«Шекаралық аудандарға ерекше мәртебе керек»

Кез келген мемлекет үшін мемлекеттік шекара қасиетті ұғым екені белгілі. Өйткені іргесі берік елдің еңсесі биік. Бұл тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан-ақ мемлекеттік шекараны шегендеп, халықаралық келісімшарттарды бекітіп алғаны белгілі. Ендігі күрделеніп тұрған мәселе – шекаралық аудандардағы халықтың жағдайы. Мұны айтып отырған себебіміз, ондағы байырғы тұрғындардың аудан орталықтарына, қалаларға қоныс аударуына байланысты шекарадағы ауылдардағы халықтың саны жылдан-жылға кеміп барады. Әсіресе, Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарындағы шекаралық ауылдар жағдайы толғандырады. Жуықта Шығыс Қазақстан облысында іссапармен болып, Катонқарағай ауылдық округінің әкімі Амантай БАЛТАБАЕВПЕН осы мәселе төңірегінде әңгімелесу сәті түсті. 

– Ел іргесінің берік болуы шекара маңындағы елдімекендерге, халыққа байланысты ғой. Осы тұрғыдан келгенде қазіргі жағдай қандай?
– Дұрыс айтасыз, шекараға таяу орналасқан ауылдар мен елдімекендерге, ол жерлерге халықтың көптеп қоныстануына мән беруіміз керек. Өйткені әлемде геосаяси жағдайлар күрделеніп барады.
Бұл орайда еліміздегі Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарындағы шекаралық ауылдардың жағдайы жіті көңіл бөлуді талап етеді. Халықты тұрақтандыру мен шоғырландыру мәселелерін мемлекеттік деңгейде шұғыл қолға алуымыз қажет. Шекара бойында орналасқан аудандар мен тұтастай ауылдардың бос қалу қаупі бар. Өйткені шекаралық аудандарды біріктіру үдерістері жүргізіліп, аудан орталықтары көшкеннен кейін, барлық мемлекеттік мекемелер жабылып, сонымен күн көріп отырған халық жұмыссыз қалған болатын. Шалғай аудандарда өндіріс және өнеркәсіп орындары жоқтың қасы. Оған тоқырау жылдары да өз салқынын тигізді. Сол кездерде ауыл шаруашылығымен айналысу да тиімсіз еді.
Бәлкім, заманның қиындап тұрған тұстарында шекаралық аймақтардағы аудандарды бір-біріне қосып, біріктіру қажеттіліктен туындаған да шығар. Ал қазір бұл аудандарды қалпына келтіруге не кедергі? Еліміздің қазіргі таңдағы саяси-экономикалық жағдайы бұған толықтай мүмкіндік береді. Әйтпесе ауылдардағы ағайынның орталықтарға қоныс аударуы азаймайды. Есесіне, шекарамыз бос қалайын деп тұр.
Жалпы еліміз бойынша шекаралық аудан­дар­дағы халық саны барған сайын азайып бара жатқанын көреміз. Өйткені жыл сайын кемінде 3-4 мыңға жуық тұрғын облыс, аудан орталықтарына қоныс аударады.
Шығыс Қазақстан облысы көзтартар әсем табиғатымен, тарихи жәдігерлерімен көпшілікке таныс. Сонымен қоса бұл еліміздің ең үлкен шекаралық аймақтарының бірі. Бұрынырақта шекараға жақын маңда халықтың қарасы қалың болатын. Тіпті шекарадан өтіп, шеп бұзып, шектен шыққандарды жергілікті халықтың өзі-ақ тәртіпке келтіріп отыратын. Сондықтан шекаралық аудандарды қайта қалпына келтірсек, ауылдардың еңсесін көтеріп шекарамызға да көп алаңдамас едік. Елулікті еңсердік, енді отыз елдің ортасына енеміз деп жатқанда осы аудандарды қайта қалпына келтіру де күн тәртібіне сұранып тұрғаны анық. Сонымен қатар атамекенге оралған қандастарымызды Үкімет белгілеген тиісті облыстарға бөлгенде, шекаралық ауылдарға да орналастыруды ойластыру керек.
– Қазіргі кезде шалғай ауылдардағы халықтың қалаларға қоныс аудару үрдісі тоқтаған жоқ қой. Бұл ауыл тұрмысына қаншалықты әсер етуде?
– Шекаралық аудандардың басым бөлігі тұйық, қарым-қатынасы қиын, үлкен тас және темір жолдардан қашық жерлерде орналасқандықтан, қандай да бір экономикалық тиімді кәсіпті ұйымдастырудың өзі күрделі, әрі шығыны көп. Осындай себептермен шекаралық аудандардың халқы күнкөріс қамымен шама-шарқынша үлкенді-кішілі қалаларды жағалағаны белгілі. Шекарадағы елдімекендер мәселесі сөз болғанда оңтайландыру саясаты кезінде таратылған шекаралық аудандарды қайта қалпына келтіру мәселесі де айтылмай қалмайды. 1997 жылдары Катонқарағай және Большенарым ауданы қосылғанда халық саны 50 мың болған. Ал қазір екі ауданның халқы 24 мың адамнан аспайды. Сондықтан бірінші өзекті мәселе ретінде ішкі миграцияны атап өту керек. Тау қойнауларына орналасқан бұрынғы ферма орталықтары мен қыс қыстауын, жаз жайлауын жайлап, малын бағып, шөбін шауып отырған жергілікті тұрғындар бүгінде ат төбеліндей азайып барады. Олар аудан, облыс, тіпті Алматы, Астана қалаларын бетке алып көш түзегелі қашан. Бүгінгі заманда бұл заңды құбылыс. Сондықтан көліктік дәлізін ұйымдастырып, алыс-беріс күшейсе деген ой бар.
Біздің ауылдағы жағдайды 1997 жылмен салыстырсақ, Катонқарағай ауылында халық саны 10125 адам болса, қазір 4571. Яғни 55 пайызға кеміген. Ал тұрғындардың орта жасы бұрындары 30-50 жас болса, қазір 55-63 жас. Туу көрсеткіштері де айтарлықтай мәз емес. Урбанизация үрдісімен халық, әсіресе жастар жаппай қалаға көшуде. Бұл мәселе алаңдатады. Жастар ауылды көркейтуге қалмаса, туу деңгейі де аз болары анық. Мысалы қазіргі күні ауылдағы туу деңгейі облыстық орта көрсеткіштен 2 есе төмен.
Жастарды қолдау үшін, ауыл тұрмысын жақсарту үшін кәсібін дамытуға, мансабын жоғарылатуға мүмкіндік туғызу қажет. Осы тұста тағы көкейкесті мәселе алдымыздан шығады. Жас мамандардың ауылға келуі сирек. Осының салдарынан ауылдарда дәрігерлер, мұғалімдер жетіспеушілігі анық сезіледі. Мемлекет жағынан жастарды қолдауға бағытталған түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Алайда жас мамандар қызметін қалада бастағысы келеді.
Оқуын енді тәмамдаған мамандардың алыс түкпірге еңбек етуге баруы, тұрақтап қалуы үшін арнайы бағдарлама қабылданса құба-құп. Бағдарламада шекаралық аудан тұрғында­рына барлық бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдермен еңбек ақыларға жоғарылататын коэффициент тағайындап, түрлі жеңілдіктер қарастырылғаны жөн.
Шығыс Қазақстан облысында 1997-2011 жылдар аралығында ғана шекаралық аудандардағы 45 елдімекен еліміздің картасынан жойылып, 20-дан астам мектеп өз жұмысын тоқтатқаны қынжылтады. 2012 жылға дейінгі дерекке қарағанда, 15 жыл ішінде Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Үржар аудандарынан 85,1 мың адам көшіп кеткен. Бұл аудандардың барлығы – Қазақстанның шекаралық аймақтары. Тек 2009-2010 оқу жылында балалар санының азаюына байланысты 19 мектеп, 2010-2011 оқу жылында 17 мектеп, 2011-2012 оқу жылында 13 мектеп жабылған. 2012-2013 оқу жылында облыс бойынша 20 жалпы білім беретін мектеп жабылып, 6 мектеп қайта ұйымдастырылған. Жалпы 2009 жылдан бастап облыста 69 мектеп жабылып, 48 мектеп қайта ұйымдастырылған. Қайта ұйымдастырудың да теріс әсері көп. Өйткені 11 жылдық мектептер тоғыз жылдық немесе тоғыз жылдық мектептер бастауыш мектептер мәртебесіне ие болады. Бұл да халықтың жаппай көшуіне өз әсерін тигізуде. Бұл 5-6 жыл бұрынғы бір ғана дерек.
Басылым беттерінен жақында бізге өнеге болар бір жаңалықты оқыдым. Жапониядағы трамвай мекемесі шалғай ауылдан қалаға қатынайтын жалғыз оқушы үшін тоқтатылуы тиіс трамвай бағытын екі жыл бойы жұмыс істеткені туралы жазылған. Шалғай ауылдағы оқушы мектебін бітіргенше, жалғыз жолаушы үшін трамвай қатынасын тоқтатпау – Жапонияның жасампаз рухты ел екенін көрсетеді. Ал бізде жалғыз оқу-шының тағдырын ойламақ түгілі, қаншама мектеп жабылып жатыр.
– Көршілес Қытай, Ресей мемлекеттері бұл мәселені қалай шешуде?
–Көршілес Қытай, Ресей мемлекеттері шекаралық аудандарын бекемдеу үшін бар күштерін салып жатқаны белгілі. Қытай Қазақстанмен шекаралас аудандарына халықты шоғырландырып, қалалар салып тастаса, Ресей Қиыр шығыстағы шекаралық аудандарына көшіп барушылар үшін гектарлап жер телімдерін тегін беруді қолға алуда.
Расында, шекара бойында иін тіресіп ел отырса, қайнаған тірлік, жайнаған өмір болса, біздің жұртқа ешкім де қыр көрсете алмас еді?! Қытай мен Қазақстанның шекаралық аудандарының арасында демографиялық дисбаланс жылдан жылға ұлғайып барады. Қазіргі күнде бұл біздің елімізге айтарлықтай мәселе туындатып тұрмағанымен, келешек ұрпақ үшін қолайсыз геосаясаттық жағдай қалыптасуы мүмкін екені анық. Соңғы жиырма бес жылда Қытайдың шекаралас аудандары қайнаған орталыққа айналып, ел экономикасын ілгерілетуге өз пайдасын тигізуде. Ал біздің елдегі шекара аудандарының жағдайы мүлдем басқа. Осы мәселелерді шешу жолында, бұдан басқа да сәтті тәжірибе бар. Мысалы, бізге көршілес Ресей Федерациясының Қосағаш ауданында мемлекеттік арнайы қабылданған бағдарламаның арқасында ақырғы 25 жылдың ішінде аудан халқының саны 1,5 есеге өсті.
– Ауылдың бірден-бір темірқазығы – ауыл шаруашылығы екені белгілі. Мүмкін жергілікті шаруа қожалықтарын біріктіру, ұйымдастыру аудан халқының тұрақтауына негіз болады.
– Шекаралас аумақта халықты сақтап қалудың бір жолы – инфрақұрылымды дамыту деп жатады. Қазір бұл тұрғыда мемлекет тарапынан жақсы жағдай жасалуда. Алайда инфрақұрылымнан бөлек жаңа кәсіпорындар ашудың, нарыққа шығудың жолдарын қарастырудың маңыздылығы арта түсті. Әрине, кез келген ауылдың темірқазығы – ауыл шаруашылығы ғой. Алайда бұл жерде де көп нәрсе ескеріле бермейді. Ал енді бұл аймақтың өзіндік ерекшеліктеріне тоқталсақ, дәнді дақылдар өсіруге қолайсыз. Катонқарағай округі бойынша 350-ге жуық шаруа қожалықтары бар. Бұған қоса шаруа қожалықтарының барлығы кішігірім, отбасылық болып келеді. Ал олар өз бетімен нарыққа шыға алмағандықтан, көбінде делдалдарға жем болып отыр. Мемлекеттік «Агробизнес-2020», «Сыбаға», «Құлан» сынды бағдарламаларымен кәсібін бас­тап шаруашылығын өркендетіп жатқандар бар. Бірақта аталмыш мемлекеттік женілдіктер барша қазақстандық ауыл шаруашылық субьектілеріне бірдей болғандықтан үлкен жетістіктерге жету қиын. Ал соңғы жылдардағы экономикалық ахуал бұл шаруашылыққа кері әсер етуде.
Жаңа айтып кеткенімдей, ұсақ шаруа қожа­лық­тарының үлкен нарыққа шығу мүмкіндіктері төмен. Өткен жылы елімізде «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң қабылданған болатын. Бұл заңның ауыл шаруашылығы өнімдерін нарыққа шығаруға үлкен демеу болары анық. Мәселе қазір енді ғана қолға алынуда. Біріншіден, шалғайдағы өнімдерді қалаға жеткізу жолдары ойластырылу қажет. Мүмкін кішігірім аэропландарды іске қосуға болатын шығар. Екіншіден, үлкен партиялармен уақытында жеткізілген тауар шаруаға тек пайда әкелері анық. Яғни әр өндіруші өз тиісті үлесін алады. Үшіншіден, бұл бірнеше мәселені біріктіріп, ауыл экономикасына үлкен серпін береді.
Осы тұрғыда тағы бір ұсынысым, жергілікті шаруаларға шекаралық аймақта отырғаны ескеріліп, нарықтан алыс аймақ ретінде жеңілдікпен субсидиялар берілсе ұтарымыз көп. Бұл мәселе зерделеніп мемлекет үшін де, шаруа үшін де тиімді жолдары қарастырылса құба-құп. Ал кооператив құрылса мемлекет тарапынан көп мүмкіндіктер ашылатыны сөзсіз.
Шығыс өзінің табиғатымен, саф ауасымен кез келген жанды тамсандыратыны сөзсіз. Біздің Катонқарағай, Марқакөлдерімізге жыл сайын көрші Ресейден туристер келіп демалып қайтады. Бұл аумақтың табиғатына тамсанған демалушылардың айтары туризмді дамытса, шетелдік курорттардан еш кем түспейтін орын дегенге саяды. Ал ол үшін инвесторларды тартып, кәсіпкерлерді қызықтыру қажет-ақ. Сондықтан туризмді дамытуды қолға алса, кәсіпкерлер де қызығушылық танытып, қаншама демалыс орындары ашылар еді. Ал мұндай кәсіп түрі жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, тұрақтанып қалуына сеп болатыны анық.
Тағы бір айтарым, жердің үлкен мүм­кін­діктерін ұмытпауымыз қажет. Жердің тек­тоникалық ерекшеліктерін ескере отырып, геология, геодезия ғылымдарына көңіл бөлінсе деген тілек бар.
– Парламентте де шекаралық аудандар мәселесі көтерілген болатын. Алайда одан нақты нәтиже болмай отыр. Бұл мәселені арнайы Заңмен реттеу қажет шығар?
– Парламентте бұл мәселе бірнеше рет қаралғаны рас. Бүгінде шекаралық аудандарға ерекше мәртебе беретін заң шығарып, арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек. Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне сай, елімізде орта есеппен жылына 100-ге жуық мектеп жабылады екен. Мектеп білім ордасы болумен бірге, бүгін ауылдағы жұмыс беретін орын, ауылдың қасиетті қара шаңырағы. Сондықтан мектептерді сақтап қалу да назардан тыс қалмаған жөн. Мүмкін, мектептердегі оқушылар саны туралы нормативке өзгерістер енгізу қажет шығар.
Мемлекет инвентаризация үрдісі аясында ауылдардың әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін анықтаған болатын. Бұл өте тиімді үрдіс. Соның әсерінен ауылды дамыту хақында үлкен жоспарлар дайындауға болады. Шекара аудандардың жағдайларын зерттеп, шекара аудандарында тұратын халықты тұрақтандыруға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылдау уақыты жеткен сияқты. Шекаралық ауылдарда мақсатты түрде жұмыс орындарын көптеп ашу – кезек күттірмес іс. Жабылып қалған мекемелер мен мектептердің ашылуын, бюджеттік қызметкерлер жалақысына 50-60 пайыздық үстеме төлеу, кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік жасау, жас мамандардың қияндағы алыс ауылдарға барып, тұрақтап қалуы үшін шекаралық аудан тұрғындарына арналған түрлі жеңілдіктер қолға алынуы тиіс.

Ақбота Исләмбек

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

9 Пікір

  1. Заңғар

    Өте орынды мәселе. Қаншама халық амалсыз туған жерінен қалаға қоныс аударды. Нәтижесінде қазақтың темірқазығы саналған ауыл мәселесі сыртта қалды. Бұлай кете берсе, қазақтың ауылы да жоғалады ғой.

  2. Руслан

    Расында шекарадағы халықтың тығыз шоғырланғаны мемлекет үшін өте тиімді. Сондықтан бұл мәселені дұрыстап зерделеу қажет. Халықтың қалаға ығылып келгенінен гөрі ауылымызды сақтап, сол жерде шарауашылықты дамытып, кәсіптерін іске асырып жатса қандай ғанибет.

  3. Алпамыс

    Мен ауылдың қарапайым шаруасымын. Туған жерім де осы ауылда. Бірақ балаларымның болашағы үшін қалаға көшкіміз келеді. Себебі, ауылда ауыл шаруашылығымен әркім отбасымен ғана айналысады. Мемлекет тарапынан қолдау өте аз. Сондықтан ауылдың негізгі табыс көзі осылайша күнін көріп отыр. Амалсыздан қалаға көшеміз

  4. Жания

    Әсіресе мектеп мәселесі мені толғандырады. Мен Батыс Қазақстан облысында шалғайдағы аймақта тұрамын. Мектепте бала саны аз деп жабылуға дайын тұр. Мектеп жабылса аудан орталығына, не қалаға көшуге мәжбүр боламыз. Шекара деген ұлттық қақпанымыз ғой. Сондықтан жеңілдіктер жасалып, бағдарламалар қарастырылса. Қайтсе де мектепті сақтап қалу қажет қой.

  5. Зере

    Жалпы шекаралық аумақтарға ерекше мәртебе беру бұл көптен бері көтеріліп жүрген мәселе.Алайда заң жүзінде арнайы баптар жоқ болғасын, ешқандай ерекшеліктер мен үстемақылары жоқ. Бұлай кете берсе ауылды дамыта алмаспыз.

  6. Айгүл

    Мен Солтүстік Қазақстандағы шекаралық аудандардың бірінде ұзақ жылдардан бері тұрып, қалаға көшіп келген тұрғынмын. Ауылда тұрмыс деңгейі төмендеген. Тіпті мектептердің өзі 9-жылдық болып қысқартылып қалды. Содан балалардың болашағы үшін қалаға көшуге мәжбүр болдық. Егер ауылда тұрақты жұмыс пен мектеп болса ауыл ары қарай өркендей береді ғой.

  7. Кәмилла

    Ерекше мәртебе беруден бұрын меніңше, жаңа нысандарды қолға алу қажет. Яғни, бұрынғы зауыттарды қалпына келтіру ауыл ресурсын пайдаланып, жұмыс орындарын ашу. Қытайда қандай қараңызшы, шекарадағы ауылдары керісінше, қаладан да гүлденіп кеткен. Сондықтан керісінше бар күш орталыққа емес, шекараға болуы қажет қой.

  8. Ардақ

    Еуропа елдерінде ауыл шаруашылығын дамытуға пайызсыз несие, субсидиялар беріледі. Себебі шаруаға қамқорлық таныту бұл Үкіметтің міндеті іспеттес. Ал Ресейде шекаралық аумақтағы кәсіпкерлерге салықтан босату да қарастырылған. Байқап қарасаңыз, мұның астарында үлкен мән бар сияқты. Сондықтан қалай болса да шекараны берік бекемдеу үшін халық санын көбейтудің бар жолын ойластырайық, ағайын!

  9. омирхан

    1997 жылы Казакстан-Кытай шекарасы бойындагы шекаралык аудандарды бырыктыру улкен кателык болды натижесынде халык жаппай кошып кетты алы де кошуде билык шекара бойындагы аудандарды кайтадан калпына келтырмесе халык калмайды Тарбагатай-Акжар,Маканшы-Маканшы,Катон Карагай-Катон,Маркакол-Теректы,Нарыкол-Нарынкол етып аудандарды куру кажет!!!!!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.