дүниеден өткеннен кейін қара қобызды баласы Алпысбай мен келіні Қарлығаш ұстады. Қарлығаш – он бала өсірген ардақты ана, атасына аса ықыласы ауған дастарқаны берекелі, үйі шуақты, менің Садабай досымның әпкесі еді.
Алпысбайлар Түктібай атасының бейіті жанына үй салып, көшіп бар­ған­нан кейін, әруақ қолдап, дүрілдеп шаруа-тіршілігі жүріп кетті. Түктібай әулиеге ақ шаңқаң кесене тұрғызылды, жан-жағына ағаштар отырғызылды. Күндіз-түні елімізден ғана емес, шетелдердің өзінен қаншама адамдар ағылып келіп жатады. Әулие бабаға зират етіп, тілеу тілейді. Қасиетті қара қобызына тәу етіп, тәнті болады.
Қаншама жандардың жолы ашы­лып, тілегі қабыл болып жатыр десеңізші!
Өзім білетін бір ғана мысал айтайын. Министрліктен түсіп қалған бір азамат Түктібай ата басына қайта-қайта келіп, түнеп жүргенін көріп:
– Сіз неге атаға жиі келіп жүрсіз? – деп сұраған едім.
– Түсімде аян берді. Түктібай ата жолымды ашады, қайта министр боламын, – дегенін естігенімде сенер-сенбесімді білмеген едім. Шынында да сол азамат қайта министр болып, ар­дақты азамат, үлкен қайраткер болды.
Иә, елу жылда ел жаңа демекші, Алпысбай мен Қарлығаш та бұл дүниеден өтті. Екеуінің де жатқан жері жарық, Алла алдарынан жарылқасын. Бүгін Түктібай ата кесенесінің шырақшысы ата ұрпақтары бұрынғы дәстүрді жалғастырып келеді.
Бұл атадан тараған Сара тәтем мені өз шешемдей бағып-қақты, баласы Ермекпен дос болып өстік. Ал Нұрбике әпкеміз Қызыләскердегі кітапханада өмірбойы кітапханашы болды. Маған арнап Ұзынағаштан, Алматыдан кітаптар әкеліп, оқығаннан кейін, мазмұнын сұрап ылғи әңгіме-дүкен құратын біздің ауылдың көңілі зерек, ойы терең әпкем нағыз зия­лы жан екен ғой. Кітапқа деген, білімге деген құштарлығымды арттыруға осы кішкентай ауылдағы кітапханашы Нұрбике көп көмектесті ғой. Ол кісі көрген жерде «қазір не оқып жүрсің?» дер еді. Кейін «Айналайын, қазір не жазып жүрсің? Жаңа кітабыңды берсеңші» дейтін менің жүрегіме білім шырағын жаққан қайран асыл әпкем! Көрген жерде бетімнен сүйіп, басымнан сипайды, бұл әпкелерімнің маған ықылас-пейілдері ерекше еді.
Үш ғасыр бұрын өмір сүріп, аты алты алашқа мәшһүр болған асқан әулие, көріпкел емші, шипагер бақсы Түктібай әулие жайлы әлі талай-талай зерттеліп жазылар. Айтқаны айдай келетін көріпкелдігі, таңғажайып бақсылық өнері, аузы дуалы шипагерлігі, қара қобыздың қасиет-киесі жайлы айтылар әңгімелер көп-ақ.
Түктібай ата кесенесіне бара жат­қанда баяғыдағы шешемнің мені аманат­тап, табыстағаны, көл-көсір жылап, шерін тарқатқаны әлі күнге дейін көз алдыма келеді.
Әруағыңмен қорғай жүр, Түктібай баба!

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.