Жақсының есімі — ел жадында

Шалқар ауданында аға ұрпақ өкілдері Жұмағали Қабақбаевты ұмыта қойған жоқ. Үлкендер жағы ақсақалдың кісілік қасиеттерін үнемі айтып жүретін. Кейіпкеріміздің тағдыры сан мыңдаған тұрғыластарының бақ-талайымен өзектес: кеңестік дәуірдегі қолдан жасалған ашаршылықты, сталиндік қуғын-сүргінді көрді, Ұлы Отан соғысының майдандарында үш жылдан астам уақыты өтті. Оның бер жағында Хрущевтің лаңымен ауыл тірлігіндегі дүрбелең, жеке малды шектеу бар. 

Әкеден бір жасында қалып, ана тәрбиесінде өскен, бар білімі сауатсыздықты жоюдың екі-ақ класы Жұмағали Қабақбаев алғырлығымен қызметке ерте ілігіпті. Қараңыз – еңбекшілер депутаттарының Қарасай ауылдық кеңесінде хатшы, Дамбар, Қаратал ауылдық кеңестерінде, Бершүгір селолық кеңесінде төраға, өзі қызмет атқарған кеңестердің депутаты, Шалқар аудандық кеңесінің қатарынан бес шақырылымында, яғни он бір жыл бойына депутат, Ақтөбе облыстық кеңесінің депутаты. Соның айғағы – бірнеше рет мемлекеттік марапаттарға ие болып, КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысуы.
Ұлағатты ақсақал Бибіш анамызбен жарасты тірлік кешіп, көркем ұл-қыздар өсірген. Үлкен баласы Қартбай ауыл шаруашылығы құрылымдарында лауаз­ымды қызметтер атқарды, Мәркен қоғамдық тамақтандыру саласында, Қанымай білім беру жүйесінде жұмыс істеді, Жанғабыл – журналист, Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі, Сәтбай – физика-математика ғылымының докторы, профессор. Қарттардың және бір бақыты – ұл-қыздардан немере сүйді, шөберенің алдын көріп кетті.
Жұмағали атаның осылайша жүрген-тұрған ортасында ынтымақ пен бірлікті аузынан тастамай, бітімгершілік көсемдігін, қиын түйіндер орайын табуда шешендігін көрген бір топ соғыс және еңбек ардагерлері Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы қарсаңында Шалқар қаласында жаңа, үлкен көшелердің біріне Жұмағали Қабақбаевтың есімін беруді сұрап, аудан әкімдігі мен аудандық мәслихатқа арнайы хат жазды. Өңір басшылығындағы азаматтар мүдделік танытқанмен мәселе облыстық ономастикалық комиссияда іркіліске кезікті. Шалқарлық ардагерлер табанды қалпынан танбай билік органдарына қайта жүгінді. Сөйтіп, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында әділ шешім қабылданып, облыстық мәслихат сессиясында бекітілді.
Ақиқаттан аттамаған жөн, Шалқар ауданының бұрынғы және қазіргі әкімдері Ербол Данағұлов пен ­Бауыржан ­Қаниев, аудандық мәслихаттың бұрынғы және қазіргі хатшылары Серікбай Төлемісов пен Ысқақ Бегеев соғыс ардагерін мәңгі есте қалдыруға ықылас танытты.
Желтоқсан айының соңғы дүйсенбісінде аудан орталығында жаңадан пайда болған кең де сәнді көшелердің бірінде жұртшылық өкілдерінің қатысуымен митинг өткізілді. Шалқар қаласы әкімінің орынбасары Сапарғали Құлбергенов ашып жүргізген шарада аудан әкімінің орынбасары Әлия Боранбаева, еңбек ардагері, Шалқар ауданының құрметті азаматы Дәулетжан Елеусізов, белгілі кәсіпкер Болатбай Елеусізов, Шалқар аграрлық кәсіптік-техникалық колледжінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Жеткерген Елемесов өз сөздерінде дәйекті дәлелдер келтіріп, тыңдарманды ұйытты. Дәулетжан аға Ақтөбе облысында партия-кеңес органдарында лауазымды орынтақтарда болған Бақи Шановтың, Социалистік Еңбек Ері Алтынбек Әкімжановтың Жұмағали Қабақбаев туралы пікірлерін ортаға салды.
Өз естелігінде Болатбай Елеусізов былай деді:
– Мен әкемнің әкесі Әйтекештің тәрбиесінде болып, «шал-кемпірдің баласы» деген дәрежені иеленгенмін. Ауылымызда «Бай Сейітжан» атанып кеткен ақсақал мен әкемнің меншігінде төрт түлік мал болды және Хрущевтің жеке малды шектеу саясаты тұрғысында айтарлықтай көп те еді. Әкемнің ауылдық кеңес төрағасы Жұмағали ағамызбен сыйластығы нәтижесінде кемпір-шал қыспаққа түскен жоқ, шаруасын ары қарай дөңгелетіп жүргізді. Мен Жөкеңнің кішіпейілділігін, үлкен-кішімен тіл табыса білгенін айтар едім. Баласы Жанғабылмен мектептің бір класында оқығандықтан үйіне жиі соғамын. Сонда мені «Әйтекемнің баласы келді» деп, төрге шығарушы еді.
Қарапайым шопан отбасында апалы-сіңлілі төрт қыздың ортасында жалғыз өскен Жеткерген Елемесов былайғы жұрт «Сәбет» атап кеткен бұл кісінің қазіргі терминмен айтқанда аз қамтылған отбасылар тірлігіне қамқор көңілмен қарағанын, мұң-тілегін ескерусіз қалдырмағанын елжірей еске алды. «Әкемнің жоқтығын білдірмей еркін өсуіме қызық-қуанышын сарп еткен байғұс анамның: «Атағы жайылып, айналасына тамыр жайған Үмбеттің қызымен сөзі бар екен, баламды қомсынып жүрер, құдалыққа бас болып, Жұмағали, сен барасың» деген кесімді билігіне дерек айтпастан Жөкең жүріп еді».
Көше шетіндегі екі қабатты көркем коттедж маңдайшасындағы жазуы бар жамылғыны аудан әкімінің орынбасары Әлия Боранбаева мен аудан бойынша қазір ортада жүрген жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері Шудабай Тақаев түсірді. Еңбек ардагері, Шалқар ауданының құрметті азаматы Оразбай Әділбаев бата берді.
Митингіден соң қаладағы «Әсем» мейрамханасында марқұмның ұрпақтары дастарқан жайып, ас берді.

Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ

Ақтөбе облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.