Қолда барда алтынның қадірі жоқ

Жыл басталды. Әр жылдан жақсылық күтіп, үмітпен қарайтын елміз. Биыл да солай болмақ. Руханиятымызды кемелдендірсек, тілі­мізге  жанашырлықпен қарап, оның аясын кеңейтсек, тұғырын  биік­тетсек деген мақсат әрқайсымыздың жүрегімізге  ұяласа  құба-құп. 

Жер бетінде баға жетпес ұлы қазынамыз – тіліміз бар. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, тілдің қадірін сезінетіндер бізде әлі де аз болып тұр. Керек етпейді. ­Жуырда Алматыдағы жоғары оқу орындарында білім алып жүрген бір топ студенттер поезбен ауылдарына қайтып барады екен. Әлгілердің сөйлеген сөздерінің бәрі – орысша. Ара-арасында ағыл­шын сөздерін де араластырып, қосып қояды. Бұл не болды, сонда? Өз қаракөздеріміз солай жасап отырған соң, ішің қан жылайды екен. Олардың санасында, жүрегінде қазақ тіліне орын жоқ деген сөз бе? Міне, жастарымыздың сиқы осы. Университет ректорлары, факультет декандары, оқу-тәрбие жұмысының басшылары қайда қарап жүр деген ой келеді. Университет, институт, академия болсын, онда тәлім алатын шәкірттер өз мамандықтарымен қатар мемлекеттік тілді де меңгерулері керек қой. Мәселеге осы тұрғыдан келуге тиіспіз. Демек, тіл саласында идеологиялық жұмыстардың ақсап тұрғанын көріп отырмыз. Атағы дардай оқу орнын тәмамдап қазақша бірауыз сөз білмей тұрса, бұл сол білім ордаларының басшыларына сын болмақ.
Мақала басында руханиятымызды кемелдендірсек деген ой айттық қой. Енді осы жайтты біраз тарқатсақ. Мамандығымызға сай, қоғаммен араласа жүріп, назарымызға іліккен көптеген мәселелерге зер сала жүретін әдетіміз бар. Көзімізге ілігетін сондай бір келеңсіз көріністер аз емес. Бұлардың көбісі адамның ішкі мәдениетіне, тәлім-тәрбиесіне, қоғамдық ортада өзін-өзі ұстауына байланысты болып келеді. Біреуі тап-таза көшеге шырт-шырт тү­кіріп бара жатса, енді біреуі үйі­нен алып шыққан керексіз затын қоқыс жәшікке жеткізбестен жолға лақтырып кетеді. Әлем­дік өрке­ниетке бетбұрып жатқан тұста, өз-өзімізді сол өр­кениеттің талаптарына сай тәрбиелеуге неге ұмтылмаймыз?
«Шошимын кейінгі жас ­ба­лалардан» деп дана Абай айт­пақшы, кейінгі толқынның жүріс-тұрысынан да қылаң беретін кемшіліктерді аз көрмейсің. Мәселен, қазіргі кейбір мектеп оқушы­лары көшеде, оңаша жерлерде бір-бірлерімен балағаттап сөйлесуді әдетке айналдырыпты. Екі сөзінің бірі – балағат. Бұл қайдан жұққан әдет? Ондай оқушылардан ертең қандай азамат шығады. Демек, үйдегі, мектептегі тәрбие оларға әсер етпейді деген сөз. Әйтпесе, сөйтер ме еді. Ал тәрбие әсер ету үшін не істеуіміз керек? Батыстың киноларымен сусындап өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына бір нәрсе қондыру да оңай шаруа емес. Дегенмен, мұндай мәселелерді ­назардан тыс қалдыруға болмас. Шетелдік құндылықтарға бой ұрып бара жатқан жас толқынды жат әдеттерден арылтуға күш салғанымыз жөн. Әйтпесе ертең бәрі де кеш болып кетуі мүмкін. Қазақша тәрбие алған бала мұндайға бара қоймайды. Өйткені ана тілдің құдіреті жеңіл-желпі дүниелерге ұмсындырмайды.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Елтай

    Дұрыс пікір. Жоғары оқу орындары студенттері арасында да қазақша білмейтіндер өте көп. Қазақша білмеген адам қалай жоғары дипломды маман атанады. Өз елімізде, әрине.

  2. Нүрия

    Оқушылардың балағаттап сөйлейтін болып жүр дегенімен келісуге болады. Көшеде ондай оқушыларды көп кездестіруге болады. Олардың өзара сөйлескендерін естігенде жағаңды ұстайсың, сөздері түйеден түскендей, ойларына не келсе соны айта бере ме деймін. Тәрбие жұмысын күшейтуіміз керек.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.