Жаны жайсаң, ойы озық

Сәбит Байдалы ғұмырының тағы бір белесіне көтерілгенін естігенде, еріксіз «зымырап өтіп бара жатқан өмір-ай…» деген ой келді. Тіл майданында табысып, рухани ініме айналған Сәбиттің – ердің жасы елуін Жезқазған жұртшылығының 1997 жылы кеңінен атап өткен ­мерейтойына ерекше ықыласпен қатысқаным күні кешегідей есімде. Мен ол кезде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бірінші вице-президентімін. «Базарда мың кісі бар, әркім өзінің сүйгеніне ғана сәлем береді» демекші, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстағы нағыз жауынгер жасағына айналған Жезқазған облыстық басқармасына төрағалық еткен Сәбит Байдалының тойына қатыспау мүмкін емес еді. Мұны Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Әбдуәли Қайдари да қалады, сосын тағы бір тіл жоқтаушысы, белгілі қаламгер Бақыт Сарбалаевты ертіп жолға шықтық. Алматыдан республикалық ­телерадиокорпорациясы басшыларының бірі Дархан Мыңбайдың да болғаны есте қалыпты. Сәбитке еліміздің облыс орталықтарынан әріптестері, Жезқазған облысының барлық қалалары мен аудандарынан делегациялар келіп, құрметтерін білдіріп, сый-сияпаттарын көрсетті. 

Дәл осы күні оған Жезқазған қалалық мәслихатының шешімімен «Жезқазған қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Мен мұны әрине оның негізгі кәсібі – сөз қуатын өрнектей білетін журналистігіне, Жезқазған теледидар мен радиосы ұжымына шығармашылықпен басшылық жасаған еңбегіне, сондай-ақ оның облыстық мәслихаттың депутаты ретінде осы өңірдің халқына қызмет еткеніне берілген баға екеніне дау айтпай, бірақ мұндай атақ, Сәбит Байдалыға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Жезқазған облыстық басқармасын қоғамдық негізде басқарып, мемлекеттік тілдің беделін көтеру ісіне қосқан зор үлесіне берілген баға, көрсетілген құрмет деп қабылдап едім.
Иә, шынында да Сәбиттің тілдің тағдырын қаны бар қазаққа жеткізу үшін шыр-пыры шығып, тырысып-ақ баққанын жезқазғандықтар ұмытқан жоқ шығар. Сәбит Байдалымен аз-кем сұхбаттас болған адам оның жүзінен ескен имандылық пен бетінен нұры тамған ұяңдығының астарында зиялылық пен білімдарлық, табиғи мәдениеттілік жатқанын байқары анық. Үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, биязылық пен сыпайыгершіліктен айнымай, тұла бойына парасат, ой дарыған Сәбит Жүнісбекұлы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Жезқазған облыстық ұйымы басқармасының төрағасы болған жылдары өзгелердің намысына тимей, ешкіммен жаға жыртыспай-ақ мемлекеттік тілдің беделін көтеруге септігін тигізетін көптеген игі шараларды жүзеге асыруға мұрындық болды.
Біз, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшылары облыстық ұйымды Сәбит басқарған жылдары оның шақыруымен Жезқазғанға жиі атбасын тіреуші едік. Мәселен, 1993 жылдың көктемінде «Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жолдары» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, Мемлекеттік тіл саясаты тұжырымдамасын жасаудың маңыздылығы, ана тіліміздің күнделікті қолданыстағы алғашқы қадамдарын және түйінді мәселелерін айқындау жөнінде негізгі баяндамаларды жасаған облыс әкімінің орынбасары Ә.Байменов, облыстық «Қазақ тілі» ұйымының төрағасы С.Байдалы, Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер кабинеті аппаратындағы сарапшылар тобының жетекшісі Ж.Наурызбаев, «Жезқазған түсті металл» акционерлік қоғамының бас инженері М.Жаркенов, Сәтбаев қаласының әкімі В.Малышевтардың қатарында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Ж.Абуов та болды. Конференцияға қатысушылар бірнеше секцияларда өндіріс саласында ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізу тәсілдерін, ғылым мен техника саласында қазақ тілін меңгеру, көлік, байланыс, тұрмыстық қызмет, білім, сауда салаларында, кәсіпорын, ұйым, мекемелерде қазақ тілінің аясын кеңейту жолдарын, «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымдарының жұмысын жетілдіру мәселелерін сөз етті. Сондай-ақ осы конференцияда «Тіл туралы» Заңға кіргізуге көптеген ұсыныстар енгізілді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұсынысымен конференция материалдары облыстық ұйымның өздері тапқан демеушілердің қаржысымен кітапша болып шығып, оң тәжірибе ретінде бүкіл елімізге таратылды.
Жезқазған облыстық «Қазақ тілі» ұйымы өткізген осы конференцияның нәтижесі десе де болады, ұйымның ірі жетістіктерінің бірі даңқты академик Қаныш Сәтбаевтың атын иемденген кен-металлургия комбинатының – «Жезқазған түсті металл» ғылыми-өндірістік бірлестігі атанған кезіндегі, қазіргі «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған өндірістік алаңындағы ұжымдарда мемлекеттік тілді өндіріс саласына енгізуі, яғни республиканың алып өндіріс орындарының бірінде ісқағаздарын екі тілде қатар жүргізуге қол жеткізуі. Мұнда сөз жоқ, Сәбит Байдалының осы республиканың алып өндіріс орынының басшыларымен тіл табыса алуы, солармен жеке адами қарым-қатынас орната алуы да анық себеп болғаны шындық. Бұл сол кезеңнің өлшемімен алғанда қатып қалған сеңді еріте алған ірі жеңіс еді.
Ал «Тілдер туралы» Заң қабылданар қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев мақұлдаған Қазақстан Республикасының тіл саясаты жөніндегі тұжырымдамасымен үндес келетін Сәбит Байдалы ұйымдастырған «Тіліміздің тұғыры төмендемесін» атты телемарафонға қатысу үшін Ә.Қайдаридың өзі Жезқазғанға сапар шекті. Әбекең облыс әкімінің орынбасарын, мәслихат хатшысын, қала, аудан әкімдерін қаздай тізіп отырғызып қойған телехабарды Сәбит ініміздің өзі жүргізгенін, онда қазақ тіліне оң көзқарас қалыптастыру, бұқара халықтың арасына қозғау салу, мемлекеттік тілдің беделін көтеру, оның халін жалпы жұртшылықтың, мемлекеттік билік тізгінін ұстап отырған ресми адамдардың назарын аудару бағытында өз мақсатын орындағанын, хабар тікелей эфирде өткендіктен мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру төңірегіндегі жұртшы­лықтың жанайқайларының да көрініс тапқанын, қарша борап қойылған сұрақтардың көп болғанын, республикада бірінші болып тағы да сол Жезқазғанда құрылған «Мемлекеттік тілді қолдау және дамыту» қоғамдық қорына облыс әкімінен, көптеген қалалық, аудандық әкімдіктерден, облыстың ірі кәсіпорындарынан, елді мекендерінен, жекелеген азаматтардан әжәптәуір қаржы түскенін жырдай тізіп айтып келді.
Сәбит тіл мүддесі үшін жасалған тірлік­те­рінде өзі басқарған теледидар мен ­радионы, сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаттығын мейлінше тиімді пайдалана білді. Облыстық кеңестің сессияларында тіл туралы заң мен мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін облыстық бағдарлама қабылдағанда, оның орындалуына облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлу мәселелерінде депутат ретінде ерекше белсенділік танытты. Мұның бәрі айтуға ғана оңай, ал шын мәнінде ана тілді ардақтап, мемлекеттік тіл ретінде өзінің заңды тұғырына қондыруға атсалысуға бағытталған нақты жұмыстар еді.
Жалпы Сәбит ауызы дуалы, сөзі уәлі дейтіндей шешендігі бар азамат. Айтатын ойлары көптің көкейінен шығып жатады. Ағытылып сөйлеп кетсе қай жерде, қай деңгейде болсын айтатыны бар, ал бірақ тәнті қылатыны – артық сөзге де бара бермейді, не айтса да елеп, екшеп айтады. Үндемей де қала алады. Адамды тыңдай да біледі.Сол себепті де ол бұл қоғамдық жұмысты, тіл майданындағы ұлттық рухты көтеру үшін күрес елді ажыратуға емес, біріктіруге бағытталуы тиіс екендігін сезініп, ұлтаралық өзара түсіністікті нығайтып, тұрақтылықты орнықтыруға өз септігін тигізе отырып, парасаттылықпен атқара алды.
Жезқазған облысы тарағаннан кейін С.Байдалы Қарағандыда, Астанада теледидар мен радионың басшылық қызметтерінде жүр дегенді «ұзынқұлақ» жеткізіп тұрды. Одан кейін 2007-2008 жылдары Сәбиттің қоңыр да жағымды дауысын Қазақ радиосынан естігенде, Алматыға келген екен ғой деп қуанып қалдым. Бір күні өзі де хабарласып, немересінің тілашар тойына шақырды. Шұрқырасып табыстық. Зейнеткерлік жасқа жеткеннен соң бір жылдан кейін бе екен, Сәбит Байдалы Астанасына оралды. Содан хабар үзіліп кетті деп жүргенімде 2012 жылдың күзінде Сәбит телефон шалып, амандықтан кейін өзінің «Ақ жол» партиясының идеологиялық жұмыс жөніндегі хатшысы қызметін атқаратынын, Еуразиялық Ұлттық университетімен бірігіп Алаштың 95 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өткізбекші болып жатқандықтарын айтып, соған байланысты бір баяндаманы өзіңіз жасасаңыз деген ұсынысын білдірді. Содан Сәбит Байдалы ұйымдастыруға қатысқан шаралардың күлдібадам өтпейтініне әбден сеніп алған басым жасымның ұлғайып, жүріс-тұрыстардың ширақтығы азайыңқырап қалғанымды ұмытып, келісімімді қалай беріп қойғанымды байқамай да қалдым. Сөйтіп, Астанаға келіп, «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш тағылымы» тақырыбына баяндама жасап, Сәбитпен кездесіп, оның тағы бір киелі істің басы-қасынан табылғанына оған әрдайым тілектес аға ретінде сүйсіндім. Мен жасаған баяндама конференция қорытындыларымен шығарылған жинаққа кіріпті, онда сондай-ақ Сәбиттің «Алаш рухы және Мемлекеттік тіл» атты мақаласы да жарияланыпты.
Тұлға тұрысы ешкімге ұқсамайтын, тамыры терең, тегі асыл, бар болмысты, бар құбылысты өз көзімен ғана көріп, өз сөзімен ғана айта алатын, әділдікті ту ғып көтерген іргелі азамат Сәбит Жүнісбекұлы Алаш арыстарының тіл мәселесіндегі қимыл-қарекеттерін үлгі ете отырып, мемлекеттік тілді өзінің тиісті тұғырына қондыру мәселесін өткір көтерген. «Орыс тілінен аударып, ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізіп жатырмыз деген кешегі «жетістігіміз», бүгінгі біздің басты кедергіміз. Ендеше өзімізді-өзіміз алдауды доғарайық. Көзбояушылыққа бармайық. Арымыздың алдында адал болайық. Мемлекеттік тілдің мәселесінің биліктегілердің пенделік, өткінші мүдделерінің тасасында қалып қоймауын азаматтық қоғам қадағалауын тоқтатпауы керек. Конституцияның, Заңдардың талаптарын орындау салтанат құратын елде өмір сүруге барлығымыз мүдделі болуға тиіспіз». Мұны оқып, бұл мен көптен білетін баяғы өзімнің Сәбитімнің үні ғой дедім. Біршама жасқа келсе де аттан түспеген, сонау 90-шы жылдары тіл майданында тағдыр табыстырған жаны жайсаң, ойы озық, сезімі жүйрік ғажап інім Сәбит сені, бізді Тіл рухы қолдап, ел алақаны тербетіп жүргей деген жүрекжарды тілегімді білдіремін. Осы киелі ұғымның әрі құлы, әрі қызметшісі бола білсек арман аз.

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті,

Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. назгүл

    Тіл жанашырларына деген алғыс шексіз. Еш шаршамастан және қиындықтарға қарамастан тіл мүддесі үшін аянбай тер төгіп келеді. лмаса екен.

  2. Раяна

    Осындай жандардан қашанда үлгі-өнеге алатын жастарымыз көп болса, нұр үстіне нұр!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.