Энциклопедиялық анықтамалық оқырманға жол тартты

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Тұран» университеті баспасынан «Қазақстан рекордтар» кітабы деп аталатын ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалығының мерейтойлық басылымы жарық көрді. Кітап қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде басылған.

Оқырманға жол тартқан жинақты К.Тазабеков (бас редакторы), Д.Әшімбаев (редактор орынбасары), Г.Алаева, С.Баймаханова, А.Жеңісқызы, Д.Закирова, Г.Искакова және т.б. авторлар әзірлеген. ­Рецензия жазған экономика ғылымының докторы, профессор Рахман Алшанов, «Қазақстан Қаржыгерлер бірлестігі кеңесінің» төрағасы С.Аханов.
Энциоклопедияда елімізде тіркелген рекордтар, жарқын жетістіктер, айтулы деректер, бірегей сәулеті бар ғимараттар, тарихи кешендер, өз саласында жаңалық ашқан таланттар, еңбегі ерен тұлғалар, таңғажайып өнер туындылары туралы мағлұматтар қамтылған. Әрбір беті айшықты суреттермен безендірілген.
«Тарих», «Тұрғылықты халық», «Жағрапия», «Экономика және бизнес», «Саясат», «Құқық», «Ғылым және білім беру», «Денсаулық сақтау», «Туризм және альпинизм», «Спорт», «Сәулет және бейнелеу өнері», «Жазушылар. Ақындар. Суретшілер», «Музыка. Балет. Би өнері» атты 13 бөлімнен құралған жинақты парақтай отырып, байтақ тарихымыздың тұңғиығына терең бойлап, маңызды оқиғаларға куә боласыз. Күні бүгінге дейін жүріп өткен жолымыздың шежіресін танып білесіз. Сонау «Алтын адамнан» бастап уақыт керуені молынан қамтылған деуімізге толық негіз бар. Мемлекетіміздің бет-бейнесін, азаматтардың толайым табысы, ел келешегіне қосқан сүбелі үлестері жан-жақты жеткізілгені байқалады. Бір сөзбен айтқанда, оқырмандардың әр буыны үшін пайдалы еңбектің танымдық сипаты ерекше.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.