Төл теңгеміз – Тәуелсіздік тірегі

15 қараша – Төл теңгеміздің туған күні. Яғни 1993 жылдың дәл осы күні Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы дүниеге келді.
Содан бері төл теңгеміз азаттығымыздың айшықты белгісі ретінде экономикамыздың дамып, гүлденуіне қызмет етіп келеді.
Теңгеміз арқылы біз дербес ел екенімізді сезіндік. Өйткені бұл Елтаңбамыз, Әнұранымыз, Көк туымыз сияқты бағалы, аса құнды елдік нышандарымыздың бірі екені анық. Өзінің төл ақшасы бар мемлекет қана өзге елдермен тең дәрежеде болатыны анық.
Теңгемізді ұлықтау – бұл елдігімізді ұлықтаумен пара-пар нәрсе. Бір сөзбен айтқанда төл теңгеміз – Тәуелсіздік тірегі.
Осы орайда жуырда Астана қаласында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың, Парламент депутаттарының, ғалымдар мен қаржыгерлердің қатысуымен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл: ұлттық валюта» атты конференция өтті. Алқалы жиында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Елбасы бейнеленген 10 мыңдық кәдесыйлық банкнот пен монеталарды таныстырды. Жаңа банкнот пен монеталар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып шығарылған.

Конференцияда сөз сөйлеген Мемле­кет­тік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова тең­генің ел өміріндегі мән-маңызына тоқталды.
– Мемлекеттік туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамызбен қатар, Тәуелсіздіктің ең басты белгілерінің бірі – мемлекеттің төл валютасының болуы. 1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның өз валютасы – теңге айналымға енгізіліп, үлкен тарихи қадам жасалды. Ол экономика тоқырап, өндірістер жабылған, тіпті қарапайым адамдардың жалақысына дейін сыртқы факторларға тәуелді болған аса күрделі кезең еді. Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында еліміз уақыт сынынан сүрінбей өтті. Ал төл теңгеміз тәуелсіздіктің айшықты символдарының біріне айналды. Халықтың көңіліне сенім ұялатып, болашаққа нық қадам басуына жол ашты. Әлемдік дағдарысқа лайықты төтеп беріп, мызғымас қуатын дәлелдеді,– деді Г.Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы Елбасы Н.Назарбаев­тың жалпыұлттық бірлік пен келісім үлгісі Қазақстанның жарқын жетістіктерінің шешуші факторы екенін, сондай-ақ оған Қазақстан халқы Ассамблеясы да ықпал еткенін атап өтті. Бүгінде теңге экономикамыздың тірегіне, берекелі де мерекелі тіршілігіміздің күре­тамырына айналғанын, ол алдағы уақытта да Қазақстанның жарқын жеңістері мен толағай табыстарының тұғыры бола беретініне сенім зор екенін тілге тиек етті. Tauelsizdik
Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған 10 мыңдық кәдесыйлық банкнотты және монетаны жұрт назарына ұсына отырып, өз ойын былай деп жеткізді:
– Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясының мызғымас негіздерінің бірі – ұлттық бірлік, бейбітшілік және келісім. Баршамыздың Отанымыз бір, тағдырымыз бір. Бүгін сіздердің назарларыңызға ұсынатын естелік монетаға осы идея негіз болды. Тәуелсіздік тарихы – Мемлекет басшысының тарихымен тығыз байланысты. Сол себепті, Ұлттық банк Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған, еліміздің дамуына Президенттің қосқан үлесін бейнелейтін мерейтойлық банкнотты назарларыңызға ұсынады,– деді Данияр Ақышев.
Жиында белгілі болғандай, он мыңдық купюрада сақтар дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі тарих жинақталған екен. Мемлекетіміздің картасы ел халқының ортақ үйі ретінде көрсетілген. Қазақ елі монументіндегі Самұрық құс өткен күн мен бүгіннің сабақтастығын бейнелеп тұр. Мерейтойлық купюра Президентіміздің ел дамуына сіңірген ерен еңбегінің көрінісін бейнелеуге бағытталған. 5 мың номиналдағы монета 925 сынамалы күмістен жасалыпты. Беткі жағында Қазақ елі монументі, ұлттық киімдегі әртүрлі ұлт өкілдері бейнеленген. Күн шапақтарының көрінісімен көмкерілген монетаның салмағы 777,5 грамға тең. Осы орайда айта кетерлігі, Ұлттық банк кәдесыйлық банкнот пен монетасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – 1 желтоқсанда жарыққа шықпақ.
Қазақстан қаржыгерлері қауым­дастығы кеңесінің төрағасы Мағжан Әуезовтің пікірінше, жаңа банкнот пен монета халық үшін айрықша бағалы зат болады.
«Ұлттық валютамыздың айналымға енуі – Қазақстанның тарихындағы айрықша оқиғалардың бірі» деп бағалаған Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Мағжан Әуезов «Жаңа банкнот пен монета халық үшін айрықша бағалы зат болады» деді. Мағжан Әуезовттің пікірінше, «Ұлттық валютаны енгізу туралы» Елбасының Жарлығы шық-қаннан бергі аралықта мемлекетіміздің экономикалық құрылымы қалыптасты.
Философия ғылымының докторы, академик Ғарифолла Есім Ұлттық банк таныстырған жаңа банкнотқа қатысты өз ойын ортаға сала отырып, оны төл теңгеміздің алғашқы нұсқасымен салыс­тырды. Академик өз сөзінде әл-Фарабиден бастап, Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі аралықтағы еліміздің тарихы көрініс тауып отырғанын жеткізді.
– Бір теңгелік банкнотқа әл-Фараби бейнеленген еді. Міне, сол оқиғаға да 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Бүгін Данияр Ақышев мырза 10 мың теңгелікте Елбасы бейнеленгенін айтты. Демек, теңге арқылы әл-Фарабиден бастап, Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі тарих көрініс тауып отыр. Төл теңгеміздің төрге озған күні құтты болсын! Теңгеміз теңселе бермей, тұғырлы болсын! – деді Ғ.Есім.
Конференция барысында теңгенің шығуы мен одан кейінгі қалып­тасу жылдары туралы көптеген мазмұн­ды әңгімелер қозғалды. Әрине, тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдарында төл теңгемізді дүниеге әкелу, оны айналымға енгізу оңай шару болмағаны анық. Тәжірибелі де білікті мамандар жеткіліксіз. Экономикамыздың ахуалы көңіл көншітерліктей емес. Мұндай кезеңдерде ұлттық валютамыздың пайда болуы шын мәнінде тарихи оқиғаға айналғаны ақиқат. Бүгінгі уақыт тұрғысы­нан сараптайтын болсақ, бәрі де күні кеше сияқты. Алайда жылдар өтіп, еліміз талай белестерді бағындырған тұста төл теңгеміз халқымызбен бірге жасасып келеді. Жер жаһанға мемлекетімізді таныта түсуге үлкен серпін бергені анық. Елбасының сындарлы саясатының арқасында өмірге келген теңгеміз әлемдік валюталардың арасынан лайықты орын алды.
Осылайша «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл: ұлттық валюта» деп аталған кон­ферен­ция тарихи кезеңдерден сыр шертіп қана қоймай, Мәңгілік Еліміздің асыл құндылықтарына тағы бір мәрте ой жіберуге мүмкіндік берді. Сөз алғандардың барлығы да төл валютамыз еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символы екенін айрықша атап өтті.

Дәукен ЖҰМАТҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.