Мәнзура

Мақсотова Мәнзура қарындасымыз Атырау облысы, Құрманғазы ауданының топырағын басып, ауасын жұтып, суын ұрттаған төл перзенті. Қазір ол өркениетті елдердің бірі саналатын Францияның азаматшасы. Сол елдің тілінде судырап ағып тұр. Орысшасы одан қалыспайды. Арада көп жыл артта қалды ғой, қазақшаға тұсаулы аттай кібіртіктейтін шығар деген ішкі ойымыз үшін өзіміз ұялдық.
– Жатырқау, жатсыну жоқ, сол елдің келіні болған соң әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін бес саусағымдай білгеніммен, тамырымда қазақтың қаны тулап жатқандықтан жан дүнием өзгере қоймаған, шынайы қазақпын әлі, – дегенде өте риза болдық.

Мақсотованы ганюш­киндіктердің ұмытар жөні жоқтай. Өйткені әкесі Таймс аға ауыл-аймаққа танымал автокөлік жүргізушілерінің бірі болды. Ал Ақбала Қаюпова апай талай пьесаларда басты әйелдер рөлін сомдаған, ауданның даңқын республика асырған белгілі артист. Ақбала десе, Ақбала еді ғой деп марқұм жайында аузының суы құрып өнерін мақтан тұтатындар қатары тым сиреп барады.
Сонымен, Мәнзура қарындасы­мызға қайыра оралсақ, ол 1963 жылдың тумасы. Ауданның Ломоносов атындағы орта мектебінде оқыған.
– «Сыныптастарыңызды ұмытқан жоқсыз ба?» деп едік. – Неге ұмытайын: Ахметжанов Игорь, Сиденғалиев Қанат, Шәждекеев Бейбіт, Сүйінішева Шаттық, Құлжігітов Бекжан, Тілеуғалиев Ахаш, – деп тізімнен оқығандай зулата жөнелді.
Ломоносов мектебінің 8-сыныбын бітірген соң, 1978 жылы Санкт- Петербургте (ол кезде Ленинград) тұратын туған апасы Ләйла Таймсқызын сағалап, сонда кетіпті. Осыннан құрылыс училищесін бітіріп, аз-кем еңбекке араласып жүргенде Африканың Бурунди мекенінің Альберт Гируквишака деген азаматымен дәм-тұзы жарасып, оған 1984 жылы тұрмысқа шығады. Сонымен, біздің Мәнзура Таймсқызы Гируквишака 5 жыл бойы Африкада сол елдің келіні болып тұрады. Өкініштісі, соғыссыз бір күні өтпейтін мұнда ол алғашқы махаббаты, яғни күйеуі Альбертін мәңгілікке жоғалтып, Санкт-Петербургке қайыра оралады. Бұл 1999 жылдың өкініші мол қоңыраулы күзі Мәнзураның есінде мәңгілікке сақталып қалған. Шағын баянымыздың осынау кейіпкерінің тағдыры одан әрі Франция еліне байланады. 1950 жылы туған Жан Шар есімді француз азаматына 2004 жылы тұрмысқа шығады. Мәнзураның қаймағы бұзылмаған қазақылығына, міні мұқалмаған пошымына, өзін даланың ерке құсындай еркін сезінуіне қарап тұрып, «жат-жұртта жағдайы жаман емес-ау» деген ойға жетелейді. Оларың дұрыс дегендей, ішкі түйсігімізді қапысыз түсінген туған апасы, ауданның кәсіпкер әйелдерінің лайықты өкілі Наслиха (Шаку) Таймсқызы әңгімемізге араласып: – Күйеу баламыз Жан Шар ана жылы Мәнзураны елге алып келіп, біздің үйде он шақты күндей болды. «Тілі басқа – тілегі бір, түрі басқа – жүрегі бір» дегенді әбден ұғындырды. Ақкөңіл, жоғары мәдениетті, адаммен қарым-қатынасы, жарын сыйлауы, үлкенге деген ізеті таңдай қаққызады. Біз де кісікиік емес, құдайға шүкір кісі көргенненбіз ғой, жасандылықтан ада Жан Шардың жан тазалығына біржола көзім жетті, – деп ағынан жарылды ол.
2013 жылдың желтоқсан айы күні кешегідей есте қалған. Өйткені Атырау өңірінде тосын жаңалық салтанат құрды. Аудан орталығы – Ганюшкиндегі «Тұрмыстық қызмет» коммуналдық кәсіпорнының басшысы Жанғабыл Мұғалімұлы Шамұратов өз кәсіпорынын тиімді басқарып, дамытқаны үшін Франциядағы «Sein» ассоциациясының Алтын медалімен марапатталды. Ал оны табыстау салтына шаш етек шаруадан қолы босамай Жанғабыл бара алмады. Тау асып, тас басып, ақсұңқар қанат лайнерлермен кезек-кезек ақ бұлттарды жара самғай жетті-ау, бір күні сол Франциядан Алтын медаль Жанғабылдың төсін аңсап. «Тірі жүрсем бұл жақсылығыңа орай құрмет көрсетермін» деп ант-су ішкен Жанғабылымыздың бір арманы жақында орындалды. Шәку апасымен сағына көріскен француз келіні Мәнзураны Жәкең боз марқа сойып, төріне шақырды.
Ағайын-туыс, көрші-көлем, естияр үлкендер төргі бөлмеге лық толды. Мәнзураның шаттыққа толы жүзі алғыспен көмкерілді. Жанғабыл ағасы қара орман қарындастың иығына оқалы камзол іліп, жеңгесі Күләнда басына ақ шарқат орады. Аты француз демесең, заты қазаққа айналған Жан Шар күйеу балаға деп алтын зерлі шапан арнағанын жария қылды Жанғабыл.
Көзіне қуаныш жасын үйіре отырып Мәнзура Таймсқызы сыр тиегін ағытты. «Жан Шар екеуіміз Францияда бас қостық дедім ғой. Тойымызға Ломоносов мектебінде оқыған сыныптастарым, Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, марқұм Бақыт Ахметжановтың дәрігер ұлы Игорь Ахметжанов сонау Германиядан және Қанат Сиденғалиев екеуі автокөлікпен келіп, адам айтса нанғысыз дейтіндей басымды бақытқа кенелдірді».
Мәнзураның одан әрі айтқан әңгімесі ішінен бізді мына бірі аса қатты тебірентті. «2008 жылы Парижге қазақ ақындары келіп, өнердің айтыс деген түрін өткізеді дегенді газеттер жағалай жарнамалап жатты. Жан Шардың қолы тимей, өтетін орынға өзім бардым. Ине шаншар бос жер жоқ. Үшінші қатарда отырған бір апай: «Мына қызым менің орныма отырсын» деп, өз орнын босатып берді. Дәл жанымда операторлар камераларын сайлап жатты. Содан не керек, айтыс та басталды. Мен отырған үшінші қатардағылар Түркияның қазақтары екен.
Бір кезде айтыс арасындағы үзілісте оркестр Құрманғазының күйлерін төкпектете жөнелді. Көз алдыма тасырлай шауып өтетін үйір-үйір жылқылар, мыңғырған мал, баяу толқып аққан арна, қырлығынан сағыз, сарыала гүлдер теретін кездер тізбектеліп өтіп жатты. Нағашы әжеміз Қапизаның: «Тұрыңдар енді, күн тал түс болды, ыстық сүт пісіріп қойдым, іше қойыңдар, сосын ойнайсыңдар» деп бәйек болған үні құлаққа күбірлеп келетіндей. Баба күй Париж сахнасын аспанға көтеріп жіберердей дауылдап ойнап жатыр. Менің көзім тарс жұмулы, өзім ағыл-тегіл жылап отырмын, жасым тоқтар емес, не болғанымды білмеймін, оператор дәл сол күйімді түсіріп алып, жер-жаһанға таратып жіберген. Оны осы ауылда да көргендер мына Шәку апама (Наслиха): «Мәнзураны теледидардан көрдік, ағыл-тегіл жылап отырғаны несі?» деп сұрапты дейді. Апасы да онысын растап жатыр. Көрдіңіз бе, Мәнзура қарындасымыздың тірлік сапары ақ түн аялаған Питерден басталып, Африкаға ұласып, одан Францияға барып тұрақтағанына да ұзақ жылдар өтуіне қарамастан ындынында бар қазақылығын, ділін, тілін, иманын жоймаған. Бәрінен бұрын оның Құрманғазы атасының адуын күйі серпіле қанат қаққанда ботадай боздап егілуін айтсаңшы… Өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шыққан қаракөздердің қайсысы бүйтіп жатыр, қазақша тіл қатсаң бетіңе шытынай қарап, бағжаң ететіндері көп емес пе? Біз Мәнзураның жеке тірлігіне олай-бұлай деп баға беруден аулақпыз, тек осы бір қазақылығын ұмытпаған, қанында күй ойнаған тектілігін оқырмандарға жеткізгіміз келгені.
Айтпақшы, біздің Жан Шар күйеу баламыз шарап өндіру кәсібімен айналысады. Ал Мәнзура қарындасымыз ұзақ жылдар «ет экспорттаушы» деген шаруаның құлағын ұстап табысқа жеткен. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының «Жайық – ет» аталатын өндірістік ұжымымен тұрақты байланыста болып, оларға Канаданың жылқы етін жіберіп тұрған. Қысқасы, Мәнзура қайда жүрсе де қазақ екендігін дәлелдеп өмір сүріп келеді. Жұма күндері ата-ана рухына арнап иіс шығаратынын да айтады. Францияның келіні, қазақ Мәнзура, міне, осындай жан.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ
Атырау облысы
Құрманғазы ауданы

Суретте: Мәнзура Таймсқызы Жанғабыл ағасы мен Күләнда
жеңгесінің ортасында

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.