Мүмкіндіктер толық қарастырылсын

«Тіл туралы» Заңның 23-бабындағы: «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы Заңдарымен белгіленеді» деген талап орындалуға тиіс».

Жуырда Қазақстан Республикасы Парла­мен­ті Мәжілісінің депутаты Сауырбай Есжанов бастаған бір топ халық қалаулылары Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке осындай мәтіндегі депутаттық сауал жолдады. Олардың айтуынша, осыдан екі жыл бұрын Мәдениет және ақпарат министрлігі «Тіл туралы» Заңының 23-ші бабын іске асыру мақсатында тиісті заң жобасын әзірлеп, мемлекеттік тілді біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет қызмет салаларын белгілеген жоба Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияда мақұлданғанына қарамастан Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылмаған. Аталмыш жобада азаматтардың мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын «ҚазТЕСТ» жүйесін заңдастыру ережелері де қарастырылған.
Сондықтан Сауырбай Есжанов бастаған бір топ депутат осы заң жобасы қайта қаралып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тарапынан Мәжіліске енгізілуі қажет деп есептейді.
– «Тіл туралы» Заңның 23-бабындағы: «Мем­лекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазым­дардың тізбесі Қазақстан Республикасы Заң­дарымен белгіленеді» деген талап орындалуға тиіс. Осы бір ғана талапты жүзеге асыру мемлекеттік тілдің қолдану аясын айтарлықтай кеңейтер еді. Алғашқы кезеңде қазақ тілін білуге тиіс кәсіптердің бәрін емес, мемлекеттік қызметшілерді қамтысақ та жет­кілікті деп ойлаймыз. Толғағы жеткен осы өзекті мәселе Республика Үкіметінің тарапынан қолдау табатындығына сенеміз, – дейді депутат С.Есжанов.
Елімізде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретін­дегі қолдану аясын кеңейту және норматив­тік-құқықтық базасын жетілдіру жолында көп­теген ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылды. «Тіл туралы» Заң және «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. «Тілдер туралы заңдардың сақталуына бақылау жасаудың тәртібі туралы ереже» де бар. Осы маңызды шаралар қазақ тілінің мемлекетті басқару тілі ретіндегі деңгейін көтерді. Ұлт тіліндегі мектептер мен балабақшалардың көбеюіне ықпал етті.
Қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан елімізде қабылданған мемлекеттік нормативтік-құқықтық құжаттардың мүмкіндігі толық пайдаланылмай келе жатқанын көреміз. Сонымен бірге қолданыстағы «Тіл туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет екендігі уақыт өткен сайын айқындала түсуде. Біз осы күнге дейін мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі 2007-2010 жылдарға арналған тұжырымдама мен тілдерді дамыту бағдарламасының талаптарын да толық жүзеге асырған жоқпыз. Тілдің нормативтік-құқықтық базасын уақыт талабына сәйкес дер кезінде жетілдірмеу ісқағаздарын қазақ тіліне көшіру жөнінде алға қойылған міндеттердің ойдағыдай орындалмауына кері әсерін тигізген.
– Мысалы, Мұнай және газ министрлігінде, Төтенше жағдайлар министрлігінде мемлекеттік тілдегі ісқағаздарының үлесі 23-40% деңгейінде. Облыс әкімдіктеріндегі жағдай да біркелкі емес. Бұл мемлекеттік басқару құрылымдары мен олардағы қызметкерлердің қазақ тіліне деген ынтасын арттырудың мүмкіндіктері толық қарастырылмай отырғанын көрсетеді, – дейді тілге жанашыр депутаттар.

Бейбітгүл
Әбдіғаппарқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.