Тілім менің — тірлігімнің айғағы

Нағбду ҚАМАРОВА,
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар
және инжиниринг
университетінің профессоры

Ел тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі. Ұлттық мәдениеті жоқ ел ешқашан да егеменді ел бола алмайды. Ұлы Абайдың заманын айтпағанда, Алаш зиялылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсыновтар бастаған алыптар тобы тіл мәселесіне ерекше мән беріп, оның шексіз байлығын, суреткерлік қуатын, бейнелігі мен саздылығын көркемдік сапаға жеткізді. Қазақ тілінің тағдыры үшін күрес тоқтамақ емес. Қазақ тіліндей мол сөздік қоры бар, бай тіл әлемде аз. Қазақ тілі – елімізде азаматтық және мәдени біртектілік жасауға тікелей үлес қоса алатын аса зор рухани құбылыс.

Тәуелсіздік туын желбіреткенімізге 25 жыл толған бүгінгі Қазақстанда қазақстандықтардың бәрі мемлекеттік тілде 100 пайыз сөйлеп кетпегені белгілі. Қазақ тілін меңгеруге ең алдымен өз қандастарымыз қызығушылық таныту керек. Сонда ғана елімізде тұратын өзге ұлт өкілдерінен де талап ете аламыз. Әрине, кезінде кеңестік жүйенің әсерімен орыс тілінде білім алған қандастарымызға да түсіністікпен қарауға болады. Олардың көпшілігі бірте-бірте ана тілінде еркін сөйлеуге көшсе, енді біреулері өз тілін үйреніп, білуге шорқақтық танытуда. Ал қазақ тілін үйренгісі келетіндерге толық жағдай жасалған ба? Тиісті құрал-жабдық, арнайы әдістемелік нұсқаулықтар болғанымен, әдіснама көңіл көншітерліктей емес. Тіл үйрету курстарының сабақтарынан нәтиже де аз. Осы мәселеге зер сала қарайтын уақыт жетті. Еліміздің өзге ұлт тілді мектептерінде қазақ тілін үйрету жүйелі жолға қойылмаған.
Қытайдың атақты философы ­Кон­фуцийдің «Егер де маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды» деген данышпандық сөзі әрбір қазақстандықтың жанымен түсіне, сезінетін сөзіне айналса, тіліміздің мәртебесі асқақ болар еді.
Төл оқулықтарымыздың сапасы төмен. Өйткені жаңа буын оқулықтарында кемшілік қанша айтылса да жойылмай келеді. Оқулықтағы мәтіндер оқушының жас ерекшелігіне, түсінігіне байланысты дұрыс берілмейді. Сондай-ақ қазіргі кезде қазақ тілінің қолданысы әлеуметтік желілерде де шұбарланып кетті. Ұялы телефондарда агент, ватсап, инстаграм және т.б. әлеуметтік желілерде ұялы телефондардың басым бөлігінде қазақ тіліне тән дыбыстар жоқ болғандықтан тіл шұбарлануы көптеп кездеседі. ­Сонымен бірге жастар күрделі сөздерді жазуға ерінгендіктен, оларды бейсауат қысқартып қолдана береді. Мәселен, «Не істеп жатырсың?» деген сөзді «Неистеватсын?» деп қолданады. Басқа тілмен былғанып жатқанын айтпағанда, өз ана тіліміздегі сөзді дұрыс жазбағандықтан сауатсыздық пайда болады.
«Қазақ баласы ана тілінде оқып, дүниетанымы туған тілінде қалыптасса ғана елім дейтін азамат өсіп шығады» деген Алаш зиялысы Ә.Бөкейханның сөзі қай заманда да құнын жоймақ емес. Әлемдік бәсекеге қабілетті ұрпақ ­өсі­руді мақсат еткен біздің елде көп тіл білгеннің артықтығы жоқ. Бізге қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз, қытай тілдерін меңгеру керек. Дүниежүзінде жеті миллиард адам бар десек, олардың әрқайсысымен бір тілде ой бөлісіп, пікір алысу мүмкін емес. Бүгінде әлем бойынша халықаралық мәртебеге ие болған бірнеше тіл бар. Бірақ ана тілдің мәртебесі қашанда биік, қашанда үстем болмақ. Өз тіліңді білмей тұрып, өзге жұрттың тілін сыйлау, құрметтеу мүмкін емес деп ойлаймын.
Әлемнің көптеген елінде жұмыс істеу үшін, оқу үшін тіл білуге деген қажеттілік бар. Алыс шетелдерді айтпағанда, көршілес жатқан елдерге сырттан келген мигранттар міндетті түрде сол елдің ­тарихынан тестілеуден өтіп, тілін үйренеді. Бұл – өз еліңді, тілің мен тарихыңды қорғап, қастерлеудің ең тиімді жолы. Осындайда «шіркін-ай, біздің елде де дәл осындай талап болса ғой!» деп армандайсың. «Мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарды жұмысқа алмау керек» деген заң шықса, әр қазақстандық мемлекеттік тілді өзі үшін үйренер еді. Өкінішке орай, біздің елде ешбір елдің тәжірибесінде жоқ құбылыс — мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлер лауазымды қызметтер атқарып жүр. Заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, тілсіздік – атасыздыққа, атасыздық – отансыздыққа, отансыздық – опасыздыққа, опасыздық – имансыздыққа апарады. Мемлекеттік тіл Қазақстан халқының рухани негізі болса, Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екені айтпаса да түсінікті.
Жасыратыны жоқ, қазір мемлекеттік қызметтегілердің басым көпшілігі қазақ тіліне менсінбей қарайды. Мемлекеттік тілді білмейтін адамдардың жауапты қызметті қалай атқарып жүргендеріне таңғаласыз. Соңғы жылдары мемлекеттік қызметшілер арасында өткізіліп келе жатқан «Қазтест» емтиханы мемлекеттік қызметтегілердің тілге деген сезімін оятты. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да ­себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген қанатты сөзі өзінің құндылығын бүгін де жоймақ емес.
Көшедегі, телеарналардағы шұ­бар тілді жарнамалар, теледидар, радиодағы журналистердің қазақша сөз қолданыстары, қазақша әндердің мағынасыз мәтіндері, қазақ тілді агенттің нұсқалары сияқты бұрыннан айтылып келе жатқан қазақ тілінің мәртебесіне нұқсан келтіретін жайттармен күресе беруді тоқтатпауымыз керек. Мәселен, әлі күнге дейін кейбір мекемелерде өтініш деп жазудың орнына арыз деп жазып келеді.Мемлекеттік тілдің әлеуетін іске асыру мен оның қолданылу аясын кеңейтуді үнемі назарда ұстап отырудың маңызы зор.
«Кәсіби қазақ тілі» ЖОО-да міндетті пәндердің бірі ретінде оқытылып келе жатқаны – қуантарлық жағдай. Ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде мамандарды даярлау­да мемлекеттік тілді кәсібіне бағыттай үйрету мәселесі жетекші орында тұр. Келешек мамандар өз саласының қазақ тілінде дамуына тікелей үлестерін қосулары керек. Осыған орай «Кәсіби қазақ тілі» пәнінің мақсаты – студенттерге қазақ тілін мамандықтарына сай кәсіби қырынан меңгерту. Тілді мамандыққа сәйкес қатынас құралы ретінде үйрету олардың өз мамандықтары бойынша қазақ тілінде сөйлеуіне көмектесіп, өз ойын еркін жеткізуіне септігін тигізіп, сөздік қорын байытады, сондай-ақ ­сауатты жазып, сөйлеуге дағдыландырады.
Жақында университетімізде «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының ұйымдастыруымен тілдің мәртебесін көтеру мақсатында «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты тәрбиелік шарада «Теңіз техникасы және технологиясы» мамандығында Солтүстік Қазақстан облысынан келіп оқып жатқан МТТ-16-1 тобының 1-курс студенті Асхат Иманжанов Маңғыстау аймағының қазақ тіліне деген құрметі ерекше екенін шын ризашылықпен айтып, өзі өскен аймақта кез келген ортада тек орысша тілдесетінін де жасырмады.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы – Ана тіліміз мәңгі жасай бермек.Қазақстан тәуелсіз ел болып қалсын десек, онда ең алдымен ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді, ана тілді дамытуға, мемлекеттік тілді нығайтуға күш салғанымыз жөн.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Гүл Нұр

    Тәуелсіздіктің 25 жылдығы да аз жыл емес, бірақ әлі жалтақпыз. Тіліміз шұбар. Енді ҰБТ-дан қазақ тілін алып тастады. Тіліміз осылай бірте-бірте құрдымға кетпесін, ағайын! Өз тілімізді менсінбейтін де өзіміз. Тәуелсіздік деген атымыз ғана. Ана тіліміз әлі сығалап жүр есікте. Төрден қашан орын тиер екен?!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.