Әдептен озбайық…

Жақында қыз ұзату тойында болып, әкесінің қызын өз қолымен күйеу баласына тапсырып, соңында қоштасу биін билегенін көрдік. Америкалық киноларда әкесі неке қию салтанатында қызын шіркеуге кіргізіп, өз қолымен шығарып салушы еді ғой. Дәл сол көріністі көз алдымызға әкелді. Әкесімен қоштасу вальсі деген де сол Батыс елдерінде қалыптасқан үрдіс қой. Қызды әкесі емес, жеңгелері алып шықпайтын ба еді?

Тойдың жақсы өтуі асабаға да байланысты. Қазіргі күні асабалықты кәсіп етіп, той-думанды қыздырып жүргендер саны күн санап артуда. Өкінішке орай, кейде білімі таяз, аузына не келсе соны айтатын асаба мәдениеті ұғымынан жұрдай жандар кездесіп, той сәнін бұзып жатады. Мәселен, келіннің бетін ашу рәсімін алайықшы. Есік ашып келген келіннің жаңа ортаға, жігіттің ата-анасына ізет көрсетуі, тойда үлкендерге иіліп сәлем беруі қанымызға сіңген игі дәстүр. Халқымыз есік ашқан үйдің үлкендеріне (ата-анасына), сол жұрағаттың ардақтыларына сәлем бергізген. Бұл тәрбиелі ортаның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тапқан үлгісі. Осы рәсім бүгінде ақша табудың көзіне айналған. Қонақтар көп жиналған ортада асабалар тойға келгендердің, алыс-жақындарының бәрін тізіп шығады. Құныққанның қылығы мен кейпі адамды шошытады. Мұндайда қой дейтін қожа табылмайды.
Он метр ақ мата жайып қызға ақ жол тілеу де соңғы кездері пайда болған «жаңалықтың» бірі. Ақ түс – қазақ үшін қасиетті. Ал ақ матаны аяққа басу – мүлде кешірімсіз. Торт әкеліп он­дағы шырақтарды үрлеп сөн­діретініміз де қолдайтын нәрсе емес. Шырақты сөндіру қайбір жақсы дейсің. Осыны да ескере бер­мейтініміз өкінішті.
Тағы бір байқағанымыз, той үстінде жаңа ғана келін атанған қалыңдықтың құрбыларымен бірге жарыса билеуі өте ерсі көрінді. Жастар тілімен айт­қан­да достары «флешмоб» ұйым­дастырып, бәрі Батыстың даң­ға­за әуендеріне қосыла билеуле­рі тиіс.
Мынандай көрініске де куә болғанымыз бар. Ұзатыла­тын қыз­дың құрбылары ерекшеле­ніп, бірдей көйлек киіп алатынды шығарған. Ал той алдында қалыңдық құрбыларымен белгілі бір тақырыптық бағытта кеш яғни «хенпати» өткізеді. Заманына қарай адамы демекші, әркім өз қуанышын қалай өткізсе де өз еркі ғой. Десе де жоғарыда айтқан үрдістің барлығы шетелден алынғаны қынжылтады. Неге керісінше, жақсы дәстүрімізді насихаттап, өзгелер бізден үлгі алатындай болмасқа?!
Жастардың қарапайым бас­қосудың өзін өзгелерге еліктеп өткізуі, бұған кейбіреулер­дің көзі үйренуі таңдандыр­май қоймайды. Мәселен, соңғы кездері жастар арасында туған күн иесіне тәтті бәліш, яғни торт лақтыру сәнге айналған. Адал асты бұлайша қорлау үлкен күнә емес пе?
Бұл айтылғандар бүгінгі күннің көрінісі. Бір қарағанда, ұсақ-түйек көрінгенімен, мұның астарында үлкен мән жатқанын ескере жүрейік.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. абыл

    автормен түгел толық келісем

  2. Ермек

    Осындай келеңсіз жайттар дәстүрімізді ұмытуға әкеп соғуы ғажап емес.

  3. Заңғар

    Расында күнделікті өмірімізде ата дәстүрімізді сақтамайтын жайттар көп-ақ. Қай тойға барсаңыз да осындай еліктеушілікті көреміз. алайда үндемейміз.Неге шетелден еліктегеннен ешнәрсе ұтпайтынымызды жастарға насихаттап, айтпасқа?!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.