ТАЛДЫБЕЙІТ. ЖЕЛТАУ…

    Қоңыр күз. Алаштың үш арысы туған Ақтоғай табиғаттың осынау тамаша кезінде өзгеше күйге еніп, төңірек алтын түстес сарғыш тартқан. Табиғаттың әдемілігі осындайда адамдардың көтеріңкі көңіл күйімен ұштасып, қиялыңды асқақтатады, ізгі ниеттерге бас­тайды. Алматы жақтан адамзаттың Әлиханының туған інісі Смахан төренің кенже ұлы Балабаршын ақсақал ата-бабасының кіндік қаны тамған жерге келіп кетуді ұйғарыпты. Ақтоғай ауданының әкімі ­Салтанат Әбеуова бастаған ел азаматтары асылдың тұяғын қарсы алуға, ата-бабасының туған жеріне тағзым етуге ұйтқы болды. 

Қоңыр күздің жаймашуақ күндері жан дүниеңді жадыратады. Көңіл шіркін алып ұшады. Сонау көз ұшында Ақсораң маңғазданып көрініп тұр. Бер жағында әйгілі Бегазы шыңы көңіл тербетеді. Одан төменде Жіңішке өзені сынапша сырғып ағып жатыр. Дәл осы өзеннің іргесінде атақты Талдыбейіт – төрелердің зираты тұр. Одан әрі Желтау. Әлиханның кіндік қаны тамып, әлемге сапар шеккен киелі мекені осы жер.
Қазіргінің от ауызды, орақ тілді шешені, Ақтоғайдағы археологиялық-этнографиялық мұражайдың директоры Тұңғышбай Мұқан былай дейді.
– Нұрмұхамедтің әйелі Бегім ­ханым Тобықты руынан. Абай ауданында «Әлихан жазығы» деген жер бар екен. Кезінде Әлекең нағашылап барғанда, ат жарыстырып, той жасаған, Әлекең келді деп құрмет көрсеткен. Содан «Әлихан жазығы» аталған. Әлекеңнің көрегенділігі, данышпандығын ешкім де жеріне жеткізе айта алмай келеді. ­Таусылып бітпейтін, телегей-теңіз дерсің. Әлекең терекке дейін өсіріп кеткен, егін салғызған, менің осы өсиетімді орындаңдар, жалғастырыңдар деген. Талдыбейіттегі ағаш әлі күнге дейін сол қалпында өсіп тұр. Көптен бері жүрегімде бір ой жүруші еді. Әлекеңнің аруағын асқақтату ақтоғайлықтар үшін мәртебе. Сондықтан ата-бабасының қорымын бұрынғы қалпын бұзбай, сол күйінде сақтай отырып реставрация жасауға бас­тама көтердім. Жігіттер уәдесінде тұрды, мазардың төңірегі қайтадан қоршалды, мемлекет ақша бөлді.
Әлекеңнің 1937 жылы 27 қыркүйекте атылғанын білесіздер. Осыған орай Әлекеңнің ата-бабалары мәңгілік мекен еткен қорымды «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қамқорлыққа алдық. Нақтылай айтсақ, 2011 жылы Қарағанды облысы мәдениет басқармасының жанындағы тарихи ескерткіштерді қорғау инспекциясы арнайы бөлінген 3,5 млн қаржыға қоршау жүргізді. Ол қоршау әлемдік талғамға сай келетін жабдықтан жасалды. Мазарды өзгертуге болмайды. Мазардың сыртқы түбі бетонмен қапталды. Мазардың жиегіне Әлекеңнің өзінің ата-бабалары мекен еткен Желтаудың жалпақ қалақ тас­тарынан төсеніш жасалынды. Әлекеңнің туған жері Желтаудың төңірегінде ата-бабалары Нұрмұхамедтің, Мырзатайдың сонау көне заманнан бері қарай 5-6 қыстақтары болған екен. Сол қыстақтың қайсысын таңдап алу керек, анықтаған жөн. Алматыдағы Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институт директорының орынбасары Арман Бейсенов келді. Оның жанында тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамының төрағасы Түлкібай Төлеуов бар. Ғалымдар зерттеу жүргізді, Әлекеңнің ата-бабалары мекен еткен 4 қыстақтың орнынан «Мұқанның қорасы» деп аталған Желтаудың баурайындағы қасиетті орын таңдап алынды. Ел аузынан естіген Әлекең отырған таңбалы тас та осы жерде. Неге таңдап алынды? Себебі, бұл жердегі қорымның орны революцияға дейінгі 19 ғасырда тартылып, салынғандығы өз деректерімен айғақталды. Ғылыми тұрғыда дәлелденгендіктен осы жер, яғни Жекежал Әлекеңнің кіндік қаны тамған орын деп белгіленді. Екінші бір тарихи деректе Әлекеңнің туған жері Жекежал деп аталады екен. Сол Жекежал тура Қасым қорасы деп аталған 4 қыстаудың ішінде Желтаудың солтүстік теріскей батысындағы бірінші қатардағы қыстақ болып тұр. Қасым қорасынан алыс емес. Жалпы осы төңіректің бәрін «Қасым қорасы» деп атайды.
– Осы төңіректі Қасым төре мекендеген, ол да Әлекеңнің арғы бабасы деген сөз бар, шындыққа жанаса ма?
– Негізі төре тұқымында Қасым есімді кісі болған. Бірақ арғы ғасырда болса керек. Әлекеңнің әкесі Нұрмұхамедті елдің бәрі Мұқан деп атап кеткен ғой. Бұл жерде қасиетті құстас бар. Үлкен бұлақ бар. Ал қалған төңіректе бұлақ, тарихи ескерткіштер жоқ. «Қасым қорасы» кеңес кезінде шопандардың қыстауы болды. Ғалымдардың айтуы бойынша кейінгі кірпіштен салынған қора, тұрғын үй кеңестік дәуірде қаланған құрылыс екен.
Тілге жүйрік, көкейге келген ой-пікірін кестелеп, төгіп тастайтын Тұңғыш аға әңгімені одан әрі жалғастырды. Біз ауызына қарап қалыппыз.
– Нұрмұхамед төренің мөлдір бұлақты сулы, құнарлы жерде отыруы әбден мүмкін. Көптеген тарихи деректерде Әлекең ауылға келген кезде төбесіне шығып отыратын үлкен қара тас болған дейді. Сол қара тас осы қыстақта ғана тұр.
Тұқаң жол бастады. Аудан әкімдігінің жігіттері Қайрат, Сайлау, Самат, редактор Мүсіркеп,Әлекеңнің тағы бір ұрпағы Қазыбек, жас журналист Қуаныш, жастар жетекшісі Әлішер Балабаршын ағамызды қолтықтап алған. Ата-бабасының қыстауына табаны тиген соң Балабаршын ағамыз да тіптен жадырай түсті.
Осы жерде Әлекең мектеп ашқан. Мына төменгі Тоқырауын өзенінің жағасында Қарасуда Бижанның Қасені де мектеп ашқан. «Әлихан бала оқытып жатыр» деген хабарды естіген соң сол Бижанның Қасені осы мектепке оқулықтар әкеліп тапсырған. Көріп тұрғандай, ескі қыстаудың орны әжептәуір ауыл болғанын көрсетеді. Әлекең отырған құс тастың ­басына шықтық. Сонау көз ұшында көлбей жатқан Қызыларай, Бегазы таулары алақанға салғандай анық көрінеді. Іргеде атақты Керегетас тұр. Оның ар жағында Майлықтың қара шоқысы, одан әрі көз салсаңыз Қаршығалы тауларын да байқай аласыз. Дәл осы арада отырып Әлекең бүкіл әлемді көңіл елегінен өткізіп, шолып отырған ғой.

* * *
Асылдың сынығы Балабаршын Смаханұлы Талдыбейіттің басына барғанда шешіліп біраз мәселені жүйелеп айтып берді. Талдыбейітте кімдер жатыр? Құлпытастағы жазулар нендей сыр шертеді? Осының бәріне Балабаршын ағамыз тиянақты жауап берді. Қолындағы қағазды анда-санда мұқият қарап қояды.
– Мен күнде келе бермеймін. Әлекеңнің ата-бабалары осы Талдыбейітте жатыр ғой. Кейінгі ұрпаққа жәдігер болсын, білгенімді айтайын, қағазға түсіргенім де бар.
– Біз тұрған жердің Талдыбейіт деп аталуының да өзіндік тарихы бар. Әкесінің қазасы туралы хабар жеткенде, Омбыда қызметте жүріп, әкесіне топырақ сала алмаған үлкен ұлы Әлихан, кештетіп келіп,бейіт басына сонау Бразилияда өсетін ағаштың үш түп жас шыбығын әкеліп отырғызған екен. Содан әкесінің бейіті тұрған жер Талдыбейіт аталып кеткен. Ал ормантанушы ғалым отырғызған ағаш осы күнге дейін өсіп тұр. Әлекеңнің әулеті жайлы әңгіме қозғалғанда, ­сонау Шыңғысханнан бастау алатын төре әулетінің 23-ші ұрпағы екенін естен шығармауымыз абзал. Дүниежүзілік Шығыстану зерттеушілерінің ғылыми еңбектерінде дәлелденген.
Атақты Барақ сұлтанның баласы Бөкейхан. Бөкейханның 11 ұлының бірі – Батыр сұлтан. Батырдан Рүстем, Әшімтай, Мырзатай. Мырзатайдан – Нұрмұхамед, Әбдіхан, Қоске, Шолақ. Нұрмұхамедтен – Әлихан, Әзіхан, Тәттіхан, Нұрбек, ­Смахан, Базылхан.
Бар жазығы қайтсем Алашымды жеткізем, оздырам дегеннен басқаны ойламаған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1937 жылдың 27 қыркүйегінде туған жерінен алыс Мәскеуде өлім ­жазасына кесіліп, сүйегі туған жерінен бұйырмады. Сонау Мәскеуде қалғанда да туған туыстарынан ағасын, өзінің ғана ағасы емес-ау, ел ағасын, қыр баласын жоқтап, іштей зар жылаған да Смахан төре болды. Іштен тынбағанда қайтсін, «халық жауы» болып нақақтан атылған ағасының сүйегін іздеуге елді ала аяқтар билеген 30-40 жылдары мүмкін бе еді?..
Осыны ескере отырып және есімін ел-жұрты ұмытпасын, сүйегі көмілмей далада қалды демесін деген ой туады. Қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қараған Тоқырауын – Желтаудағы «Талдыбейіт» зиратына жерленген әкесінің қасына, кезінде Ғұмар Қарашұлы бір өлеңінде жырлап өткен Әлекеңнің бас киімін ырымын жасап жерлеп, төте және бүгінгі жазумен өмірбаянын қашатып, жаздырып, басына тас қойдырған осы Смахан төре болатын… ORDA
Смахан төре Нұрмұхамедұлы сүзектен ауырып, Балқаш қаласында 1967 жылдың 25 қаңтарында қайтыс болған. Ата-бабаларының жерінде әке-шешесінің жанына жерленген.
Смахан төре ханымы Мария Нұршина Шоңбай ұрпағы 1979 жылы ­27 желтоқсанда 84 жасында өмірден озды. Талдыбейітке жерленді.
Талдыбейітке жерленгендер: ­Мырзатай, Әбітай, Қоңағали, Нұрмұхаммед, Бегім ханым, Әбдіхан, Қоске, Шолақ, Мәтхан, Әзіхан, Тәттіхан, Нұрбегім, Смахан, Мәрияханым, Баймағанбет, ­Борымхан…
Елизавета Әлиханқызы Бөкейхан – атақты дәрігер, профессор, әскери шені майор, 1970 жылы Мәскеу қаласында қайтыс болды. Лиза апамыз опат болды.
Үкітай Әлиханұлы Бөкейхан – көрнекті тау-кен инженері. Уран кенін зерттегені жөнінде бірнеше монографиялық еңбектері бар. 1957 жылы Хакассияда барлау экспедициясының бас инженері қызметінде қайтыс болған.
Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан Шыңғыс ханның жиырма үшінші ұрпағы.
…Талдыбейіттегі мазар 1901 жылы салынған. Әлекең өзі отырғызған ағашты арнайы адам жалдап, бағып күттірген. Ал Жіңішке өзені бір арнасында жылтырап ағып жатады, енді бірде құм астына сіңіп кетеді. Сөйтіп, Тоқырауын өзеніне құяды.

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы
Мәдениет саласының үздігі

Қарағанды облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Әмина

    Өте тамаша тақырып.Осы тақырыпты Астанада жүріп көп қаузадым.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.