Отырар – тарихи өлке

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Отырар ауданына барды. Аймақ басшысы Арыстан баб кесенесінде болып, туристік маңызды нысандар – Отырар төбе мен Арыстан бабтың маңын абаттандыру жобаларымен танысты. Сонымен қатар бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, кәсіпкерлік және туристік салаларды дамыту мәселелеріне мән берді. Облыс басшысы ең алдымен Темір ауылдық округіндегі «Агро-Азия» ЖШС-ның жаңа кәсіпорынын іске қосу рәсіміне қатысты. 

Құттықтау сөзінде бұл кешеннің ашылуы аудандағы жүгері кластерін дамытуға негіз болатынын атап өткен Жансейіт Түймебаев шаруаларға өз өнімдерін ысырапсыз жинап алуға және тиімді бағаға өткізуге мүмкіндік туғанын жеткізді.
Пайдалануға берілген кешеннің жалпы жоба құны 619 млн теңгені құрайды. 5 га аумақты алып жатқан кәсіпорында 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сыйымдылығы 10 мың тонналық кешенде болашақта 17 түрлі өнім шығарып, Иран, Қытай елдеріне экспортталатын болады.
Аудан әкімі Е.Айтаханов келесі жылдың бюджетіне кесененің кіре беріс қақпасы мен Түркістан-Шәуілдір бағытындағы жолдың аралығын жөнге келтіріп, зиярат жасаушылар мен турис­терге ыңғайлы орта құру жұмыстарының жасалатынын айтты. Сондай-ақ Отырар төбе маңы мен қалашықты Арыстан бабпен қосатын ұзындығы 1,7 шақырым болатын жолды абаттандыру жұмыстарына көңіл бөлінетінін тілге тиек етті. Аталған жобаларға қанық болған облыс әкімі игі істің жобасын тағы бір пысықтап, облыстағы білікті мамандардан кеңес алуды тапсырды.
Егенмендіктің ширек ғасырлық тойында Қоғам ауылдық округіндегі Мыңшұқыр елді мекенінде пайдалануға берілген 180 пәтерлі көпқабатты 10 тұрғын үй отырарлық ағайынды ерекше қуантты. Жергілікті халықтың қуанышымен бөліскен өңір басшысы Ж.Түймебаев қоныс тойын тойлаушылардың қатары алдағы уақытта мұнан да көп болатынына сенім білдірді.
«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында салынған үйлердің іргетасын қалау 2015 жылдың қазан айында басталған болатын. Жалпы ауданы 18 792 шаршы метр болатын көпқабатты баспаналарда 90 бір бөлмелі, 90 екі бөлмелі және 90 үш бөлмелі пәтер бар. Алдағы уақытта Отырарда 450 пәтерлі 25 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Жалпы ауданда бүгінгі таңда тұрғын үй кезегіне 716 азамат тіркелген.
Ауданға сапары кезінде облыс әкіміне «Отырар Сүт-Ет» мекемесінің жұмысы таныстырылды. Көкмардан ауылында орналасқан өндірістік кооператив сапалы ет пен сүттен бөлек, еліміздің ірі қалаларын «Маяқұм» шұбатымен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде кооперативте 700-ге жуық түйе, 88 бас сиыр бар. Тәуліктік қуаттылығы – 1,25 тонна шұбат, 900 литр сүт өндіреді. Кооперативке 67 шаруа қожалық мүше. Болашақта ет пен сүтті сапалы өңдеуді жос­парлап отыр. Өндірілген өнімдер 6 облыс пен Алматы, Астана қалаларына жеткізіліп, тұрғындарға ұсынылуда.
Сапар аясында келелі кеңес өткізіліп, аудан әкімі Ерлан Айтаханов Отырардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсет­кіштерін баяндады. Аймақ басшысы ауданда кәсіпкерлікті қолға алу қажеттігін айтып, кәсіпорындарды іске қосу ісіне инвесторларды тарту керектігін тапсырды. Туризм саласы бойынша Отырардың мол мүмкіндігі бар екенін алға тартқан Ж.Түймебаев өңірге отандық және шетелдік қонақтарды көптеп тарту жұмыстарын қолға алу мәселесін қозғады.

Еселі еңбектің жемісі

Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары еліміз егемендік алған ширек ғасырда дәнді дақыл жинау бойынша үздік көрсеткішке қол жеткізіп, рекорд орнатты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметінше, биыл өңір диқандары 676 мың тонна (өткен жылмен салыстырғанда 95 мың тоннаға көп) өнім жинап, бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді. Мұны орташа түсімділікке шақсақ, гектарына 26 центнер дәнді-дақылдан келеді екен. Сонымен қатар биылғы маусым шаруалардың өзге де өнімдерді көптеп өсіріп, жинауда қолайлы болыпты. Мәселен, көкөніс көлемі 109 мың тоннаға ұлғайған. 963 мың теңге қаражат көлемінде деп бағаланып отыр. Бау-бақша өнімдері 30 мың тоннаға көбейген. Тиісінше картоп (22 мың тонна), жеміс-жидек өнімдері (64 мың тонна) де еселене түскен. Соңғы үш жылда жерді жаңа әдіспен игеру жұмыстары да айтарлықтай жақсы жолға қойылған. Биыл терең қопсыту технологиясы 86 мың га аумағына енгізілді. Бұған дейін тәжірибе жүзінде мақтадан орташа есеппен гектарына 26–27 центнер өнім алынса, терең қопсыту технологиясын енгізген шаруашылықтардан гектарына 40-45 центнер өнім жиналған. Бұл технологияның катты топырақ ылғалдылығын сақтаудағы тиімділігін ескере отырып, бұл технология­ны басқа да дақылдар мен тәлімі жерлерге қолдану ұсынылуда. Осы ретте айта кетерлігі, ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 12,8 мың гектарға артқан. Орташа есеппен республика бойынша өндірілген мақтаның – 100, жүзімнің – 65, бақшаның – 66, мақсарының – 40, жеміс-жидектің – 31, көкөністің – 24 пайызы облыстың еншісінде. Бұл алдағы уақытта Оңтүстік Қазақстан облысын, республика халқын жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ететін негізгі орталыққа айналдыру әлеуетінің жоғары екендігінің бірден-бір айғағы.

Балым Рысберген

Оңтүстік қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.