Келді тағы жаңа жыл

Келді тағы Жаңа жыл,
Шертіледі жаңа сыр.
Дүйім жұртты өзіне,
Қаратады жаңа жыр.

Жыр шаттығы бір бөлек,
Көк жүзінде күнде ерек.
Жан-жүрегі елжіреп,
Жыршы кетті термелеп.

Төңіректе қуаныш,
Мұң ауылы тым алыс.
Кеудемізден көшеді,
Шуақ шашып нұр ағыс.

Жолаушыдай жолдамыз,
Көп болса екен олжамыз.
Жаңа күнді көрсеткен,
Жаратқанға ырзамыз.

Кірлетпейік көңілді,
Нұрға бөлеп өмірді.
Өсірейік ұядан,
Ибалы қыз, ер ұлды.

Дала қандай көрікті,
Жүректерді ерітті.
Аппақ қардай ақ әлем,
Ерекшелеу елітті.

Көңіл құсы самғайды,
«Қанаттары» талмайды.
Сезімдерді сәулелі
Бір-біріне жалғайды.

Бір жылылық көктемдей,
Бетімізден өпкендей.
Жақсылықтың барлығы,
Жаңа жылмен жеткендей.

Смайыл БАЗАРБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.