Қазыналы оңтүстік

Ұласбек СӘДІБЕКОВ,
Оңтүстік Қазақстан облысы
әкімінің орынбасары

Оңтүстік Қазақстан – қазақ тарихының алтын бесігі, қазақылық салтанат құрған мекен, ерлік пен ерен еңбектің, ыстық ықылас пен ақ пейілдің, адамгершілік пен инабаттылықтың өлкесі. Алмағайып кезеңдерде ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрпымызды аман сақтап қалған да осы өңір. Бұл – әлемге әйгілі әл-Фараби, Ясауилардан бастап, кешегі Өзбекәлі Жәнібеков, Асанбай Асқаровтарға дейінгі қаншама заңғар тұлғалардың туған жері.
Қашан да қазанынан құт кетпеген, басынан бағы таймаған, халқы маржан сөздің мәнін ұғынып, қадірін білген Оңтүстіктей қасиетті топырақтың талантты перзенттері Тәуелсіздік жылдарында да ұлт әдебиетіне өз үнімен келіп, көркем туындыларымен сүбелі үлес қоса білді.

Тәуелсіздік жылдары әдебиет қана емес, мәдениет пен өнердің өзге бағыттары да орнықты дамып келеді деп сеніммен айта аламыз. Рас, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық тоқырауға байланысты мәдениет саласын қаржыландыру қысқарып, мемлекет бұл мәселеге тиісті деңгейде көңіл бөле алмады. 1991 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 1757 мәдени нысандар болған. Әр ауылда кітапхана мен клуб, ал аудан орталықтарында кинотеатр­лар мен музейлер жұмыс істеп тұрған кезең аға буынның есінде болар. Бірақ нарықтың қыспағынан 2000 жылға дейін облыстағы кітапханалар 68 пайызға, клуб мекемелері 73 пайызға, кинотеатрлар 88 пайызға азайды. Жұмыс істеп тұрды дегендерінің өзіне жұрт сирек баратын жағдайға жетті. Осылайша, екі мыңыншы жылдардың басында мемлекеттің алдында бүкіл мәдениет саласын қайтадан аяғынан тік тұрғызу сынды күрделі міндет бар еді.
Атқарылған ауқымды жұмыстардың арқасында 2000 жылдан бүгінгі күнге дейін мәдениет саласы мекемелерінің 70 пайыздан астамы күрделі жөндеуден өтсе, жаңадан 116 кітапхана және 56 мәдениет сарайлары мен клубтар ашылды.Олардың арасында Шымкенттегі «Түркістан» салтанат сарайының, Түркістан қалалық орталық кітапханасының жаңа ғимараты, Түркістан қаласындағы түркі тілдес халықтардың кітапханасы мен Сарыағаш аудандық орталық кітапханасының типтік үлгідегі жаңа ғимаратын айрықша атап өткен жөн. Ал Шымкент қаласындағы жаңа әкімшілік іскерлік орталықта бой көтерген «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының орны бөлек. Заманауи стандарттарға сай етіп салынған зәулім кітапханада оқырмандарға барлық жағдай жасалған. Кітап қоры да бай. Бүгінде Шымкент жастар қаласына айналған десек, мұндағы жоғары және арнаулы оқу орындарының ондаған мың студенттерінің заман талабына сай сапалы білім алуына «Отырар» кітапханасы да өзіндік үлесін қосары сөзсіз. Жалпы облыстағы кітапханалар жыл сайын орта есеппен 500 мыңнан аса оқырмандарға қызмет көрсетіп, 130 мыңнан аса жаңа кітаптармен толықтырылып отырады. Бүгінде кітап қоры 7 млн. 191 мың 384 данаға жетті.
Қайсыбір жылдары Мемлекет бас­шысының бастамасымен әр жылға ат ­беріп, айдар тағу дәстүрге айналғанын көпшілік ұмытпаған болар. Сондай жылдардың бірі – «Ұлттық тарих жылы» деп аталып, қазақтың тарихы мен тағдырына қатысты қаншама «ақтаңдақтар» ашылып, мұрағат түкпірінде шаң басқан жәдігерлер жарыққа шықты. Кеңестік дәуірде жарыққа шықпай келген тарихымызды Тәуелсіздіктің арқасында өзіміз танып, әлемге де паш етіп, жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге талпындық.
Келесі бір жыл Президенттің пәрменімен «Мәдениетті қолдау жылы» деп аталды. Сол тұста құлдырап бара жатқан мәдениет саласын сақтап қалуға мемлекет мейлінше көңіл бөліп, қолдау көрсетті. Жоғарыда айтқандай мүшкіл халге түскен мәдениет ошақтары қайта қалпына келтіріліп жатты. Одан беріде де Мемлекет басшысының ­бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында республика көлемінде де, Оңтүстік Қазақстан облысында да ауқымды істер атқарылды.
Атап айтар болсақ, бағдарлама аясында облысымызда мәдени мұрамызды жинақтау, сақтау, зерттеу мақсатында Түркістан қаласындағы облыстық тарихи-мәдени-этнографиялық орталық, Руханият Әбу-Насыр әл-Фараби, Хакім Абай, Ерлік, бейнелеу өнері музейлері мен облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ашылды. Сондай-ақ облыстық тарихи-өлкетану музейінің, Шардара аудандық музейінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.Музейлер жыл сайын орта есеппен 6 мыңнан аса жаңа экспонаттармен толықтырылып, жалпы қоры 165 371 данаға жетті. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының арқасында облысымыздағы ­тарих және мәдениет үшін айрықша маңызы зор археология және сәулет ескерткіштерінің саны – 1281-ге жетіп отыр. Мұнан бөлек «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында облыстағы 31 қала құрылысы және сәулет ескерткіштеріне реставрациялық жұмыстар жүргізілді. 135 монументтік және мемориалдық ескерткіштер орнатылды.
Өнер атаулының қай-қайсысы болмасын өзіндік ерекшелік пен қадір-қасиетке ие екені талассыз. Қоғамға оның барлығы да керек болуы мүмкін. Алайда, солардың ішінде театрдың орны ерекше дер едім. Немістің атақты театр және кино режиссері Петер Цадек «Театр – көрерменнің, тіпті түсінде көрмеген не армандамаған ойларының орындалатын орны» десе, Григорий Ревзин «Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орны» деп тұжырымдаған. Міне, бұл пікірлер қоғамның мәдени-рухани өміріндегі театрдың рөлін ашып көрсетіп тұр. Тәуелсіздік жылдары театр саласына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Соның айғағы ретінде Оңтүстік Қазақстан облысында егемендік жылдары 4 кәсіби ­театр ашылғанын айтар едік. Атап айтқанда, ­Елбасымыз Н.Назарбаевтың қатысуымен 2000 жылы Түркістан қаласының сазды-драма ­театры ­ашылса, 2003 жылы облыстық өзбек драма театры, 2007 жылы облыстық опера және балет театры іске қосылды. Ал 2008 жылдан бері жұмыс істей бастаған облыстық әзіл-сықақ және сатира театры бүгінде көрермен қауымның сүйікті мәдени демалыс орнына айналып үлгерді. Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрына «Академиялық» мәртебе берілуі өңірдің мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналды.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы кәсіби театрлардың саны 8-ге жетіп, онда жыл сайын 40-тан астам жаңа спектакль сахналанып келеді. Биылғы маусымда жалпы 2500-ге тарта қойылым қойылса, оны 330 мыңдай көрермен тамашалаған. Осының өзі Оңтүстік жұртшылығының шынайы өнерге деген ықылас-пейілін танытса керек. Жыл сайын облыс орталығында «Театр көктемі» фестивалі өткізіледі. Сондай-ақ шығармашылық ұжымдардың еліміздің басқа облыстары мен шетелдерге гастрольдік сапарға шығуына барлық мүмкіндіктер жасалған.
Өңірдегі іргелі өнер ордаларының бірі – ән падишасы – Шәмші Қалдаяқовтың атын иеленген облыстық филармония. Небір дүлдүл күйшілер мен күміс көмей әншілердің басын қосқан өнер ұжымы 2009 жылы жаңа ғимаратқа жайғасты. Ашылу салтанатына Елбасының өзі қатысып, музыкалық аспаптары толық жаңартылды.
Филармония жыл сайын орта есеппен 180-нен аса концерт қойып, 60 мыңға жуық көрерменге қызмет көрсетіп келеді. Ондағы өнерпаздар халықаралық байқауларда жеңімпаз атануда. Биылғы қаңтар айында Алматы қаласында өткен «Розы Казахстана» халықаралық би фестивалінде Бас жүлдені иеленген филармонияның «Қазына» би ансамблі одан кейін Болгария мен Австрияда өткен халықаралық би байқауында жүлделі орындарды иеленді. Ал «Тұмар» фольклорлық ансамблі Оңтүстіқ Қазақстан облысы мен Австрия мемлекетінің Каринтия федералдық аймағымен өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында өткен іс-шараларда концерт қойды.
Егемендік жылдарында Оңтүстік Қазақстан облысы, оның ішінде Шымкент қаласы республикадағы ірі мәдени орталықтардың біріне айналды. Елдегі үшінші цирктің шырайлы Шымкентте салынуы соның бір дәлелі.
Бүгінде «Оңтүстік-фильм» мекемесі жыл сайын 250-ге жуық деректі фильм мен бейнематериалдар дайындап, жастар мен балаларға кино көрсетілімдер және кино фестивальдер ұйымдастырып келеді.
Мұнан бөлек дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Арай» жас эстрада әншілері мен іс-шара жүргізушілердің байқауы, «Алтын шаңырақ» облыстық байқауы, «Мәңгілік Ел» патриоттық әндер фестивалі, «Наурыз» ақындар айтысы, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» облыстық өнер фестивалі, «Жібек жолы айшықтары» ұлттық киім дизайнерлерінің байқау-көрмесі, «Дарқан ­далам» суретшілердің симпозиумы, «Балдәурен» балалардың облыстық өнер байқауы, «Бір өлең – бір сурет» атты балаларға арналған суретшілердің байқау-көрмесі, «Күй құдіреті» облыстық күйшілер байқауы, «Арыс жағасында» ретро-фестивалі мен «Менің Қазақстаным» ән байқауы, «Қазақ романсиадасы» романс орындаушыларының байқауы, «Мәдениетім-мерейім» өнер фестивалі сынды іс-шаралар облыстың мәдени өмірінің мазмұнын байытып, мәнін тереңдете түсуде.
Берекелі бірлігіміз бен ырысты ынты­мағымызды сақтай білсек қана, ойы да, бойы да азат, рухы асқақ, мәдениеті жоғары, өркениетті жұрт болып, Мәңгілік Ел мұраттарына сеніммен жетпекпіз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Ажар

    Оңтүстік Қазақстан қазақтың қаймағы бұзылмаған, яғни қазақилық сақталған ең қонақжай өңір.

  2. Азат

    Өнер адамдарының көбісі Өңтүстік Қазақстан облысынан түлеп ұшқан.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.