«Бөлеген қамқорлыққа төңірегін…»

Елдің өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосқан азаматтарды ұмытпау, әрдайым ескеріп отыру – парыз. Бұл жас ұрпақ үшін қажет. Жастар жақсыдан өнеге алуы тиіс.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары тындырымды жұмыс істеп, іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ел есінде қалған ардақты ағаларымыздың бірі, соғыс және еңбек ардагері – Аяған Ділжанов болатын.

Он сегіз жасқа толар-толмас шағында қолына қару алып, елін дұшпаннан қорғау үшін шайқасты. Қиыр Шығыстағы Забайкал майда­нындағы шайқастарға қатысты. Бұл өзі жапон басқыншыларына қарсы құрылған шекаралық әскери бөлім болатын. Аякеңнің қарулас жолдасы Смағұл Бисенов туралы жазушы Дүкенбай Досжанов бір кездері «Жанкештімен бетпе-бет» деген мақала жазған. Ол «Лениншіл жастың» («Жас Алаш») 1995 жылғы 4 мамырдағы санында жарияланды. Осы мақалада да А. Ділжановтың аты-жөні аталып, жақсы пікір білдіріледі.
Ағамыз Кеңес Армиясы қатарында анау-мынау емес бақандай бес жыл қызмет атқарды. Елге оралысымен білек түре еңбекке араласты. Жданов колхозында есепші, 1956-1961 жылдары К.Маркс колхозында басқарма төрағасының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары, Майдакөл ауылдық кеңесінің төрағалығы қызметтерін атқарды. Бес жылдай К. Маркс атындағы совхоздың ферма басқарушысы тізгінін ұстады. Көп ұзамай аталған шаруашылық басшынының орынбасарлығына кө­терілді. Осыдан кейінгі қызмет Қазалы қаласында, аудан орталығында жалғасты. Қазалы қалалық коммунал­дық шаруашылыққа, Қазалы қалалық атқару комитеті Азаматтық қорғаныс бөліміне, облыстық тұтынушылар қоғамына қарасты аудандық құрлыс-монтаж басқармасына, аудандық отын базасына басшылық етті.
Өз міндетін жауапкершілікпен атқаратын азамат қандай қызметті қолға алса да еңбекқорлығымен, біліктілігімен ерекшеленді. Соның нәтижесі – әлденеше рет селолық, аудандық кеңестерге депутат болып сайланды. Бірнеше рет аудандық партия конференциясына делегат болып қатысты. Қажырлы еңбегінің арқасында омырауына он шақты медаль тақты.
Жақсы адам – қашанда көп құрметтісі. Аякең туралы қаламгерлер жылы сөздерін, жыр-толғауларын арнады. Кезінде ол кісі Қызылда өзі бас болып, бұлақ көзін ашып, сол жерде балық өсірген екен. Ол балық елдің берекесіне, байлығына айналады. Осы туралы Тастыбай Жәлім­бетов­тің Қазалы аудандық «Ленин туы» га­зетінде (7 қазан 1988ж.) жарық көрген өлеңі бар. Сонда былай делінеді:
Қаладан алыс жырақта,
Қызылда бір бұлақта.
Малшы ағайдың үйінде
Болып қайттым бір апта
Су атқан темір бұлақтан,
Ісім бар менің ұнатқан.
Балықтар өрлеп тізіліп,
Шоршиды шығып құрақтан.
Қайта-қайта қараймын.
Алдымда шағын ақ айдын,
Бұлақта балық болмайды деп,
Есіткем сөзін талайдың.
Бойымды билеп бір ағын
Жетпеді төзім, шыдамым.
Бұлақта балық өсірген.
Қай азамат деп сұрадым.
Деді ол күліп: Аяған
Завферма ісі сай адам.
Осы бұлақ болмаған кезде малшылар қатты қиналған. Қыста теңізден мұз тасып, оны жазға дейін сақтап, сосын сексеуіл жағып, жылытып, мал­ды мұз суымен суарған. Бұлақты пай­даланғаннан кейін ғана елдің көзі ашылған.
Көпшіліктің ағамызға тән көбірек айтатын қасиеті – ол кісінің қайы­рымдылығы. Әрдайым да қолғабыс жасауға, қолұшын беруге дайын тұра­тындығы. Мұны ақындардың Аякеңе арнаған өлеңдерінен аңғаруға болады. Мәселен, Нұғыман Әбдіразақов:
Аяған саулығыңа тілектеспін,
Жасыңнан қайырым боп түлеп өстің – десе, Шындалы Бердібаев:
Аяған – қара жердің қойнауында,
Бөлеген қамқорлыққа төңірегін, – дейді кезінде бірге жүрген замандасы жөнінде.
Аяған ағамыздың ұйтқы болуымен іске асырылған жұмыстар жетерлік. Солардың ішінде ел аузында жүргені – «Бозарыққа» салынған көпір. Нақтырақ айтсақ, Қазалы ауданының Ү.Түктібаев ауылдық округіне қарасты «Жалпақ» елді мекені мен Бекарыстан ауылын жалғастыратын жолдың ортасындағы «Ішкі арыққа» (бұрынғы «Бозарық») салынған көпір. Осы көпірдің кезінде К. Маркс атындағы колхоздың (қазіргі Бекарыстан, Ү.Түктібаев, Майдакөл ауылдары) ферма меңгерушісі болып қызмет атқарған Аяған Ділжановтың басшылығымен тұрғызылғанын жұртшылық білуі тиіс. Сөйтіп, ол «Аяған көпірі» аталып кеткен.
– Менің бала кезімде біздің отбасымыз «Жалпақ» учаскесінің мал шаруашылығында жұмыс істеді. Ірі қара мал фермасын басқарған А.Ділжанов сауылған сүтті колхоз орталығына төте жолмен жеткізу мақсатында осы көпірді салдырғанын жұрттың бәрі біледі.
Сүт көпір арқылы арбамен колхоз орталығындағы Нұраддин Сексен­­баевқа жеткізіліп, өңделетін. Атал­ған көпір пайдаланғаннан бастап «Аяған көпірі» аталды. Кейін аудан орталығынан қатынайтын барлық көлік осы көпір арқылы өтетін болды, – дейді Ү.Түтібаев ауылының бұрынғы тұрғыны Өркен Ақжігітов. Осындай пікірді кезінде К.Маркс елді мекенінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен Вокзалбай Қалышев, Жауғашты Сұлтанов, Сақтаған Алғазиев, Мылтықбай Әміржаев, кезінде осы ауылға басшылық жасаған Малгаждар Дүйсеновте айтып отыр. «Менің әкем Сүлеймен Зәріпұлы кезінде колхозда мал бақты. Әкем Аяған ағам салдырған көпірдің халыққа көп пайдасы тигенін айтып отыратын» дейді Уайдулла Сүлейменов.
Ауылдың ауруханасына, дүкеніне жұрт осы көпір арқылы қатынаған. Бұл төңіректе жаяу адам жүретін өткелдер көп болған. Алайда солардың ішіндегі негізгісі, бастысы осы Аяған көпірі екен. Қазір бұл көпір заманға сай жаңартылған. Үлкен жолдың бойын­да тұр. Мұнымен Бекарыстан би, Қожа­бақы, Жаңақұрлыс, Жалпақ секілді елді мекендерге қатынауға болады.
Тұңғыштың аты – тұңғыш. Бүгінгі ауыл мен ауылды, жұрт пен жұртты жалғастырып отырған үлкен көпірдің өмірге келуіне ұйтқы болған іскер басшы, ардақты азамат, соғыс және еңбек ардагері Аяған Ділжановтың есімі ұмытылмағаны жөн.
Олай болса бұл көпір қалыптасқан атауына сай «Аяған көпірі» аталуы тиіс. Мұнымыз әділдік әрі халқы үшін адал қызмет жасаған азамат еңбегін бағалағандық болар еді. Сонымен бірге еліне еңбегі сіңген ағамыздың атына аудан орталығында бір көше берілсе көп тілегінің орындалғаны деп білеміз.

Елбосын САДЫҚОВ,
Бекарыстан би ауылының
бұрынғы тұрғыны

Қызылорда облысы
Қазалы ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.