Текей батыр

Белгілі батыр, қолбасшы Текей батыр Қарпықұлының талай ғалымдар мен тарихшылардың сүзгісінен өтетін Ұлттық энциклопедияға енуі (8-ші том, 325 б.) – ол туралы ел ішіне тараған әңгімелерінің негізі барлығын көрсетсе керек. Оның Әз Тәуке ханның батырларының бірі болғаны, ел қорғаудағы ерлігі, үш жүздің басын қосқан жиындарда сөйлеген сөздері айтылып келеді.
«Ойда қалмақ, қырда ойрат» демекші, ХVІ-ХVІІІ ғасырда, тіпті ХІХ ғасыр басында Еділ бойындағы қалмақтар (мұны қазақтар Құба қалмақ) мен башқұрттар, қазақтар (естек деп атаған – Т.Д), шығыстағы ойрат-жоңғарлардың дүркін-дүркін шабуылы тұсында хан, сұлтандар қасындағы билермен қатар батырлардың рөлі зор болған. 1732 жылдың 21 қазанда Батыр сұлтан 1500 сарбазымен Түркімендерге шабуыл жасаған. Ал 1738 жылы Әбілқайыр хан Еділ қалмақтарына шабуылдаған осы ұрыста Текейдің болғаны анық.

Бөкенбай, Бөгенбай, Қабанбай, Жиембет, Жәнібек, Малайсары, Сартай, Тайлақ, Тілеу, Саңырық батырлармен бірге Қаракете Текей батыр да сол саптан көрінген. Сыр елінде оны Тәуке ханның үзеңгілес серігі, бас батыры ретінде атайды. Демек, ұзақ жылдар бойы ел жадынан шықпай есімі аңызға айналған батырлардың бірі осы Текей Қарпықұлы.
Қорқыт ата, Қармақшы өңірінде өмір сүрген Сыр сүлейлері, шежіреші-қариялар Текей батырға соқпай өтпеген. Соның бірі Шегебай Бектасұлының (1844-1916) «Би, батырларды жырлаймын» атты толғауында:
…Енді бермен келейін,
Қарпықтың ұлы Текейге.
Айдаһардың таудағы
Басын кесіп ерлеген.
Уақытында тақымын
Қалды ма жан көрмеген? – деп жырлаған. Шегебай ақын бұл толғауын 1909-1910 жылдары шығарған. Филология ғылымының докторы, профессор Шамшат Әлібеков аспирант кезінде 1959 жылы Қармақшы ауданынан жазып алып академия қорына өткізген. Өлеңде айдаһардың өлімі жайлы айтылса, ауызша әңгімеде Текей туралы «Бірде жылқы бағып жүргенінде адамдардың аждаһадан қорқып ошырылып тұрғанын көріп, шауып келіп «кесірткеден адам қорықпас болар» деп әлгі мақұлықтың садақпен көзіне атып, басын кесіп алғаны айтылады. Аңыз бен өлең бір-біріне өте жақын, мазмұндас. Мұнымен қатар оның 17-18 жасында атақты Әуіп палуанды жыққан және де Тәуке ханның тұсында Қырғыз ханының Бөке атты сұлуын тартып алып, хан алдына әкелген. Ханның рұқсатымен Текейдің Бөке сұлумен некелескені де айтылады. Текей батыр жайлы ел ішінде мұнан басқа да аңыз-әңгімелер өте көп.
1724 жылы Әбілқайыр Түркістанды Жоңғардан босатады. Ал 1728 жылы ол «Кіші жүз әскерлерімен Қаратаудың батыс жағына қарай жорыққа аттанады. Осы екі ұрысқа Қанжығалы Бөгенбай, Тама Есет, Шақшақ Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Жәнібек, Өтеген, Тайлақ, Саурық, Малайсары, т.б. батырлар қатысыпты. Жалпы Текей Қарпықұлы жайлы жазба деректерден гөрі аңыз-әңгімелер өте көп. Осы орайда Текей батыр туралы арнайы зерттеуді сыйлас інім, Текей батыр ұрпағы Жаңатай Асқарұлының өтінішімен бастағанымды айта кетсем деймін.karta
Текей Қарпықұлының шыққан тегіне тоқталсақ, ол шежіре тарқатуы бойынша, Кіші жүзге қарасты Қаракесек бірлестігіндегі Байсары (Кете) тайпасының Қара Кетесінен Сары-Асан болып тарамдалады. Асаннан: Киікші, Құдайназар, Қарпық туады. Қарпық бабадан әңгімемізге арқау болып отырған Текей – одан Ұлтай, Абақан, Ақкөбек, Құтмамбет, Кеген, Өтепберген-Шымырбай болып жалғасады. Ата-бабасы Қуаңдария, Жаңадария өзендері бойында өмір сүрген. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда жазылған жинақтар мен карталарда «Кете қазған», «Сарғасқа», «Сарыбай» атты құдықтар мен Сырлытам-2, «Торбай белгісі» сияқты жер атаулары карталарға енген. Кейінгі зерттеушілер «Кете қазған» құдығын «Текей қазған» деп атап жүр. Көнекөз қариялардың айтуынша, осы құдықты Текей қаздырғандықтан кейіннен «Текей қазған» атанғанын, тіпті осы аймақта «Текей құмы» деген атаулардың бар екендігін алға тартады.
Батырдың тарихын жан-жақты зерттеп, «Әз Тәукенің Текей батыры» атты кітабын 1997 жылы баспадан шығарып, оқырманға ұсынған батырдың тікелей ұрпағы, республикамызға белгілі журналист Мырқы Исаев екенін айтып өткенім артық болмас. Кітап авторы Текей бабаның есімінің әртүрлі ­жазылып жүргені жөнінде нақты мысалдар келтірген. Өзім кездестірген ертеректе шыққан жинақтар мен архив құжаттарында, әсіресе ХVІІ-ХVІІІ ғасырдағы жазбаларда қазақ есімдерінің дұрыс жазылмағанын байқадым. Сондықтан да кейбір құжаттарда расында да Текей есімі қысқарып Теке, кейде Бәке, т.б. болып та аталуы мүмкін.
Мырқы ағамыздың жазуынша Торғай, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облысы жеріндегі Теке атауларын Текей деп оқуын сұрайды, Текейге телиді. М.Исаевтың кітабында айтқан Қызылорда облысы жеріндегі «Текей қазған, Текей құмы» және Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласына қарасты «Үшқайық» ауылдық округінде «Теке ауылдық советі, Теке колхозы» болғандығы жайында тарихи деректерді Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясының 8 томынан оқи аламыз. Бұл сол жердің тұрғыны, республикаға белгілі ұстаз Әбілхан Қайназаровтың естелігімен де расталады. Дегенмен, бұл ауылдың неге Теке аталғанын дөп басып айта алмай, бірнеше аңыздарды атапты. Мен осы бір дерекке мән бере қарап, көп іздендім. Оны таптым да. Архивтен табылған 1894 жылы генерал-майор Большеваның редакциясы мен «Южной Пограничной полосы Азиятской России» атты картасы Қазалы мен Түркістан арасын қамтыған. Осы картада: «Түркістан» қаласының солтүстік шығысында 13 км жерде «Кескен-Терек», Капкан селосы маңында: «мог: Текей, Уроч Текей, бродь Текей» деп тайға таңба басқандай анық жазылып картаға түскен. Могиламыз – мола, Уроч ишеміз – мекен, шатқал, бродымыз – шағын өзен-көлдің тайыз жерінен өтетін өткел. Демек, уақыт өте келе ­Текей батыр атындағы көл мен шатқал Текей бабамыз тұрған жер. Бүгінде ұмытылып, қысқара келе Теке көлі, Теке селосы, Теке колхозы атанған. Қасиетті Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі маңында өмірден өткен белгілі тұлғаның көктасын (құлпытасын) кезінде мавзолейге апарып қойған. Мавзолейдегі хан, сұлтан, билер мен батырлардың тізімінде басында №52 болып тіркелген бабамыздың көктасы (2016 ж) №103 санмен белгіленген.
Жазушы Әмзе Қалмырзаұлының 1997 жылы шығарған «Теберік дүние» атты еңбегінде «Үлкен ақ сарайға» және мавзолейдің сыртына жерленген тұлғаларды атай отырып, сүйегі жерленбесе де, көк­тасты әкеліп қою әдеті болғандығынан хабар береді. Демек, Текей бабамыздың қабірін үш жерде демей, Түркістан қаласының маңында жерленіп, көктасы мавзолейге қойылғаны – дау тудырмас шындық.
Кейбір кісілер Қармақшы ауданындағы Тәйімбет Көмекбаев ауылынан 160-170 шақырым қашықтықтағы «Тықы» атты үй-тамды Текей әулиенің мазары деп жүр. Ел әңгімелері мен Жанқожа батыр хақындағы архив деректерінде Тықының Қарақалпақ батыры екені аталып, оны Жанқожа батырдың өлтіргені айтылады. Кейде Жанқожа батырға Тойбаны да «өлтіртеді». Аңыз-әңгімелерді саралап қарасақ – Тықы мен Тойба екеуі бір адам сияқты. Бүгінде Тықы батыр мен Теке әулие мазары туралы ел ішінде бір-біріне кереғар пікірлер кездеседі.
1956 жылы академик С.П.Толстов жетекшілік еткен Хорезм экспедициясы зерттеп «Тықы» кесенесі деп белгілесе, 2011 жылы Қызылорда облыстың тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі археологиялық сараптама жасаған. Сөйтіп, «Тықы батыр» кесенесі деп мемлекеттік қорғауға алынғаны туралы тақтаны ілген. Бұл мазар Теке әулие, болмаса Тықы батырдікі ме? Әлі де толыққанды зерттеуді қажет етеді.Тықы мен Тойбаны Жанқожа батыр Нұрмұхамедұлының өлтіргені жайлы қос зерттеуші, жазушылар Әбдісаттар Оспанов, Молдахмет Қаназ өздерінің кітаптарында анықтап жазды.
Қазақ халқында бір адамның есімінің бірнеше түрде аталатыны және ресейліктердің жазбаларында дұрыс жазылмауынан шатасып жүрміз. Мысал ретінде Әз Тәуке ханды бірде Тәуке батыр, Тауке, Тевке, Тявка, Әжібай биді – Аджибай, Ажибай, Мәмбетті – Мамбет, Маимет, т.б. болып кете барады. Сондықтан да Текейдің бірде Теке, енді бірде Бекей, Бәке болып жазылуы әбден мүмкін.
М.Тевкелевтің Сыртқы істер алқасына 1732 жылдың 5 қаңтарда (журналдық жазба есебінде – Т.Д) өзінің ішкі есебін, мақсатын хабарлаған жазбасында: «…Міне, нақ осындай игі хабармен олар ұлы мәртебелі императрица ағзамға өздерінің елшілерін Әбілқайыр ханның елшісі Бөкембай батырдың әріптесі Бәке батырды (Текей – Т.Д.) бір күтушісімен, Сәмеке ханның екі елшісі – Құлбақа төлеңгіт пен Жайығанды Амандық деген күтушісімен, Әбілқайыр ханның күйеу баласы Батыр сұлтанның елшісі Мұхаметқожаны бір күтушісімен, Әбілқайыр ханның ұлы Нұралы сұлтанның елшісі Шөке төлеңгітті, Әбілқайыр ханның зайыбының елшісі Машқарды жіберіп отыр» дей келе, «…Әбілқайыр ханның елшісі – Бөкембай батырдың әріптесі Бәке батырға һәм Сәмеке ханның елшісі Құлбақа төлеңгітке 50 сомнан 5 аршын сапалы шұғадан, сондай-ақ кісі басы қарасұр түлкі терісін берген жөн. Әсіресе Әбілқайыр ханның елшісі Бәке батырды оңашалап ешкімге білдірмей бұрынғы тарту-таралғысына қоса тағы да 30 сом мен шұға берген жөн. Мұның өзі Бөкембай батырдың жанына жақсы тиері анық» деп жазып, Тевкелев өзінің шын бет-бейнесін көрсетіп алған. Осы Бәке батырды Мырқы Исаев та Текей батыр деп есептейді. Мен де осы тұжырымды қостаймын.
Текей бабадан аңыз-әңгімелерден басқа ұлағатты сөздері де қалыпты: «Ұлдары батыл, қыздары асыл елдің шегіне жау жетпес, ұлдары жасық, қыздары пасық елдің басынан дау кетпес» деген артында өлмейтіндей сөзі бар. Батыр баба бірде балаларын шақырып алып өсиет айтыпты деседі. Сонда: Абақанға бірлікті, Ақкөбекке билікті, Құтмамбетке палуандықты, Шымырбайға байлықты, Кегенге батырлықты, Ұлтайға шанышқыны сыйлап, «несібеңді балық аулаудан тап» депті. «Ұлтайдан ұл туса, балыққа күн туады» деген сөздер өсиеттің шындығын нақтылай түседі емес пе?
Жалпы Текей батыр Қарпықұлының өмірі, қайраткерлік, батырлық жолдары аңыз-әңгімелер мен ақын-жыраулардың толғауларында, архив құжаттары мен карталарда аз да болса көрініс береді. Оның үстінде журналист Мырқы Исаевтың «Әз Тәукенің Текей батыры» деген кітабынан біраз дүниелерді оқуға болады.
Текей Қарпықұлының туғанына былтыр 337 жыл толды. Әне-міне дегенше 340 жыл, қайтыс болғанына 255 жыл болмақ. Бүгінге дейін батыр атының елеусіз қалғаны елдігімізге, азаматтығымызға сын емес пе? Әз Тәуке мен Әбілқайыр хандардың қиын шақтарында қасынан табылған қас батырларымыздың бірі Текей батырдың есімін әспеттеп, түрлі ізгілікті шаралар ұйымдастырып, оның өмір жолдарын жас ұрпақтарға таныстырумен қатар республикалық деңгейде арнайы ғылыми-практикалық конференциялар жасап, батыр бабаның есімімен көше, тағы басқа да атаулар беру – бабамыздың рухына жасаған кісілігіміз болар еді. Батырдың есімімен аталған Түркістан қаласындағы жер Текей батыр ауылы атауын алса – батырға жасалған құрметтің басы болмақ. Батыр туған өңір азаматтары, аудан, облыс басқарып отырған басшылар жоғарыдағыдай шараларды қолға алса жас ұрпақтың бойына отаншылдық рух сіңіру жолындағы істерге тигізетін пайдасы мол болар еді деп ойлаймыз.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, Қазақстан Жазушылар,
Журналистер одағының мүшесі,
Мәдениет қайраткері, профессор,
«Құрмет» орденінің иегері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. төлеп

    Текей батыр ,Тәуке ханның бас батыры болса ол Абылқайыр Ханның заманына сәйкес келмейді ғой ,сондықтан зерттеуді қажет етеді,бас батыр болуына ешкім қарсы емев,қазыр Кете руын Кетбұка урпақтарымыз деп кетелер жазып жур сондықтан Кете руын аршып алуымыз керек сияқты не кіші жух немесе Кет бұқа урпағы екенін

  2. Құттымұрат Тағаев

    Əз-Тəукенің Текей батыры бабамыздың есімін ұлықтау біздің, яғни Кете ұрпақтарының мойнындағы міндеті деп есептеймін. Тынышбек Дайрабай көкеміз ұзақ жыл аудандық партия ұйымдарында басшылық қызметтер атқарған. 1995 жылдан бастап халықаралық «Түркістан» газетінде еңбек еткен азамат. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі. 17 кітаптың авторы. Бұл кісінің қате жазуы мүмкін емес.

  3. Болатбек Нұржанов

    Текей батыр Қарпықұлының есімі Қазақ энциклопедиясында,Қазақ шежіресінде кездеседі.Сонымен қатар орыс елшісі Тевклевтің жазбасында бар.Ең бастысы ол ел ішінде «Әз Тәукенің Текей батыры» атануымен есте қалған.Бұл туралы Сыр еліне белгілі журналист Мырқы Исаұлы зерттеу еңбек жазған.Демек ол қазақ батырларының арасынан ойып орын алары анық.

  4. Аноним

    Абеке ағажан, Текей батыр туралы мағлұмат

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.