Болашақ балабақшадан басталады

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» аясында Алматы облысында бір күнде 2385 орынды 25 заманауи балабақша ашылды. Жаңа балабақшалар Іле, Қаратал, Жамбыл, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласында іске қосылды. 

Қаратал ауданы Үштөбе қаласында ашылған 320 орынды «Балбөбек» балабақшасы «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған. Білім беру мекемесінің ашылу салтанатына облыс әкімі А. Баталов қатысып, құттықтады.
– Бүгін Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 жұлдызды күн» аясында біз облыс бойынша заманауи 25 балабақша ашып отырмыз. Бұл облыс тұрғындары үшін аса маңызды, әрі үлкен шара, – деді А.Баталов. photo_95
Мұнан соң облыс басшысы Елбасының балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту туралы тапсырмасын орындау бағытында өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Мәселен, биылғы жылдың өзінде ғана облыста 97 балабақша пайдалануға берілген, оның 88-і жекеменшік. Сондай-ақ облыс әкімі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы мектепке дейінгі мекемелер ашу ісі жақсы жолға қойылғанын, бүгінгі күні балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 87 % құрап отырғанын айтты.
– Бүгінгі ашылып отырған балабақшалардың барлығы да жаңа талаптарға сай. Мұндағы мүмкіндіктер кішкентай балдырғандардың ақылды, алғыр болып өсуіне ықпал ететініне сенемін. Шын жүректен баршаңызды Тұңғыш Президент күнімен және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаймын! Зор денсаулық, толайым табыс, отбасыларыңызға береке тілеймін, — деп сөзін қорытындылады А. Баталов.
Құттықтау сөз сөйлеген ардагер педагог Ұлболсын Досмолданова ­балалар үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған барлық қолдауларға ризашылығын білдіре келе:
– Мектепке дейінгі тәрбие мен білім – жаңа білім мен табысқа жетудің алғашқы баспалдақтары. Облыста жаңа, заманауи балабақшалардың ашылып жатқанына қуаныштымын, – деді.
Құттықтау сөзден кейін А.Баталов тұрғындармен бірге балабақша ғимаратын аралап көрді. Топтардың жұмысымен танысып, асхана, музыкалық залда болды. Балалардың әзірлеген концерттік нөмірлерін тамашалап, оларға ойыншықтар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Болашақ балабақшадан басталады
Жалпы осы күні 25 балабақшаның басым бөлігі Алматы қаласының маңында орналасқан халық тығыз қоныстанған аудандарда ашылғанын атап өту керек. Мәселен, Талғар ­ауданында (Талғар қаласы, Амангелді, Қызыл Ту, Рысқұлов, Талдыбұлақ, Тұздыбастау, Еркін ауылдары) жалпы саны 800 орынды 9 балабақша, Іле ауданында (Өтеген батыр кенті, Жаңадәуір, Байсерке, Қоянқұс ауылдары) 520 орынды 7 балабақша, Жамбыл ауданында (Үмбетәлі, Ұзынағаш ауылдары) 470 орынды 4 балабақша, сол сияқты Еңбекшіқазақ ауданында (Жаңашар, Түрген ауылдары) 2-еу, Талдықорған қаласында және Панфилов (Пенжім ауылы), Қаратал аудандарында (Үштөбе қаласы) балабақша бір-бірден ашылды. Аталған нысандар ашылғаннан кейін облыста 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі Жамбыл ауданында 94,2%, Талғар ауданында 89,0%, ­Панфи­лов ­­ауданында 85,1 %, ­Іле ауданында 84,1 %, Еңбекші­қазақ ауданында 82 %, Талдықорған қаласында 87 % көрсеткішке жетті.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.