Шежіреші шерткен сыр

 Ардақты азамат, шежіреші, Құнанбай  қажының ұрпағы  Молдабек Жанболатұлы 2004 жылы  «Тобықты – Шыңғыстау шежіресі» атты үш томдықты «Курсив» баспасынан әр томын 2000 данадан шығарды.

Осы еңбектің кіріспе сөзінде Мұхтар Мағауин былай дейді: «Алдағы бір заманда… Бүкіл қазақ шежіресі таратылуға тиіс. «Тобықты – Шыңғыстау шежіресі» сол ұлағатты істің бастау көзіндегі қайнар бұлақтардың бірі, әрі бірегей деп білеміз». Осының өзі ­Молдабек ­­Жанболатұлының елеулі еңбек сіңіргенін дәлелдейді.
Қазіргі кезде ағамыз шежіресінің 7-ші томын баспаға дайындауда. Молдакеңнің кезекті еңбегі де жоғары деңгейде шыққан томдарындай, сапалы болатынына ешқандай күмәнім жоқ.
«Тобықты – Шыңғыстау шежіресі» кітабының сыртқы, ішкі безендірілуі мен мазмұны алдағы уақытта жарық көретін Қазақ шежіресіне үлгі болар деп ойлаймын. «Тегіне тартқан тек озар» дегендей ­Молдабек Жанболатұлы Құнанбай қажының ұрпағы екенін дәлелдейтін «Таным», «Талғам», «Тағылым», «Өнегелі өмір», «Наурызнама», «Би ата», «Әнет баба», «Тобықты Мамай батыр би» сияқты кітаптардың авторы. Оның мақалалары да газет-журналдарда жарияланады.
Молдекең шыққан Жанболат әулетінің перзенттері кілең өнерлі жандар.
Тұңғышы Ордабек бейнелеу өнеріне бейімделген, КСРО-ға еңбегі сіңген геодезист атанған, бірнеше мемлекеттік марапаттарға ие болған адам еді. Болатбек інісі өнердің сан түрін терең меңгерген сегіз қырлы азамат болып шықты. Бірнеше ән шығарып, көркемөнерпаздар ұжымына басшылық етті. Республикалық әншілер конкурсының лауреаты атанды. Кенже інісі Мұратбек мүсінші болды. Семейден суретшілер одағының бөлімшесін ашып, табиғи тастардан Шәкәрім, Мұхтар, Әлия, т.б. бірнеше тұлғалар мүсіндерін ойып, көлемді ескерткіштер жасап шықты. Ал Мейрамбек інісінің баласы Серік ол өзі бір төбе. 2015 жылы 8 сәуірде Алматыдағы «Студенттер ­сарайында» Серік Жанболаттың концерті өтті. Бұрын ел-жұрт оны журналист, «Айқын», «Алаш айнасы» газеттерінің бас редакторы болған деп білсе, енді Серіктің композиторлық та қабілетінің бар екенін білді. Жалпы Жанболат әулетінің өнерлі тұлғаларын шағын ғана мақаламда тізіп шығу мүмкін емес.
Молдекең Абай, Ақсуат (Тарбағатай) аудандарының Құрметті азаматы атағына ие болды. Ол шежіре жинау кезінде ел-жұртқа риза болып, мұны былайша өлең жолдарымен жеткізеді.
Қарт Шыңғыстау,
Тарбағатай қанатым,
Ақ Ертісім – жаным бірге ағатын.
Семей десе таусылады тағатым,
Ұланыңмын өзіңді ойлап жанатын.
Арқаның бір шыбығы ән салатын,
Бір қазықпын туған жерге қағатын.
Бір үзікпін – Абай елі дәл атым.

Ел мен жерді араладым жазсам деп
Жүректерге ізгілік от жақсам деп.
Туыс қылып, құшақтарды
ашсам деп.
Түркістан мен Дарияда дастан көп,
Балқаш бойы, о жақта да аспан көк!
Бар жақынды бір тамырда
қоссам деп.
Байлық қумай достық қудым,
тасқам жоқ,
Досым барда байлық жоқ
деп сасқам жоқ.

Сіздер барда дос –жанарым,
жақындар,
Жүректе тек сезім от болып
лапылдар.
Би атаның ұрпағымын – затым бар!
Дүниеде алынбаған ақым бар.
Жігерім бар тоқтау бермей тақымдар,
Келешекке арнайтұғын хатым бар.
Сіздерді ылғи сағынатын сәтім бар.

Ағамыз әрқашанда алдымызда үлгі жолын көрсетіп жүре берсін.

Төлеубек ҚАРАМЕНДЕТЕГІ,
сәулетші,
профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.