Мерейлі мерекеге тарту

Алматыдағы «Дәстүр» баспасынан Тәуелсіздікке арналған әрқайсысының көлемі 40 баспа табақтан тұратын екі бірдей кітап жарыққа шықты.

Алғашқысы «Тәуелсіздік толғауы», екіншісі «Хранители сокровенного» ­деп аталатын кітаптардың авторы көркемсөздің көрнекті шебері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Махмұд Қашқари атындағы «Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін» Халықаралық сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов. «Тәуелсіздік толғауы» кітабы «Бұл осылай болған» деген деректі әңгімемен ашылады. ­Автор бұл шығармасында Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген ТМД жайлы байыпты баяндайды. «Кемеңгерлік құпиясы», «Ұлт бағына туған ұлы тұлға», «Көрегендіктің тағы бір көркем көрінісі» атты шығармаларда Елбасының көрегендігі мен халықтың ерен еңбегінің арқасында Тәуелсіздік жылдары еліміз жеткен жетістіктер көркем образ, келісті тілмен кестеленген.
«Хранители сокровенного» кітабына топтасқан «Президент знает чаяния людей», «Территория мира и согласия», «Культура – это паспорт нации» деп тізбектелген көкейкесті көсемсөздерде автор тәуелсіздік жайлы толымды ой толғайды.
Қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген қос кітаптағы шығармалар – Тәуелсіздік жылдарының көркем шежіресі.
Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев: «Дүниеге Тәуелсіздік көзімен қарайтың әдебиет керек» деп жазды. Сыншы ­Жұма-Назар Сомжүрек айтқандай: «Екі күннің бірінде жедел жәрдеммен ауруханадан бір-ақ шығып, жансақтау палатасына түсіп жатса да», соңғы алты айда үш бірдей аса күрделі, ауыр операция жасалса да еңбек еткен жазушы Сәбит Досанов Тәуелсіздік тойына қос бірдей кітап арнап, ұлы тойға тамаша сый ұсынды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.