Ізі қалды өшпестей…

Жеріне қарай дән өседі, тегіне қарай жан өседі. Сейіт Әбдібеков Қостанай облысының түгін тартса май шығатын Тобыл топырағында, сол кездегі Шұбар, Домбар болыстарының игі-жақсылары санатына жататын, толайым Торғай, Қостанай өңірлеріне аты мәшһүр Қарпық әулетінде 1916 жылғы қазан айында дүние есігін ашты. Сейіттің балалық шағы қазақ даласында  дүрбелең туғызған он алтыншы жылдың аласапыран оқиғаларына тұспа-тұс келді. Ел ішіндегі беделді, дәулетті адамдардың басына бұлт үйірілді. Жұт жеті ағайынды дегендей, он екі жасар Сейіт әке-шешеден бірдей айырылып тұл жетім болып қалды, сөйтіп 1928 жылы «Домбар қырғыз мектебі» жанындағы жетім балалар үйін паналады.

Асыл пышақ қын түбінде жатпайды. Талпынып ізденген адам мұратына жетеді. Дүниенің кілті білімде екенін түсінген Сейіттің ынта-жігері оқуға ауды. Қайтпас қайсарлығы мен таудай талабының арқасында ұстаздыққа қол жеткізді. «Елдің ең құрметті азаматтары ғана мұғалім болуға лайық» деп ғұлама Аристотель айтқандай, ол заманда мұғалімдер халық арасында өте сыйлы болды. Бұл Сейіттің алғаш көпшілік құрметіне бөленген шағы.
1941 жылы неміс фашистері ордамызға ойран салған сын сағатта саналы азамат Сейіттің отан қорғау парызынан тыс қалуға ары бармады. Ол соғыс басталысымен өзі сұранып майданға аттанды. Табаны күректей төрт жыл бойы Ұлы Отан соғысының жан алып, жан беріскен сұрапыл шайқастарында асқан ерлік көрсетті, талай марапаттарға ие болып, лейтенант шенінде елге аман-сау оралды. Қара тас­тан қайрақ, қара судан қаймақ жасаған жеңімпаз жауынгер санатында ол енді жасампаз бейбіт еңбекке бел шешіп кірісті. Бұл Сейіт Әбдібеков өміріндегі тағы бір ұмытылмас, биік белес болды.
Кешегі майдангер сөз өнерінің дертпен тең екенін ұғып, соғыс жылдарында жаны жараланған жандарды айықтыру жолдарын іздеді, сөйтіп халықтың мұң-мұқтажына бей-жай қарай алмайтын журналистика мамандығын таңдады. Қостанай облыстық «Большевиктік жол», кейін «Коммунизм жолы» газетінде әр жылдары бөлім меңгерушісі, ­жауапты хатшы, редактордың орынбасары міндеттерін атқарды. Жоғары партия мектебін тәмамдағаннан кейін білімділігімен мол тәжірибесі ескеріліп, 1953 жылы газеттің редакторлығына жоғарылатылды. Мұны Серік Әбдібековтың өмір жолындағы үшінші айтулы кезең деп есептеуге ­болады.
Осы тұста Секеңнің барлық қырлары жарқырап көзге түсті. Ол өте ұстамды, қара қылды қақ жаратын әділ, қарамағындағыларға мейірімді, ақ пен қараны тап басып айыра білетін, ұжымға жанашыр қамқоршы, жоғары жақтағылардың алдында беделді басшы болды. Қарамағындағы журналис­терге дұрыс бағыт сілтеп, газет бетінде өзекті, маңызды мәселелерді көтеруге ұйытқы болды. Жаңа айдарлар ашылып, облыстың тыныс-тіршілігін молынан қамтитын, еңбек адамдарын оқырмандарға толықтай таныстыратын очерктер,суреттемелер жарық көрді. Әсіресе Жанкелдин, Амангелді сынды шалғайда орналасқан ұлттық газетті тағатсыз күтіп, зерделеп оқитындардың талап-тілектеріне баса назар аударылды. Халық ақыны, Амангелді Имановтың үзеңгілес сарбазы Омар Шипиннің, Торғайдың топ жарғаны Нұрқан Ахметбековтың, бір кезде газет редакторының орынбасары болған ақиық ақын Сырбай Мәуленовтың, жыр жампозы Ғафу Қайырбековтың өлең-дастандары жиі жарияланып тұрды. Сол кездегі аудан басшылары Қадір Жүрінбаевтың, Бәкіжан Төртқариннің, Әубәкір Қасымқановтың, Қазбек Әлжаппаровтың кейін Социалистік Еңбек Ері атанған Оразалы Қозыбаевтың, Қажы Мамановтың, Тастанбек Шмановтың сұхбаттарын, мақалаларын көпшілік сүйіп оқитын.
Сейіт Әбдібеков басқарған редакция ұжымынан көптеген қызметкерлер түлеп ұшып, бүкіл елімізге танымал тұлғалар қатарына қосылды, жаңағы Сырбай Мәуленов, белгілі ақын Ғаббас Жұмабаев, ғалым, жер жанашыры – жазушы Сапабек Әсіпов, ақын Ертай Арысов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ғалым Қойшығара Салғарин, атақты сықақшы, Сейіт Кенжеахметов, қаламгер Мырзабай Кеңбейілов, лирик-ақын Нұрғиса Оразов, қайраткер азамат Ағыбай Мұқатаев – «Коммунизм жолының» қара шаңырағынан шыққандар. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, аса көрнекті жазушы, драматург кәдімгі Сәкен Сері – Сәкен Жүнісов те «Коммуниз жолының» редакциясында біраз уақыт Сейіт Әбдібековтың тұсында қызмет атқарған-ды.
Өз жерімізде өзіміз селдіреп қалған, туған топырақта өгей баланың күйін кешкен, сол бір сұрқия заманда қазақ газетінің ұжымы елім деп өкпе-бауыры елжіреген жандар, қазақтың қадір-қасиетін түсінетін сырт адамдар үшін ұлттың иісі бұрқырап тұрған қасиетті қара шаңырақ іспетті еді. Бақ ұжымда, отбасында бір адамға қонады. Сол бақ — ырыстың ұйытқысы да Секең болатын.
Жайдақ сөзбен жалпылама айтпай, нақты деректерге жүгінсек, Сейіт Әбдібеков редактор болып тұрған жылдарда біздің ұжымға сыйлы кісілер ат басын жиі бұратын. Бір жолы Қостанай жұртының бойтұмары, қазақ ұлтының тау тұлғасы Бейімбет Майлинмен Троицкіде Ғалия медресесінде бірге оқыған, бір төсекке жатып, бүтін нанды бөліп, жарым нанды жарып жеген башқұрт әдебиетінің классик ақыны Сайфи Құдаш, мейірімділігіне жан теңелмес, қазақ әдебиетінің асқар шыңы Сәбит Мұқанов, Құнарлы Қостанай топырағынан жаралған есімі елге таралған, аяулы ақын Мәриям Хәкімжанова біздің өңірге бір мезгілде келді. Қадірлі қонақтарды қошеметтеп, құшақ жайып қарсы алдық. Бәрін редактор Сейіт Әбдібеков өзі басқарып жүр. Секең жас жағында Торғай өңірінде мұғалім болып жұмысістеген Сайфи Құдашқа және онымен бірге сапарлас болуға ниет білдірген Сәбеңе өзі атқосшы болатынын айтып, маған Мәриям апайға еріп жүруді тапсырды. Сыйлы қонақтар да Сейіт ағаның өзі алып жүретініне разы болып, емен-жарқын, көтеріңкі көңілмен жолға аттанды.
Мәриям апаның еншісіне тиген мен жүрексініп тұрмын. Оның да себебі бар. Мәриям Хәкімжанова 1934 жылғы КСРО Жазушылар Одағының алғашқы құрылтайында атынан ат үркетін Максим Горькийдің өз қолынан мүшелік билет алған, қазақтан шыққан тұңғыш ақын қыздардың бірегейі, ол аз болса ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің ұрпағы. Осынау асыл ана, керемет жазушы туралы Фариза Оңғарсынова:
Қыздардың көшін бастаған,
Орынсыз асып-таспаған.
Өсек-аяң сөз айтпай,
Қабағымен жасқаған.
Тектілердің көзі едің,
Шын асылдың өзі едің,– деп толғаған-ды. Сейіт-аға да Мәриям апайдың асыл қасиеттерін айтып, барынша мұқият болуды тапсырды.
Иә, Сейіт Әбдібеков кісі сыйлай білетін, өзін сыйлата білетін жайсаң жан еді. Небір жайсаңдар Секеңнің ақ дастарқанынан дәм татты. Аталған Башқұрт ақыны Сайфи Құдаш, Сәбит Мұқанов, Мәрия Хәкімжановамен қоса, Қостанайға келе қалса сахна саңлағы, Еңбек Ері Серке Қожамқұлов, мемлекет қайраткерлері Сәлімгерей Тоқтамысов, Мінайдар Салин ат басын Сәкең үйіне бұратын. Торғайдан облыстық партия комитетінің екінші хатшылығы лауазымына жоғарылатылған Әубәкір Қасымқанов бірнеше ай Секеңнің шаңырағында тұрды. Өзінің інісі Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болған, бүгінде Қостанай облысының құрметті азаматы Шәңгерей Жәнібековты Секең мен оның зайыбы Зайраның ортақ отбасының бір мүшесі деуге әбден болады. Шәкең осы үйге келін түсіріп, аға-жеңгесінің батасын алды.
Осы жерде Секеңнің зайыбы Зайра туралы айтпай кетуге болмайды. Еркек үйдің иесі болса, әйел үйдің киесі ғой. Жақсы болса қосағың, маздап жанар ошағың. Секең мен Зайраның қонақжайлылығы, тату-тәтті тұрмысы баршамызға үлгі болды. Екі текті қосылып, шат-шадыман өмір сүрді. «Бағалай білгенге бақ дариды, қуана білгенге құт қонады» деген нақыл сөз осы кісілерге бағышталғандай.
Сейіт Әбдібеков жан-жағына шуағын төгіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіріп жүретін кеңпейіл адам еді. Біз «бір ұлымыз ғана бар үш-ақ баспыз» деп өзі тұрған үш бөлмелі үйді, төрт баламыз, қарт анамыз бар бізге берді. Менің анам дүниеден озғанша Секеңнің адамгершілігін аузынан тастамай, ақ батасын беріп өтті.
Сейіт Әбдібеков 1977 жылы 61-ге енді толған мүшел жасында, кемел кезінде дүниеден озды.
Жауынгер оқ тигенде өлмейді, қоғам ұмытқанда өледі деген тәмсіл бар. Сейіт Әбдібековты Қостанай жұртшылығы, қаламдас шәкірттері жадында сақтайды. Секең сынды нар тұлға ел есінде. Сейіт Әбдібековты еске алу, оның есімін мәңгілік баянды ету мақсатында туған ауданында бір мектепке еңбек жолын ұстаздықтан бастаған Сейіт Әбдібековтың аты берілсе, көп жыл еңбек еткен Қостанай қаласында бір көше Сейіт Әбдібеков есімімен аталса, тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылса, Қостанайдың Ахмет Байтұрсынов атындағы университетінің журналис­тика факультетінде Сейіт Әбдібеков аудиториясы ашылып, озық студенттерге шәкіртақы тағайындалса нұр үстіне нұр болар еді.
Игіліктің ерте-кеші жоқ, өмірден ертерек озған соғыс ардагерінің, қоғам қайраткерінің, көңілі ақ жайлау абзал ағаның, бекзат жанның атын қалай әспеттесек те артық болмайды, марқұмның аруағы шат болып, рухы жаңғырар еді.

Хамит БІРЖАНОВ,
Қазақстан Республикасына
ерекше еңбек сіңірген зейнеткер

Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.