Бедерлі белестерге толы жыл

Санаулы күндерден кейін тағы бір жылды – 2016 жылды шығарып салмақшымыз.
Үстіміздегі жыл қазақ елі үшін есте қаларлық, айтулы жыл болды. Бұл жылдың басты ерекшелігі – талай ғасыр аңсап, қолымыз жеткен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өттік.

Тәуелсіздік қай халыққа болмасын қымбат. Ал қазақ халқына ол мың есе қадірлі. Өйткені ата-бабаларымыз Егемендікке жету жолында жан беріп, жан алысты. Бұған айқын дәлелдің бірі – осыдан 100 жыл бұрынғы ұлт-азаттық көтеріліс. Осы жылы Азаттық қаһармандары еске алынып, олардың ерлік істері кеңінен насихат алды. ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен Алаштың ардақты перзенті Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы да ел есінде мәңгі сақталары анық. Дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы да ел тарихында өшпестей жазылып қалды.
Еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіп­сіздік кеңесіне сайлануының да мәні зор. Осының өзі Қазақстанның мерейін едәуір өсіріп отыр.
Ел Парламенті Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Декларациясын қабылдады. Мұнда осыған дейін бағындырған асуларымыз, болашақта атқарар істеріміз белгіленді. Саяси-құқықтық құжат осынысымен құнды.
Біздің жоғарыда тілге тиек еткеніміз ел өміріндегі айтулы оқиғалар болса, ал экономикадағы, әлеуметтік – рухани сала­лардағы жетістіктеріміз де ауыз толтырып айтарлықтай.
Біз алдағы күндерден тек жақсылық, қуаныш күткен халықпыз. Сондықтан 2017 жыл да елімізге құт, береке әкелді деген берік сенім бар. Бұл жылдағы ең басты оқиға – ЭКСПО көрмесінің біздің елемізде өткізілуі. Бүкіл құлақ түріп отырған маңызды шараны жоғары деңгейде өткізу – мемлекетімізге де, халқымызға да сын. «Болашақ Энергиясы» көрмесіне 100-ден аса мемлекет,10 халықаралық ұйым қатыспақшы.
Әр жылды жетістіктерімізбен шығарып салайық.
Жаңа Жылда жақсылықтарымыз көп болсын!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. ау

    қазақстан алға

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.