Темірқазық

Зейнолла Серікқалиев

Ұлық мереке – Тәуелсіздік мерекесі  атап өтілер тұста қазақтың дарынды ақыны Жұмекен Нәжімеденов есімін еске алып жатсақ өте орынды деп есептейміз. Көзінің тірісінде-ақ мықты ақын ретінде мойындалған ол соңына өшпес, өлмес туындылар қалдырды. Оның үстіне Жұмекен Тәуелсіз Қазақ елі Әнұраны авторларының  бірі ретінде туған елімен бірге мәңгі жасай беретіні анық. Біз төменде кезінде ақынның алпыс жылдық мерейтойына орайлас тұсауы кесілген үш томдық жинағының жарық көруіне байланысты жазылған белгілі әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиевтің «Темірқазық» атты дүниесінен үзінді ұсынып отырмыз.

Ақын Жұмекен Нәжімеденов адам өмірін үш-ақ күнге балап, үш кезеңмен саралаған. Жарық дүниеге келуің, жан ­махаббатын кешуің, яғни бүкіл ғұмырыңның игілік-ізгілігі және артыңда қалдырар ізің, ұрпақтар жадында сақталар мәңгілік сапарың. Өзің кеткенде соңында жалғасар ғибрат жолың қалмаса, бүкіл кешкен ғұмырың да – баянсыз тұл ғұмыр, жартыкеш ғұмыр. Осы адам несібесінің шарапат-шапағатын таратар негізгі тірлік-тынысында да ол ар күзетіндей егіз қылыштың жүзі ешқашан мұқалмауын қалаған. Бірі – сұқ көзден, сырт жаудан ел мұратын, намысын қорғайтын құдірет, бірі – әділетке, ар-ожданға қысастық ­жасайтын қиянатқа қарсы қаһар.
Пенде болмысындағы үміт пен күдіктің барша параметрін қалтқысыз қадағалап, өмір – күрес ұғымының тұңғиығы терең, жан тебірентер күллі құбылысын қаз-қалпында мөлдіретіп алдыңа тартқан көрнекті суреткер мұрасының осынау бағыттаушы-бағдарын тап басып, өзекті арнасына, ең бастысы, ақындық жүрек құпиясына, қайшыласқан түрлі-түсті, кереғар, дүниеауи тіршілік философиясына емін-еркін енбей, ежіктеп танып-білмей, Жұмекенді жете ұғынып болдық деу бекер. Өйткені оның өз сөзімен берілген, өз жанымен – жырларымен өрілген өнегесі: өкінішсіз өлім үшін де даналық керек, кемел кәрілікті көру үшін де тілеулес, ізбасар ұрпақтың, сәби сенімнен бастап көзқарасы қалыптасқан сәйгүлік сарапшыларға дейінгі өз тұстастары мен кейінгілердің тек жағасы жайлау дарқан, шарасы толы мейірім көкірек-көзі керек. Ал ақындық жаратылыс мәйегін түбегейлі айқындайтын кемел кәрілікті көру – жылдар тәжірибесі дарытқан даналықты көру еді…
Біз енді дәл осы бағытта не тындырдық, не істеп жатырмыз деп ойлаймыз сонда? Ой сарабы, сезім тазалығы, даналығы бізге өзі қалай көрінді? Жер бетінде жарты ғасыр өмір сүруіне де тағдыр жазбай, қорғасын ойларының салмағымен мерзімінен бұрын өртеніп кеткен ұлы ақын өлең сөзі, қарасөзі бар көп болса көзі тірісінде бірінен-бірі асқан он-он бес кітабын жарыққа шығарып үлгергенін ғана көңіліне біршама місе тұтып өткенін айтармыз. Жырларының сұрыпталған жинағы «Темірқазықты» аялап отырып, өзінің де өнер әлемінде бір темірқазық боп мәңгі қаларын бәлкім шет-жағалап сезінген сәттері де кездескен шығар. Тұла бойы тұңғышы ­«Балаусадан» бастап ақырғы жыр дәмі, таусылғанша қалай дегенмен, әрине, ол өз заманындағы ең таңдаулы ақындардың бірі ретінде жарық дүние рыздығын бір адамдай-ақ азды-көпті кешіп кеткені даусыз. Өз шаңырағының уығын берік қадап, ұрпақ таратты, қолындағы қайсар қаламы, қапысыз еңбегімен жыр айдынына қыруар қасиеттер дарытты. Жеткіншек дарынды ұрпақтың келешегі келісті болғай деп біразын дәл байқап, өз үлгісімен ұстаздық көрсетті.
Бірақ ұлылықтың әдібі айқындалып, өңірі жете ашылуы үшін әсіресе оның парқын пайымдап, қадірін білу ­керек екен. Мәскеуде азын-аулақ оқып, әдеби білімін жетілдіріп келіп, өзінің төл ұясы Қазақстан Жазушылар одағы қабырғасында шығармашылық ізденісіне ыңғайлырақ байырғы жұмыс орнына да қолын жеткізе алмай, тек ­баспа қызметі михнатын жұбаныш тұтуға біржола мәжбүр болған жылдарында Ж.Нәжімеденов бәрібір жер басқан көп пенденің бірі ғана боп жүрген. Ол жағырапия, тарих пәні оқулықтарын шығару ісі Жұмекенсіз жүрелеп қалар ма дейтін алабөтен қамкорлықтан емес-ті. Өз қолымен өндіріске дайындаған соңғы кітабы «Қыран кия» сол тұстағы талайларға тосындау қабылданар өткір ойларымен Ақын мәртебесінің қыран қиясы емес, жырымдалып, жүйкелетіп, ақын табытының төлемі тәрізді, қоштасу жылынан кейін «Жалын» баспасының «жан азасы» боп шыққан.
Жыр алыбының оқушысымен емін-еркін сұхбаты – ғұмырының соңғы кезінде төсекке байланып жатып жанын сыққан риясыз ойлары араға жылдар салып, «Менің топырағым» (1985) жинағымен ғана тұңғыш рет жұлмаланбай, қаз қалпында қазақ поэзиясының алтын қазынасынан адалбақан өз орнын біржола баянды ете алды. Сол тұстарда өнегелі шығармаларынан топтастырылған қайта басылым томы («Ұрпағым, саған айтам») жарық көргені де бар. Бұрын-соңды кітаптарында түрлі себептермен енбей қалған қыруар туындылары мерзімді баспасөз беттерінде жариялана бастаған да. Бірақ осы қастерлі мұраға бастапқы бетбұрыс құлшынысы келе-келе су аяғы құрдымға айналып, соңғы он жылдай уакыт үдерінде, төл дүниелері орайында бірде-бір баспа бірде-бір еңбегіне оң қабақ көрсетпей астыртын өзара сөз байласқандай, жылы жауып қойғанын қалай түсіндіруге болады. Баспалардың күні кешелерге дейінгі сырт көзге шұғылданып жатқандай сыңай танытар «тапқырлығы» демеске лажың жоқ. Орыс тілінде сексенінші жылдардың жуан ортасында жарық көруге тиіс «Солнце­ворот» жинағы жылда тақырыптық жоспарға енетін де, мемлекеттік қордан қағазы – бәрі бөлініп, қатталып бекітіліп, ақыры «өлі арыстаннан – тірі тышқан» дегеннің кебін кигендей, оның орнына салымы бөлек, жолы төте өзге бір басылымдардың нәпақасы кете баратын. Сұрау салушыларға баспа жауабы қашан да дайын еді: шығарғасын біржола жөндеп, мықтап шығарсақ па дейтін көңіл алдарқатар сылтау сөз ғана болып келген. Шығарды әйтеуір – араға он екі жыл салып… Мұндай жұбанышпен тек мұрагерлерінің – бала-шағасының ғана уақытша басын бұлдырата тұруға болады, қалай дегенмен олар кішкентай адамдар, ал ақын мұрасын пір тұтар байтақ әлем – әдеби қауым, жанашыр оқушы, халық төрелігі алдында не бетімізбен ақталамыз деп ойлаймыз. Егер шынында да, біз әдебиет – ар ісі деп білеміз десек, қолайсыз әңгіме қозғалғаннан кейін Баспасөз министрлігінің тікелей нұсқасымен енді ғана қолға алына бастаған, ақын мұрасын жарым-жартылай қамтитын мынау үш томдық шығармалар жинағын қаншама жылдарға қалайша кешеуілдетіп алғанымызды да жұрт алдында жасырмай мойындар азаматтық мәрттік мінез қайда?
Осы айтылғандармен сабақтас әдеби ауа райымыздағы талай тәйкі сырқат сызаттарын сезінбей қалмайтын сәттеріміз аз кездеспейді. Тіршілігінде кітаптарын шығарып, ел қатарында жүргені ғана демесеңіз, ақындық ерен тұлғасына, әдебиетте алатын өз ­орнына лайық жетісіп өткені шамалы. Мұқағали Мақатаев есіміне байланысты қандай құрметті де, мұрасына қатысты қандай қамқорлыкты да көпсінуге болмайды. Әйтсе де Қасымы, Жұмекені, Ғафуы, Сағиы бар қазақ поэзиясын бір-бірінің шабынан түртіп жетімсіретіп кетпейтіндей, тек әр асылының өз бойына шақ ұлы мәртебесін жаңылмай, бүкпесіз айқындай аларлықтай әділқазылықтан мақұрым калдырмау жағын жадымыздан шығармағанымыз абзал.
Осылай сөйлеуге мәжбүр еткен негізгі себеп: Жұмекен мұрасы қыруар жылдарға мерзімінен шегеріліп, әдеби баспа орындарынан қағажу көріп, шөміштен қағылып келсе, «Жас алаш» газетінде ақынның дүниеден өткеніне он жыл ­толуына орай 1993 жылы жарияланған бір естелік-толғаныстан өзге (Ә. Сәрсенбаев) бірде-бір мерзімді баспасөз басылымы шөп басын қайырмай тым-тырыс, үнсіз жатып алса, қасиетті қазынаның келешегіне, насихатына қатысы болуға тиіс-ау дейтін жауапты азаматтардың, замандастарының қай-қайсының да бұл арына сын демеске лажың жоқ. Ал әлдебір өнер кешіне орай әңгімеде «Заманның ұлы ақыны М.Мақатаев, талантты да тегеуірінді «күрделі ақын» атанған Ж.Нәжімеденов» деп («Халық кеңесі», 18 мамыр, 1993) әркайсысына бір-бір сыбаға ұсынғандай, кімнің орны кімнен кейін келетінін жол-жөнекей ­ептеп бағыттап жібермек болғандай салыс­тырма емеуріндер ешкімнің де пайдасына шешілмейтіні хақ.
Қалың оқушы қауым мұраты мен ғұмырлы шығармалар тағдырының бірегей жарасымын, өзара сабақтастық сырларын жан-жақты саралап, бірте-бірте етене бауырластыра берер әдеби сын – баспасөз соншалық бір тоқпейіл салқынқандылықпен осылай жайбарақат жатқанда қайта ғылыми таным талпынысы көмбе көзін ашуға сарғайтып барып болса да берекелі бетбұрыс жасай бастағанына, біз шүкіршілік етуге тиіспіз. Бұл орайда «Жұмекен Нәжімеденов лирикасы» тақырыбында қорғаған кандидаттық сол ізденісі негізінде, дастандар тіршілігін де қамти, қомақты жеке кітабын («Жұмекен Нәжімеденовтің ақындығы») жарыққа шығарып үлгерген Қадыр Юсуповтың өнер ерекшелігі жайында ойлы толғаныстары қаршадай ­жасынан кемелдік көрсетіп, халқымен бірге жасар жасамыс мұраның сыр сандығына жол ашар замандастар танымының, көкірек көзінің көрнекі бір дәлелі ретінде қабылданары сөзсіз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.