Оңтүстік қазақстан облысы

ТӨЛЕ БИ АУДАНЫ

Төле би ауданы.1932 жылы 2 ақпанда Қазақ АССР Орталық атқару комитетінің Қаулысымен орталығы Шымкент қаласы болып Бадам ­ауданы құрылды да, осы жылдың 27 ақпанында ол Леңгер ауданы деп қайта аталып, Оңтүстік Қазақстан облысының құрамына енді.1935 жылға дейін Леңгерде жыл сайын өндірілетін көмір орта есеппен 3-4 мың тоннадан аспады. 1935 жылы Шымкент-Леңгер теміржол тармағы салынғаннан кейін ғана қалада көмір өндіру артты. Содан кейінгі жылдары Леңгер қаласының аумағында көмір шахтасы іске косылып, аудан – Леңгер ауданы, ал оның орталығы – Леңгер поселкесі болып қайта аталған.Кеңестік дәуірде аудан әр жылдары көршілес Қазығұрт, Сайрам аудандарымен біріктіріліп, кейін тағы да өз алдына бөлініп шыққан.1991 жылғы 5 қазанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі президиумының №751-XII Қаулысымен ауданға Қазақ мемлекеттілігін қалыптастырушы тұлға Төле Әлібекұлының есімі берілді. Бүгінгі таңда Төле би ауданына қарасты 1 қала, 15 ауылдық округ және 61 елді мекен бар.
Леңгер қаласы. Леңгер атауының шығуы туралы әртүрлі болжамдар бар. Солардың бірі, Леңгер кәсіпкер неміс капиталисінің фамилиясы екен дейді. Сол капиталист о баста осындағы тас көмір кенін сатып алыпты-мыс. Кейін қала соның атымен аталып кеткен деседі. Ал оған дейін бұл жер Қаратас деп аталыпты деген әңгіме бар.Кейбір көнекөз қарттар, бұл атауды Леңгер ата атымен байланыстырады. Леңгер баба осындағы көшпелі елге ислам дінін уағыздап, таратушы болған, – дейді.
Зертас ауылы. Зертас ауылының атауы осы өңірден табылған зерлі тастарға байланысты қойылған. Аудан аумағында көптеген тарихи және сәулет ескерткіштері бар. Осы жерлерден күні бүгінге дейін ежелгі құмыралар, зерлі бұйымдар, тағы да басқа тарихи жәдігерлер табылуда. Бұл ерекшелік елді мекен атауын қоюға себепші болған. Кеңестер Одағы дәуірінде ауыл атауы «Галкин» болған, ҚР Жоғарғы Кеңесі резидиумының 1992 жылғы 19 наурыздағы Қаулысымен елді мекен атауы Зертас болып бекітілген.
Қарақия ауылы. Қарақия ауылының атауы елді мекеннің географиялық ерекшелігіне байланысты қалыптасқан. Елді мекен орналасқан аймақта түсі қара-қошқыл төбе бар, оның бір шеті тік жар күйінде. Осыған байланысты ауыл атауы Қарақия болып аталған.
Киелітас ауылы. Киелітас ауылының атауы осы жердегі тастардың ерекшелігіне байланысты қойылған. Кейбір деректерде осы аумақтан келіге ұқсас тастар табылған және ол жергілікті тұрғындар арасында киелі саналған деседі. Осыған байланысты «Киелітас» топонимі қалыптасқан. Елді мекен Кеңестер Одағы дәуірінде Қызыл Октябрь аталған. 1994 жылғы 29 қарашада ОҚО мәслихаты мен әкімдігінің №3-65 бірлескен шешімімен ауыл Киелітас атауын иеленген. Ауылдың шығыс және батысындағы қыраттарда обалар мен қарауыл төбелер көптеп кездеседі. Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде осы аумақта көптеген шайқастар болған деседі.
Достық ауылы. Достық ауылының атауы елдің ынтымағына, татулығына, үлгілі қарым-қатынасына байланысты қойылған. Елді мекен тарихына зер салсақ, мұнда ХІІ-ХVІІ ғ.ғ. қалашық болған. Бадам өзенінің оң жағында І-V ғасырлардағы оба қорымдар көптеп кездеседі. Аталған жәдігерлер археологиялық ескерткіштер санатына жатқызылып, олар мемлекет қорғауына алынған. Достық елді мекенінде түрлі ұлт өкілдері ұзақ жылдар бойы баянды да берекелі, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Ауылдың бұрынғы аты Александровка болған, 1994 жылғы 29 қарашада ОҚО мәслихаты мен әкімдігінің №3-65 бірлескен шешімімен оған Достық атауы берілген.
Ақайдар ауылы. Ақайдар ауылы, қариялардың айтуынша, тарихи атау. Ол ауылдағы арық атауына байланысты қалыптасқан. 1928 жылы бұл жерде «Қызылқанат» ұжымшары ұйымдастырылған, 1994 жылғы 29 қарашада ОҚО мәслихаты мен әкімдігінің №3-65 бірлескен шешімімен оған тарихи атауы қайтарылған. Бұл атаудың шығу төркініне зер салсақ, ертеректе елге сыйлы Ақайдар атты кісі сонау Зағамбардан Қызылқанат ауылына, ары қарай Буденный, Қызыл Октябрь, Қызылүй, Бәйтік елді мекендерін суландыру мақсатында үлкен арық қазуға ұйытқы болған екен. Сол арықтың арқасында аталған елді ­мекен тұрғындары егіс, көкөніс егіп, шаруаларын түзеген. Кейінірек, елді мекен халық арасында Ақайдар болып аталып кетеді.
Сұлтан Рабат ауылы. Сұлтан Рабат ауылының атауы Ахмет Ясауи бабамыздың атымен тығыз байланысты және оның тарихы Сайрам, Түркістан қалаларының тарихымен ұштасады. Сұлтан Рабат бір кездері шекаралық бекет болған, «Сұлтан» сөзі Ахмет Ясауидің ізбасары, діндар деген ұғымды білдірсе, «Рабат» сөзі бекет, шекара, қорған деген мағынаны білдіреді деседі. Ол туралы деректер «Рашэкат» кітабында жызылған.

«Оңтүстік Қазақстан облысындағы
жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы» кітабы бойынша
дайындаған өлкетанушы
Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.