М.Әуезов салдырған мектеп

Шаяндағы іргелі білім ордаларының біріне бас сұққанмын. Осы аймақтан шыққан небір айтулы азаматтар дәл осы мектепте оқығанын естуші едім. Мектеп жанынан ашылған мұражайдың да айтар сыры көп емес пе? Соны көрмекке, танысып-білмекке ұмтылған ниет еді біздікі. 

– Жыл сайын 28 қыркүйекте құ­­дайы ас беріп, Мұхтар Әуезовтің рухына бағыштап құран оқытып тұрамыз. Ардагер ұстаздарымызды құрметтеп, мектептің бұрынғы директорларын атап өтіп, арғы-бергі тарихты қозғап, сол күні тамаша еске алу кеші ұйымдастырылады. Бұл шараға оқушыларымыз да түгел қаты­сады. Олар өз мектебінің тарихын жақсы білуі керек. Білім ордасын мақтаныш етуі үшін де мұндай тағылымды кештердің берері көп, – деді мектептің директоры Толқын Бейсенова.
Несін жасырайын, директордың әңгімесіне алғашқыда елең ете қоймағаным рас. Мектеп заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің есімімен атала­тындықтан, қаламгердің туған күнінде осындай іс-шара ұйым­дастырылатын болар деген ой түйіп қойғам.
– Біздің мектепті Мұхтар Әуезов­тің өзі салдырғанын білетін шығарсыз?
Толқын апайдың тосыннан қойған сұрағына тосырқап қал­ғаным да содан. Білмейтін мәлі­метті білуге ұмтылдым. Қаламгердің осы аймаққа келгенін, елді, жерді аралап, қарт Қаратаудың етегінде талай күн қонақ болғанын Еркінбек Тұрысов ағамыздың жазбаларынан оқығанмын. Сол сапарында Мұхтар Әуезовтің «Шаянға барсаң әншімін деме» деген сөзін әлі күнге дейін бәйдібектіктер елге берілген үлкен баға деп қабылдайды. Ал мектеп салдыртқанынан бейхабар екенмін.
– Мен ол кезде 10-сыныпта оқимын. Он екінші мамыр күні Шаянға аудандық партия комитетіне Мұхтар Әуезов келіпті десті жұрт. Бір сағаттан соң ауылдағы клубта кездесу кеші өтеді дегенді естідік. Содан ауылдағы клубқа халық лық толды. Көп күттірмей қасына ілескен шағын топты бастап, орта бойлы, жылы жүзді, мөлдір көзді, реңді кісі кірді. Алдыңғы қатардағы орындардың біріне жайғасты. Кездесу басталып, спектакль сахналанып, концерттік бағдарлама жалғасын тапты. Концерттен соң жазушы сахна төріне көтерілді. Ұлы жазушының әр қимылын бағып, әр сөзін тыңдауға құмартқан жұрт лезде тынышталды, – дейді Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ­Шахизада Жолшиев.
Шаянда болған сол кездесуден соң жазушы іргетасы 1926 жылы қаланған мектепке де ат басын бұрады. Бұл білім ұясын кезінде Пірім­хан Жұмабаев ашқан деседі жұрт. Алғашқыда бас­тауыш мектеп болып ашылған. 1934 жылы жетіжылдық, ал 1937 жылы орта мектепке айналған білім ордасының ғимараты ескі әрі тозығы жеткен. Осы жайтты көзбен көрген Мұхтар Әуезов мектеп ғимаратының ескіргенін айтып, аудан басшыларына өз қынжылысын білдіреді.
– Клубтағы кездесуден сабаққа кешігіп келдік. Сыныпқа кіріп, отыр­ғанымыз сол еді, Мұхтар Әуезов жанында аудандық «Алғабас» газетінің сол кездегі редакторы Е.Тұрысов, Ж.Егенбердиев және бірнеше кісілермен біздің сыныпқа кіріп келді. Жаңа ғана өткен кездесуден мол әсер алып келген біз, өз сыныбымызда жазушымен жақынырақ кездескенімізге көңіліміз марқайып сала берді. Жүзіміз бал-бұл жанып, әйгілі жазушымен сәлемдескенімізге өзімізді бақытты сезініп тұрмыз. Бізбенен сыпайы сәлемдескен жазушы білім деңгейімізді, қоғамдық жұмыстарға қатысуымызды білгісі келіп, сұрақтар қойды. Тұщымды жауап алған болар, қасында тұрған ауданның бірінші хатшысы Н.Исмаиловқа бұрылды да, «Осындай өнерлі де дарынды балаларыңның бар екенімен мақтануыңа болады, бірақ мектеп жайы өте ескі екен. Жамаумен ұстап отырғандарың көрініп тұр. Жәрдем берейін, жаңа мектеп салдыру керек» деді. Сондағы бүкіл сыныптың қуана қол соққаны-ай! Күні бүгінге дейін жазушының сол айтқан сөздері көкейімізден кетпейді, – дейді ­Шахизада Жолшиев.
Осылайша жазушы уәдесінде тұрып, Шаянда жаңа мектеп ғима­ратының салынуына мұрындық болады. 1962 жылдың 28 қыркүйегінде пайдалануға берілген жаңа ғима­рат­тың ашылу салтанатына Шаян тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай келді. Міне, сол мектепті жұрт әлі күнге «Мұхтар Әуезов салдырып берген» деп мақтана айтады. Еңбекшілер депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетінің шешімі негізінде №1 Шаян орта мектебі Мұхтар Әуезов атындағы №1 орта мектеп деп аталатын болды.
– Мектебіміздің нөмірі ғана бірінші емес, шәкірттеріміздің де білім жарыс­тарында алдыңғы орыннан көрінуіне бар күшімізді салып жүрміз. Ауданда өткен түрлі байқауларда «Ең үздік мектеп», «Сенімге ие мектеп» номинацияларын жеңіп алдық. «Үздік мұғалім», «Үлгілі маман», «Жыл мұғалімі» ата­лымдары бойынша біліктілігін дәлелдеп жүрген ұстаздарымыз көп, – дейді мектеп директоры Толқын Бейсенова.
Айтса айтқандай-ақ, «Мектеп мақтанышы» бұрышында суреттері ілінген айтулы талай азаматтың Мұхтар Әуезов салдырып берген білім ордасынан түлеп ұшқанын білдік. Әне бір суреттерде Өмірзақ Шөкеевтің мектептегі спорттық жарыстарда жүлде алып тұрғаны бейнеленсе, тағы бір суреттерде Орынбай Рахманбердиев, ­­Болат Жылқышиевтің оқушы кезін көруге болады.
Қазір мектепте 543 оқушы білім алады. Халықаралық білім беру стандарттарына ұмтылыс жоғары – компьютерлік кластар , интерактивті тақталар әр сыныпта. Химия, физика кабинеттері зертханалық қон­дырғылармен толықтай қамтамасыз етілген. Бәйдібек ауданындағы бірден бір мақтаулы білім ұясы.
Ы.Алтынсарин төсбелгісін иемденген ұстаздардан білім алған шәкірттер арасында облыстық пән олимпиадаларынан жүлдегер атанып жүргендер көп. Мысалы, былтыр мектеп бітірген 44 түлектің 22-сі жоғары оқу орындарына мем­лекеттік грант негізінде оқуға қабылданған. Білімділер ор­дасы аталып кеткен мектепке оқуға қабылдануға өтініш білді­ретіндер өте көп екен. Дегенмен, балаларды сынып бөлмелерінің сыйымдылығына қарай қабылдай­тындықтан, алдағы кезде мектеп ғимаратын кеңейту жоспарлануда. Осы мектепте оқып, жоғары оқу орнын бітіріп келген соң, қарапайым мұғалім болып 13 жыл қызмет атқарып, бүгінде директор болып отырған Толқын Бейсенова жуық арада жаңа спорт зал салынатынын да жеткізді. Оған облыстық мәслихаттың депутаты Шәріпбек Жамалбеков демеушілік жасап, заман талабына сай жабдықталуына мұрындық болуда.
Мұхтар Әуезов салдырған білім ордасының осындай жетістіктері көп бола бергей.

Жәмила МАМЫРӘЛІ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.