Мәтінтану көне мұрамызды жаңғыртады

Бағдан МОМЫНОВА,
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор

Мәтінтану – тіл білімінің маңызды саласы. Онсыз ескі жазбалардағы ойды, мән-мағынаны түсіну мүмкін емес. Қадым замандардан бүгінгі күнге дейін жеткен әртүрлі қолжазбалар, шайырлардың өлең-жырлары, дастандар мен аңыз-әңгімелер, хикаялар мәтіні, ондағы қолданылған сөздер түсініктемені, түсіндіруді қажет етеді. 

Тіл білімінде мәтінге байланысты жүргізілетін зерттеулерді мәтінтану («текстология») бағытындағы және мәтін лингвистикасы бағытындағы, дискурстық зерттеулер бағытындағы деп аражігін ашып көрсеткен дұрыс. Зерттеу нысанына қарай жалпы тіл білімінде, әдебиеттануда антикалық әдебиет текстологиясы, жаңа әдебиет текстологиясы, медиевистикалық текс­тология, түпнұсқалық және аударма мәтіндер текстологиясы, дискурстық талдаулар т.б. бөлінеді. Мәтінтану мәтін тарихын зерттеумен, көне мәтіндерді танумен байланысты ұғым. Қазақ мәтінтануы туралы айтар болсақ, оның тарихы да, қалыптасуы да бөлек.
Қазақ мәтінтанушылары жүргізген зерттеулер көне, орта түркі ескерткіштеріне жасалған талдаулардан, жыр жолдарындағы, көркем шығармалардың мәтіндеріндегі ауытқуларға арналған. Тарихи мәтіндердің сырын ашу фольклордан бастап көне және орта түркі жазба ескерткіштерін тануға бағытталады. Қазақ мәтінтануы ауыз әдебиетін қағазға түсірген кезден басталды деуге бола ма? Мәтінтанушылық бағыттағы ең алғашқы еңбектердің бірі ретінде М.Мағауиннің Ноғайлы жырларына байланысты жазылған зерттеулерін, кешенді тілдік талдаулар берілген, сөздігі бар, түсініктемесі жүйеленген орта түркі жазба ескерткіштерінің зерттеушілері Ә.Құрышжанов, Б.Сағындықұлы т.б. ғалымдардың еңбектерін атауға болады. Ал аударма мәтіндердегі автор еркі мен автордың түпқазық ойлары сақталуын саралау, пайымдау жөнінде қазақ мәтін теориясында түрен салынбағанын мойындау керек. Аударма сапасын авторлардың өздері қадағалайтыны туралы мақалалардан, естеліктерден оқығанымызбен, салыстырып, талдаған еңбекті кездестіру қиын. Бұл пікір, әсіресе, көп тілдерге аударылған авторлардың шығармашылығына байланысты. Осы орайда үштілділіктің көмегі бір тиетін жер осы болар-ау деген ойдамыз.
Мәтіннің әр түрі болады. Атрибуция­сына қарай тарихи мәтіндерге байланысты алғанда авторлы және авторсыз мәтіндер болады. Көптеген әндер халық әні болып саналады. Демек, авторсыз мәтіндерге жатады. Мұндай ерекшелік фольклорлық мәтіндерге тән.
Мәтінтану мен мәтінге тілдік талдау жүргізуге байланысты басты ұғымдары туралы түсініктер беріліп, зерттеушілер ізденісі арқасында баламалар ұсынылуда, қазақ мәтінтануының ерекшеліктері туралы айтылуда. Ал шығарма иесі мен ол дүниеге әкелген туындының тілдік сипатын ашу деген – тұтас бір тарихи кезеңге тән тілдік, көркемдік-стильдік ерекшеліктерді анықтаумен пара-пар.
Көне мәтіндер бүгінгі заманымызға жеткенге дейін, автор көшіруші, редакция­лаушы қызметін атқарады. Сондықтан соған қарай факсимеле, канондық мәтін, негізгі мәтін, архаикалық мәтін деген түрлері айқындалады. Көшірме мәтіннің қайсы сапалы, қайсы түп негізге жақын ол ең құнды тізім болып есептеледі. Көне мәтіндердің канондық мәтінін табу өзекті мәселе.
Қазақ көне мәтінінінің табиғаты деген мәселеге келсек, өзге озық жұрттың бұл саладағы тәжірибесіне көңіл қойсақ, оларда хат мәдениеті ерте дамығандықтан, ең басты ұстаным – жазба нұсқаның (автограф, тізбе т.б.) сақталуы. ХХ ғасыр басындағы қуғын-сүргінге түскен қазақ зиялыларының да көбінің қолтаңбалары сақталмаған. Фольклорлық мұра мен аты бүгінге жеткен ақын-жырауларымыздың негізгі туындылары ел аузынан ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында ғана жазылып алынған, кітап болып тасқа басылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Осы орайда қазақ филологиясына «ауызша-жазбаша мәтін» деген жаңа әдістемелік бағытты ұсынатын пікірлер бар, соны қолдаған жөн. Әрине, осы қос ұғымды атаудың соңғы «жазба» сыңары классикалық ұғымдағы автографтар (қолжазба, тізбе немесе тізім, көшірме), әр жылдары жарық көрген басылымдар. Осылайша қазіргі кезде «штамп», «қайталама» деп, үлкен күмәнмен қарап келген тұтас шумақтарға қазіргі мәтін және мәтінтану тұрғысынан екі түрлі көзқараспен қарап, бағалауға болады. Мұра ретіндегі көне мәтіндерді тану барысында аталған тұтас шумақтарға автордың өзіне дейінгі танымал ақындардың шығармашылығынан өзгеріссіз пайдаланған «дәйексөзі», я болмаса «сілтемесі» ретінде қарау керек болса, қазіргі мәтіндердегі «штамп», «стандарт», «қайталамалар» автордың «стильдік ерекшелігі» және қайталамалардан тарихи ұқсастық байқалса, алдыңғы дәуірмен сабақтастық, дәстүршілдік ретінде бағаланады.
Ташкент орталық кітапха­насында Орта түркі жазба ескерткіштерінің 25 мыңға жуық қоры бар. Ең негізгі қорлар Түркияның Ыстанбұл қаласында. Зерттелу деңгейі де айтарлықтай жоғары. Теориядан гөрі, сөздіктер құрастыру, текстология жасау жолға қойылған. Қазан қаласына конференцияға барғанымда татар елінде қолжазбалар ұқыпты сақталғанына көзім жетті.
Қолжазбаларды зерттеуге байланысты қалыптастырған ғылыми мектептері бар. Қытайды алсақ, жазба мәтін, яғни, қолжазбаларды сақтау жүйесі ғасырлар бойы жолға қойылған. Сондықтан оларда мәтінтану ғылымы дамыған деуге болады. Мен жыл сайын Пекин қаласындағы Орталық ұлттар университетінде «Қазақ әдеби тілінің тарихы» пәнінен дәріс оқимын. Сонда байқағаным, олар тіпті ауызша әдеби тіл деген ұғымға аса ден қоймайды. Бірақ біз қазақ әдеби тілінің табиғаты бөлектігін, ондай ұғым бар екенін, оның қалыптасуына үлкен еңбек сіңірген академик Р.Сыздықты, сонымен қатар қазақтың ескі жазба әдеби тілі туралы түсінік барын айтып жүреміз. Оларды біздің үлкен баға жетпес құндылығымыз екеніне де тоқталамыз. Өйткені орта түркі ескерткіштерін өзбек ағайындар кеңестік кездің өзінде-ақ көне өзбек тілінде жазылған («памятники староузбекской письменности») деп, ал татарлар көне жазбалардың дені көне татар тілі ескерткіштері («памятники старотатарской письменности») деп иемденіп алғаны белгілі. Ал жоғарыда аты аталған Қ.Өмірәлиев, Б.Сағындықұлы, Б.Әбілқасымов, т.б. ғалымдар кейбір жазба ескеркіштердегі сөздердің 60-70 пайызға дейін мағынасы жағынан қазақ сөздерімен дөп түсіп жататынын дәлелдеп, сөздіктерін шығарып қойғанын ғылыми дәлел ретінде ұсынамыз. Қытайда қандас ғалымдар тұрады. Олардың ішінде Қазақстанға келіп, дәріс оқып, конференцияларда баяндама жасап жүрген Еркін Ауғали, Дүйсенәлі Әшімұлы, Айдар Міркамал сынды ғалымдар тарихи мәтіндерді тануды ілгерілетеді деп ойлаймын. Өйткені олар үш-төрт тілді еркін меңгерген, ханзу, жапон тілдерін және ескі ханзу тілін білетін ғалымдар. Бізге беймәлім қытай архивтерінде сақталған қолжазбаларды тануға көмектеседі деп ойлаймын. 2012 жылы Одесса қаласында конференцияда болдым. Қырым түбегінен келген ғалымдар тарапынан «Түркі халықтарының ішінде қазақтарда ауызша мәтінді өзгертпей, дәл жеткізу кәсіби деңгейге жеткен» дегендерін естідім. Сонымен қоса, қазақ халқында белгілі адамдардың сөзін сыйлау, сөзге тұру, айтқандарын өзгертпей жеткізу деген ұғымдар бар. Осыдан келіп ауызша әдеби тілдің құқығы артады. Хандық тұсында ханның сөзін өзгертпей жеткізу үлкен мәртебе саналған. Бізге негізгі тілдік бірліктердің өзгермей, түпнұсқа күйінде жетуі де содан болар. Сырттан бақылайтын ғалымдардың қазақтың осындай қасиетін байқап, айтып жүргені бізді қуантты. Біздің мәтінтануда жасаған зерттеулеріміз осы ұстанымдарға негізделсе құба-құп.
Қазір мәтін лингвистикасы мен дискурс деген жаңа лингвистикалық бағыттар дамуда. Дискурстың ерекшелігі ауызша мәтіндерге жақын болуында. Мәтін қағазға түскен өнім болса, дискурсқа қарапайым сырласу мен сұхбатты жатқызамыз. Менің түсінігімде дискурс тіл үйренушілерге аса қажет. Себебі сөйлеушінің екпіні, интонациясы, дауыс ырғағы әуезділігінің өзгеруінің өзі мәтіндердегі сөздердің мағынасына әсер етеді. Бұл дискурстық талдау нысанына айналады.
«Қазақ әдеби тілінің тарихы» курсын оқыту барысында, көп жылғы жинақталған тәжірибе негізінде «Қазақ әдеби тілінің тарихы» оқулығы (2011 ж. ҚРБжҒМ грифімен) дүниеге келді. Сонда байқағанымыз, қазақ әдеби тілінің тарихындағы әлі де жете зерттеуді қажет ететін бір мәселе Ноғайлы дәуіріне байланысты.
Екінші мәселе – армян-қыпшақ ескерткіштері туралы студенттердің хабарының аздығы. Бұл жазбалардың «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстанға келуіне армян-қыпшақ жазба ескерткіштерінің бірден-бір маманы Сейсенбай Құдасов деген зерттеуші әріптесіміз өз үлесін қосты. Ол: «ХVІ-ХVІІ ғғ. жеткен армян әліпбиімен жазылған қыпшақ тіліндегі жазба мұралар тілін қазақ әдеби тілі тұрғысынан зерттеу маңызды. Олар «Кодекс Куманикус» тілі мен қазіргі қыпшақ тілдерін жалғастырып жатыр, оларды танып-білудің тарихи-генетикалық сабақтастықты тануға, ареалдық белгілерін айқындаудағы маңызы зор» деп біледі. Белгілі дәрежеде көкжиегі көрініп тұрған тарихи зерттеулердің өрісін кеңейтетіні де сөзсіз.
Үшінші мәселе – репрессияға ұшыраған Алаш азаматтарының мұраларын мәтінтану тұрғысынан да, мәтін талдау тұрғысынан да зерделеуге байланысты. Бұл – қазақ әдеби тілі тарихын тұтас тану үшін қажетті қадам. Қазақ әдеби тілі тарихының кеңестік қуғын-сүргінге дейінгі кезеңі, қалай десек те, алдыңғы буын ағалардың еңбегі арқылы жақсы зерттелген, ал бізге ең жақын репрессия кезеңі «ақтаңдағы» мол, аз зерттелген кезеңге жатады. Сол кездердегі газет-журналдар тілі, жалпыұлттық «Қазақ» газетінің лексика-грамматикасы, оның қазақтың жаңа әліпбиін, емлесін қалыптастырудағы рөлін, Шәкәрім мұраларының тілін, алғашқы қазақ оқулықтарының, әдістемелік құралдарының тілін, аударманың жай-күйін т.б. мәселелерді зерттеу керек. Міне, қорыта келгенде, мәтінтану және мәтін талдау қаншама мәселелермен сабақтасып жатқанын аңғару қиын емес. Дегенмен, мәтін лингвистикасы мәтін талдау мен дискурс туралы айтар нәрсе көп.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Channery

    Just cause it’s simple doesn’t mean it’s not super heullpf.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.