Ат қоюға абай болсақ…

Тіршіліктегі ең жауапты әрі қиын борыш – дүние есігін ашқан нәрестеге ат қою, яғни лайықты есім таңдау. Халқымыз бұл мәселеге ешуақытта бейжай қарамаған. Ұл-қызының ертеңінен мол үміт күтіп, жолының ашық болуын, еліне қадірлі азамат болуын тілеп, ерекше назар аударған. Ал қазір мұндай дәстүр ұмытылып бара жатқаны ойландырмай қоймайды.

Жалпы кез келгеніміздің бұл мәселеде терең ойланғанымыз абзал. Әйтпесе, «жаман иттің атын Бөрібасар қоядының» салмағы ауыр. Бұрынырақта «Хабар» телеарнасындағы «Тілашар» бағдарламасының кезекті шығарылымында сәбиге ат таңдаудың машақаты түсіндірілді. Құдайдан бір ұл тілеп зарыққан көпбалалы отбасында Ұлту, Ұлтуған, Ұлжан, Ұлбике деген қыздар бар екен. Сөйтіп, аңсаған армандарына жеткен ата-ана кейінгі екі ұлға Аңсар, Арман деп азан шақыртыпты. Ондай ырым-жоралғыға салсақ, ер балаға Айбат, Қайсар, Жігер, Ерлік, Толағай… дегендей рухты есімдер лайық.
Ал бүгінде ұлтымыздың есімдер тізбегінде түрлі-түрлісі өріп жүр. Әлемге тарап кеткен есімдер модаға айналды! Әсіресе қыз балалардың есімдері алдыңғы қатарда тұр.Мысалы, Даяна, Инара, Анель, Альбина, Милана, Айлин, Агиля, София…болып жалғасып кете береді. Мән-мағынасы қазаққа түсініксіз, салт-санамызға жат есімдердің қаптап кетуінің себебі неде? Осы жөнінде бір сәт ойланып көрдік пе? Иә, қазір әлем жаһанданып бара жатыр. Түрлі мәдени экспансиялардың ішінде есімдердің өзі әжептәуір рөл ойнайтын болып жүр. Ал қазақтың өз табиғатына жақын, ұлтының ерекшелігін танытып тұратын есімдер неге аз қойылады? Шынтуайтына келгенде, біз тек-тамырымызбен байланыстырып тұратын нәрсе бұл өзіміздің ұлттық есімдеріміз емес пе? Бұл орайда бәрі де еліктеп-солықтаудан басталатынын байқау қиын емес. Шетелдік киноактерлер мен өнер жұлдыздардың есімдерін өз баласына қойған ата-ана алдына қандай мақсат қояды екен? Бәлкім, балам да солар сияқты жұлдыз болсын дейтін шығар. Бірақ әркімнің өмірдегі өз жолы, өз тағдыры бар екенін ұмытпауға тиіспіз. Мәселен, Қызылордада кішкентай Бен Ладен өсіп келе жатыр. Аты шулы лаңкестен айырмашылығы – күнәсіз періште! Қазақ! Обал-ай!
Біраз ата-ана «Шыңғыс хан» телехикаясындағы ­Тимучин есімін 2008 жылы туған бүлдіршіндеріне бергенде балаларының заты қазақ, аты моңғол болып шыға келді емес пе?! Көшеде баласын «Тамерлан», «Ясмин», т.б. деп шақыратын шалақазақ шүйкебастар қаптап жүр. Шымкент өңіріндегі бір отбасы баспаналы болғанда қызды-қыздымен жаңа туған нәрестелерінің атын Жилстройбек қойыпты-мыс. Тіпті әлеуметтік желілер арқылы сондай туу туралы куәліктің суреті де тарап кетті. Жайшылықта «тәрбие – тал бесіктен» дегенде алдымызға жан салмаймыз. Баланың болашағына дәл солай алаңдайтынымыз рас болса, оған ат қоюда да абай болайықшы, ағайын!

Еркеғали БЕЙСЕНОВ,
«Ана тілі» газетінің
меншікті тілшісі

АСТАНА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Бейбіт

    Өте дұрыс тақырып!!! Көп ата-аналардың сана сезімдері бұзылу үстінде.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.